Əр ғылым саласының сүйенетін, негізге алатын бағыттары бар. Мəселен, тарих ғылымындағы маңызды саланың бірі — деректану. Мұнда деректерді түрлеріне қарай жіктеу, талдау жəне ғылыми айналымға енгізу сияқты ерекше жұмыстар атқарылып, ғылымның дамуына өзіндік септігін тигізеді. Дəл осы саланың жетілуіне байланысты тарих ғылымы да кемелдене түседі. Яғни, əр елдің ұлттық тарихы өз дəрежесінде зерделеніп, насихатталуы үшін деректер құнды болғандығы қажет. Халықтың ғасырлар бойы тарихында жинақталған тарихи құжаттар түрлі деректердің тобын қалыптастырғанық. Осы аталған деректердің өзін сыныптау, нақтылығын анықтау, құндылығына мəн беру ерекше маңызды мəселе.
Тарих ғылымы үшін тарихи факт мəселесі жаңа проблема саналады. Осы аталған факт ұғымы категориялық мəселе ретінде ХХ ғасырдың басында ғана талқылана бастады. Ал, ХІХ ғасырдағы тарихшыларда бұл мəселе күн тəртібінде қарала қойған жоқ. Бұл тақырыпқа байланысты атақты француз тарихшысы Фюстель де Куланж бүкіл тарихшылардың алдына тарихи деректерді қарастыруда нақты шынайы тарихи білімнің шеңберінен шығып кетпеуді ескерткен болатын [1].
Енді, ғылыми-тарихи факт мəселесіне назар аударсақ, онда мынадай өзекті проблемаларды байқаймыз. Біріншіден, ғылыми-тарихи факті жай ғана фактіден өзгеше болады. Ол зерттеушінің белгілі бір ой елегінен өткізілген тарихи санада бейнеленген нақты нысаны бар, субъективті жəне объективті таным ғылыми білім жүйесіне қосылған. Осы аталған категориялардың өзіндік ерекшеліктері бар. Шынайы тарихи фактілердің əлеуметтік табиғаты бар. Бұл күрделі жəне көптүрлі фактілер өзіндік баға беруді қажетсінеді.
Өткенді бейнелейтін, мəлімет беретін факт туралы И. Д. Кавальченко: «Тарихи деректерді жасаушы мен тарихшының арасында объек тивті қатынас шынайы болуы шарт. Өйткені, өткен құбылыс инвариантты жəне өзгеріссіз, өзінің уақыты-кеңістігі жəне мəні жағынан аяқталған» [1, 170], — деп баға берген.
Қандай тарихшы болмасын өз зерттеуінде болған оқиғаның шындығына жетуге тырысары анық. Объективті деректі пайдалана отырып жазылған тарихи шығарма объективті болуға тиісті. Деректері шындыққа жанаспаса, деректері жанама болса зерттеуші тарихи үдерістің шындығына жете алмайды.
Деректанушы ғалым Қ.М. Атабаев тарихи деректер мен фактілерге қатысты: «Тарихи деректанудың өзекті мəселесі — деректегі барлық сақталынған, ақпарларды ала білу жолдарын іздестіру жəне сол, ақпарларды тарихи зерттеулерде пайдалана білу тəсілдерін жасау. Демек, деректанудың маңызды міндеттеріннің бірі — тарихи деректерді талдау əдіснамасын жасау жəне оны тарихи зерттеуде қолдана білу.
Тарихшылар барлық уақытта деректерде бейнеленген тарихи өткенді қандай тəсілдермен қалпына келтіруге болатындығын ойлады жəне оның тəсілдерін жетілдірді. Сол тəсілдердің ең бастыларының бірі -деректанулық сын» [2], — дейді.
Тарихи деректерді «сыннан» өткізу қажеттігі туралы қазақ ғалымы А.Байтұрсынов: «Шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме — бəрі-де тарихтың жемі есебіндегі нəрселер. Тарих олардың айтқанының бəрін ала бермейді. Аударып, ақтарып түрлі жағынан қарап, түрлі мағлұматтардан ғана алады», — деп аса құнды пікір айтты.
