Бүгінде қарқынды экономикалық дамуымен, демократиялық бастамаларымен, сенімділігімен және бейбітшілік сүйгіштігімен әлемдік қауымдастыққа танылған Қазақстанның жарқын болашағы тәуелсіздікті нығайту, отаршыл саясаттың зардабынан жоғалып кетуге шақ қалған өткен тарихымызды қалпына келтіріп, оның белгісіз парақтарын ашу міндетін қояды.
Отансүйгіштік сана-сезімді тәрбилеуде Қазақстан тарихының алатын орны ерекше. Тарих ғылымының тыңғылықты зерттелуі қоғамымыздың дамуына сүбелі үлес қосары сөзсіз. Сондықтан да, мемлекет тарапынан өткеніміз бен бүгінімізді мұқият саралау үшін салмақты қадамдар жасалуда. Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деген болатын. Елбасы «Тарих толқынындағы халық" атты тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасын жасауды ұсынды. Осының нәтижесінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің ұлттық тарихты зерделеу жөнінде өткен кеңейтілген отырысындағы «Нағыз ұлттық қадір-қасиет тарихтан басталады» деген сөздері жаппай қолдауға ие болғанды. «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес». Дана халқымыз түйіп айтқан ойлы сөздің бірі — осы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихын жаңаша көзқараспен, әлем тарихымен бірге алып қарастыра жазуды айрықша тапсырып отыр. Енді зерттеуші-ғалымдарымыз осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, Қазақстан тарихының қоғамдағы орнын нақтылап, ұлттық мүдде тұрғысында жазылған оқулықтар мен ғылыми еңбектерді жарыққа шығарып, жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты арттыруға жұмыс істеуі тиіс. Алдағы уақытта тағылымды тарихымызды қайтарып алмасақ, ақтаңдағынан арылтып, еркін елдің ар-ожданына сай зерделеп жазбасақ, елдігімізге сын.
Тарихсыз қоғамның, халықтың, мемлекеттің болуы еш мүмкін емес. Тарих туралы әңгіме қозғағанда бір жағынан тарихтың өзін дәлдікпен, деректілікпен маңыздылығы қандай болса, оның түпкі мазмұнының шырқын бұзбай, соншалықты нақтылықпен келер ұрпаққа жеткізу — парыз.
Негізінен, «тарихтың өзі екшейді, өзі әділдігін айтады, өзі бағасын береді» деген сөз бар. Демек, тарихтың қоғамның, халықтың, жеке адамның сана-сезіміне, зейін-зердесіне және мәдени дәрежесіне тікелей байланысты екендігін жоққа шығаруға болмайды. Тарих мемлекеттің, қоғамның өркениеттілігін көрсетеді. Өкінішке орай, біздің еліміздің талай ұрпағы Кеңес үкіметі заманында тарихты тек бұрмаланған жағдайында ғана оқып білді. Мемлекетіміз тәуелсіздігін алып, бұрынғы идеологиялық, әкімшілік-әміршілдік құрсаудың бұғауы үзілген соң, тарихымызға да шыншылдықпен бет бұрдық. Осы тұста тарихты білу күрделілігіне кереғар жағдай, қазақ тарихын жазушы «білгіштердің" көбейіп кеткені-де шындық. Осыдан келіп «төл тарихымызға деген адалдықты, әділдікті бойымызға қалай сіңіреміз?» деген заңды сұрақ туындайды. Тарих ғылымының салалары сан алуан екендігі айғақты дүние. Осы бағытта деректану, тарихнама, әртүрлі пікірлерді сараптау және археология мәселелері назардан тыс қалмау керек. Соның ішінде халқымыздың рухани өміріне қатысты мәдениет тарихы мен қоғамымыздың, мемлекетіміздің даму тарихының орны да, маңызы да ерекше.
Кең байтақ Қазақстанның маңызды геостратегиялық, экономикалық аймағы-Атырау облысына қатысты тарихи ескерткіштерді кешенді зерттеу кезек күттірмейтін тақырыптардың бірі. Аймақтағы индустриялық-инновациялық даму нысандарының көптігі, оларды жүзеге асыру қазіргі кезде облыс территориясында ашылған, әлі-де белгісіз болып жер қойнауында жатқан археологиялық нысандарды Қазақстанның әлемдік маңызы бар құнды тарихи ескерткіштері қатарына қосу, қорғау және ғылыми айналымға түсіріп, кейінгі ұрпаққа мәдени мұра етіп қалдыру қажеттігін өткір қойып отыр.
Атырау өлкесі және Қазақстанның батысындағы — Ақтөбе, Орал, Маңқыстау облыстары мен Арал аймағы — Тұран мен Европаның, Тұран мен Иранның, Тұран мен Таяу Шығыс елдерінің өзара ықпалдасу үдерістерінде маңызды роль атқарғаны ғылыми болжам түрінде қалуға тиісті емес, оның тарихи шындығын ашу, бүгінгі ғалымдар мен зерттеушілердің еншісінде деп білемін.
Өлке тарихшыларының алдында көптеген міндеттер мен жұмыстардың тұрғаны да айқын. Өлке тарихын тың мұрағат құжаттары негізінде кешенді түрде зерттеуді, жаңаша тұрғыдан зерделеуді жүзеге асыру қажет. Осы зерттеулердің нәтижесінде өлкеміздің жаңа энциклопедиясы түзілсе құба-құп болар еді. Туған өлкені зерттеп білу әрбір адамға қажет екендігі есте болғаны жөн. Өйткені, өз өлкесін, оның өткені мен бүгінін, мәдениеті мен экономикасын жақсы білмейінше, өз Отанының патриоты болу қиын. Ал, өлкетанушы дегеніміз — белгілі бір мамандықтың иесі емес, бұл әрбір азаматқа қатысты мәселе. Осы тұрғыдан алғанда жас жеткіншектер санасына, олардың келешекте қай мамандықтың иесі болса да өз өлкесін жақсы білетін азамат болып шығуы қажеттігін ұғындыра білудің маңызы зор.
Өңірімізде жер бетінде қараусыз, ұмыт қалған қорымдар, ондағы бейіт-құлпытастардағы ескі араб жазулары өлкенің ХҮІІІ ғасыр, одан арғы тарихынан, өлке тұрғындарының рулық-тайпалық, саяси-экономикалық өмірінен белгі беретін жәдігерлер ретінде жойылып кету жағдайында. Бұларды анықтау, олардың ғылыми құндылығын айқындау және зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруда Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері С.Әжіғали бастаған бір топ ғалымдары үлкен роль атқарды. Олай болса, туған өлкенің тарихи жәдігерлерін жинақтау, зерттеу жұмыстарына облыс ғалымдары мен өлкетанушыларын қатыстырып, республикада белгілі ғалымдардың басшылығымен бірлескен ғылыми жобалар жасаудың уақыты жетті.
Биыл жылы осы бір өзекті мәселеге біздің университет ғалымдары тарапынан бетбұрыс жасалып, ҚР Ғылым және Білім Министрлігінің 2012–2014 жж. ғылыми жобаларды гранттық қаржыландырудың мемлекеттік конкурсына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті бір топ тарихшылары ғалымдары (Ж.Таңатарова, Ж.Жұмабаева, Ж.Мұстафин) және облыстық тарихи-өлкетану мұражай қызметкерлері (Қ.Өтеғалиев, Мираш) жасаған «Атырау аймағының тарихи — мәдени ескерткіштері — өлкенің тарихының құнды дереккөздері: кешенді тарихи-деректемелік зерттеу» атты ғылыми жоба дайындалды. Бұл ғылыми жоба конкурстың техникалық және ғылыми-эксперттік2-деңгейінен өткенімен, қаржыландыру мәселесі шешілмеді. Алайда бұл жоспарланған зерттеуді аяқсыз қалдыруға болмайды. Облыстық мұражай, өлкетанушылар және Атырау университеті ғалымдарының бірлескен кешенді жоспарлы зерттеулері ғана нәтижелі болады деген сенімдемін.
Атырау өлкесі тарихи ескерткіштерге өте бай, олардың толық зерттелуі өз еншісін күтуде. ХVIII–XIX ғасырлардағы Қазақстанның батыс өңіріндегі тарихи тұлғалардың өлке тарихындағы алар орны ерекше. Сондай-ақ кешегі отаршылдық кезеңде Ресей патшалығының қызметіне амалсыздан кіріп, бірақ халық алдында беделін жоғалтпай, қоғам үшін адал қызмет атқарған жеке тұлғаларды зерттеп, оларды халық алдында кеңінен танытып, ғылыми айналымға енгізу кезек күттірмес іс болып табылады. Сонымен қатар тәуелсіздік алып, аяғынан енді ғана тік тұрып келе жатқан Қазақ елінің ұлттық идеологиясына мұндай еңбектердің қажет екендігі шындық.
Б. Б. Мамраев
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор