Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Тұран өркениеті

30139

Жұмыс ҚР БҒМ Ғылым комитетінің қаржылық қолдау грантының 27.02.2012 ж. № 450 «Оңтүстік-шығыс Арал маңын мекендеген ежелгі тайпалардың дүниетанымы мен идеологиясы және наным-сенімдері мен ғұрыптары» және № 451 «Сырдарияның төменгі, ағысы қалаларының ортағасырлар кезеңіндегі этномәдени байланыстардағы рөлі (Жанкент қала жұрты)» жобаларының негізінде орындалды.

Сырдарияның көне арналары. Қалыптасуы және қоныстану тарихы. Сыр өңірін археологиялық тұрғыдан зерттеудің бірнеше бағытта өрбігендігін аса маңызды ашылулармен атап өтуге болады. Арал маңының неолит және энеолит дәуірлеріне, географиялық кең түсінікпен қарағанда, ортаазиялық «қосөзен» аймағына кельтеминарлық этномәдени қауымдастыққа біріккен бірнеше археологиялық мәдениеттер тән. Ол осы территорияларды б.з.д. VI–III мыңжылдықтарда туыстас тайпалардың қоныстануы, аңғарылады. Олардың экономикасы қарапайым, яғни, аңшылық және балық аулау кәсіптері еді.

Кельтеминар мәдениетінің үлкен тұрақтары (Сексеуіл, Көнту, Ақеспе, Қара-сандық, Шөлқұм, Тәмпі т.б.) Солтүстік Арал маңы мен Кіші Борсық құмдарынан табылды. Олар өмір сүруге жайлы, суға жақын аймақтарда орналасқан. Тастан жасалған еңбек құралдарынан басқа, қой, сиыр және құланның сүйектерінің табылуы алғашқы қауымдық тайпалардың отарлап мал өсіру кәсібіне өткендігін көрсетеді.

А. А. Формозовтың пікірінше, Арал маңында таралған кейінгі кельтеминар мәдениеті б.з.д. II мыңжылдығының басында афанасьев мәдениетінің даму-деңгейіне жетеді, сонымен қатар, андронов мәдениетіне көшкен кейбір нышандары да байқалады. Осы кезеңдерде, археологиялық деректер бойынша, Оңтүстік Арал маңында Сырдария өзенінің негізгі арналары қалыптаса бастайды. Б.з.д. III–II мыңжылдықтармен мерзімделетін Сырдарияның ежелгі арналары Інкәрдария мен Жаңадария бойындағы Жалпақ 1–6 және Қуаңдария бойындағы Есен-төбе, Қос мола 1–6, Талас, Аймора 1 тұрақтары осыған дәлел болады. Бұл Сырдарияның ежелгі бассейнінде екі бағытта су, аққандығын, яғни, Іңкәрдария арналарының жүйесі оңтүстіктен бастысқа қарай Әмударияның Ақшадария саласына барып қосылса, Сырдарияның орталық арналарының бөлігі Іңкәрдарияның оңтүстігінен солтүстікке қарай Қуаңдария сағасы арқылы, аққандығын көрсетеді.

Солтүстік Түгіскен кесенелері. Қола дәуірі Сыр өңірінде қызықты ескерткіштермен танымал. Солардың бірі — кейінгі қола дәуіріндегі көсемдер жерленген орын Солтүстік Түгіскен қорымы. Қорым Іңкәрдарияның құрғап қалған арнасын бойлай 400 шаршы метрге жуық ауданды алып жатқан 20-ға жуық ірі және шағын жерлеу құрылыстарынан тұрады. Олар қам кесектерден тұрғызылған және айнала жапсарласқан немесе жанынан топтасқан әртүрлі форма мен өлшемдегі жерлеу құрылыстарынан тұратын үлкен кесенелердің қиранды түрінде болып келеді.

Солтүстік Түгіскен қорымы — Орталық Азия мен Қазақстандағы қабір үсті құрылысының көлемі мен күрделілігі жағынан, сондай-ақ, қабірге салынған заттарының байлығымен және молдылығымен қола дәуірінің теңдесі жоқ бірден-бір ескерткіш.

Ұйғарақ және Оңтүстік Түгіскен қорымдары. Ерте темір дәуірінде Шығыс Арал өңірінің аумағы мен Оңтүстік Қазақстанның оған шектес аудандарын массагет-сақтардың құрамына кіретін этникалық топтар мекендеген. Олардың сол кездегі мәдениетінің ескерткіштері Сырдарияның төменгі бойындағы Ұйғарак және Түгіскен қыраттарында орналасқан обалы қорымдар болып табылады.

Түгіскен қорымы екі дәуірдің ескерткіштерін қамтиды. Бір тобы жоғарыда аталған б.з.б. IX–VIII ғғ. мерзімделетін Солтүстік Түгіскен кесенелері, екінші тобы сақтардың Оңтүстік Түгіскен деп аталатын обалы қорымы. Ол өз кезегінде екі кешенге бөлінеді, бірінші кешен 9, екіншісі 27 обадан тұрады. Оңтүстік Түгіскеннің барлық сақ обалары б.з.б. VII–V ғғ. тұрғызылған.

Ұйғарақтағы сол заманның 80 обасы үш топқа: шығыс, орталық және батыс топтарға шоғырланған. Олардан 70 оба қазылған.

Ұйғарақ пен Түгіскенде жерлеу құрылыстары әртектес болғанмен, жерлеу ғұрпы бірдей болып келеді.

Ұйғарақ пен Оңтүстік Түгіскеннің құм үйінділері астынан алуан түрлі жерлеу құрылыстары қазылып ашылды. Ұйғарақтан ашылған жерлеу ғұрпының бірі — мәйітті жердің бетіне, жеңіл қаңқалы, ағаш құрылыстың не күркенің ішіне, қамыс төсеніш үстіне жерлеу. Мұндай құрылыстардың сыртқы бітімі дөңгелек, сопақ немесе тікбұрышты болған. Олар Солтүстік Түгіскендегі қола дәуірінің қарапайым жерлеу құрылыстарына ұқсас. Оларды Солтүстік Түгіскендегі жерлеумен жақындастыратын белгі — өліктің басын батысқа қаратып жерлеу және ішінара өлікті өртеу салты. Жерлеу құрылыстарының екінші үлгісі — жерден қазылған шұңқырлар. Олардың бірнеше түрлері бар. Ұйғарақ пен Оңтүстік Түгіскен қорымдарында шығыстан батысқа бағытталған тікбұрышты үлкен жер шұңқырларға жерлеу түрі көп тараған. Лақаттар, ағаш бөренелерімен жабылып, олардың үстіне қамыс немесе ұсақ бұтақтар қабаты төселген. Шұңқыр айналасындағы ескі қабат пен қабір топырағын да қамыспен жауып тастаған. Сонан соң диаметрі 15–20 м, кейде 30 м-ге дейін жететін оба үйген. Қабірдің бұрыштарында тіреу орындары сияқты кішкене шұңқырлар жиі кездеседі. Кейбір қабірлерде лақаттың түбінен кабырғаны жағалай арықша казылған да, өлік «жер үстел» үстінде жатқандай болып көрінеді. Қабір бұрыштарындағы шұңқырлар сияқты мұндай «үстелдер» — Солтүстік Түгіскендегі кесенелерінен дәстүрге айналған белгілі жерлеу ғұрпының жергілікті тәсілдері.

Түгіскенде жерден қазылған шұңқырларға жерленетін обалардың тағы бір өзгеше тобы бар. Құрылыстардың бұл нұсқасы ортасында беті, ағаш бөренелермен жабылған жер шұңқыры бар, жан-жағы айнала қоршалған топырақ дуалдан тұрады. Дуалдың топырағы айналасындағы белдеулей қазылған орлардан алынған. Бұдан басқа топырақ дуалды қоршаған ор жанғыш материалдармен (шөпшекпен) толтырылған. Сонымен қатар, Ұйғарақта жер қабірлердің Түгіскенде жоқ түрі бар. Бұлар, негізінен, бұрыштары дөңгеленіп келген тікбұрышты тар молалар.

Жерлеу құрылыстарының осындай әр түрлі болуы, шамасы, отбасылық қатынастар жүйесін ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік кұрылымды, рулық қауымның эволюциясын да көрсетсе керек. Бұл, әсіресе, Ұйғарақ қорымындағы әр түрлі обалар топтарының үлгісінде ерекше айқын байқалады. Абыз әйелдер көп жерленген шығыс топтың молаларында кейінгі қола дәуірінен келе жатқан ғұрып-дәстүрлер айқынырақ байқалады.

Түгіскенде б.з.б. V ғ. бай қабірлер тобы айқын, аңғарылады. Олардың құрылымына тәнәрсе — кірер ауыздағы ұзын дәліз-дромос. Лақаттар өте терең болуымен ерекшеленеді. Өліктің басы шығысқа, солтүстік-шығысқа қаратып жатқызылады. Шұңқыр, әдетте, неғұрлым ертеректегі обалардағы сияқты қабырғаларымен емес, бұрыштармен бағытталған. Жерленгендер шалқасынан созылған күйінде, бастары шығыс-солтүстік-шығысқа қаратылып, кейде оларды лақат шұңқырларын қиғаштай, аяқтарын ромб тәрізді тізесінен бүгіп, өкшелерін ішке қаратып (ат үстінде отырған кейіпте) жатқызылған. Лақат шұңқырлары мен дромос ішінара тегіс етіп жабылған.

Сонымен, б.з.б. V ғ. обаларына тәнәрселер: лақаттардың бұрыштарындағы шұңқырлардың сақталуы, аз болғанымен, жерден қазылған қабірлер мен жер үстіне салынған жерлеу құрылыстарының катар қолданылуы, оттың жерлеу салтындағы елеулі рөл атқаруы. Бұлай деуімізге 1957–1963 жылдар аралығында С. П. Толстовтың жетекшілігімен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының (ХАЭЭ) Іңкәрдария маршрутының барлау отряды Сырдарияның оңтүстік шеткі арналарының Қызылқұм шөлді даласымен шектесетін аймақтарында, Жаңадария мен Іңкәрдария бойынан «шлакты обалар» деп аталатын жаңа ескерткіштердің тобын ашуы дәлел бола алады. Ескерткіштердің «шлакты обалар» деп аталуы оба бетінің шеңберлі жоспарда ірі шлактармен үйілуіне байланысты. Жекелеген обаларға жүргізілген алғашқы қазбалар бұл ескерткіштер тобын сақтар мәдениетінің шеңберіне жатқызуға және б.д.д. І мыңжылдықтың ортасымен мерзімделуіне мүмкіндік берді. «Шлакты обаларға» жасалынған қазбалар жерлеу ғұрпының өлікті өртеу түрімен байланысты екені анықталды.

Жерлеу орындарымен қатар Сырдарияның төменіндегі Жаңадария мен орта Іңкәрдария бассейндерінде б.д.д. VІІ-V ғғ. тұрақтар мен елді мекендер өмір сүрген. Олар өзен арналарының жағасында немесе су көздеріне жақын құм арасындағы ашық жазықтарды орналасқан. Бұл елді мекендер мен Түгіскен, Ұйғарақ обаларынан табылған заттардың және ортақ жерлеу ғұрыптарының ұқсас болуы бұл елді мекендерде өмір сүрген тұрғындардың көпшілігі осы аталған Түгіскен мен Ұйғарақ обаларында жерленген адамдардың бір бөлігін құраған деп болжам жасауға мүмкіндік береді.

Шірікрабат мәдениеті. Сырдарияның төменгі, ағысы бойындағы ертедегі сақтардың этникалык және мәдени байланыстарының кең өріс алуы, олардың шаруашылығының ерекшелігі, антропологиялық пішінінің кейбір айырмашылықтары оларды бір тайпа емес, үлкен тайпалық одаққа кірген туыстас бірнеше сақ тайпаларының ерекше тобы деп есептеуге негіз болады.

Сырдария сақтарының мәдениеті б.з.б. I мыңжылдықтың екінші жартысында гүлденген-деңгейіне жетті. Бұл кезеңде Іңкәрдария арнасы Жаңадария арнасына ауысып, негізгі су жолына айналады.

Б.з.б. I мыңжылдықтың екінші жартысы — Әмударияның төменгі, ағысында Хорезм мемлекетінің қалыптасып, нығайған кезі. Ежелгі егіншілікті оазис пен оның көшпелі шет аймақтарының арасындағы экономикалық және мәдени байланыстар бұл кезде ерекше маңызға ие болады. Сырдария сақтарының жерінде тек бекіністі ірі қоныстар ғана емес, қалалар да пайда болды. Олар егіншілік мәдениетінің ірі ошағы саналатын, қала мәдениеті мен қорғаныс жүйесі дамыған бекіністерімен және жерлеу ғұрыптарымен ерекшеленетін шірікрабат мәдениетіне топтастырылады. Бұл өркениет б.з.д. IV–II ғғ. қанатын кең жайып, Шірік-рабат қаласы Арал маңы сақтарының «дах» деп аталатын тайпасының астанасына айналған. Бұл мәдениетке Жаңадария бойындағы айналасында жергілікті қоныстар кешені мен дамыған суландыру жүйелері бар, көлемі кішірек, бекіністі Бәбіш-мола қала жұрты да жатады. Шірікрабат мәдениетіне жатқызылатын осы тектес тағы бір ескерткіш — Іңкәрдария бассейніндегі кішігірім бекіністі Баланды қалашығы. Оларға жақын маңда зәулім жерлеу құрылыстары бар. Оларда жергілікті, ақсүйектер жерленген және алуан түрлі жерлеу мүліктері қойылған.

Бұл қалалардың жоспарлануында және әскери-инженерлік құрылыстарында, архитектуралық-құрылыстык тәсілдерінде Хорезм оазисінің мәдениетінің әсері анық байқалады. Хорезмнің сақтар мәдениетіне ықпалы керамикалық өндіріс саласынан да көрінеді. Солай десек те, жергілікті дәстүр-де басымдыққа ие. Ол, әсіресе, жерлеу құрылыстарының құрылымы мен жоспарлануынан анық көрінеді. Кесенелердегі айқаспа төрт бөлімге бөлінген шеңбер тұрғысындағы жоспарлау принципіне ұқсас құрылыстар Хорезмнен кездеседі. Сірә, бұл жерде біз сақтардың өз көршілерінің мәдениетіне-де өз ықпалын тигізгенін көре аламыз.

Шірікрабат мәдениетінің Сырдың көне сағаларында өмір сүруін тоқтатқаннан кейін, қазақ ғана емес, Орта Азия халықтарының этногенезінің қалыптасуында орасан зор орны бар, дамып, гүлденуі мыңдаған жылға созылған атақты жетіасар мәдениеті Қуаң бойында қанатын жаяды. Бұл оазисте б.з.д. I мыңжылдықтың соңы мен б.з. VIII–IX ғғ. дейін тіршілік ошағы болған жалпы саны шамамен 50-ден аса қамал-қалалар бой көтерген. Оның 27-сі Жетіасар алқабында 5-7-дентоп-топ болып, Сырдарияның көне салаларының бірі Қуаңдария мен Ескідариялықтың ондаған ұсақ тарамдары мен қолдан қазылған оман арықтарының бойына салынған. Олардың қазіргі үйіндісінің биіктігі 18–20 м-ге жетеді. Асарлардың барлығы әртүрлі-деңгейде жасалынған қорғаныс жүйелерімен қоршалған. Қорған іші тұрғын-үй, зәулім сарай және қолөнер шеберлері тұратын бөліктерге бөлінген. Асарларды одан әрі зерттеу Қазақстан мен Орталық Азияны қазір мекендеп отырған ұлттар мен халықтардың құрылуы, қалыптасуы және даму тарихының бірден-бір жарқын дерегі болып табылады.

Жетіасар шатқалында 1946, 1948 жж. ХАЭЭ алғаш археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде С. П. Толстов алғаш болып жетіасар мәдениеті қалаларын құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты үш топқа бөледі: біріншісі — ғимараттары бар бекіністі үй-жайлар; екіншісі — мықты қорғаныс жүйесі бар (мұнаралары, бекіністі қақпасы), бірақ ішінде ешқандай құрылыс орны жоқ ірі қамалдар; үшіншісі — мықты қорғаныс жүйесі бар, сонымен қатар, ішінде көптеген әр түрлі тұрғын үй құрылыстары бар қамалдар.

Жетіасар ескерткіштеріндегі қазба жұмыстары 90-жылдарға дейін аракідік үзіліс жасап жалғасып келді. Ұзақ жылғы зерттеулер бұл мәдениетті өзара сабақтастықты көрсететін негізгі белгілерімен қатар, түрлі тарихи жағдайларға байланысты туындаған ерекшеліктеріне қарай үш кезеңге бөлуге мүмкіндік туғызды:

Жетіасар-I (б.з.д. І мж. аяғы — б.з. ІІ-ІІІ ғғ.) кезеңінде негізгі қалалар қалыптасып, мәдениет гүлденген. Экономикалық мәдени қарым-қатынастардың негізгі желісі этникалық тұрғыдан едәуір жақындығы бар отырар-қаратау мәдениетінің тайпаларымен екі арада өрбіген.

Жетіасар-II (б.з. IV–VI ғғ.) кезеңіне қарай жергілікті тайпаларға ғұн мәдениетінің әсері ықпал еткен. Осы кезеңдегі жетіасар мәдениетінің тайпалары тарихтағы «ақ ғұндар» (эфталиттер) бірлестігінің құрылуына ұйытқы болған.

Жетіасар-III кезеңіндегі (б.з. VII ғ.-IX ғ. басы) тайпалар өмірінде ірі қоныс аударулар орын алған. Үшінші кезеңінің аяғында Жетіасар шатқалы шөлге айналып, жетіасар мәдениеті өмір сүруін тоқтатады. Жетіасар мәдениетінің әсері Сырдарияның Аралға құйылысына одан әрі Әмудария сағасына өтіп, осы өлкелерде «кердері» мәдениетін қалыптастыруға қатысады.

Жетіасар І және ІІ кезеңдерінде (б.з. І мж. екінші жартысы) жетіасар тұрғындарының ортаңғы Сырдария аудандарындағы мәдениеттерден (отырар-қаратау, қауыншы) басқа көршілес аймақтармен-де тығыз байланыста болғандығын көреміз. Сол уақытта жетіасар мәдениетінің территориясы барынша ұлғайып, Әмударияның оң жағалауы мен Сырдария өзені арасындағы аудандарды қамтып, жетіасарлық халықтың үлкен бөлігі осы аймақтарға көшеді. Л. М. Левинаның пікірінше, Жетіасар ІІІ кезеңінде (VI–VII ғғ.) Жетіасар шатқалындағы ескерткіштердің басым көпшілігі өмір сүруін тоқтады.

Ортағасырларда Сырдарияның төменгі, ағысында табиғи-экологиялық ахуалдың өзгеріске ұшырауы, саяси-этникалық жағдайлар бұл ауданды мекен еткен тұрғындардың көшіп-қонуына, яғни, аймақтың тарихи сипатының түбегейлі өзгеруіне әкелді. Ортағасырларда қайта суланған Іңкәрдарияның және Жаңадарияның жағалауларында көптеген бекіністі қалалар пайда болып, Жетіасар шатқалының солтүстік-батысында, қазіргі Сырдарияның сол жағалауында Сортөбе І, Сортөбе ІІ сияқты қалалар бой көтереді. Сонымен қатар, Арал теңізінің шығыс маңында Кескен-күйік қала, Күйік қала, Жанкент сынды «батпақтағы қалалар» мәдениеті қалыптаса бастайды.

Сырдарияның төменгі, ағысындағы ортағасырлық қалаларды географиялық орналасу ерекшеліктеріне байланысты үш топқа бөліп қарастыруға болады: қуандариялық («батпақтағы қалалар»), іңкәрдариялық және жаңадариялық қалалар

Батпақтағы қалалар

IX–X ғғ. Қуаңдария жағалауында Жанкент, Күйік-қала, Кескен Күйік-қала сынды үлкен қалалар бой көтереді. Академик С. П. Толстов бұл қалаларды «батпақтағы қалалар» деп атаған. Оған себеп, олардың Қуаңдарияның дәл Аралға құяр атырауында, яғни, сулы да нулы, батпақты жерде орналасқандығы болса керек. IX–XI ғғ. бұл қалалар Оғыз мемлекетінің орталығына айналып, тарихи-этникалық, саяси, экономикалық байланыстарда маңызды роль атқарады. Бұл туралы әл-Якуби (IX ғ.), әл-Масуди (X ғ.), ибн Хаукал (X ғ.), ибн Русте (X ғ.), әл-Идриси (XI ғ.), Жувейни және Рашид-ад-Дин (XIV ғ.) секілді ортағасырлық араб, парсы тарихшылары мен географтарының еңбектерінде айтылады. Олар Шаш өзені бойындағы «оғыз қалалары» туралы баяндай отырып, Жанкентті Оғыз мемлекетінің астанасы деп көрсетеді.

Батпақтағы қалалардың пайда болған уақыты әзірге нақты белгісіз, ал ескерткіштердің бетінен жиналған материал олардың жоғарғы қабатын IX–XI ғғ. мерзімдейді. Қуаңдария бойындағы бұл қалаларды 1946 жылы ХАЭЭ зерттеп, жоспарын түсірді. С. П. Толстов осы ескерткіштерден алынған керамикалық материалдар негізінде бұл аймақта адамдар қола дәуірінде толық қоныстанды дей келе, «батпақтағы қалалардың" тарихы б.з.д. I мыңжылдықтың екінші жартысынан басталады деген пікір айтты. Бұл қалалар аймақтағы тарихи-этникалық процестердің шиеленісуіне және табиғи-экологиялық ахуалдың өзгеруіне байланысты X ғ. ортасы — XI ғ. өмір сүруін тоқтатады. Бұл жағдай оғыздардың оңтүстікке және батысқа қарай, оның ішінде, Үстіртке және Төменгі Еділ бойына қарай үдере көшуіне ықпал етті.

Кескен Күйік-қала — «батпақтағы қалалардың" ішіндегі көлемі жағынан ең ірісі. Көлемі 560×700 м. Қала шикі кірпіштен қаланған сыртқы қорған қабырғамен қоршалған. Оның қазіргі күні сақталған биіктігі 2 м. 1963 жылы ХАЭЭ жүргізген археологиялық қазба жұмыстары (жетекшісі Б. И. Вайнберг) қаланың ең мықты жоғарғы қабаты VII — IX ғғ. мерзімдеді. Сонымен қатар, жинақталған материал Кескен Күйік-қаланың дамыған қолөнер орталығы болғандығын, қала тұрғындарының керамика өндірісімен қатар, темір мен мыс балқыту және шыныдан ыдыстар дайындаумен шұғылданғанын көрсетті.

Жанкент қаласы Қызылорда облысы Қазалы ауданына қарасты Өркендеу ауылынан 1,5 шақырым жерде орналасқан. Үлкен аумақты алып жатқан бұл ескерткіш құрылымы мен бекінісі жағынан өзімен замандас қоныстардан өте ерекшеленеді.

Қаланың көлемі 415×230 м (шығыс бөлігінде 320 м). Ескерткіш формасы «Т» әрпі тәріздес, шығыстан батысқа қарай созыла орналасқан. Ескерткіштің шығыс бөлігі батысына қарағанда кеңірек болып келеді және сыртқы қорғаныс қабырғасы да осы бөлікте жақсы сақталған. Қамал қалдықтарынан қорғаныс қабырғасының жұмбаздалып құйылған өте үлкен блоктардан тұрғызылғанын көруге болады. Сыртқы қорғаныс қабырғасының бойында бір-бірінен 25–40 метр арақашықтықта орналасқан мұнаралар іздері сақталған. Жанкенттің басты қақпалары шығыс және батыс қорғаныс қабырғаларының дәл ортасында бір-біріне қарама-қарсы орналасқан. Қаланың цитаделі қаланың солтүстік-батыс бұрышын алып жатыр. Көлемі 100×100 м. Қаланың солтүстік бөлігі құрылыс қалдықтарының жиілігімен ерекшеленсе, оңтүстік бөлігі тегіс және ескерткіштің басқа бөліктеріне қарағанда өте төмен. Ескерткіштің солтүстік-шығыс бөлігінде солтүстік қабырғаға жалғасып салынған көлемі 60×70 м, биіктігі 3–4 м құрылыс байқалады. Сонымен қатар, қаланың солтүстік қабырғасының сыртқы жағынан жапсарластыра салынған жартылай дөңгелек пішінді қоршалған территорияның қалдығы сақталған.

Ортағасырлық араб тарихшысы әл-Идриси (XI ғ.) Шаш (Сырдария) өзенінің төменгі, ағысы бойын сипаттай келе: «Оғыздардың қалалары өте көп, олар солтүстікке және шығысқа қарай бірінен кейін бірі жалғасып жатыр» деп жазады (Материалы, 1939). Сонымен қатар, Сырдың төменгі, ағысында орналасқан Жаңа Гузия туралы айтып өтеді. Жаңа Гузияның, яғни, Жанкенттің Оғыз мемлекетінің саяси орталығы ретінде таңдалуына оның географиялық қолайлы аймақта, көшпелілер мен отырықшы-егіншілердің шекарасында орналасуы, оғыз далаларын Хорезм, Мауереннахр, Хорасан аймақтарымен жалғастырған дәліз қызметін атқаруы сынды факторлар әсер етті. Сонымен қатар, Жанкент арқылы қимақ даласымен Сарысу, Есіл, Нұра бойына баратын керуен жолы өтті. Бұл керуен жолы Сығанақ пен Оңтүстік Оралға кететін сауда жолдарымен-де жалғасты.

Араб тіліндегі жазба деректерде Жанкент қаласы Карьят ал-Хадиса, ал-Мадинаал-Джадида деп аталса, парсы деректерінде Дих-и-Нау, түркі тілінде жазылған еңбектерде Янгикент атауларымен кездеседі. Қазақша аудармасында барлық атаулар «жаңа қала», «жаңа қоныс» мағынасын береді.

Жанкент туралы мәліметтер IX–X ғғ. өмір сүрген ортағасырлық тарихшылар Ибн Рустенің «Китаб ал-а’алак ан-Нафиса», әл-Масудидің «Китаб мурудж аз-захаб», Ибн Хаукальдің «Китаб ал-месаликуа-л-мемалик» атты шығармаларында кездеседі. Араб тарихшысы Ибн Русте Жейхунның (Амудария) төменгі, ағысын сипаттай отырып: «… оның батыс жағалауында — Сиякух аталатын таулар, шығысында қалың өскен ну тоғай, оның арасынан жаяу немесе (атпен) жүріп өту мүмкін емес, жабайы шошқалар жүретін жолмен және жағалаудың солтүстік шетіндегі (жолмен) Жаңа қоныс аталатын (қала) тұрғындарының патшасы жүреді» десе, парсы географы Ибн Хаукал: «Жаңа Қоныста мұсылмандар тұрады, сонымен қатар ол — оғыздардың мемлекетінің астанасы. Оған жақын маңда Женд пен Хора (орналасқан), оның екеуінде-де мұсылмандар тұрады, ал билік оғыздардың қолында. Осы үшеуінің ішіндегі ең үлкені — Жаңа Қоныс. Ол Хорезмнен 10 күншілік жерде, Фарабтан 20 күншілік жерде орналасқан» деп жазады. Әл-Макдиси Шаш өзені бойындағы үш қала туралы жаза отырып, Женд, Харэ (Хварэ), Дих-и-Нау атты бұл қалалардың Хорезмнен 10 күншілік, Фарабтан 20 күншілік жерде орналасқандығын, оғыз патшасының қыста Дих-и-Науда қыстайтыны жайлы айтады. Араб тарихшысы әрі географы әл-Масуди 947 жылы жазылған «Китаб мурудж аз-захаб» атты шығармасында Жаңа қала (әл-Мадина әл-Джадида) туралы айта келе, онда мұсылмандардың тұратындығын хабарлайды.

