1940 жылдың орта кезінде КСРО-ны жаулап алу үшін неміс фашистерінің командованиесі «Барбаросса жоспары» аталатын стратегиялық жоспарын жасағаны тарихтан белгілі. Бұл жоспар бойынша олар Оралға дейінгі жерді тез уақыт ішінде алуға тиіс болды. Соңгы кезде табылған архив материалдарына қарағанда жау Қазақстанға, соның ішінде мұнайға, балыққа, кенге бай Атырау бойына да ерекше көңіл бөлген. Гитлер командованиесі бұл жерлерді (демек Еділ мен Жайық аралығын) жаулап алғаннан кейін «Еділ-Жайық мемлекетін» кұрмақшы болған.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумы 1942 жылы тамыз айында құпия Указ шығарып, Каспий өңірін соғыс жағдайында деп жариялайды. Бірақ Указ кұпия болғандықтан соған байланысты алынған шаралар да құпия жүргізілді. Жақында Алматыдағы Қазакстан Республикасы Президенті мұрағатында болғанымызда сол құжаттардың түп нұсқаларымен танысуға тура келді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президимуы Каспий бойын соғыс жағдайында деп жариялануына байланысты Гурьев облысы партия комитеті мен Қазакстан Орталык партия комитетіне Гурьевте Қорғаныс комитетін құруды тапсырады. Осыған орай 1 қыркүйекте облыстық Қорғаныс комитеті құрылып, оны 3 қыркүйекте Қазақстан Орталық партия комитеті қаулы шығаруға бекітті. Біз сол қаулының түп нұсқасын сол (орысша) күйінде оқушы қауымға беруді жөн көрдік. Ол қаулыда былай делінген: «В связи с объявлением военного положения на побережъе Каспийского моря ЦК КП(б) Казахстана постановляет:
1. Утвердить решение Гурьевского обкома КП (б) Казахстана об организации в области комитета обороны в составе т. Бекжанова -секретаря обкома партии (председатель комитета) и членов: Иргалиева -председателя облсовета депутатов трудящихся, Гончарова -начальника областного управлення НКВД, Голосова — облвоенкома и начальника гарнизона города Гурьева;
2. В целях выполнения имеющеюся задания на призыв военнообязанных в Красную Армию при отсутствии в области необходимого количества незабронированного контингента, разрешить Гурьевскому комитету обороны призвать в ряды Красной Армии годных к строевой службе 1100 человек отмобилизованных рабочих рыбной промышленности, речных ловцов, охраны запретных зон, рабочих рыбзаводов и подсобных предприятний, не затрагивая морской лов, с заменой призванных невоеннообязанными, женщинами из рыболовецких колхозов;
3. Просить ЦК ВКП(б) утвердить настоящее постановление. Секретарь ЦК КП(б) Казахстана, Н.СКВОРЦОВ». (А рх ивП ре зи-де нт, а Р К, ф он д 708, о пи сь1, д ел о 5,
л ис т 408).
Жоғарғы Кеңестің Указында Гурьев Қорғаныс комитетіне шексіз билік берілетіні, олардың тапсырмаларын сол жердегі мемлекеттік ұйым, мекемелері шаруашылық, өндіріс орындары бұлжытпай орындайтыны айтылған. Сөйтіп облыстағы барлық органдар, буындар бір қолға бағынатындығы, Қорғаныс комитетіне штаттағы жай адамдар емес, тек басшы жауапты қызметтегі адамдар кіретіні қатты ескертілген. Қорғаныс комитетінің кұрылуы Атырау өңірінде жұмысты күрт өзгертіп жіберді.
1942 жылдың 29 қыркүйегінде Гурьев қалалық партия комитетінін активі өткізіліп, оған облыстағы барлық өндіріс басшылары шақырылды. Активте «Облыстың соғыс жағдайында болуына байланысты партия ұйымдарының алдында тұрған міндеттері» деген тақырыпта Мырзахмет Бекжанов баяндама жасайды. Облыстың соғыс жағдайында деп жариялануына байланысты Гурьев Қорғаныс комитеті әскери-ұйымдастыру мәселесінде көп жұмыстар істейді. Сол жылдың қыркүйегінен бастап Гурьев қаласы толықтай қараңғыланып, түнде көшелерде, үйлердің терезелерінен жарық көрсетуге тыйым салады. Гурьев қаласында, облыс, аудан орталықтарында тәртіпті сақтау үшін күндіз-түні кезекшілер қойылады. Облыстық партия комитетінің басшылығымен атқыштар батальоны, арнаулы әскери бөлімдер құрылады. Сондай-ақ әуе қорғанысына да ерекше көңіл бөлінеді. Осындай алдын-ала жүргізілген жұмыстардың нәтижесіндеь жау самолеттерінің Гурьев территориясына тастаған бомбалары, антисоветтік листовкалары мен үндеулері халық арасында ешбір қобалжу туғыза алмады, енбекшілердің майдан үшін жан аямай еңбек етуіне кедергі келтірмеді.
Облыстық Қорғаныс комитетінің жасаған үлкен жұмыстарының бірі, олар тек неміс самолеттерінен құрылыс объектілерін, ауыл, аудан, қаланы бомбылаудан аман алып қана қойған жоқ, сонымен бірге жау жіберген диверсант топтарды ауыздықтады.
Соғыс алдында Атырау мұнайын Орскідегі мұнай жөндеу заводына жеткізу үшін ұзындығы 800 шақырым Каспий-Орск мұнай құбыры іске қосылған болатын. Құбырдың бойына мұнайды айдайтын жеті станса салынған еді. Немістердің диверсанттар жіберудегі бір мақсаты осы стансаларды істен шығару болса, ендігі бір жоспарлары ел арасында үгіт жұмыстарын жүргізіп, бүлік жасау болды.
1944 жылы мамыр айында самолетпен Жылыой ауданы жеріне десант түсіру жайлы хабар алған чекистер стансаларды күзетке алып, диверсанттарды іздейді. Ақыры, екі жақ кездесіп, атыраулықтар соғыспай берілуін талап етеді. Бірақ шпиондар басшысы обер-лейтенат Алихан Агаев одан бас тартады. Екі арада атыс басталып, Агаевты Жылыой ауданы НКВД капитаны Г. Хусайнов атып өлтіреді. Мұнан басқа тағы төртеуі оққа ұшады. Қалғандары біздің жаққа беріледі. («Егемен Қазақстан» 2001 ж. 25 шілде).
Кеңес үкіметі Атырау чекистерінің ерлік істерін ерекше бағалап Г. Хусайнов, Р.Шармай, К.Виноградов, С.Гончаров, И.Бабич, тағы басқалары «Қызыл Жұлдыз» орденімен, ал мұнай құбыры стансасының басшысы Р.Пархоменко «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.
Ал Алихан Агаев тобын (шын аты-жөні Амирхан Тлеумағанбетов) айдалаға адастырып жіберген, сөйтіп казақтың Сусанині аталған, ерлікпен қаза тапқан Байжан Атағозиев бейіті басына ескерткіш қойылды.
Атырау өңірін соғыс жағдайында деп жариялауға тағы бір себеп болған Солтүстік Кавказ жау қолында қалып, онан алып тұрған жанармай тыйылып, самолет, танк, машиналарымыз жанармайсыз қалуға тірелді. Сондықтан жанармайларды Бакуден Гурьевке баржымен тасуға мәжбүр болды. Екіншіден, Сталинград майданының дүрсілі Атырауға естіліп жатты. Егер Қорғаныс комитеті 1942 жылы 1 қыркүйекте құрылған болса, он күннен кейін 10 қыркүйекте неміс «юнкерстері» қаланы бомбалай бастады. Тек біздің истребительдердің, оның ұшқыштарының қырағылық қимылдары қаланы талқандаудан аман алып калды. Сондықтан да Атырау өңірін соғыс жағдайында деп жариялау өзін толықтай, ақтап шықты. Оның үстіне кешегі соғыс кезінде Қазақстан терең тыл болды деген кейбір зерттеушілеріміздің пікірін жоққа шығарып отыр. Оларды осы пікірі үшін айыптауға да, қаралауға да болмайды. Өйткені ол кезде бұл құжаттар «Особая папка», «Совершенно секретно» деген әріппен ешкімге берілмеген, қазірдін өзінде оны қарау үшін біраз бедел қажет.
Әрине ол құжаттардың құпия болуының өзіндік сыры бар. Мәселен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 жылғы 22 маусымдағы Указына орай Гурьев Қорғаныс комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінін бірінші хатшысы Мырзахмет Бекжанов сол жылы 10 қыркүйекте қаулы шығарып, онда «Облыстық НКВД бастығы Гончаров соғыс жағдайында деп жарияланған біздің аймақта тұратын немістер және басқа да біздермен соғысып жатқан елдердің ұлттары территориядан шығарылсын» делінген. Ал мұның өзі құпия жүргізілді (Қазақстан Республикасы Президенті архиві, Ф.708. опись 6/2, дело 71, лист 53). Сондай-ақ Атырау өңірін жау самолеттерінің бомбылауынан қорғау үшін қалада құрамында 300 адамға дейін мүшесі бар истребитель отрядтарын, ал аудандар мен мұнай кәсіпшілігінде 50 адамдық отрядтар құрып, оны ұйымдастыру, оқыту облыстық НКВД бастығы Гончаров жолдасқа, аудандық жерлерде аудандық НКВД басшыларына отрядтарды оқыту күнде жүргізілсін деп тапсырған (Бұл да сол архивте).
Осындай алдын ала өткізілген шаралардың нәтижесінде немістердің қазан-қараша айларында мұнай резервуарларымен Ширина, Қарабатан және Таушық поселкелеріне тастаған фугастық бомбалары ешқандай зиян келтіре алмады.
Кешегі сұрапыл соғыс тарихын жазуда тек біздің облыстың (демек Қазақстан терең тыл болды деген ұғыммен) соғыс жағдайында болғаны бүгінге дейін бірде-бір оқулықтарға енбей, Гурьев Қорғаныс комитетінің жасаған қыруар жұмысы тиісті бағасын ала алмай отырғаны қынжылтады, «Атырау» газетінде (15 мамыр 2004 ж.) тарих ғылымдарының докторы, белгілі тарихшы Әзімбай Ғалидың «Қазақстан тарихында Ұлы Отан соғысы тақырыбы біржақты жазылып жүр» деген мақаласына толықтай қосыламыз. Шынында да солай. Мәселен, кеңес халқының, оның ішінде қазақстандықтардың еңбектегі ерлігін, майданга көрсеткен көмегін жоққа шығарғысы келген буржуазия тарихшылары Кеңес үкіметін немістердің талқандауынан алып қалған Америка берген көмектің арқасы ден бұрмалауда. Ал тарихи шындыққа келсек, біріншіден, АҚШ-тың көмегі КСРО өндіріс өнімдерінің тек 4 пайызы болды, екіншіден, ол Англияның берген көмегінен 3 есе аз болды.
Үшіншіден, американдықтар көмегінің негізгі бөлігін Кеңес әскерлері барлық майданда шабуылға шыққан уақытта ғана бере бастады. Мұны Кеңес үкіметінің қас жауы, АҚШ-тың бұрынғы президенті Гувер-де «Кеңестер Одағы немістерді біздің көмегімізден бұрын тоқтатты» деп мойындады.
Төртіншіден, қару-жарақ шығару жөнінде КСРО сол кезде барлық елдерден басым болды. Демек, Кеңес Одағы соғыс жылдары танкіні, АҚШ-қа қарағанда 2,5 есе, артиллерия каруларын 3 есе, минометтерді алты есе, винтовкаларды екі есе артық шығарды. Майданға жіберілген 10 оқтың 9-ы Қазақстаннан шықты.
Қалаберді шетел тарихшыларының соншама жалған жазып жүргендерін Атырау облысы еңбекшілерінің бұл соғыста шығарған өнімдері, майданға берген көмегі, мұнайшылардың, балықшылардың, колхозшылардың, әйелдер мен жастардың қажырлы еңбегі толық дәлелдеп бере алады.
Соғыс жылдарында Атырау облысы Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіпті аудандардың бірі болды. Сондықтан да облыстық партия комитеті мен облыстық Қорғаныс Комитеті алдында үлкен міндеттер тұрды. Сөз арасында айта кетейік, Атырау еңбекшілері бұл қиын да әрі құрметті үлкен абыроймен атқарып шықты. Соғыс басталған күннен-ақ Атырау өңірінде көптеген митингілер мен жиналыстар ұйымдастырылды, онда облыс еңбекшілерін жауды түпкілікті жеңгенге дейін аянбай еңбек етуге, майданға аттанған ерлердің, тәжірибелі маман адамдардың орнын жоқтатпау жөнінде жұмыстар жүргізілді. Осындай бір митингіде Доссор кәсіпшілігінің жұмысшылары мұнай шығаруды шұғыл арттыру үшін жаңадан ашылған мұнай кәсіпшіліктерін тез іске қосу үшін өздерінің барлық күш-жігерлерін қосатынына сендірді.
Облыстық партия комитеті еліміздің Батыс аудандарынан эвакуацияланған кәсіпорындарды жұмысқа тез қосу, тапсырылған заказдарды мерзімінде орындау, адамдарды орналастыру, кәсіпорындарын мамандармен толықтыру жолында көптеген игілікті істер атқарды.
Мәселен, Атырауға көшірілген Петровский атындағы Донбастың станок жасау заводының аспап саймандар жасау цехы механикалық заводтың үйіне орналастырылып, Петровский атындағы Гурьев машина жасау заводы болып қайта құрылды. Заводпен бірге келген мамандардың бәрі жұмысқа орналастырылды. Ал басқа цехтар үшін 15 мың шаршы метр жаңа үй салынды. Облыстық Қорғаныс Комитеті заводты қысқа мерзім ішінде іске косу үшін барлық жергілікті кәсіпорындар мен құрылыс ұйымдарын, қала жұртшылығын қатыстырды. Осындай игі жұмыстың нәтижесінде 2 айдан кейін Атырау жерінде алғашқы өнімін шығарып, Ембі мұнай кәсіпшілігін техникамен қамтамасыз ете бастады.
Соғыстың бірінші күнінен бастап-ақ Доссор, Сағыз, Байшонас, Мақат, Ескене, Қосшағыл, Құлсары, небәрі тоғыз мұнай кәсіпшілігі өз өнімдерін еселеп бере бастады. «Соғыс басталған кезде, — дейді қарт геолог Сапар Қарымсақов өзінің естелігінде, — Құлсары кәсіпшілігі мұнай өндірудің жоспарын орындамай келген болатын. Бұл Орскідегі мұнай айыру заводын шикізатпен жабдықтап отыруды қиындатты. Облыстық партия, совет ұйымдары кәсіпшілік басшылары мен мамандары бұл жағдайдан шығудың шұғыл шараларын қарастырып, жүзеге асырды. Он тоғызыншы горизонт ашылып, 181 скважина іске қосылды. Сөйтіп, Құлсары кәсіпшілігі бүкіл соғыс жылдарында жоспарды асыра үзбестен орындап, майданға сұйық отынды эшолондап жөнелтіп тұрды». (С.Қарымсақов соғыстың алғашқы жылына дейін облыстық партия комитетінің хатшысы болды, 1942 жылы мұнай кәсіпшілігіне басшы жұмысқа жіберілді).
Өлке мұнайшыларының қажырлы еңбегі Ембі мұнайлы ауданының атағын елімізге әйгілі етіп, Қазақстанды Одақтағы Үшінші қара алтынды аймаққа айналдырды. Мұнайды көптеп өндіруде жаңа әдістер қолдануға жаңа мұнай көздерін ашуда Өтебаев, Калинин. Досмағамбетов, Сағындықов, Ханин, Конаненко, Комаров, Аваров, Тулин, Швенбергед, Неверов сияқты геологтар, инженерлер мен ғалымдар ерекше көзге түсті.
Бұлардың іздестіру жұмыстары нәтижесінде, соғыс жылдарында Комсомольск (1942 жыл), Қошқар (1944 жыл), Байшонас маңынан Тентексор (1945 жыл) кәсіпшіліктері іске қосылды. Одақтағы ең ірі Гурьев мұнай айдау заводы салынып, пайдалануға берілді.
Өлкеде мұнай жөнінде өнертапқыштардың ұсыныстарына, жаңалықтарына ерекше мән беріліп, ол ұсыныстарды өндірісте кенінен пайдаланып отырды. Жаңа әдістердің жүзеге асуының арқасында 15 000 тонна жоғары сортты мұнай алынды. 1941 жылы Ембі мұнайшылары 1940 жылмен салыстырғанда қара алтынды 24,4 процент артық өндірді.
Архив материалдарына сүйеніп біздіц есептеп шығаруымыз бойынша 1941–1945 жылдардың арасында Гурьев облысы мұнайшылары Отанға 42 970 мың тонна мұнай өткізген. Мемлекеттің Қорғаныс Комитеті Гурьев мұнайына ерекше көңіл бөліп, оны өндіріс құралдарымен, маман кадрлармен толықтырып отырды. Мәселен, 1943 жылы Азербайжаннан Гурьевке 334 құрылысшы келді. Оның үстіне, «Азнефтестрой» мен «Эмбанефтьстрой» ұйымдары біріктіріліп, «Казнефтестрой» тресі құрылды. Гурьев облысы басшылығы мұнай саласына ерекше көңіл бөле отырып, бір жылда бұл мәселені өздерінің отырысында 50 рет қарады.
Облыстық партия комитетінен басшылық көмек алып отырған Ембінің қара алтын өндірушілері өздерінің арасынан Есқариев, Үжібаев, Құрманәлиев, Доспаева сияқты енбек озаттарын шығарды. Үкімет олардың Ұлы Отан соғысы жылдарында сіңірген еңбектерін жоғары бағалап, Ленин орденімен марапаттады. Кейін Балғаным Доспаева бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесіне
депутат болып сайланды.
1941–1942 жылдардың аралығында Ескене мұнай кәсіпшілігі Мемлекеттік Қорғаныс Кеңесінің Қызыл туын сегіз рет жеңіп алды. Мұндай ең жоғары табысқа Атырау малшылары да ие болды. Ақырында, Қорғаныс Кеңесі Атырау малшыларының ерлік еңбегін ескере отырып Қызыл туды мәңгі сақтауға қалдырды.
Отанды жаудан азат ету жолында Гурьев теміржолшылары да зор белсенділік көрсетті.
Мәселен, Қандағаш-Гурьев темір жолының машинистері 1941 жылы 700 тонна жүк тасудың орнына 12000 тонна жүк тасыды.
Гурьев облысының еңбекшілері Қорғаныс Комитеті басшылығымен жау қорғауында қалған қалалардың халықтарына, майдандағы жауынгерлерге белсене көмектесті. Бір ғана Атырау каласының тұрғындары 1942 жылдың кысында Сталинградты қорғап жатқан жауынгерлерге арнал вагон сыйлық жіберді. Атыраулыктар мұндай көмекті ленинградтықтарға да жіберді. Ленинград қалалық атқару комитетінің төрағасы Попов Атырау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кругловқа жолдаған хатында гурьевтіктердің жіберген 9 вагон сыйлығын, 1400 тонна жанармайын леиинградтықтар зор ризашылықпен қарсы алғанын айта келе, рахмет айтады. Сондай-ақ, Атырау Қорғаныс Комитеті басшылығымен Ескене мұнайшылары «Қазақстан мұнайшысы» танк колоннасын, қала тұрғындары «Гурьев еңбекшілерінің" танк колоннасын жасақтады.
Соғыс жылдарында облыс Қорғаныс Комитеті жастардың инициативасына, кажырлы еңбектеріне жете мән беріп, ағалық қамқорлық жасап отырды. 1942 жылғы наурызда облыстық Қорғаныс Комитеті барлық участоктер мен цехтарда социалистік жарыс ұйымдастырылып, үздік шыққандарға ауыспалы Қызыл тулар белгілеу, комсомолдық рейдтер ұйымдастыру жайлы шешім қабылдады. Гурьев комсомолецтерінің еңбектегі ерліктерін Мемлекетгік Қорғаныс Комитеті ерекше дәріптеп, 36 комсомолец-жастар бригадасына «Үздік комсомол бригадасы» деген құрметті атағын берді. «Нармұнданақ" мұнай кәсіпшілігі жастардың жанқиярлық еңбегі құрметіне «Комсомольск» мұнай кәсіпшілігі деп аталды. Осылайша Атырау Қорғаныс Комитеті басшылығымен өлке өңірінін, еңбекшілері соғыс жылдарында фашистік Германияны талқандауға өздерінің қажырлы еңбегімен лайықты үлес қосты.
Табылдиев Х.Б.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті