Ұлттың қалыптасу менталитеті қоғамдағы адамдардың іс-әрекетінен байқалады. Қалыптасу мен даму ұлттық ойлаудың әлеуметтік ортасына тән көрініс береді. Бұл жерде айта кететін ұғымдар: салт-дәстүр, тіл мен дін, менталитет және философия.
Тәуелсіз Қазақстанда ұлттық ойлау, тұтастық, еркіндік, бірлік, патриотизм, ар, намыс, моралдық құндылықтарға тән адамгершілік мәселелерін айтуға болады. Ұлттық ойлауға тән қасиеттің бірі оның үнемі даму үстінде болатынында. Ой үнемі дамып отырмаса қоғам өмірінде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтардан тыс қалуы мумкін, ал даму ойдың формасы.Ұлы ойшыл Г. Гегельдің «Философия-бұл ойда ұсталған дәуір»- деп философияға берген анықтамасы да осыған куә екені қақ. Ұлттық ойлау философиясы дәстүрге, наным-сенімге, менталитетке тікелей байланысты. Бүгінгі күні қаншалықты замана талабына сай қоғамды өзгертсек те ұлттық дәстүрге тиесілі ойлау формасынан алшақ кете алмаймыз.Қазақ философиясының бет-бейнесін жасау ұлттық ойлау жүйесін қалыптастыруға тікелей байланысты. Ол жөнінде белгілі ғалым, философ А.Қасабек «Қазақстанға жоғары-деңгейде дамыған ұлттық ойлау жүйесін қалыптастыру қажеттілігі туып отыр. Қазіргі философияда осы жағдай ескеріліп, әлемдік рухани тәжірибемен қоса халқымыздың дәстүрлі мәдениетін, шығыс елдерінің үлгісін тиімді пайдалану көзделген»-деп жазды.[1,с.7].Дәстүрлі қазақ философиясының өзіне тән этногендік құндылықтары батыстық ойлау жүйесіне қарағанда басым дамығаны белгілі екенін айта кету керек. Қазіргі кезде руханилықты танып білуде батыстық еуропалық үрдістер басымдау. Осыған сәйкес өскелең ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтардың басым екенін жеткізе білу қажет.
Ғылыми ой-тұжырымдардың негізінде халық тілінің еншісі мәдениетпен толығатынын, ұлттық ойлау мәдениеті сол этностың тілінде сақталып, болашаққа аманатталатыны сияқты астарлы ой-пікірлер туындау төркіні тереңде жатыр. Айтылған ой жайындаВ.фон Гумбольдттің: «Тіл -халық рухы, халық рухы тіл арқылы көрініс табады» деген тұжырымы жаңа ғылыми жолдың, ғылыми концепцияның алғашқы нышаны, қағидасы. Ал, мәдениеттің көне, жаңасын, мәдениеттің арғы-бергі тарихын сөйлетуші-де, жеткізуші-де тек ана тілдің құдіреті екені әр халықтың өзіндік тұрмыс-тіршілігі тілі арқылы өрнектелуінен, мәдениеті тіл арқылы басқа елге танылуынан тіл мен мәдениет арасында ажырағысыз байланыстың торабы бар екенінен көрінеді. Соның негізіндегі адамзаттың дүниені тану мен ойлау арасындағы тәсілінің тіл құрылысының байланыстылығын этнолингвистикалық болжам ретінде баяндаудан туған «Сепир — Уорф болжамы» халықтық тіл мен ұлттық ойлау дүниетанымда танудың ғылыми алғышарты іспеттес болғаны — ғылымның жаңа сатыға аяқ басқандығының дәлелі. «Тіл рухының ұлы күші халықтың ой-танымында, мінез-құлқында, әлеуметтік өмірінде сақталған»-деп көрсетті Т.Бурбаев.[2,с.95]. Өйткені, адам баласының ой-санасы, сол арқылы істеген еңбегі, мінез-құлқына сай табиғатын қалыптастыруы, өз танымына сай өмір салтын қалыптастыруы тұтастай бір мәдениеттің дүниеге келуінің үлкен себепшісінің бірі. Тілдің табиғаты мен тегі тіл мен ойлаудың халық рухымен байланыстылығында екені, ақиқат. Отан сүйгіштік (патриотизм) өзінің бастауын халық рухынан алады. Халық психикасының этнотанымдық мәні, тілдің ішкі мазмұны адамның мінез-құлқымен байланысты деп түсіндіріп, ал тіл мәдениетке қатысты алғанда индивидтің творчествалық әрекеті.Тілдің ерекшелігін әлеуметтану тұрғысында зерттеген ғалым В.Вундт өз еңбектерінде күрделі интеллектуалдық әрекеттердің ұлттық ойлау мен тығыз байланысты екенін байқаған. Ол — ұлттық рухты жаңғыртатын факторлар, салт-дәстүрлер олардың дамуы мен халық мәдениетіндегі рөлі әлеуметтік рухани құбылыс деп бағалаудың бағытын көрсеттін өмірдің нақты бейнесі. Ұлттық ойлау мен руханилық тілмен байланысты. Тіл-руханилықтың қалыптасу құндылықтарының ерекше болмысы.
