Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Ақтөбе-Лаэти қаласындағы археологиялық қазба жұмысы

30163

2012 жылы 1–15 маусым айында, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарих факультетінің І курс студентері практикасы кезінде қалаға археологиялық қазба жұмысын жүргізді. Қалаға екі қазба салынды.

Ақтөбе қалашығы көлемі 200×80 метр жерді ала отырып, мәдени қабаты өте жақсы сақталған. Ол Каспий теңізі суының астында ұзақ уақыт тұрғандықтан кейінгі қазбалармен бұзылмаған. Соңғы кезде, ХХ ғасырдың бас кезінде ашылғаннан кейін қара жолдармен, мал іздерімен, бақша кәсіпшілігі нәтижесінде бұзыла бастады [1].

Қалыңдығы 15–60 см аралығында болатын мәдени қабаты мал сүйектері, керамика фрагментері және соңғы кездегі жерлеу орындарынан тұрады [2]. Мәдени қабатының құрылымы ұзақ уақыт су астында сақталғандықтан өте қатты болып келеді. Ескерткіштің өзгеше ерекшелігі қабырғалары жер бетінен анық байқалатын кварталдарының жобасы болып табылады.

Кейінгі кездегі бірең-сараң жерлеу орындары археологиялық кешенді бұзбаған. 1976, 1978 жылдары Л.Галкиннің, В. К. Афанасьевтің, С.Бисеновтың жүргізілген қазба жұмыстары жөнінде қысқаша, ақпараттар КСРО ҒА Археологиялық ашулар еңбегінде жарияланған [3].

ebde056ce51c0feacf95f707b51e4170.png

a3beefcfa819bb47983e7b2d44535032.png

Ақтөбе — Лаэти қаласының жобасы
Бірінші рет ғылыми мақаланы республикалық басылымға 1969 жылы М. С. Мерщиев жариялады [4]. Л.Галкин бұл қалашықты ХІҮ ғасырдағы итальяндық саяхатшының картасындағы Лаэти қаласымен баламалайды [5]. М. С. Мерщиев қаладан 400 метр жерде тағы екі мекеннің бар екендігін жазады. Л.Галкиннің пайымдауынша екінші мекен болмаған. М. С. Мерщиев қала сыртындағы кірпіш және қыш жасаушылардың орнын өзге елді мекен деп есептеген. В. А. Афанасьев өзеннің оңтүстік бетінде, кейінгі уақытта қазақ бейіттері орналасқан жерде бақша шаруашылығы болғандығын жазады.

І Қазба. Қазба көлемі: 13,80×10,20 м. Қаланың солтүстік-батыс жағынан салынды. Осы қазба аумағынан 4 бөлме ашылды. Бөлмелер батыстан шығысқа қарай нөмірленді.

№ 1 бөлме қазбаның оңтүстік-батыс бұрышында орналасқан. Бөлменің қабырғалары нашар сақталған. Бөлме көлемі 3,40×3,10 м. Шығыс және солтүстік қабырғаларының сақталған биіктігі 32 см, қалыңдығы 46 см. Қабырғалар шикі кірпіштен қаланған. Оңтүстік және батыс қабырғаларының сұлбасы анық емес. Солтүстік қабырғаның орта тұсынан оңтүстік бағытқа 90 см., ұзындықтағы бір қабырға шығып тұр. Бөлменің ортасында үлкен тандыр пеш орналасқан. Пештен оңтүстік бағытқа бір арналы кан шығып батысқа қарай доға боп иіліп тұр.

246a4052a1014a204c487963325af243.jpg

№ 2 бөлме № 1 бөлменің солтүстігінде орналасқан. Бөлменің шығыс бөлігі ғана аршылды, көлемі 3,90×2,30 м. Қабырғалары нашар сақталған, әлсіз іздерін ғана байқауға болады. Биіктігін анықтау мүмкін болмады. Аршылған аумақта шағын тандыр пеш орналасқан, тандырдың диаметрі 50 см. Ошақ оңтүстік бағытқа 1,20 м ұзындықта бір арналы кан шығады. Канның ені 20 см. Осы ошақ пен канның шығысында бұлардан бөлек тағы бір кан жүргізілген. Оның ұзындығы 1,90 м, ені 24 см. Бұл канға байланысты тандыр немесе ошақ анықталмады.

Бөлменің солтүстік қабырғасының арғы жағынан ташнау үстіне төселген кірпіштер шықты. Кірпіштер алынып ташнау қыш хумды көміп жасалғанықталды. Бұл ыдыс тағы бір хумның үстіне орнатылған, яғни түбі сынған екі хумды бірінің үстіне бірін мінгестіре орналастырған. Ташнау шұңқырының тереңдігі 1 м, болады.

№ 3 бөлменің көлемі 4,30×3,20 см. № 2 бөлменің шығысында орналасқан. Шығыс қабырға бойына суфа салынған, ұзындығы 3,46 см, ені 1,10 см. Суфаға екі арналы кан салынған. Кан арналары солтүстіктегі тандыр ошақтан шығып, бөлменің оңтүстік-шығыс бұрышынан қосылып, бұрыштан ойылған тік мұржадан аяқталады, ұзындығы 2,30 м, ені 20–24 см., болады. Тандыр пештің диаметрі 40 см, қабырғаларының сақталуынашар. Суфаның батысында жерге көмілген хум орналасқан. Ернеуі мен сабы сынған хумды еденнен қазылған шұңқырға көмген. Бетінің жиектеріне айналдыра қыш кірпіштер қойып диаметрі 30 см., болатын ернеу қалдырған. Бұл сұйық зат сақтайтын шара болса керек. Бөлме есігі пештің солтүстік жағында, шығыс қабырғада орнатылған, ені 85 см.

Күбі (хум). (2012 ж.) Қазбаның солтүстік-шығыс жағынан құрылыс орындары байқалмайды. Бұл жердің топырақ құрамы күл аралас құмды боп келген. Метал шлактары мен көгерген мыс қалдықтары кездеседі. № 3 бөлменің есігіне қарсы, шығыс жағынан шұңқыр орны анықталып қазылды, көлемі 2,60×1,00 м, тереңдігі 50 см. Шұңқырды тазалау кезінде күл мен күйеге, шлакқа толы болды. Бұл шұңқырдың шығысында тандыр орны анықталды, диаметрі 60 см., болады. Тандыр пеш қабырғалары нашар сақталған.

№ 4 бөлме қазбаның оңтүстік-шығысынан ашылды. Бөлменің жарты солтүстік бөлігі ғана топырақтан аршылды, көлемі 4,90×2,30 м. Оңтүстік қабырғасы қазбаның жиегінің астында ашылмай қалды. Бөлменің батыс жағында № 3 бөлменің шығыс қабырғасына дейінгі аралықта жіңішке қабырғалармен бөлінген тамбур бар, көлемі 2,65×0, 90 м. Бұл қабырғалардың қалыңдығы 24 см, биіктігі 30 см. Бөлменің солтүстік-шығыс бұрышына таман тандыр пеш орналасқан. Диаметрі 74 см. Осы тандырды ашу кезінде, оның басқа бір төменгі-деңгейдегі тандырдың үстіне ойып орналасқанықталды. Тандырлар іші күлге толы.

ІІ-қазба. Бұл қазба көлемі 6,20×10,70 м болады. Қазбадан бірнеше тандыр пештен тұратын кешен ашылды. Көлемі 3,45×2,10 м, биіктігі 45 см., болатын ауданда төрт-төрттен екі қатар, 8 тандыр пеш орналасқан. Пештер ортадан жүргізілген бір арналы канға қосылған. Пештердің ауыз қуыстары батыс және шығыс жақтарға қараған. Тандыр диаметрлері 40–50 см-дей болады. Кан солтүстікке созылып қабырғаға орнатылған тік мұржамен аяқталады. Канның ұзындығы 3 м, ені 24 см.
Осы пештер кешенінің оңтүстік-шығыс бұрышы маңынан еденнен қазылған дөңгелек келген шұңқыр анықталды. Осы диаметрі 1,30 м., болатын шұңқырды тазалап қазып, 10 см., тереңдікте ірі тандыр пеш ашылды. Тандырдың диаметрі 80 см, тереңдігі еденнен есептегенде 1,15 см болады. Тандырдың қабырғасын сыртынан шикі кірпішпен қаптаған. Шикі кірпіштердің көлемі 38×21×12 см. Тандырдың іші күлге толы болды.

Бұл еденге орналасқан тандырдың шығыс жағында 30 см., жерде бөлменің шығыс қабырғасы орналасқан. Ол қазбаның оңтүстік жиегінен солтүстікке 4,80 м., ұзындыққа созылған. Қабырғаның ені 45 см, биіктігі 60 см. Бөлменің солтүстік қабырғасының биіктігі анықталмаса, батыс қабырға мүлдем табылмады.
Солтүстік-шығыс бұрышта тағы бір тандыр пеш орналасқан, диаметрі 60 см. Бұл пештің түтіндігі сол бұрышта орналасқан тік мұржа арқылы шығып кететін болуы керек. Пештің ауыз қуысы оңтүстікке қараған. Пеш қабырғаларының сақталуы нашар.Тандыр пештердің көп орналасуына байланысты бұл бөлмеде наубайхана орналасқан болуы мүмкін.

239dd9f832889cc2cf6124f78d92b30a.png

Ақтөбе қалашығы тұтастай қолөнер кешені болғандықтан тарихи-ғылыми маңызы жоғары. Қазба жұмытары қаланың пайда болуы, тұрғындарының этникалық еркешелігі туралы, ақпараттар берді. Ескерткіштің материалдары елді-мекеннің Орта Азиядан Еділ бойына Сарайшық қаласы арқылы өтетін ескі керуен жолының бойында ХІІІ-ХІV ғғ.өмір сүргендігін көрсетеді. Ескі қала мен жаңа қала бір-бірімен тығыз байланыста дамыған.

6467e8c6b76f7649c2d88566a964b1c3.png

Х.Досмұхамедов ат. Атырау мемлекеттік университет студентері археологиялық практикада. 2012 жыл маусым айы.

Әдебиеттер тізімі:
1. Афанасьев В.К., Бисенов С.Б., Галкин Л. Л. Исследование Золотоордынского города Лаэти.
Археологические открытия 1977 г. М.,1978.
2. ВУАЭ — 1981 г. (Л. Л. Галкин).
3. Галкин Л. Л. ОтчетСВАЭ-1975 г.
4. Мерщиев М. С. ПоселениеХІІІ-ХҮ веков в Западном Казахстане. //Культура древних скотоводов и
земледельцев Казахстана. Алма-Ата, 1969.
5. Галкин Л. Л. Отчет СВАЭ- 1977 г.
6. Касенов М. С. Средневековое городище Актобе (Лаэти).// Х.Досмұхамедов атындағы АМУ Хабаршысы
/ Вестник. Гуманитарлық ғылымдар сериясы. Атырау, 2007, 1(8).
7. Касенов М. С. Средневековое городище Актобе -Лаэти. // Вестник Прикаспия. Археология, История,
Этнология. № 3, 2012 г. листа, 2012. С.42–54.

Касенов М.С., Қуаныш С.О., Зайнов А.М.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?