Белгілі қаламгер, журналист Өтепберген Әлімгереев — өткен ғасырлар легінде өз өмірлерін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп қалдырған батыр да дана ата-бабалар жайлы тарих тұңғиығынан көптеген дерек көздерін тапқан публицист. Халқының бостандығы, елінің еркіндігі, ұрпақтарының тәуелсіздігі үшін өмірлерін сарп етіп, артында сөз қалдырған, бостандық таңы үшін жан кешкен елім деп еңіреп туған ерлер туралы қаншама зерттеу еңбектер бар екенін, әрине білеміз. Дей тұрғанмен, қаламгер-жазушы Ө.Әлімгереев зерттелуерінде бұрын-соңды қозғалмаған дерек көздерін табуымен құнды.
ҚР Мәдениет және, ақпарат министрлігі, Ақпарат және Мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша 2012 жылы «Атажұрт» баспа орталығынан «Қауымдастық кітапханасы» сериясымен шыққан «Еділ жайлаған қазақтар» атты деректі зерттеуінде Еділ жайлаған қазақтардың кешегісі мен бүгінгісі, қазақстандық қандастарымызбен араласы, Бөкей ордасы өңірінің бір туар өрендері жайлы сыр шертеді.
Осы зерттеу еңбегінде «Еділ жайлаған қазақтар» деген атпен (167 б) жарияланған мақаласында Ө.Әлімгереев Ресейдің Астрахань өлкесін мекен еткен қазақтар өмірі жайлы тарихи материалдарға сүйене отырып, сонау ХІV ғасырда өмір сүрген қазақтың дана философы Асан қайғыдан бастау алып, Қазтуған жырау, Доспамбет жырауға жалғасқан кезеңдерге тоқталады.
«ХV ғасырдың орта тұсынан аса Алтын Ордадан қашып шыққан Мамұт хан мен оның інісі Ахмет Еділ өзенінің төменгі сағасында Астрахань хандығын құрып, билік жүргізе бастап еді, бірақ адам ғұмырының өзі ғасырдан ғасыр асып жалғаса бермейді ғой, оның мұрагері болып таққа ұлы Қасым отырады» дей келіп, одан әрі ауызбіршілік болмағандықтан хандықты казактар басып алады да, 1558 жылы қала Ресей патшалығы империясы қол астына өтті, — деген дерек көздерін келтіреді.
Бірақ біздің қандастарымыз өздері іргесі қалаған қаладан айырылса да, ол аймақтан қол үзген жоқ. Достықтың алтын көпірін жалғап, ұрпақ өсіріп, елге тұтқа болатын азаматтар өсірді. Астрахань облысының Алтынжар, Володар, Құмөзен, Красный Яр, Икрян, Қарабайлы, Привольжие аудандарында, облыс орталығында қазақтар жергілікті халықпен тау-ту-тәтті, «ауылы аралас, қойы қоралас» дегендей бір кісінің баласындай тұрып жатыр.
Астрахань өңірінде 200 мыңға жуық қазақтар тұрады екен. Бір қызығы олар тарихи Отаны Қазақстан десе, Ресей туып-өскен, тұрып жатқан мекеніміз. Біз үшін екеуі-де қымбат. Біздің екі Отанымыз бар деп мақтаныш сезіммен айтады. Екі елді жалғастырып Бөкей хан мен Сейіт баба тұр. Бірі — Қазақ елінің елшісі болса, екіншісі Ресейдікі тәрізді. Бұл — екі елдің үлкен достығының белгісі. Сейіт баба қорымы бұрын халық үшін хан мен әулие жатқан боз төбе болса, қазірде шекара шетінде тұрған имандылық пен бірлікті, халқына қызмет етер ерлікті насихаттайтын көпшілік орынға айналған, — деген Астрахань қазақтарының «Жолдастық" қоғамынының төрағасы Никита Ысқақов сөзін келтіре кетуді жөн көрдік. Өйткені автор (Ө.Ә.) „Кесене-де біріктіруші күшке айналды“ деген тарауда осындай нақты пікірлерге сүйене отырып, талдау жасайды. Осындай ұлылықтың түп қазығы терең діңгегі Бөкей хан есімімен тығыз байланысты. Жергілікті халықтың Бөкей хан туралы „Ол өз заманында сауатты, заман, ағымын жақсы түсінген көреген адам болған. Көршілес орыс елінде етек алған отырықшылық, елді сауаттандыру, жаңа мәдениетке, жаңалыққа көңіл бөлген. Кейіннен дәстүрге енген көп бөлмелі қарағай үйлер мен шикі тастан соғылған тас қыстаулар сол Бөкей заманында салынып, қолға алынды“ деп еске алып отырады. Бөкей ордасы өңірінің бір туар азаматтары, елім деп еңіреген ерлері туралы, Құрманғазы, Дина, Сейтек сияқты ұлы күйшілер туралы жазылған зерттеу еңбектің тағылымы да, тарихи мәні-де зор.
Тарих қойнауынан сыр шертер қаламгер еңбектерінің маңызы өте зор.
Елбасы Н.Назарбаевтың „Қазақстан-2050“ стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек. Біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл — біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты… Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа Қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек» делінген.
Өткен тарихымызды білу, оны қорғау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу — аға буынның абыройлы борышы. Олай болса, тарих тұңғиығынан сыр шертер, көпті көрген данагөй, ақсақалдардың пікірін жинап, елімізден шет жүрген қандастарымыздың тіршілігі, олардың шалғайда жүрсе-де, атамекенге деген ыстық ілтипаты, жүрек түбіндегі сағыныштары публицист-қаламгер Ө.Әлімгереевтің жоғарыда аталған еңбектерінің қазақ журналистикасы мен тарихындағы сүбелі үлесі деп білеміз.
Әдебиеттер тізімі:
1. Назарбаев Н. «Қазақстан — 2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты
Қазақстан халқына Жолдауы
2. Әлімгереев Ө. Еділ жайлаған қазақтар. Алматы; «Атажұрт», 2012
Есетова А.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті