Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақ халқының сәндік қолданбалы өнер бұйымдарының ішінде күмістен жасалған бұйымдардың алатын орны

30169

«Қазақстан тарихы» пәні Қазақстанда өмір сүретін барлық ұлттар үшін отан тарихы. Пән атауының өзін «Отан тарихы» деп өзгертетін уақыт жеткен тәрізді. Қазақстанда тұратынымыз шындық, әрі өзгенің емес, өз еліміздің тарихын оқытатындықтан ел тарихының жанға жақын, әдемі атаумен аталғандығы дұрыс. Әлемдік тәжірибеде көптеген елдер өз тарихын «Отан тарихы» деп оқытады. Пәннің атауының өзгеруінде-де көп мән болатындығын ескерген абзал. Атауды өзгертумен қатар тарих оқулықтары қайта жазылған тұста ұлттық мәдениеттің даму тарихына ерекше мән берілуге тиіс. Рухани мәдениет тақырыбында айтылмаған деректерді оқулыққа енгізумен пәнді оқытып-үйрету барысында ұрпақ тәрбиесі мәселесінде көп нәрсені ұтарымыз сөзсіз. Ұрпағымыздың ұлт мәдениетінің кәусар бұлағынан сусындап өсуі ұрпақ тәрбиесінде кездесетін көптеген қиындықтардың алдын алуға септігін тигізеді. Мәдениет тақырыбын қайта қарау барысында жазылмай қалған көптеген деректерді саралап, тек қазақ халқының ғана емес елімізді мекендеген барлық ұлттар мәдениетінің тарихын қағаз бетіне түсіріп, ұсынуымыз керек. Әлемдік мәдениетке өлшеусіз үлес қосқан тарихи жәдігерлерімізді ұлттық құндылық ретінде сақтаумен бірге ұлттық мәдениетімізді ұрпақ санасына сіңіріп өсіру кезек күттірмейтін жауапты іс.

Өз жұмысымда қазақ халқының тұрмысында ерекше орын алатын күмістен жасалған бұйымдардың маңызына тоқталмақпын. Осы тақырыпты қозғаудағы мақсатым ұлттық қолөнер бұйымдарының, оның ішінде күмістен жасалған бұйымдардың халық арасында кеңінен насихатталуын жүзеге асыру, олардың тарихи маңызын жойып алмау мақсатында мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге ұсыныс жасау, ұлттық мәдениетімізді ұлықтау. Халқымыздың зергерлік өнері ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алады. Өнердің бұл түрінің түп төркіні мыңдаған жыл әріде жатыр. Қазақтарда зергерлік өнер ұрпақтан- ұрпаққа беріліп, өнер құпиясы мұқият сақталған. Зергерлер мен темір ұсталары сәндік қолданбалы өнер бұйымдарын металдан, күміс пен мыс, темірден жасады. Бұл өнердің техникалық және сәндік бұйымдар жасау түрінің басы қола дәуірінде б.з.д. II ғасырда, өмір сүрген сақ-сарматтардың дәстүрінен және үйсін, кангуй, ғұн өнерінен басталады. Зергерлік бұйымдардың пішіні-де, бүтіндей бөліктері-де, материалы мен ондағы өрнектері-де сол дәуірдегі наным-сенімге байланысты болды. Ондағы әшекейлік тастар мен күмістер күрделі функцияларды атқарды. Зергер мен оның құралдарының ерекше бір сиқырлы күші бар деп есептелінді. Әсіресе көрік қасиетті саналған. Көргендердің айтуы бойынша, зергер жұмыс бастамас бұрын өзіне-өзі дем бергендей әсерде үнсіз отырады екен. Зергерлік ұйымдар да киелі саналды. Олар «пәле-жаладан сақтайды, ауруды жазады, өнімді көбейтеді» деп есептелді. Қазақ зергерлері көбіне жасырын жұмыс істеп, өз өнерінің сырларын өз ұрпағына ғана үйретіп отырды.

Қазақтың әшекей бұйымдары — халықтық қолданбалы өнеріміздің ғана емес, бүкіл ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасы. Зергерлер көбіне бағалы металдардың ішіндегі ең қолайлысы — күмісті пайдаланды. Қазақ зергерлері күмістің жалтыраған түсін, әртүрлі пішіндер жасауға қолайлығын шебер пайдалана біліп, оған әртүрлі техникалық тәсілдерді пайдалана отырып, нақыштау, сіркелеу, ойып күмістеу сияқты шеберліктерді меңгерді.

Зергерлер алтын мен күміс, жез бен мысты кенінен қолданған. Солардың арасында көбірек қолданғаны күміс. Күмістің тартымды, сыйқырлы қасиеті бар деп есептелінген. Күмістің тіл-көзден, түрлі сырқаттан сақтайтын, тазартатын қасиеті бар деп сенген. Сондықтан да үй шаруасындағы әйел ас қамдаса да, бала шомылдырса да қолынан күміс жүзігін алмаған. Ал мұсылман дінді ер адамдар күміс сақинаны Мұхаммет пайғамбардың жолы деп тағатын болған. Өйткені Мұхаммет пайғамбардың ер адамдарға алтын емес, күміс жүзік салыңдар деген уәжі болған.

Өзіміз жиі баратын Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорындағы жинақталған дәстүрлі өнер коллекцияларының ішіндегі қайталанбас туындыларды бірі — күмістен соғылған зергерлік бұйымдар. Халқымыздың қанына сіңген рухани кәсібі — күні бүгінге дейін көрген адамды бірден өзіне баурап алар хас шебердің қолынан шыққан — әшекейлердің түр-түрін мұражайдан кездестіріп, осынша мұрағаттың халықтың көзайымына айналғанына барған сайын қуанып шығамыз. Алтын мен күмісті, асылтастар мен сүйекті сән-салтанат үшін пайдаланған ата-бабаларымыздың осы бір нәзік те күрделі өнері ғасырлар құрдымында кетпей, кейінгі ұрпақтарына жетіп отыр. Бұл өнер қазақ жерінде тым ерте дамып, ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға мирас ретінде жалғасын тауып келе жатыр. Өлкемізде жасау тәсілі, өрнектелуі және пішіні жағынан өзіндік кәсіптік мінездемесі, стильдік жүйесімен дараланған шеберлік дәстүр қалыптасқан. Асқан танымал шебер-зергерлердің күмістен соғып, әртүрлі формадағы ұлттық нақышқа келтіріп жасаған күміс әшекей бұйымдары көненің көзіндей сақталған. Атырау жеріндегі зергерлердің қолынан шыққан әшекей бұйымдар өзгеше бір даралық мәнерімен, әсемдігімен ерекшеленеді. Өлке зергерлерінің жасаған білезіктері жалпақ болып келеді және күрделі әрленіп, ұлттық нақышта безендіріледі. Білезіктерге-де сіркелеп түрлі нақыштар, оюлар салып, оның ішінде қошқар мүйіз байлықты, дәулетті шақырады деп ырымдап, ширату, өру техникасы арқылы әртүрлі тастармен әрлеп, топсалы немесе екі қолға қатар киетін етіп соқты. Қазақ жеріндегі әр аймақтың мәдениетінің өзіне тән ерекшелігінің барлығын ескерсек, күміс бұйымдардың жасалуының да өзіндік ерекшелігі барлығын ескеруіміз керек.

Күмістен жасалған бұйымдардың тәрбиелік мәніне тоқталсақ, алдымен құстұмсық жүзік пен құдағи жүзік туралы сөз қозғағанымыз дұрыс. Құстұмсық жүзікті бойжеткен қыздар таққан, бұл жүзік — бақыттың, тәуелсіздіктің, құс тәрізді еркіндіктің белгісі. Дәстүр бойынша ұзатылып бара жатырған қызының қолындағы құстұмсық жүзікті анасы шешіп алып, қыз жасауымен бірге орамалға түйіп, сандығына салып жіберетін болған. Бұл жүзік қыз жағдайының хабаршысы ретінде кейін қайтып келуі керек. Сондықтан қыздың төркін жағынан оның қал-жағдайын білуге барған інілері осы құстұмсық жүзікті қайтып әкелсе, қыздың анасы қатты қуанып, құдағайым қызыма өз қызындай қарайды екендеп, ауыл арасына кішігірім той жасаған. Яғни біздің түсінігімізде сәндік бұйым болып есептелетін жүзіктердің мағыналы мақсаты болатындығын ата-бабаларымыз ұстанған осы салттан көруге болады.

Қазақ халқының салтындағы құдағиларға ұсынылатын құдағи жүзік — үлкен сый-құрметтің белгісі. Ол басқа жүзіктерге ұқсамайды. Екі саусаққа қатар киілетін екі шеңберден тұратын жүзік үстіңгі беті біртұтас болып келетін ұлт өнеріндегі бірегей дүние. Ерекшелігі жас жұбайлардың жұбы жазылмасын, екеуі бірігіп тату отбасы болсын дегенді меңзейді. Құдағи жүзікті қалыңдықтың шешесі құдағайына өзінің қызына мейіріммен қарауы үшін және құдандалы екі рудың бір-біріне ынтымағы үшін сыйға тартатын. Құдағи жүзік — адамдар арасындағы сыйластықтың, адамдарға көрсетілген ілтипаттың, құрметтің белгісі. Оның үстіне ел ішінде көптеген егде адамдар қолында құдағи жүзігі бар егде қайыненелерді көріп, оның үй-ішіне, жақын-жұрағатына сыйлы, қадірлі кісі екенін бірден білетін болған. Қазақ халқының зергерлік әшекей бұйымдары ата-бабаларымыздың ұлттық қолөнер мәдениетін паш ететін асыл мұрасы, ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің айнасы ғана емес, тұнып тұрған тәлім мен тәрбиенің сыр сандығы екендігін осыдан көруімізге болады. Қазіргі уақытта осы бір салт-дәстүр қайта айналып өмірге енсе қандай тамаша болған болар еді.

Халқымызда қалыптасқан дәстүр бойынша, ас адал болуы үшін оны дайындайтын, дастарханға қоятын, шай құйып беретін әйелдің саусағында міндетті түрде күмістен жасалған сақина болуға тиіс. Қазақтар арасында «Сақинаны сәнге салмайды, ол — тазалыққа таразы» деген нақыл сөз бар. Бұл сөздің төркіні сақинаның тек сәндік қана емес, гигиеналық та қызмет атқаратынын, аңғартады. Дана халқымыз сақина соғылатын күміс, алтынның таттануға ұшырамайтынын, олардың судың, тамақтың тез бұзылмауына септігін тигізетінін, денсаулыққа жағымды әсер ететінін тым ерте байқап, білген. Заманында жас келіншектер нәрестесін шомылдырарда, жаялығын жуарда, тамақ дайындарда ауылдағы қарт әжелер: «Қолыңа күміс сақинаңды салып ал, ол тазалыққа, адалдыққа жақсы», — деп ескерткен. Нәрестені қырқынан шығарарда оны шомылдыратын суға күміс теңгелерді немесе күміс, алтын сақинаны, білезікті салған. Сәби шомылдырылып болған соң сол бұйымдар сәбидің кіндік шешесіне берілген. Бұл — зергерлік заттар сәбиді қырқынан шығарушы әйелдерге арналған сыйлық қана емес, халқымыздың асыл заттардың қасиетін білгендігінен қалыптасқан дәстүр.

Күмістің өзіндік әдемілігімен қатар, таңғажайып емдік қасиеті-де көп. Емдік қасиеті қазіргі медицинада дәлелденген. Ал қазақ емшілері өте ерте замандарда-ақ күмістің қасиетін ерекше бағалаған. Ғалымдар болса, күмістің бұл қасиеттеріне ХІХ ғасырдың аяғында ғана мән беріп, зерттей бастапты. Күмістің ерекшелігі сумен әрекеттескенде иондалып, оның құрамында ұзақ сақталады. Сондықтан күміс қосылған су, ағзадағы көптеген зиянды микроағзаларды жояды. Адам, ағзасының тұмау және жұқпалы ауруларға төтеп бере алмауының себебі иммундық жүйедегі күмістің азаюынан болады. Күміс тек қана ауру тудыратын элементтерді жойып қоймай, ағзадан зиянды токсиндер мен микробтарды шығарады. Тіпті, ағзада аз ғана күміс жетіспеушілігі байқалған жағдайда адамның жұмыс істеу қабілеті төмендеп, қорғаныш қасиеті азайып, тез шаршау пайда болады. Шетелдік дәрігер Роберт Бекер күміс иондарының адам, ағзасындағы жасушалардың көбеюіне әсер ете алатындығын дәлелдеген. Ол өзінің ғылыми кітабында күміс иондарының қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамдардың жасушаларын қайта тірілтіп, көбеюіне көмегі барлығын жазған.

Ал қазақ халқы күмістің пайдасын қағазға қаттап жазбағанымен күнделікті өмірінде біліп қана, тыныш өмір сүріп жүре берген. Қазақтар күмістің емдік қасиетінің молдығын біліп, күмістің тістің қызыл иегін зақымданудан сақтайтынын, түрлі бактерияларды жойып, асқазан-ішек жолдарын тазартатынын білген. Тамақ ішуге күміс қасық пайдалануға мән берілген. Егер қасық жұмсақ қақталған, ақ күмістен жасалса күміс иондары суға бөлініп, ерітінді түрінде, ағзаға сіңеді. Қолданыла келе күміс қасықтың жиегі мүжіле бастайды. Бұл, ағзаның күміс иондарын қаншалықты пайдаланғанын көрсеткен. Күміс залалсыздандырушы болып та есептеледі. Күмісті тек медицинада ғана емес, косметологияда, тіпті бағбандар саяжайларда тыңайтқыш ретінде пайдаланса, аспаздар күміс қосылған сумен тағам әзірлеген. Асыл заттардың бәрі жерден шықса, меруерт, маржан көлден шығады, осы орасан байлықтың иесі адамзат баласының көңіл сарайынан талайларды тамсандырған өнер туындылары дүниеге келген. Солардың бірінің ішінде бірегейі болып саналатын зергерлік өнеріміздің қыры мен сыры, осы өнер туындыларының тәлімдік-тәрбиелік мәні, атақты зергерлердің кәсіптерінің ерекшелігі туралы жазылса, тарихымыздың бізге беймәлім болып келген жаңа беттері ашылып, «қызықсыз тарих» пәні рухани шөліңді қандыратын, өмірімізге мәңгілік азық болатын құнды ғылыми пәнге айналар еді.

Биманова О.М.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы «Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты»

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?