XVIII ғасыр патшалық Ресейдің отаршыл саясаттарының күшеюіне орай қазақ, қалмақ, түрікпен, башғұрт және қарақалпақ халықтарына байланысты оларды өзара және әр халықты іштей бөлшектеу, жік салу жолында түрлі астарлы әрекеттерін жиілетулеріне орай Кіші жүз қазақтарының тарихы күрделене түсуіне себеп болды. Мысалы, 1748 жылдың күзінде Нұралы сұлтан Әбілхайыр өлтірілгеннен кейін әке тағына отырып, бүкіл кіші, орта жүздерге билігін жүргізуді ойлады. Алайда, жаңа хан билігін оның туған бауырлары Айшуақ пен Ералы және алты ата Әлім тайпасының шекті, төрт қара руларының билеушісі Батыр сұлтандар мойындамай әрқайсысы өздеріне бағынышты руларымен өздерін дербес хан ретінде сезінді. Ал, Қайып хан Сырдарияның орта, жоғарғы және Хиуада билік ететін. Бұл жағдай Кіші жүздің өзінде бірліктің, тұтастықтың жоғына дәлел емес пе?
Мұның үстіне Ресей самодержавиесі қазақ елінің тұтастығын бұзу арқылы аймақтың әлеуметтік — экономикалық және саяси-стратегиялық күш қуатын онан әрмен әлсірете түсу мақсатында Еділ-Жайық бойына «әскери шептермен», «редуттар» орнатып, казак-орыстарды қоныстандыруды күшейте жүргізіп, «тартса майы шыққан» су-салалы шұрайлы жайылымдарды жаппай тартып алып, орыстандыру саясатын өрістетіп, екі халықтың бауырласуын болдырмау мақсатында өзара өшпенділігін ұлғайту үшін «байлық" көзі ретінде дүркін-дүркін бір-біріне барымта, тонаулар ұйымдастырып отырды.
Бұл жағдай Кіші жүзде мал жайылымдарын тарылтып, бұрыннан дұшпандық көңілдегі қалмақтармен әсіресе, Еділ-Жайық арасындағы жерлер үшін өзара аяусыз қырқысуларының жиіленуіне, Мұғалжар-Орал тауларының түстік бөлегі үшін Батырша көтерлісі кезінде Башғұрдтарға қарсы арандатулар ұйымдастырылды.
Каспийдің терістік шығысы мен шығысында түрікпен және қарақалпақ тайпаларына қарсы «жайылым, жер үшін» таластар тұрақты орын алды. Осы аймақта Сағыз-Жем және Сардарияның төменгі, ағысы аймақтарын Кіші жүз рулары иеленіп, Өзбектер бастаған көрші халықтармен қақтығыстарға ұласып жатты.
Бұлардың барлығы халықтар арасындағы алауыздықтардың асқынуына, бір-біріне деген сенімсіздіктерді күшейтті.
Ең бастысы Кіші жүзде жайылымдық жерлердің жетімсіздігін өткір сездіріп, ру-тайпалардың арасында да «жер дауы» маңызды мәселелерге айналып, көшпелі қоғамның ішкі қайшылықтарын ушықтыра берді. Билеуші -би, сұлтандар мен хандарды да мазасыздандыра түсті.
Дәл осы кезең, яғни XVIII ғасырдың басынан бастап, күшейе бастаған Қытайдағы Цинь әулеті Канси-Юнчжэнен бермен қарай көрші елдерге қарсы ашық-жасырын жағдайда өктемдіктерін жүргізіп, империя территорияларын кеңейте түсуге кіріскен. Осы кезде Қытайдың терістік батысы мен батысында Жоңғария мен Қашқарияға қарсы ашық жаулаушылық тұрақты орын алып, ақыры ғасыр ортасына қарай жоғарыда аттары аталған аймақтар біржолата күшпен бағындырылған.
Бағындырылған аймақтар алғашқы жылдарда Қытай мемлекеті тарапынан өте қатаң түрде үнемі, бақылауда болғанменде елсіз-күнсіз, бос жатқан. Себебі, Қытай билеушілері жаңадан қосылған жерлердің батысы мен терістік батысындағы кең байтақ Қазақ жері мен еліне байланысты өте сақтықпен түпкі мақсатын бүркемелеуге тырысты. Екі ел арасындағы өзара пайдалы сауда-айырбасты күшейтуге зор мән берді. Бұл бағыт Қытайдың шекаралық чиновниктері мен мемлекеттік органдарына пайдалылығы мол және Қытай патшалығының түрлі көшпелі халықтары арасындағы беделін шапшаң көтере бастағанды. Қытайдың мақсаты да осы еді.
Әсіресе, Жоңғарияның талқандалуы Қытай мен Қазақ хандығының арасындағы айырбас сипатындағы сауданың қарқын алуына себеп болып, хан-сұлтандар, би-батырлар өз беттерімен еш кедергісіз төрт-түлік малға тұрмысқа қажетті заттарды айырбастауды жиілетіп, халық тұрмыстарының түзелуіне ықпал ете бастады.
Міне, осы қолайлы жағдайды ресми хандармен қатар, қазақтың әр аймағының, яғни біз сөз етіп отырған Кіші жүзді билеген Хандар: Нұралы, Батыр және Қайып хандар мен бір мезгілде өзіне тиесілі руларды басқарған Болат пен Әбілпейіз сұлтандарда пайдаланғаны білгілі болып отыр. Мысалы, «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері»- атты «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарық көрген 5(бес) томдық жинақтың Алматыда 2005 жылы жарияланған 2 томының 55-бетінде «Цин дәуірі суреттеріндегі қазақтар» атты кестеде № 6 және № 9 ретпен берілген деректе: жоғарыда аттары аталған сұлтандар: Болат пен Әбілпейіздің 1762 жылдың ақпаны мен 1764 жылдың қаңтар айларында Себек деген елшінің Қытайды 1735–1795 жылдары билеген Цяньлун патшасының қабылдауында болғандығы көрсетілген. [1]
Ал, Себек болса, Кіші жүздің «Байұлы»-аталатын тайпасының Беріш бөлімінің ру басы, яғни ел басқаруға араласқан белгілі адамы болғандығы халқымыздың «ауызша тарихы» атадан балаға мұра қылып, айтылып келе жатырған өсиет, шежіре бойынша бізге-тоғызыншы бабамыз болып келеді.
Шежірешілер әрбір атаға шамамен 30 жылдан есептегенде Себек атамыздың ғұмыр кешкен жылдары сөз етіп отырған уақиғалар кезеңіне сәйкес. Мысалы: Беріш-Байбақты-Асылбас-Себек-Сары- Баба-Оразымбет-Сонтай-Қырдасын-Мұңғат-Мұстафа-Жұпбол болып жалғасып келеді.
Кіші жүздің негізгі үш тайпасы халқының көбі Байұлының бірі Беріштің үлкен баласы Байбақтының тұңғышы Асылбастың ең үлкені Себек екенін ескерсек, ежелден малы мен жаны қатар өскен Себек атамыз жасынан ел билеу мен билікке ерте араласқан. Билігінің «қара қылды-қақ жарған» әділдігінен бе? Әлде қазақ болмысынан бермен қарайғы дәстүрден бе? Не болмаса «шыңғыс идеологиясының" әсеріненбе? Қалай болғанда да Себек руы «Жеті ата; яғни «жеті баулы» Беріштің ағасы болып саналатыны күні бүгінге дейін шежіре білетін, ағайындарға аян. Бұл шежірелік дерек жөнінде XVII ғасырдағы, Ағылшын саяхатшысы Джон Кэстл жазған. [2]
Айдаһарды кие тұтқан «Аспан асты елі» қаһарлы Жоңғарды жұтып, Қазақ елімен тікелей межеге жетуі екі жақтыда өзара болашақ қатынастар туралы терең ойлануға мәжбүрлеп, ақылды Абылай хан ендігі жерде өзімен бірдей көшпелі тұрмыс кешкен Жоңғарларға байланысты қарым-қатынастардың Қытайға қолдануға болмайтынын түсініп, екі жақты араластықты бейбітшілікке негізделген өзара пайдалы айырбас арқылы жұргізілетін тұрмыста тікелей сұраныстарға қажеттіліктерді өтеуге және «екі басты самұрықты» дәріптейтін орыс елінің өктемшіл екпініне қарсы айбар ретінде пайдалануды көздеді. Жоңғар тұтастығын көксеуші Әмірсананы да қолдап, оны қаһарлы Қытайға қарсы пайдаланар «қалқан» етуді мақсат тұтқаны белгілі. [3].
Сөйтіп, 1757 жылдың жазы мен 1780 жылдың мамырының арасында ресми түрде Абылай өз атынан ғана 12 (он екі рет) елшіліктер жіберіп, екі ел, халық үшін аса пайдалы байланыстарға берік негіз қалаған. Бұл жылдар аралығында Қазақ еліне билік жүргізген, Әбілпейіз, Әбілмәмбет хандармен бірге Ханбаба, Санияз, Ханқожа, Болат және тағы басқа сұлтандар мен би-батыр, тектілердің ондаған елшіліктері аттандырылып, император бастаған сан түрлі мемлекеттік шенеуніктер мен ірі саудагерлерімен кездесіп, өзара тиімді сауда-саттық жасасқан. [4].
Бұл байланыстар айналдырған жиырма шақты жылға аз еместігі белгілі. Бұл жерде Қазақ еліне Қытай тарапынан жасалған саяхат не елші — жаушылардың сапарлары айтылып отырған жоқ.
Қазақ билеушілерінің Қытаймен арадағы бейбіт және тиімді байланыстарға зор мән беруі-сөз жоқ халқымыздың тұрмыстық-экономикалық мүдделеріне байланысты еді. екіншіден барынша күшейе түскен сауда екі халықтыңда мүдделілігінен туындап, бір жағынан Қытай императоры Цяньлун бастаған мемлекеттік-деңгейді көрсетсе, екінші жағында Абылай бастаған қазақ билеушілерін Цинь әулетімен теңестіріп, Қазақ елінің халықаралық деңгейдегі дербестігін дәйектеді; үшіншіден Кіші жүз билеушілерінің ең басты мақсаттарының бірі-көшпелі мал шаруашылығына қажетті жайылым жерлердің жетімсіздігін,Қытай билеушілерінің осы мезгілдегі «жылы қабақтарын» пайдаланып бос жатқан Жоңғарияға қоныстану арқылы жеңілдетуді көздеген. Бұл кезең әлеуметтік-саяси жағынан әсіресе батыстан Орыс патшалығының барынша пәрмен алған отаршыл саясатының Қазақ халқының ішкі негізінен экономикалық мүдделерін, яғни тұрмыстық күнделікті тауарларға сұраныстарының өсуін-де пайдаланып қалуға тырысқандығы белгілі. Сондықтанда, Кіші жүз ауқаттылары мен жалпы халық өсе бастаған төрт түлік малға, яғни жылқы, түйе, сиыр және қойға Қытай жібегі, басқада тауарларға айырбастауға құлшына кірісті. Мыңғырған малы бар әрбір қазаққа бұл тиімді еді. Сөйтіп жоғарыда айтылған Себек бастаған елшілердің екінші мақсаттары Қытаймен тұрақты айырбастық сауданы жолға қоюда болатын. Төртіншіден осындай мақсаттарға негізделген экономикалық байланыстар XV–XVI ғғ «әлемдік су жолдарының ашылулары мен шығыс пен батыстың араласуына жетекші рөл иеленуіне байланысты әлсіреп тоқырауға ұшыраған «Ұлы жібек жолының" қайта жандануын көзге елестете бастады. Ал бұл жағдай Ресей мен отаршыл Батыс державаларына да ұнамады. Бесіншіден — қарқын алуға бағытталған сауда-экономикалық байланыстардың астарында Қытайдың да, Ресейдің де ұлан байтақ Қазақ жері мен елін болашақта саяси ықпалға түсіру мақсаттары жатқанды. Мәселен, Қазақ хандары мен сұлтан тағы басқа беделділерінің Қытаймен сауда-саттыққа мүдделілігін Қытай билеушілері халықтың «аспан асты елінің" ықпалын қабылдауға ұмтылысы-деп, теріс пиғылмен өздерінің астарлы саясаттарын орнықтыруға өте сақтықпен кіріскенді. Алайда, Абылай бастаған көрегендер мен халқының болашағын ойлаған мәмлегерлер Қытай «айдаһарының" жымысқыда, үрейлі «ысылын» үш ғасырға кешеуілдеткені айқындала түсуде.
Әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері Алматы., 2005. 2 том.
2. 55 б.
3. Джон Кэстль Дневник Путешествия в году 1736-м из Оренбурга к Абулхайру хану Киргиз-
Кайсацкой Орды. А., 1998. 119 б.
4. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері Алматы., 2005. 2 том.
5. 50 б.
6. Бұл да сонда 55 б.
7. Бұл да сонда. 3 том 17–20 бб.
Мұстафин Ж.Ж.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті