(Халық ағарту ісінің озаты, Қазақ ССР мәдениетіне
еңбегі сіңген қызметкер, күйші –сазгер, әнші Шәмшиден Дәулетұлы Шәріпов туралы
бір үздік сыр).
«Атырау өлкесі — таланттар өлкесі» деп, ақын Қ. Жүсіп айтқандай, шыныменде Атырау өңірі, ақындар мен әншілердің, сазгерлер мен алуан өнер иелерінің шоқтығы. Біз туған жеріміздің таланттарымен мақтана аламыз. Соның бірі-сазгер-күйші, педагог Шәмшиден Дәулетұлы Шәріпов. Бар болғаны 52 жыл ғұмыр кешсе-де, артына өшпес із қалдырған, есімі елге танымал, тума талант, аялы ұстаз, елінің біртуар азаматы Шәмшиден Дәулетұлы өмірінің соңғы сәтіне дейін тынымсыз ізденіспен өтті. 1922 жылы Новобогат ауданына қарасты Забурын елді мекенінде дүниеге келеді. Әкесі Дәулет қарапайым шаруа адамы, ал анасы аурушаң болып, ол есін шала-шарпы білер шағында қайтыс болады. Шәмшиден, ағамыз кәрі әжесі Гүлсім шешейдің бауырында тәрбиеленеді. Әкесі домбырада күй тартуды, әсіресе күй тыңдағанды жақсы көрген. Міне, әкенің осы қасиеті бүлдіршін Шәмшиденнің музыкаға әсіресе домбыраға деген әуестігін ерте оятады. Сонымен бірге әкесінің інісі Қапезде өнерден құр алақан болмай, ән айтуды, қисса-жырларға үйір болуыда өз әсерін тигізбей қоймайды. Сол бір балалық шағын, ағамыз кейіннен былай деп сағынышпен еске алатын: біздің үй мен Қапиз, ағамның үйі Нарын құмының биік шағылының іргесінде қатар тігулі тұратын. Әкем аурулау болып көп ешқайда шыға бермейтін, сондықтанда ол домбырада күй тартып, тыңдағанды тәуір көретін. Ал Қапез, ағамыз ән айтып, қисса-жырларды ұнататын. Кейде, ағамыз түнделетіп келе жатып түйе үстінде салған әні ауылға толып жеткенде, Гүлсім шешеміз: «балам шөлдеп келе жатыр-ау» — деп, сусынын дайындай бастайтын. 1930 жылы мектеп табалдырығын аттаған жас Шәмшиден, көшпелі құмда тұрақты мектеп болмағандықтан, екінші сыныпты аяқтап, үшінші сыныпта оқуын жалғастыру үшін Теңіз ауданындағы Кобяков мектеп — интернатына аттанады. Мәкең осы жол-сапарын өзінің «Бір дорба құмаршық" әңгімесіне арқау етеді. Кобяков мектебіндегі ұстазы Көшекбаев Сұмағыл балауса Шәмшиденнің бойындағы дарынын байқап, өнерге баулып қанатының қатаюына үлкен әсер етеді. 1935–1936 жылдары Теңіз ауданы, Киров атындағы мектептің бесінші сыныбына ауысады. Осы мектепте оқып жүріп, ағамыз домбырамен қатар, гармонь, мандолинада ойнауды үйренеді. 10 сыныпты аяқтағаннан кейін, өзінің туған ауылы Забурындағы Калинин атындағы 7 жылдық мектебіне V–VII сыныптарда физика пәнінен дәріс беретін мұғалім болып орналасады.Ұлы Отан соғысы сол кездегі балауса жастарды тез есейтті. Шәмшиден, ағамыздың сыныптас достары майданға ел қорғауға аттанды. Шәмшиден, ағамыз тұрған ауыл «майдан шетіне жақын болғандықтан ауыл тұрғындары әуе шабуылынан қорғаныс қызметіне белсене араласады. Шәмшиден, ағамыз осы шараға белсене араласа жүріп, басқа ұлт өкілдері жауынгерлеріне мандолинада шебер ойнауымен таң қалдыратын. 1943–1944 оқу жылында Шәмшиден, ағамыз Новобогат селосындағы орта мектепке жұмысқа ауысады. Міне осы мектепте Шәмшиден, ағамыздың саналы мұғалімдік қызметінің бастау алу кезеңі болды. 1949–50 жылдары Куйбышев атындағы орта мектеп директоры,1951–52 жылдары Чапаев колхозы атындағы орталау мектеп директоры, 1957 жылдан өмірінің соңғы кезеңіне дейін М.Горкий атындағы орта мектептің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары болып ұлағатты еңбек етті. Шәмшиден Дәулетұлы ұстаздық қызметінде бала тәрбиесіне әркез жіті көңіл аударды. Әсіресе Шәкең мектептерде тәрбиелік мәні бар дискуттар ұйымдастырып дәрістер оқып, өз ойын әркез, ақпарат беттерінде жариялап тұрды. Осы кезде, ағамыздың қыл- қаламынан туындаған «Бір дорба құмаршық», «Қиын бола Қабдіреш», «Аяқ қырғышқа талас», «Бала тәрбиесі баршаға ортақ», «Білім, талап, өнеге», «Оқымасаң адам болмайсын», «Баланы семьяда тәрбиелеу», «Мінез құлық мәдениеті» атты әңгіме, очерктері жас ұрпақты тәрбиелеу-де үлкен маңызы болды. Әсіресе «Қиын бала Қабдіреш» әңгімесінде Қабдіреш сынды қиын мінезді балаларды тәрбиелеудегі мұғалім, мектеп, ата- ананың рөліне ерекше мән береді. Осы көп жылғы ұстаздық қызметі бағаланып 1959 жылы Қазақ ССР-і оқу министірлігінің «Халық ағарту існің озаты» төс белгісімен марапатталады. Шәмшиден, ағамыз Бөкей ордасындағы И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы басқарған 1936–1938 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің тарихын зерттеп келіп, «Елдің екі ері еді олар» атты ғылыми мақала жазды. Шәмшиден, аға мұғалімдік қызметінен қатар ауыл, ауданның мәдени, ағарту қызметіне белсене араласады.
Ауданда ұйымдасқан мәдени бригадаларын басқарып, еңбекшілер мен шопандар арасында әр түрлі тақырыпта дәрістер оқып, концерттер ұйымдастырады. Мектеп, клуб жанында ұйымдастырылған домбыра оркестріне басшылық етеді. 1954 жылы Новобогат ауданында құрылған 25 адамдық оркестр, облыстық көркем өнерпаздар байқауында жүлделі орынға ие болады. Міне, осыдан қанаттанған Шәмшиден енді оркестр құру ісімен шындап айналыса бастайды. 1955 жылы Чапаев колхозындағы мектепке қызмерке ауысқан Ш. Дәулетұлы 15 адамдық домбырашылар оркестрін ұйымдастырады. Осы оркестр 1956 жылы Новобогат аудандық көркемөнерпаздарының творчествовалық есебіне қатынасып, бірінші орынға ие болады. Осы жылдың көктемінде профессор А.Жұбанов келіп, оркестрді тыңдап, ақыл-кеңесін береді.1956 жылы Гурьев облыстық көркемөнерпаздарының творчествовалық байқау есебі болып, осы шараға арналған Шәмшиден, ағамызға «Құрманғазы» атты әдеби-музыкалық монтаж жасау тапсырылады. Осы шараны жүзеге асыру үшін аудан орталығынан 70 адамдық домбырашылар оркестрі құрылады. Бұл оркестрге Еммат дирижерлік етеді, оркестрдің 60 адамына бірдей 60 тенор домбырасы жасалады. Бұл домбыраларды, Ақжігітов Бағытжан мен Дәулетов Манап дайындайды. Оркестрдің құрамына Шәкең өзі ұйымдастырған 15 адамдық домбыра оркестрі кіреді. Шәкеңнің тынымсыз еңбегінің арқасында оркестр 1 орын алып, республикалық байқауға жолдама алады. 1958 жылы Махамбет ауданы көркемөнерпаздарының байқауында М.Дәулетұлының мектеп оқушылырынан құрған домбыра оркестрі бірінші орынды иемденеді. Осы байқауда оркестр құрамында, кекілі желкілдеген 6 сыныптың оқушысы, бүгінгі таңда елімізбен, шетелдерге атағы жайылған домбырашы марқұм Қаршыға Ахмедьяровта бар еді. Шәмшиден, ағамыз барынша мектеп жанындағы домбыра оркестрінің жұмысына мән береді. Себебі елімізде өнерлі жастардың көп болуы, мектепте балаларды көркемөнерге көптеп баулуға байланысты еді. Сонымен бірге атадан балаға мұра болып, сары алтындай сақталып келе жатырған Құрманғазы, Дина Дәулеткерей, Тәттімбеттердің күйлерін келер ұрпаққа жеткізетін-де осылар. Кезінде Шәкеңнен дәріс алып,өнер жолында үлкен табыстарға жеткен шәкірттері аз емес. Соның ішінде күй өнерінің майталмандары Ә.Есқалиев, Қ.Ахмедьярова, «тірі Дина» атанған А.Үлкенбаева, Қ.Дүйсеев сынды азаматтар еліміздің мақтанышына айналды. Бұлардың қай-қайсыда өнердің нар тұлғалары. Шәмшиден, ағамыз Ә.Есқалиев туралы өз естелігінде былай дейді:«1950–1951 жылдар менің сабақ беріп жүрегн класыма Әзидолла Есқалиев деген ұяң,ақсары бала келеді. Оның көп кешікпей домбыра тартатынын білдім. IX–X сыныпта жүргенде домбыра оркестріне қатынасты. Әншейінде ұяң Әзидолла, домбыра тартқанда құйқылжыта жөнелетін. Мектеп бітіргеннен кейін оған өнер институтына кеңес бергенбіз. Қазір ол Қазақ ССР-не еңбек сіңірген әртіс». Шәмшиден, аға жас буынды өнерге баули отырып, өзінің жеке творчествовасын да бір сәт естен шығармады. Ағамыз сұрапыл соғыста майданға аттанған,қаза тапқан достарының рухтарына арналған «Ұмтылмас достарға» атты тұңғыш күйі дүниеге келді. Озат ұстаз бастаушы болған игі істер көп-ақ. Сонау жас кезінде «домбырашы жігіт» атанған Шәкең музыкалық өнерімен өз ауылдастарына адал қызмет етті. Ол тек үйретумен ғана емес, күй шығарумен терең шұғылданды. Шәкең:«мен Ұлы Отан соғысы басталатын жылы орта мектепті бітірдім. Құлын-тайдай тебісіп бірге өскен жігіттер Отанды қорғауға аттанды да, көбі елге оралмады. Осындай жайсаң достарымды еске алсам, ішім шерге толады. Осындай іштегі шерлерімді домбыраның шегі арқылы шығаруды жөн көрдім. Алғашқы күйім „Ұмытылмас достарға“ осылай туды»-деп тебірене еске алады. Бұл күйді облыстық байқауда өзі орындап, 1 дәрежелі дипломға ие болады. Шәкең шығарған «Шалқыма» күйі-де тез елге тарап, облыс домбырашыларынан қызу қолдау тапты. Күйдің шығуына Шәкең тұратын ауылының 15–20 жылда тез қарқынмен дамуы арқау болды. Шәкеңнің село мәдениетін арттыруда қосқан үлесі ұшан-қиыр. Ауыл көркемөнерпаздарының күшімен қойылған «Жалбыр», «Ақбөбек» пьесасының 50 жылдығына арнап «Жас екпін», Лениннің туғанына 100 жыл толуына арнап «Ауыл шаттығы» атты күйлері дүниеге келді. Осылайша көп жылғы мәдениет саласындағы қажырлы еңбегі бағаланып, Қазақ ССР -не еңбегі сіңген мәдениет қызметкері деген құрметті атақ берілді. Сонымен бірге «1941–1945» жылдардағы ерен ерлігі үшін медалімен марапатталды. 1967 жылы Чапаев селосында жаңа жобамен 400 адамдық Мәдениет сарайы бой көтереді. Осы салтанатты сарайды ашу үшін, Шәкең бүлдіршіндердің домбыра оркестрін құруға кіріседі. Ол үшін Шәкең М.Горький атындағы орта мектебінің домбыраға икемділігі бар 15 баланы іріктеп алып, дайындыққа кіріседі. Осылайша Шәмшиден, ағамыздың арманы болған «Балдырған» атты бүлдіршіндер оркестрі дүниеге келеді. 1968 жылы қазанда сарайдың құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сарайдың ашылу салтанатын сахна төрінде «Балдырған» бүлдіршіндер оркестрі «Қос алқа», «Жастар биі», «Балбырауын» күйлерімен ашады. Бұл оркестрді Шәкеңнен кейін облыс, республикаға белгілі мәдениет қайраткерлері домбырашы Нариман Үлкенбаев, Гилажев Байболаттар басқарды. Сонымен бірге Ш.Дәулетұлы ауыл жастарын эстетикалық тәрбиелеудің маңызына жіті назар аударды. Осы бағытта клуб, кітапхана мен көркемөнерпаздар ұжымының халыққа ұдайы жұмыс істеуіне араласып, бағыт-бағдар беріп отырды. Себебі ол кезде ауылда арнайы саз мамандығы бар оқытушылар жоқтың қасы еді. Осындай шақта Шәкең арнайы маман дайындайтын саз мектебін ашсам деген қиял тұңғиығына сүңгійтін. Кейін осы арманы орындалып, Аққыстаудан саз мектебі ашылып, оған, ағамның аты берілді. «Ат тұяғын тай басар» демекші, осы саз мектеп директоры болып Шәкеңнің кіші ұлы, Республикаға белгілі әнші-сазгер,өмірден ерте өткен Төребек Шәмшиденұлы басқарды.
Шәмшиден Дәулетұлы жолдасы Мүслимамен 3 ұл тәрбиелеп өсіруі олардан тараған ұрпақ бабасының өнерін ғасырдан -ғасырға жалғастырып келеді. Немересі Ажар қазір Атырау қаласында тұрады. Х.Досмұхамедов атындағы университеттің өнер факультетінің түлегі. Облысқа белгілі әнші. Өлкеміздің арда төлі, марғасқа азаматы марқұм Шәмшиден Дәулетұлының бар болғаны 52 жылға созылған қысқа да қызғылықты өмірі кім кімгеде өнеге болатыны сөзсіз. Өнеріңіз өлке тарихында алтын әріппен жазылып, ұрпақтан-ұрпаққа «Шалқымадай» шалқыта тартқан күйлеріңізбен мәңгі-бақи жалғаса беріңіз аяулы, аға!!!