Зерттеу бағытындағы объективтілік принцип — тарихи құбылыстарды барлық қайшылықтарымен, күрделіліктерімен, сан қырлығымен қоса жан-жақты зерттеу. Барлық деректерге толық талдау жасау. Бір-бірімен байланысты деректерді кешенді зерттеуге негізделеді.
Тарих ғылымындағы тарихилық принцип — ол дерекке тек нақты тарихи тұрғыдан қарау емес, сонымен қатар деректің пайда болуы мен сақталуына əсер еткен оқиғаларды, құбылыстарды жəне үдерістерді зерттеу. Деректанудағы тарихилық принципі түрлерінің эволюцияға ұшырау заңдылықтарын экономикалық детерминизм тұрғысынан ашуды қажет етеді.
Қандайда болмасын оқиға, қоғамдық құбылыс белгілі бір тарихи кезең де, белгілі бір уақытта болады. Сондықтан, зерттеуші деректі сол уақытымен, сол кезбен байланыстыра отырып зерттеу керек. Деректердегі, ақпараттарды сол оқиға болған кезең контексінде қарау қажет. Тарихилық принципті — уақытты ескермеу зерттеушілерді көптеген қателіктерге ұшыратады [3].
Деректегі мəліметті нақты зерттеулерге пайдалану тəсілдерін жасау бұл əдістеме мəселесімен байланысты. Бұл тарихи зерттеудің бір бөлігі болып табылады, өйткені əңгіме ғылыми-тарихи фактілер жүйесін жасауға қажетті мəліметтерді өңдеу тəсілі туралы жұмыстар мен жүзеге асарылады.
Осы принципті құрмет тұтқан неміс тарихшысы Л.Ренке ғалымдарды кез келген тарихи оқиғаларды қалпына келтірген кезде объективтілік принциптерін қатты ұстануды талап етті: «Тарих жазғанда „…бұл қалай болып еді? [4]" деген сұраққа жауап бергенде ғана зерттеуші өз мақсатына толық жете алады“, — деп жазды ол.
Тарихшы Л. Н. Ренкенің айтуынша „…тарихи оқиға қалай болса, сол күйінде жазу керек“ [5]. Оның айтуынша тарих əлемі обективті актілердің тізбегінен екен. Тарихи шығарма жазу үшін зерттеуші өзінің баяндар мəселесі жөнінде жеке басының көзқарасынан арылуы керек. Яғни, автордың саяси, ұлттық, корпоративтік мүдделері шығармаға əсер етпеуі керек. Тарихшы болған оқиғаны сынап-мінемей, ыждаһатты түрде, мұқит баяндауы керек. Өкінішке орай, Л.Ренке сияқты объективизм ұранын ұстанған тарихшылар өмірде аз кездеседі.
Тарихи объективизмнің жеңіске жетуі үшін бірнеше факторлардың əсер етуі мүмкін. Біріншіден, белгілі бір тарихи оқиғаны баяндау үшін деректер толық болуы керек. Бірнеше ғасыр бұрын болып өткен қоғамдық құбылысты шындыққа жақын етіп көрсету үшін деректердің бірнеше типін, əр алуан түрін кешенді түрде пайдаланған жөн. Бұл жөнінде немістің белгілі ғалымы Марк Блок „Тарихтың əр қилы куəлігі — шексіз. Əрбір айтқан адамның сөзі, жазғаны, қолымен жасағаны, қолы тиген жерінің бəрі ол туралы дерек беруі керек“ [6] — деп жазды. Міне, сондықтан дерегі жоқ оқиға болмауы тиісті. Екіншіден, тек қана зерттеуші ғана емес, сонымен қатар қоғамның өзі тарихи шындықты білуге мүдделі. Оны бұрмалау, жете бағаламау немесе асырамақтау ғылым үшін-де, бүгінгі өмір үшін-де қиянат екендігін естен шығармауымыз керек. Үшіншіден, тарихшылар қауымы көп жылдар бойы қалыптасқан құндылықтар жиынтығы тарихи шығармалар объек тивтілігінің кепілі болуы тиісті. Егер зерттеуші өз еңбегінің беделін, оған деген оқырман сенімін арттыру үшін объективтілік принциптерінен айнымауы қажет.
