Адамның рухани болмысының қалыптасуында тіл мен діннің атқаратын қызметі зор.
Тіліміздегі діни наным-сенімге байланысты сөздер мен сөз тіркестері тіл байлығы ретінде тек сөз өнерінің өрісін кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар бағзы замандардан бергі рухани өміріміздің байлығы, оның қыр-сырларын өз бойына жинап жан-жақты сипаттауда да ерекше рөлі бар. Осы орайда таза тілдік фактілердің өзін ғана зерттеумен шектелмей, сол фактілерді халықтың рухани мәдениеті мен тарихына, салт-дәстүрі мен ұлттық дүниетанымына байланыстыра зерттеуді мақсат еттік. Қазақ тіліндегі діни наным сенімдерге байланысты сөздер мен сөз тіркестері Қ.Ғабитханұлының, С.Жанпейісованың т.б. зерттеулерінде әр түрлі дәрежеде қарастырылған.
Тұрмағамбет шығармаларында дінтанымдық лексиканың молынан ұшырасатынына 2007 жылы «Дешті Қыпшақ" баспа үйінен шыққан шығармаларын оқығанда куә болдық. Бұл ғылыми басылымда шайырдың кеңестік цензурадан баспа бетін көрмеген, бұрын-соңды жарияланбаған өлеңдері, терме-толғаулар, арнау, айтыс, хикая дастандары мен мақал-мәтелдері оқырман қауымға жол тартқан. Шайыр шығармаларында Алланың эпитеттері жиі қолданылады: Маннан, Хақ, Жаппар, Кәрім, Саттар, Мәулән. Зүлжәләл және т.б. Мысалы, Зүлжалал — ұлылық иесі, Алланың 99 есімінің бірі. Реті келгенде, айта кету керек: зүлжалал — қазақ тілінде сөз, ал араб тілінде — сөз тіркесі. Араб тілінің сөзжасамында зу — «ие, еге» мағынасын береді және есім сөздермен тіркесіп, жаңа сөз жасайды. Мысалы, қарнайн — екі мүйіз, Зү-л-қарнайн — екі мүйізді, хиджа -қажылыққа бару, зү-л-хиджа — қажылыққа баратын ай, ай күнтізбесінің он екінші айы.
Мұғжыза — құдайдың құдіреті. Бірақ ол пенделердің қалауы бойынша орындалады. Мұғжиза дегеніміз — оқымыстылардың да, қарапайым адамдардың да, ақылына сыймайтын, сенімнің (иманның) нәтижесінде ғана байымдауға, сезінуге болатын ғажап іс. Мұндай істер Алла тағаланың ғылымымен бола тұрса да, пайғамбар жасаған сияқты әсер қалдырады. Нұх пайғамбардың кеме жасап, топан судан бүкіл жанды мақұлқаттың ұрығын аман қалдыруы, Салих пайғамбардың қара тастан, ақ түйе шығаруы, Мұса пайғамбарға Ніл дариясының қақ айрылып жол беруі, Сүлеймен пайғамбардың құстың, хайуанаттың тілін білуі, Иса пайғамбардың өлген адамдарды оп — оңай тірілте алатын қабілеті болуы, тағы осы сияқты ірі істер — мұғжиза [1,15]. Ақын қолданысында араб тіліндегі мұғжиза сөзі мұғжыза вариантында қолданылған. Кереметтен мұғжиза қайталанбайтындығымен ерекшеленеді.
Тұрмағамбет әһлі «туысқан, тұрғын» мағынасын беретін сөзді иман және ислам сөздерімен тіркескен күйінде пайдаланады.
Ойымнан уайымды етіп қашық,
Ет, Алла, ажарымды Айдан да ашық.
Қатемді қылып ғапу, қылған нендей,
Атақтан аман сақта деген пасық.
Болып жүр достың діні аяқ асты,
Бәріне әһлі иманның болған нәсіп.
Әһлі иман — иманды жұрт, иманды адамдар, иманды жандар.
Көрсетіп қайткенмен-де кеңдігіңді,
Елатын әһлі исламның етпе жасық.
Әһлі исламның елаты — ислам халқы, ислам жұрты.
Нәпсі. Жолына жамандықтың жетектейтін, Біз алып нәпсі сұмның өкпесін ос — Күшейіп күшік нәпсің дардай болар, Жеті ықылым жетегіңде жүргенменен — ізіне ит нәпсінің ере берген, Жаманның жұрт көрмесін жүзін жапшы — Батпаққа батып жатқанмен, Нәпсі деген найсапта, Оңалу барда, арымақ жоқ (Т.І.). Нәпсі арабтың нафс — «көңіл, ниет, адамның ішкі дүниесі, тілегі, арманы, құмарлығы» [2, 640] мағынасындағы сөзден шыққан. Адам баласының табиғаты негізінен екі әлемнен тұрады: бірі — материя әлемі (немесе тән), екіншісі — рухани әлемі десек, соның материя әлемі нәпсі арқылы, рухани әлемі жүрек арқылы көрініс беретін болса керек. Тұрмағамбет нәпсі-бәд деп те қолданады. Нәпсі-бәд. Қылымсып қолын бұлғап дүние тұр, Сұлудай сұңқар мойын өрген зұлпын. Нәпсі-бәд жүр деп оған жетектесе, Бар болса, баста миың, барма, жұлқын (Т.І.).
Ханнас. Ханнастың қармағына іліндірмей, Тауфиқ бер тура жолды нұсқайтұғын — Қосылып Ханнас пенен нәпсі найсап, Мені жүр осы уақытта ұтқалы, Алла — Кеуліңнен кетірем деп иман нұрын, Қылып жүр Ханнас малғұн қатаң қауға — Тәңірі өзі тауфиқ бермесе, Әурелейтін әркімнің , Ханнас атты қасы бар (Т.І.). Имандылық — рухани әлемнің үнемі өсіп, жаңарып, толығып отыруымен өлшенеді. Нәпсіні харам деп санап, оны тыю ұғымдары жүректің тазалығына баланады. (Пәк тұтып киіміңді тазадан ки). Нәпсіні қоздырып, өсіретін адам баласының қас жауы — шайтан, нәпсіге ерік беру арқылы адамның шайтаны семіреді. Шайтан Тұрмағамбет тілінде Ханнас, Ханнас малғұн деп беріледі. Малғұн — лағынет айтылған мағынасында қолданылатын, араб тіліндегі ырықсыз есімше.
Иәуми-л-жаза. Жәрдемі жар мен досқа және тиер, Күнінде көп жиылған иәуми-л-жаза (Т.І.). Иәуми-л-жаза — жаза күні, қиямет күні. Бұл — араб тіліндегі изафетті тіркес. Ислам дінінде, ақырзаман болғанда қиямет күні туады. Бұл күні барлық өлген адамдар тіріледі және бұл дүниедегі бұрыс істері үшін жазаланады деген түсінік бар.«Исрафил періштенің сырнайды екінші рет үрлеуінен кейін барлық адамдар қайта тіріліп, Ұлы Алла тағала алдында есепке тартылады. Сосын дүниедегі иман және іс-әректтеріне қарай жұмаққа яки тозаққа барады. Ақырет күнінің Құранда маңызды орын алуын төмендегіше түсіндіруге болады: өлімнен кейін қайта тірілуге толық иланған кез келген адамның қоғамдағы сенімді тұлғаға айналары сөзсіз «[3].
Діни сөздердің негізін араб, парсы тілдерінен енген сөздер құрайды. Ал кірме сөздердің семантикалық өзгерістерін қарастырғанда, әр уақытта олардың түпкі мағынасына көңіл бөлген жөн. Араб, парсы тілдерінде сөздер көп мағыналы болып келеді. Сөздер бір тілден екінші тілге ауысқанда негізгі мағыналарын сақтап қалады да, ауыспалы мағыналарын жоғалтады. Бұл жайлы Б.Сағындықұлы «көне жазба нұсқалардағы араб, парсы кірме сөздері, әдетте, өз тіліндегі көп мағыналық қасиетін жоғалтады», — дейді [4.28].
Мысалы, араб тіліндегі хаким сөзінің көпше түрі хүкәма 1) правящий, правительственный; 2)правитель, губернатор, начальник; 3) судья, арбитр деген мағына береді. Ал Тұрмағамбет тілінде «басшы, кеңесші» мағынасында қолданылған.
Біле алмай бұл бәлеге не қыларын,
Сасқаннан үкәманың жиды бәрін.
Жалынды жан қорыққан соң жасын төгіп:
«Бар ма, — деп, етер шара, қонар дәрің?»
Талақ сөзі араб тілінде некені бұзу, ажырасу мағынасын береді. Шариғат бойынша ері үш рет «талақ" айтса, ерлі-зайыптылар ажырасқан болып есептеледі. Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 229-аятында: «Талақ екі рет. Сонда не туралықпен ұстау немесе жақсылықпен ажырасу керек. Қайталай беру дұрыс емес»- делінген.
Құран аяттарында талақ некеге байланысты ғана қолданылса, Тұрмағамбет тілінде «тастау, шашу» мағынасында жұмсалады.
Ерімнен есебі жоқ қалған пұлдың,
Таусылмас жұмсауына мендей тұлдың.
Өзіме жетерлік қып алдым-дағы,
Өзгесін мал-мүлкімнің талақ қылдым.
«Ұрпақсыз өтем-ау» деп өмір соңда,
Лаһырасып талақ салды тақ пен мөрден.
Ал Тұрмағамбет шығармаларының тілін зерттеуші жас ғалым Л.Ш.Құндақбаева қазақ тіліндегі араб, парсы лексикасын 3 топқа бөлуге болатынын айтады: 1. Қазақ әдеби тіліне, ауызекі сөйлеу тіліне ертеден еніп қалыптасып кеткен сөздер; 2. Сирек қолданылатын болғанымен, әдеби тілден бұрыннан таныс діни сөздер; 3. Тұрмағамбет шығармалары тіліндегі, ақынның өзіндік сөз қолданысындағы сөздер [5, 15].
Осындай ғылыми тұжырымдарды негізге ала отырып, Т.Ізтілеуұлы шығармаларындағы араб, парсы сөздерінің шебер қолданылуын оның аялық білімінің соншалықты кеңдігімен байланыстыра қарастырамыз. Аялық білім танымдық қызметпен, яғни адамның ойлау жүйесімен тікелей байланысты. Сондықтан адам ойында танымдық қызмет арқылы қоршаған орта туралы жаңа білім, жаңа таным жасалады.
Тұрмағамбет шығармаларында пәріңді ашу, инақ тұту, ирсал ету, мұстажап болу, мінажат ету, ғапылатта қалмау, рихләт болу, ағлам айлау, нәжад беру, ілтимасын қабыл қылу, тәбділ болмау, тәсілім қылу т.б. араб және парсы сөздерінен жасалған сөз тіркестері кездеседі.
Қорыта келгенде, Тұрмағамбет шығармаларындағы араб, парсы сөздерінің бір тобы — діни сөздер (саум, сәләт, ғибадат, аршы, ағлә, иаумил-жаза т.б.), екінші тобы — қазақ, түрік көмекші етістіктерімен келген негізгі етістіктер (ирада ету, мәләл ету, тәсілім қылу, бәләнд тұту, жаһат айлау, инақ тұту, мұстажап болу т.б.). Бұлар араб тіліндегі масдар (есім сөз) тұлғасында беріледі.Үшінші тобы — өлең ұйқасы үшін буын санына лайықты қолданылған сөздер болса (жісім, ілтимас, мүшкилат, сәһил), ендігі бір тобы — қазақ тілінде баламасы болып, ол сөз ұйқасып тұрса да сөздің стильдік мәнін күшейту үшін қолданылған сөздер (науғы, мағшұқ, ирада, мұттақи, ниһаят, муафық, махбүб т.б.). Шайыр шығармаларында Алланың эпитеттері жиі пайдаланылады. Кейбір дінтанымдық сөздер тіркес түрінде қолданылған. Сонымен қатар бағзы бір сөздердің мағыналық жағынан түрленгенін байқадық.
Өз замандастары арасында «шығыс тілдерінің тірі сөздігі» атанған Т.Ізтілеуұлы араб, парсы тілдерін меңгерген, діни сауаты мол, заманына лайық орыс тілін-де білген. Араб, парсы сөздері, ақынның жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты, елдің ауызбірлігіне байланысты өлең-жырлары мен діни дастандарында молынан ұшырасады. Өкінішке орай шайырдың діни тақырыптағы шығармалары кеңестік цензурадан өтпей, бізге кештеу жетіп отыр. Дегенмен, Тұрмағамбеттану ісі қолға алынды. Оның шығармалары бала тәрбиесі дәстүр сабақтастығының үзілмеуіне байланысты екенін мегзейді. Елі азғанның ұрпағы азатынын, халық ауызбіршіліктен айырылса, жаман әдеттерге үйір болса, ұлы мен қызынан береке қашатынын айтады. Ертеден қалыптасқан, имандылықты мұрат тұтқан қазақы тәрбиенің жойылып кетпеуін ойлайды.
Алдағы уақытта Тұрмағамбет шығармаларының тілін, әсіресе діни дастандарын жан-жақты зерттеу лингвист ғалымдарға ғана емес, әдебиетшілерге-де едәуір жүк артады.
Ш.Ү. Баймаханова, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ, аға ғылыми қызметкері
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Сағындықұлы Б. Ғаламның ғажайып сырлары. Алматы: Ғылым, 1997.
2. Арабша-қазақша сөздік. І том.-Алматы, 1984.
3. Дербісәлі Ә.Б. Егемен Қазақстан. 26 қыркүйек, 2007 ж.
4. Сағындықұлы Б. Сравнительный анализ лексики тюркоязычных памятников XIV века: Автореф. Дисс. Кан. Филол. Наук. А.,1977.
5. Құндақбаева Л.Ш. Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармаларының тілі: филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының авторефераты — Алматы, 2007. — 24 б