Ал бүгінгі күн талабында рухани дүниені жандандыру үшін тіл, дін, менталитет немесе діл мәселесі қазақ философиясының өзекті мәселесінің бірі болып табылады. Адамның рухани дүниесінің қалыптасу факторлары ұлтжандылығы, діни идеялогиясы — сенімі, қанымен берілген — менталитеті, тілдің жоғары дәрежеде меңгерілуі деп білеміз. Осы қатардағы құндылықтарға отансүйгіштік (патриотизм) жатады. Патриотизм, отанжандылық құндылық ретінде адам болмысында, мемлекетте және қоғамда алатын орны философиялық тұрғыдан ашылуы қажет. Мұны тәсіл деп түсінуге-де болады. Мысалы отан дегенде алдымен адамды айтамыз және оны, ақыл-оймен анықтаймыз. Әрі қарай ойдың сыртқы өмір сүру формасы- тіл келеді. Адам қоғамда өмір сүретін болғандықтан адам мен адамның қатынасы- тәрбие мәселесі көтеріледі-де адам болмысында құндылықтар әлемінің орны ерекшеленеді. Осы қатардағы құндылыққа патриотизмде жатады. Сондықтан отансүйгіштікті жалаң үгітпен, не талаптар арқылы қалыптастыруға болмайды. Біздің жағдайда кейде патриотизм саяси науқанға айналып отырады. Ол аймақтарда істелген жұмыс мөлшері мысалы қанша пайыз жастарға патриоттық тәрбие берілді деген сияқты рапорттарға ұласады. Негізінде патриотизм отансүйгіштіктен гөрі адамсүйгіштік. Адамның адамға қатынасы оның махаббаты, құрметі, еліктеуі қандай құралдармен іске асады деген мәселемен шұғылдануымыз қажет. Бұл тек философиялық зерттеудің обьектісі емес, бұл экономиканың, саясаттың, идеалогияның, яғни адам мәселесімен шұғылданатын барлық институттардың мәселесі. Ал адаммен шұғылданбайтын құрылым жоқ екенін біз білеміз.
Патриотизм тек отан қорғау емес. Бізде осылай түсінеді. Патриотизм ол бірінші кезекте мемлекеттің мүддесі ретінде көрінеді. Егер осы қисыннан шықсақ, онда отансүйгіштік мемлекеттік қызметтегі кадр мәселесіне тікелей қатысы.
Егер отанжандылық адамжандылықтан, яғни жан мәселесінен, сезімнен басталатын болса онда бірінші орынға өнер қойылады. Яғни адамтәрбиесіндегі поэзияның,әдебиеттің, сәулеттің, суреттің мазмұны мен орны ерекшеленеді. Адам санасын тереңдей зерттеген ойшылдар сондықтан да отансүйгіштіктің, батырлық пен ерліктің бастауын этикадан, эстетикадан яғни тәрбие мен өнерден іздеген. Ал отанды, ұлтты, халықты өскелең жас ұрпаққа жақсы көрсету, оған деген махаббатын ояту ол уақыттың еншісіне берілген дүние емес, адамның бойында өзімен туа пайда болған қасиет деп білеміз.
