Қазақстан мемлекетінің тəуелсіздік алуы ғылымды жаңа өзгерістерге алып келді. Сондықтан да, Қазақстан тарихы ғылымына қоғамдық жаңа ұлттық тарихымызды жазуға əлемдік тарих ғылымында өткен дəуірлеу мен қазіргі кезеңдегі тарихи құбылыстардың кезеңдік межелерін айқындау тəжірибесін ескеру қажет бола бастады. Дəуірлеу тарих ғылымы методологиясындағы күрделі мəселелердің бірі. Алайда бұл мəселенің түйінін республика көлемінде мемлекеттік тұрғыдағы тұжырымдама жасамай шешу мүмкін еместігіне көз жеткізіліп отыр. Мұндай тұжырымдама қазақ тарихын оқып-үйрену мен зерттеудің басты бағыттарын көрсетіп берері сөзсіз. Осыған орай ғылымда Отан тарихын шынайы зерттеу үшін ең алдымен дəуірлеу мəселесін қайта қарауды қажет етеді. Осындай қажеттілікті төмендегі дəлелдермен түсіндіруге болады:
1. Қазақстанның тарих ғылымында Қазақстан аумағында өткен тарихи үдерістерді уақыт үзіктері бойынша қисынды байланыстыратын айқын түсінік қалыптаспаған.
2. Қазіргі кездегі кезеңге бөлу уақытқа сай барынша жалпы типологияны ұсынады, ғылымның осы заманғы жетістіктеріне негізделген кезеңге бөлу орын алмай келеді.
3. Кезеңге бөлу критерийінің мəселелері тарихи үдерістердің өзіне тəн белгілері арқылы сатыларға бөлудің түрлі принциптері жеткілікті талданбаған.
4. Қазақстанның тарих ғылымында кезеңге бөлу мəселелеріне байланысты категориялар мен түсініктер туралы қандай да болмасын бірыңғай нақты ұғым жоқ. «Дəуір», «кезең" деген терминдерге ғалымдар əр түрлі түсінік береді, сондықтан ғылыми əдебиеттерде өзара қарама-қайшылықтар орын алған.
5. Қазақстан тарихының жалпы əлемдік үдеріспен байланысы туралы жеткілікті түсінік қалыптаспаған.
6. Бүкіл əлемдік тарихтың жалпы заңдылықтарын жəне онда Қазақстанның қоғам жүйесінің алатын орнын ескеруде маркстік-лениндік кезеңге бөлуден басқа кезеңдеу орын алмаған.
Отан тарихын дəуірлеу мəселесі алғаш рет ХVІІІ ғасырдың орта кезінен бастау алады. Осы кезде орыс ғылымының Қазақстанға, оның ішінде тарихына деген қызығушылығы арта түсті. Бұл Кіші жүздің орыстарға тəуелділігін мойындағаннан кейін Ресейдің Орта Азияға енуіне əкеп соқты. Шынын айтсақ, алғашқы тарихи еңбектер нағыз ғылыми-деңгейден алшақ болды, оларда əртүрлі қарсылық туғызар ойлар, кейде өрескел қателер-де кездесіп жатты. Бұл Қазақстан тарихын белгілі бір уақыт бөліктері сатылар мен кезеңдерге бөлуге тырысқан орыс зерттеушілеріне қатысты. Кейбір зерттеушілер, мысалы П. И. Рычков [1], бұл мəселеде мұсылман тарихшыларының көз қарастарын қайталады. А. И. Левшин [2] Қазақстан тарихын екі кезеңге бөлді: Ресейге қосылғанға дейінгі жəне қосылғаннан кейінгі уақыт. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында кезеңдерге бөлу проблемалары Ш.Ш. Уəлихановтің [3], Н. А. Аристовтің [4], В. В. Бартольдтің [5] еңбектерінде қарастырылды.
Кеңестік тарих ғылымында 1920 жылдары ежелгі жəне орта ғасырлардағы Қазақстан тарихын кезеңдеуде этникалық жəне саяси үдерістер басты шарттар ретінде алынды.
Сондықтан да А.Н. Бөкейханов [6], М.Дулатов [7], М.Тынышбаев [8], Т.Шонанұлы [9], А.Чулошников [10] өз еңбектерінде дəуірлеу мəселелеріне тоқталып кетті. Қазақ тарихын дəуірлеуде М.Дулатов, М.Тынышпаев этникалық жəне əлеуметтік, саяси критерийлерді басшылыққа алған.
ХХ ғасырдың 1930 жылдары Қазақстан тарих ғылымында түбірлі өзгерістер бола бастады. Зерттеулердің жаңа əдістемелері бекітіліп, олардың проблематикасы, еңбек пен ғылыми мекемелердің ұжымдық құрылымы өзгерді. Революцияға дейінгі зерттеулерге қарағанда, осы уақыттағы зерттеу жұмыстары анағұрлым ғылыми тұрғыда жүргізіле бастады. Қазақ тарихын кезеңге бөлу проблемаларын алға қойып, оның мəселелерін шешуге тырысу байқалды. Қазақ ғалымы С.Асфендияров [11] өз еңбегінде осы мəселеге назар аударды. Белгілі ғалым С.Асфендияров «Қазақтар тарихының кейбір негізгі мəселелері» атты мақаласында дəуірлеу мəселесіне тұңғыш рет назар аударып, қазақ тарихының үш кезеңін көрсеткен. Олар:
1-кезең. Капиталистік дамуға дейін (ХVІІІ ғасырға дейін).
2-кезең. Отарлау кезеңі. Қазақстан патшалықтың отары жəне Қазақстандағы қазан революциясының алғы шарттары.
3-кезең. Кеңестік дəуір [11, 29–37]. Автор алға тартқан дəуірлеуде бас ты ұстаным меншік түрі жəне саяси құрылыс саналады. С.Асфендияров ұстанымдардың дəуірлерге бөлуде жеткіліксіз екендігі байқалады. Себебі, кезеңдеуде белгілі бір уақыт пен кеңістікте өмір сүрген қоғамның саяси құрылысы, ондағы меншік қатынастары ғана емес, барлық шаруашылық, əлеуметтік, мəдени тағы басқа ерекшеліктері қоса ескерілуі тиіс.
Қазақстан тарихын кезеңдерге бөлуде ұлт зиялыларының көзқарастарын мынадай кесте түрінде көрсетуге болады:
Зерттеуші |
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 |
М.Дулатов |
Ежелгі дәуірден ХІІ ғ. дейін қазақтар түркі халықтарының құрамында |
ХІІ-ХІІІ ғғ. қазақтар жеке этнос ретінде |
ХVІІІ-ХІХ ғғ. жаулап алу |
ХІХ ғ. – отарлау кезеңі |
||
М.Тынышпаев |
Алтай кезеңі б.э.д. V ғ. |
Қара теңіз, Азов кезеңі б.э.д. ХІV-V ғғ. |
Волга кезеңі б.э.д. V-ХІV ғғ. |
Қазақтың жеке хандықтар кезеңі ХV-ХVІІ ғғ. |
Тәуелсіз Қазақ хандығы кезеңі ХVІІ-ХVІІІ ғ. 30 жылға дейін |
Қазақстан –отар ХVІІІ ғғ. 30 ж. |
С.Асфендияров |
Капиталистік дамуға дейінгі кезең ХVІІІ ғ. |
Отарлау кезеңі |
Кеңестік кезең |
- |
- |
- |
Е.Бекмаханов |
Қазақстан аумағындағы алғашқы қауымдық қоғам |
Ертедегі тайпалық одақтар |
Варварлық мемлекет |
Феодалдық қатынастардың қалыптаса бастауы және алғашқы феодалдық мемлекет |
ХVІІІ ғ. ІІ жарт. – ХІХ ғ. І жарт. Феодал. Отаршылдық езгі жүйесінің қалыптасуы |
ХІХ ғ. ІІ жартысындағы қазан төңкерісіне дейінгі кезең |
О.Исмағұлов |
Қола дәуірі б.з.д. ХVІІ-VІІІ ғ. |
Сақтар уақыты б.з.д. VІІ-ІV ғ. |
Үйсін уақыты б.з.д. ІІІ-б.з. ІV ғ. |
Түркі уақыты VІ-ХІ ғ. |
Монғол уақыты ХІІ-ХV ғ. |
Қазақтар ХVІ-ХХ ғ. |
Кестеден көрінетіндей ұлт зиялыларының өкілдері қазақ тарихын ұлттық мүдде тұрғысынан дəуірлерге бөліп, əрқайсысы əртүрлі пікір танытқан. Зерттеушілер төл тарихымызды негізінен алты кезеңге бөліп көрсеткен. Мəселен, М.Дулатов, М.Тынышпаев дəуірлеуді қазақ халқының қалыптасу кезеңдерімен, мемлекеттікті құру мəселелерімен ұштастырған.
Кеңестік кезеңнің 1940–1950 жылдары ғылымда Қазақстан тарихын қоғамдық-экономикалық формациялар алмасуы негізінде дəуірлеу біржолата орнықты. Құл иеленушіліктен басқа əрбір формация тарих толқынындағы Қазақстанның белестері ретінде қарастырылды. Осының нақты үлгісі ретінде бес томдық «Қазақ ССР тарихын» алуға болады. «Қазақ ССР тарихының" авторлары төңкеріске дейінгі тарихшылардың кезеңге бөлуін қайта жаңғыртты. Дегенмен дəуірлеу мəселесі өзінің толық шешімін таба алмады. Сондықтан да, ҚазССР Ғы лым академиясының Тарих, археология жəне этнография институтының 1947 жылдың 15–19 мамырында болған бірінші ғылыми сессиясында кіріспе сөз сөйлеген С. В. Юшков Қазақ ССР тарихын жасауда кезеңге бөлуді дұрыс жасаудың маңызды мəселе екенін айтты [12, 11]. Сессия да кезеңге бөлу мəселесі жөніндегі негізгі баяндаманы Е.Бекмаханов жасады. Ол 1947 жылғы «Қазақ ССР тарихы» басылымындағы кезеңге бөлуді сынға ала отырып, əлеуметтік-экономикалық формациялар жөніндегі ілімді негізге алуды ұсынды [13, 32]. Автор төңкеріске дейінгі тарихты негізінен басты алты кезеңге бөлді. Осындай кезеңдерге бөлуде кеңестік Қазақстан тарихы мəселесінде қателіктер, «ұлтшылдық бұрмалаушылықтар» жіберіліп жүр деген партия сыны ескерілді. Е.Бекмаханов аталған кезең тарихынан əлі бірде-бір монография жазылмағандықтан, кеңестік кезең тарихын жүйелі зерттеу барысында бұл мəселеде өзгерістер болу мүмкіндігін ескеріп, кезеңдеуді алғашқы нұсқасында қалдыруды ұсынады. Бұл кезеңдер өз кезегінде жекелеген сатыларға бөлінді. Қазақстан тарихын кезеңге бөлудің Е.Бекмаханов ұсынған жобасын А.Якунин қатты сынға алды [14]. Түптеп келгенде Е.Бекмахановтың кезеңге бөлуі мейлінше шатасқан деп аталды. Қазақстан тарихын кезеңге бөлуді жасау мəселесінде келесі маңызды шара 1949 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихының" жинақталып, қорытылып шығарылған екінші басылымы болып табылды [15]. Авторлар алғашқы кезеңді Қазақстан аумағындағы алғашқы қауымдық қоғамды бөлек кезең етіп бөлуді ұсынады. Ал екінші кезең — түрік қағанаты феодалдыққа дейінгі кезеңге жатқызылды, яғни құл иеленуші мемлекет делінді. Оның өмір сүрген мерзімі-де бөлек кезең түрінде анықталды.Үшінші кезең — ертедегі феодалдық мемлекет деп аталды. Оның құрамына қыпшақтар мен қараханидтер мемлекеттері жатқызылды. Кітаптағы келесі төртінші кезеңі — монғол басқыншылығы кезеңі деп аталды. Бесінші кезең — қазақ халқы мен қазақ хандығының құрылуы — қазақтар өміріндегі ерекше кезең ретінде қаралды. Бұл үдерістерді авторлар олардың өзара байланыстығы мен тығыз байланыстырды. Келесі — алтыншы кезеңге — Қазақ хандығының бөлшектену мерзімі жатқызылды. Көріп отырғандай кезеңге бөлудің негізгі белгілері бұрынғыша қалған.
1950 жылдары Қазақстан тарихы күрделі кезеңдерді бастан кешірді. Партия органдары тарихи пікірталастарға үнемі араласып отырды. БК(б)П-нің шешімі бойынша идеологиялық мəселелерге байланысты «Правда» газетіндегі тарих ғылымына марксистік-лениндік көз қараспен қарауды мадақтаған жəне тарихты кезеңге бөлу жөніндегі кейбір мақалалар қайта қаралды. Бұл үдерісте 1954 ж. өткізілген 1917 жылғы Қазан революциясына дейінгі кезеңдегі Орта Азия мен Қазақстан тарихына арналған Бірлескен Ғылыми сессия үлкен рөл атқарды. Кезеңге бөлу мəселесі жайында Г. Ф. Дахшлейгер, И.С Брагинский, А. Н. Бернштам, М.Э Воронец [16] жəне тағы басқалар сөз сөйледі. Ғалымдар кезеңге бөлуге үлкен елеулі əсерін тигізген негізгі үш түрлі ахуалды яғни тарих ғылымындағы сол кезеңде берік орныққан таптық принципке сəйкес тап күресін, Қазақстанның көп ұлтты республикаға айналуына байланысты интернационализм, халықтар достығы ұстанымын басты назарда ұстады. Сондай-ақ, кеңестік идеологияның мəніне сəйкес əдебиеттерде «аға ұлтты» құрметтеу, оның тарихтағы рөлін дəріптеуге негізделген Ресейдің Орта Азия мен Қазақстанның қоғамдық дамуындағы қозғаушы күш ретіндегі орнын ескеруде ғылыми талаптардың бірінен саналды. Сондай-ақ, оларда схематизм, жаттампаздық жəне жеке басқа табынушылық көрініс тапты.
1964 жылы «Революцияға дейінгі Қазақстан тарихының библиографиясының" аннотациялық көрсеткіштерінің бірінші шығарылымы жарық көрді [17]. Е.Бекмахановтың редакторлығымен құрастырушылардың тұтас ұжымы дайындаған бұл жұмыста Қазақстанның тарихи археологиясы, тарихы бойынша жүргізілген зерттеулердің тізімі берілген. Материалды тарауларға топтау негізінен 1957 жылы шыққан «Қа зақ ССР тарихының" 1 томында келтірілген кезеңге бөлуге сəйкес жасалды. Сондықтан оның кейбір ерекшеліктері бар. Құрастырушылар республика тарихын мынадай 7 кезеңге бөлді. Осындай дəуірлеу1979–1982 жылдар аралығында жарық көрген Қазақ ССР тарихының бес томдығынан берік орын алды [18].
Еліміз тəуелсіздік алғаннан кейін дəуірлеу мəселесін алғаш рет əрі кешенді түрде көтерген тарихшы академик М.Қ. Қозыбаев болды. Ол өзінің «Ата тарихы туралы сыр» атты дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайында оқыған баяндамасында [19]. Қазақстан тарихын тоғыз «асқарлы белестерге» бөлген еді. 9 кезең мыналар болатын:
1. Адам баласы қазақ сахарасында пайда болып, өмір сүрген тайпалар белесі;
2. Сақ, үйсін, қаңлы, алшын, ғұндар заманасы;
3. Түркі тектес тайпалар дəуірінен;
4. Қыпшақ белесі;
5. Монғол үстемдігі;
6. Қазақ хандықтары: халық, ұлттық қалыптасуы;
7. Отаршылдық бұғауында;
8. Қазақ халқы кеңес империясының уысында;
9. Қазақ халқы егеменді ел болған шағында.
Академик М.Қозыбаев нұсқасы тəуелсіздік жылдары жарық көрген Қазақстан тарихының алғашқы үш томы мен көптеген оқулықтарға, оқу құралдарына негіз болғанық байқалады. Мұны тарих ғылымының докторы Х.Əбжанов [20] өз еңбектерінде дұрыс атап көрсетеді.
З.Қинаятұлы жазба деректерге көздеріне сүйене отырып, мынадай кезеңдерді ұсынды:
1-кезең — Қазақ даласында құрылған ежелгі түркі мемлекеттері кезеңі: Сақ конфедерациясы, Үйсін, Қаңлыдан Оғыз мемлекеттеріне дейін;
2-кезең — Протоқазақтық қимақ, қыпшақ мемлекеті кезеңі. Олай дейтініміз қазақ мемлекетінің басты сипаттары (жер аумағы, халықтың этно бірлігі, қазаққа тəн тіл, мəдениет) осы кезеңде жинақталып толысқан еді;
3-кезең — Моңғол ұлыстары билігі дəуіріндегі Қазақ мемлекеті: Жошы-Қыпшақ ұлысы, Ақ Орда мемлекеті;
4-кезең — Қазақ хандығы кезеңі; 5-кезең — Ресей патшалығы жəне Кеңес Одағы кезеңіндегі Қазақ мемлекеті;
6-кезең — Тəуелсіз Қазақстан мемлекетінің жаңа кезеңі [21]. З.Қинаятұлының кезеңдеуінің бірқатар тұстары қолдауға тұраралық.
Отандық тарих ғылымында алғашқылардың бірі болып кезеңдеу мəселелерін біршама терең зерттеген ізденуші С.Кентбеков өзінің дəуірлеуін 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгі уақытпен аяқтайды [22]. Сондықтан да кеңестік кезеңдегі дəуірлеу мəселесі негізінен екі ғалымның М.Қозыбаев пен Т.Омарбековтің еңбектерінде көрініс тапқан.
Қазақстан тарихын кезеңдерге бөлуге сонымен қатар С. Ж. Жолдасбайұлы Қ.Атабаев, М.Қойгелдиев, Б. З. Акназаров, т.б. тарихшылар назар аударған. Олардың кезеңдерге бөлу мəселелеріне арналған жаңа сатыдағы зерттеулері формациялық жəне маркстік-лениндік көзқарастардан арылуға негізделген балама түріндегі еңбектер болып табылды.
Отандық тарихнамада дəуірлеудің ғылыми ұстанымдары мен критерийлері туралы салмақты пікір айтқан ғалымдар болды. Солардың бірі — З.Алдамжар. Ғалым дəуірлеудің ұғымдық анықтамасын тұжырымдау үшін бұрынғы таптық методология шырмауынан арылу қажеттігін, арыла алмасқа, өндірістік күш пен өндірістік қатынастық ара байланысын ғана негізге алып, сол ескі сарындағы экономикалық болмыс шеңберінде шектеліп қалатындығымызды ескерткен. «Дəуірлеу мəселесін зерттегенде оның ішкі құрылымы мен хронологиялық шектерін анықтағанда; қоғамдық өмірдің бар құбылыстары мен қасиеттерін жəне оған əсер етер оқиғалардың, сонымен бірге жалпы адамзат болмысының арқауы тарихи процесс жалғастығын бейнелейтін көріністерді барынша түгел қамтуға ұмтылған орынды», — дейді [23]. «Шын мəнінде кезеңдеу мəселесінде, — дейді тарихшы — зерттеуші, — қоғамдағы барлық өзгерістерді, оның дамуындағы ерекшеліктерді, оның мазмұнын өзгертетін факторларды түгел ескеріп, оларды үнемі назарда ұстауға тиіс. Адамзаттың өткенін дəуірлеу кезеңдер мен дəуірлер мəні ашылатындай өзара сабақтастықта жасалуы тиіс. Сондай-ақ олар бірін-бірі толықтырып, тарихи үдерістердің сабақтастығын үзбей көрсету бағытында бөлінуі керек», — деп тұжырымдайды автор. Осы тұрғыдан келгенде, З.Алдамжардың пікірі қолдауға тұрарлық.
Дегенмен тарихнамалық талдау көрсеткендей, Отан тарихын кезеңдеуде өткенді толық əрі тұтас көрсете алатындай бағыттың басшылыққа алынбағаны байқалды. Таңдап алынған ғылыми принциптер дəуірлеуде қоғамның барлық қырларын қамтымаған. Дəуірлеу мəселелері төңірегінде пікір таластар орын ала қоймаған. Отан тарихын ке зеңдерге бөлуде қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау, ұлттың мəдениеті мен салт-дəстүрін, мемлекет тарихын алғашқы орынға қоятын көзқарастар қалыптастыру тəрізді ұстанымдарды басшылыққа алу қажет. Сонымен қатар, эволюциялық, циклдік, өркениеттік теорияларға сүйеніп, Отан тарихын дүниежүзілік тарихтың бір бөлшегі ретінде қарастырып, зерттеу міндеті туындайды. Дəуірлеуде қоғамдық-тарихи дамудың ерекшеліктерін, даму сатыларының бір-бірімен тығыз байланыстығын ескере отырып, бірегейлік, жалпылық, ортақтықты да назардан шығармаған абзал. Сондай-ақ, этникалық, əлеуметтік, саяси, мемлекеттік өлшемдер дəуірлеудің басты өлшемдері болуы тиіс.
Пайдаланылған əдебиеттер жəне деректер тізімі:
1. Рычков П. И. Топография Оренбургская. Оренбург, 1887. С. 155.
2. Левшин А. И. Описаниекиргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. СПб., 1832. С. 18–105.
3. Уалиханов Ч. Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Алматы, 1985. Т. 2–4. С. 155.
4. Аристов Н. А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. СПб. 1896. С. 11–200.
5. Бартольд В. В. Очерк истории Семиречья. Фрунзе, 1943. С. 8–90.
6. Бөкейханов А. Н. Киргизы // Казахи о русских до 1917 года. Оксфорд, 1985.
7. Дулатов М. Шығармалары. Алматы, 1991. 140 б.
8. Тынышбаев М. История казахского народа. Алматы, 1993. С. 223; Тынышпаев М. Таңдамалы. Избранное. Алматы, Арыс, 2001. С. 93.
9. Шонанұлы Т. Жер тағдыры. Ел тағдыры. Алматы: Санат, 1995. 3–6 бб.
10. Чулошников А. Очерки по истории казах-киргизского народа в связи с общими судьбами других тюркских племен. Оренбург, 1924. Ч. 1. С. 155.
11. Асфендияров С. О некоторых основных вопросах истории казахов // «Большевик Казахстана». 1933. № 10. С. 17–19.
12. Юшков С. В. Об основных моментах истории казахского государства // Известия АН КазССР. Сер. истор. Вып. 4. 1948. № 49. С. 14–87.
13. Бекмаханов Е. Об основных вопросах периодизации истории Казахстана //Известия АН. КазССР. Сер. истор. Вып. 4. 1948. № 49. С. 14–50.
14. Бекмаханов Е., Шахматов В. Первая научная сессия Института истории, археологии и этнографии АН КазССР // Вестник АН КазССР. 1945. № 5. С. 11–35.
15. История Казахской ССР. Алма-Ата, 1949. Т. 1. С. 400.
16. Материалы Объединенной научной сессии, посвященной истории Средней Азии и Казахстана в дооктябрьский период. Ташкент, 1955.
17.
18. Қазақ ССР тарихы. Көне заманнан бүгінгі күнге дейін. Бес томдық. Алматы, 1979–1982.
19. Қозыбаев М. Өркениет жəне ұлт. Алматы, 2001. 7–57 бб.
20. Библиография по истории Казахстана // Аннотированной указатель. Алма-Ата, 1964. С. 140.
21. Қинаятұлы З. Көшпенділер мемлекетінің пайда болу ерекшеліктері мен типі Қазақ мемлекеттілігін кезеңге бөлу мəселелері // Отан тарихы. 2006. № 1. 7–15 бб.
22. Кентбеков С. К. Проблемы историографии и основные принципы периодизации истории до советского Казахстана: автореф. дисс. канд. ист. наук. Алматы, 1997. 16 c.
23. Алдамжар З. Тарихымызды білімдарлықпен қалыптастыру келешек үшін қажет // Егемен Қазақстан. 1998. 9 шілде.
Оразгүл Мұхатова
Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д., Алматы қ.