Қазақ зиялысы А.Байтұрсынұлы өз заманында тарихқа зор баға беріп, оны əңгіменің ең бір „Ұлы əрі сипаттысы“, — деп бағалайды. „Тарихты қазақша ұлы дерек деуге, тобына жатқанымен, айғақты əңгіме болады“, — деп жазды. Тарих ғылымының мақсаты бүкіл адамзат баласының өткені мен бүгінгісін, ақиқаттап көрсету екендігін баса айтады. Тарихтың мақсаты — бүгін адам баласының өмірі нендей табиғат заңымен өзгеретінін білу. Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі оқиғалардың мағлұматын, сынға тартқандай, сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді». Ахмет Байтұрсынұлы «тарихшылар құр істегені мен қанағаттанбай, рас, өтірігін тексеріп, расын ғана алады», — дей келе, олардың биік мəртебесін анық көрсетеді. Тарихшының тарих жазуда ғы əрекетін ғалымның еңбегімен салыстырады. Оның тарихтың əр салаларынан хабардар екенін көреміз [7]. Міне, осындай ойтұжырымдардан тарихты зерттеуде фактілік материалдармен деректанулық тұрғыдан жұмыс жасау, олардың құндылығы мен нақтылығына мəн беру мəселесі ескерілуі қажет деген қорытынды жасалуы тиіс.
Ғылыми зерттеу жұмысын жазу бағытында ұлттық тарихты зерттеу, зерделеу үшін нақты төл деректерге сүйену керек. Өйткені, халықтың тарихындағы өткен оқиғалар мен құбылыстарды ұлттық мүдде тұрғысынан бағалауда, жан-жақты ашуда ең бастысы осы аталған деректерден: шежіре, фольклор, заманхат, естелік, мерзімді басылым, мұрағат құжаттары, заттай материалдар мен тағы басқа деректер баршылық. Міне, осы деректерді зерттеу жазатын ғалымдар барынша пайдаланып, жете, толық қарастырып, ондағы мəліметтерді ой елегінен өткізіп барып ғылыми айналымға енгізуі қажет. Сонда ғана ұлттық тарихымыз толықтай өз дəрежесінде жазылады да, тарихи оқиғалар мен құбылыстардың ағы мен қарасы ажыратыла түседі.
Пайдаланылған əдебиеттер мен деректер тізімі:
1. Методологические проблемы истории / В. Н. Сидорцова [и др.]; под общ. ред В. Н. Сидорцова. Мн.: Тетра Системс, 2006. С. 154.
2. Атабаев Қ.М. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері: Оқу құралы. Алматы: Қазақ университеті, 2002. 93-б.
3. Сонда, 100-б.
4. Күзембайұлы А., Əлібек Т. Тарихтану теориясындағы таным принциптерінің кейбір мəселелері / Қазақстан тарихы əдəснамасы жəне теориясының кейбір мəселелері. Мақалалар жинағы / Е.Əбіл, Т.Əлібек, А.Күзембайұлы. Қостанай, 2009. 53-б.
5. Сонда, 54-б.
6. Сонда, 54-55-бб.
7. Күзембайұлы А., Əбіл Е. Ахмет Байтұрсынұлы жəне тарихтану теориясы / Қазақстан тарихы əдіснамасы жəне теориясының кейбір мəселелері. Мақалалар жинағы / Е.Əбіл, Т.Əлібек, А.Күзембайұлы. Қостанай, 2009. 51-б.
Қанат Еңсенов
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихыинститутының аға ғылыми қызметкері, Жас тарихшылардың республикалық қауымдастығының төрағасы, т.ғ.к., Астана қ.