Адамға тән рухани құндылықтарды қалыптастыру барысында — ғылым мен білімнің адамзат болашағына қызмет ететінін айтқан жөн. Индивидтің даму жолында адам тұлға болып қалыптасады. Тұлғаның рухани құдылығы — адамгершілікпен этикалық нормалар, ақыл ой рационализмінің үйлесімділігі. Сонымен бірге әрбір адам үшін жоғары құндылық бұл өмір, тіршілікке болған қамқорлық, гуманистік қатынастар негізі — әр адамның өз басын сыйлауы, өз адамгершілік сапарларына болған құндылықты қатынас; ата-ананы, туған-туысқанды, отбасы, бала-шағаны ардақ тұту, табиғатты аялау және ең басты жоғары инабатты құндылық ретінде еңбекті қадір ету.
«Жалпы адамзаттық құндылықтар арасында ұлттық құндылықтар шегерілмейді. Керісінше, осы ұлттық құндылықтар арқылы көрінеді. Алғашқыда осы ұлттық формада көзге түскен қайталанбас осы жетістіктер уақыт өте жалпы адамзаттық құндылыққа өтеді»-деп жазды Т.Бурбаев.[2,с.17]. Адамзат қоғамының барлық саласында айтарлықтай өзгерістер мен жаңалықтар болып жатқаны мәлім. Бұл өзгерістер мен жаңалықтар қоғамдағы жеке тұлғалар мен топтарға кейде дұрыс, кейде бұрыс әсерін тигізеді. Әрине қоғамдағы бұл өзгерістер адамзат тәрбиесі жөніндегі пікірге айтарлықтай қозғау салады.Құндылықтар мысалы патриотизм, жастарымыздың көкірегіндегі кішіпейілділік қасиеттерін оятып, олардың жандарына адамдардың өзара сыйластық және бір — біріне деген сенімділік дәнін егеді. И.Канттың айтуынша «Мен сенімге орын қалдыру үшін білімнің өрісін тарылттым»[4,с.78]. Қоғамдағы болып жатқан жаңашыл көзқарастардың күрделенуіне қарамастан білім жүйесіндегі тәрбиенің ролі тұрақты болып қалады. Қазақ философиясындағы дәстүрлі тәрбие халыққа берері мол дүние. Осы пікірдің дәлелі ретінде қазақ менталитетіне сай мәдениетін, әдебиетін, музыкасын, жаратымпаздық өнеріне тән шығармашылығын атап кетуге болады. Қазақ дүнтетанымында адамды дүниеге әкелгеннен бастап дәстүрлі әдеп-ғұрыпқа тәрбиелеп, туа бітті қайнасқан мәдениетке бейімдеу, тарихтан қалыптасқан ұлттық менталитет. Адамға білімнен бұрын тәрбие беру керек.Ұлы ойшыл Әл-фараби айтқандай «Адамға тәрбиесіз келген білім апат әкеледі» -деп қарастырғанда шығыстық тәрбиенің ролі білімге қарағанда басым екені байқалады. Ал тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ондай адам қоғамға апат әкеледі. Тәрбие ұрпақтан-ұрпаққа дамып қайта жандана береді, бұл даму диалектикасы. Бүгінгі күн талабындағы тәрбие-де дәл солай қалыптасқан халықтың санасында сақталған құнды дүние десек қателеспейміз.
Қазақ философиясындағы ұлттық ойлаудың зор құндылықтарының бірі-дін мәселесі. Қазақ дүниетанымы алғашқы синкретизмнен бастау алып, барлық әлемді түтастай қарастыра білді.Рух-адамның ақылымен парасаттылығын, сондай-ақ адамның бойындағы талабын алға дамытып отырған күш. Тәуелсіз елімізде, адам мәселесі бірінші орынға қойылып және-де сол адамды мемлекетіміздің басты байлығы деп қарайды. Адамды ең жоғары байлық ретінде бағалайтын және оның болашағына аса мән беретін, тарихы рухани бай қазақ философиясы. Дін мұсұлманның баласымыз деп білген «Қазақ" ерлері өз жерлерін қорғай білді. Демек патриотизм дінмен-де тамырлас. Ислам дінін хақ дініміз деп білген аталарымыз шариғи амалдарды жетік білген. «Ел қорып жүріп ерлікпен өлмесең, үйіңде жатып қорлықпен өлерсің" деген аталарымыздан қалған нақыл сөз осыны меңзейтін сияқты. Ұлттық ойлау менталитеті халыққа патриотизммен рухттың күшін сезіндіре білді. Осындай келелі істерді ел болып жұмыла атқарсақ қана еліміздің жарқын болашағына сеніммен қарай аламыз дегім келеді.
Қазақ философы, ақын Абай атамыз дәріптегендей «руханилықтың адам бойында табылуын ғылым, рахым, ғаділет сұлуы «толық инсаяттылық" яғни „толық адам“ ұғымына әкеледі»- деп дәріптейді.[3,с.2–90]. Дәстүрлі дүние танымды жаңашыл көзқарастардың аясында жаңғырта отырып, қоғамның талабына сай өмір сүру адамның рухани игіліктерін, ұлттық ойлаудың дүниетанымна онтологиялық болмысты қалыптастырады. Сондықтанда адам жер бетіндегі құдайдың сүйіп жаратқан сұлулықтың бейнесі болса, тұлға сол сұлулықтағы асқақтық болып табылады. Шығыс философы Омар Хайям өз рубаийларында «Егерде жаратушының күші менде болса, мен мына көрінбейтін аспанды итеріп, тек соған лайықты парасатты данышпандар өмір сүретін, ақылды аспанды орнатар едім»- деп қарастырғандай қазіргі қоғам адамды бұзады, ал билік адамды өзгертеді, сондықтанда тұлғаның ролі осы жерде басымырақ болса ол адамзат баласын азғындырмай, сыртқа әлсіздігіне бой алдырмайды. «Адамдағы рухани құндылық басым болу үшін, жан азығының қажеттілігін өз талабына сай қанағаттандыра білу қажет екенін естен шығармаған абзал»- деп жазды Т.Бурбаев.[2,с.97]. Адам жер бетіндегі идеалдылықтың бейнесі. Онда рухани, материалды қасиет өмір сүреді. Адамзат жайлы ең әділ баға беретін — тарих және уақыт кеңістігі. Ұлттық ойлаудың альфа және омегасы адам идеясы. Адам болу принципінің басқа ойларға қарағанда жан-жақтылығы: ар-ұжданы, еркіндігі, намысы, адамгершілігі, әділеттілік пен шыншылдыққа деген сұранысын қалыптастырудың негізгі бағыттарын ұйымдастыру керек. Себебі тарих ерте ме, кеш пе әркімді өз орнына қояды. Кез келген дәуірдің ерекшелігі-де, мәні-де жеке тұлғалар арқылы анықталады. Себебі тарихты халық жасағанымен, тарихтағыи даму заңдылықтарына сәйкес ауқымды мақсаттарды заманның нақты тұлғалары жүзеге асыратыны белгілі.
О. Б. Бермаханов, ф.ғ.к., профессор, Коркыт Ата атындағы ҚМУ,
«Философия және мәдениеттану» кафедрасының меңгерушісі., Ы.Ж. Аңламасова, аға оқытушы
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қасабек А. Философия тарихы және ұлттық философия.// Адам Әлемі. 1999.-ғ2.7-бет.
2. Бурбаев Т. Ұлт менталитеті. Астана-2001ж. 95-бет, 17-бет., 97бет.
3. Абай. Қалың елім қакзағым: Шығармалары. Алматы-1995ж., 2-90бет.
4.Кант И. Сочинения в шести томах Т.4, ч.2-М: Мысль, 1963ж., 56-78бет.