Сонымен қатар, Жанкент тұрғындарының су жолы арқылы Хорезм жерімен сауда байланыстарын жасағандығы туралы да деректер кездеседі. Парсы тарихшысы Гардизидің жазбаларында Ертіс өзенінің бойын жайлаған қимақтарға апаратын сауда жолының Жанкент арқылы өткендігі жайлы дерек сақталған. XIV ғ. тарихшылары Рашид ад-Дин мен Жувейни өз еңбектерінде Жанкент қаласын «Шехркент» деп атаса, Махмуд Қашғари мен араб географы Абульфеданың шығармаларында Жанкент қаласы Янгикент атауымен кездеседі.

Жанкент қаласының зерттелу тарихы XVIII–XIX ғғ. басталады. Бұған себеп, біріншіден, ескерткіштің тоғыз жолдың торабында, яғни, Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстан жеріне баратын жолдардың қиылысында орналасуы болса, екіншіден, 1739 жылғы Әбілқайыр ханның Жанкентті бекініс ретінде пайдалану мақсатында қала орнын қайта қалпына келтіріп беру туралы Ресей патшасына жазған өтініші болса керек. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың өтініші бойынша 1740–41 жылдары Сырдың төменгі, ағысындағы аймақты Орынбор атты әскер полкінің поручигі Д.Гладышев пен геодезист Муравин өздерінің Орскіден Хиуаға сапары кезінде аралап көреді.

XIX ғасырдың ортасынан Сыр бойында алғашқы орыс бекіністері салына бастайды. Осыған байланысты өлкені зерттеу аясы кеңейіп, аймақтағы археологиялық ескерткіштер мен жергілікті халықтың өмір салты туралы, ақпараттар көбейе түседі. Бұл мәліметтер Ресей империясының П. И. Рычков, А.Левшин, А. И. Макшеев, В. В. Григорьев сынды әскери шенді қызметкерлердің еңбектерінде баяндалады. Олардың мерзімді басылым беттерінде жарық көрген хабарламалары мен есептері Қазақстан мен Орта Азияны зерттеушілер арасында үлкен қызығушылық туғызып, жан-жақты пікірталастардың тууына арқау болды.

Жанкент қаласын түбегейлі зерттеу 2005 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті тарапынан қолға алынып, бүгінгі күнге дейін мұнда отандық және ресейлік археологтардан жасақталған тұрақты экспедиция жұмыс жасап келеді.

Бірнеше жерден салынған қазба орындары қала тұрғындарының үй салу, жоспарлау техникасын жетік меңгергендігін, мал және егін шаруашылықтарын кешенді түрде жүргізгендігін дәлелдейтін материалдар беріп отыр. Қазба барысында табылған көптеген керамикалық, нумизматикалық материалдар қаланың беткі қабатын IX ғ. соңы-X ғ. ортасына дейінгі уақытпен мерзімдейді. Табылған тиындардағы жазулар олардың Хорезм жерінде соғылғандығын дәлелдесе, керамикалық бұйымдарды дайындау технологиясы және олардағы ою-өрнектер Жанкент халқының Оңтүстік Қазақстан, Хорезм және Волганың төменгі, ағысындағы елдермен тығыз қарым-қатынаста болғанын көрсетеді.

Күйік-қала — тіктөртбұрыш формалы, көлемі 145×290 м болатын үлкен қала жұрты. Қаланың солтүстік қабырғасының орта шенінде көлемі 50×50 м цитадель орналасқан. Қала ені 10 м-ге жуық аса терең емес ормен қоршалған. Қаланы зерттеу барысында керамикалық ыдыстармен қатар, тастан және шыныдан жасалған моншақ, сырға, балдақ, қапсырма секілді әшекей бұйымдар да жиналған. Кескен Күйік-қала және Күйік-қала ескерткіштерінен алынған керамикалық кешенді зерттеген Л. М. Левина бұл қалаларды мекендеген тұрғындардың мәдениетінде Жетісу жеріндегі керамика элементтерінің кездесетінін айта келе, жетіасар мәдениетінің ықпалы аса жоғары болғандығын атап көрсетеді.

Іңкәрдария бойындағы ортағасырлық қалалар

Іңкәрдария бойындағы оғыз кезеңіне жататын ортағасырлық қалалар 1959, 1960–1961, 1968 жж. ХАЭЭ зерттеулері негізінде ашылды. Бұл қалалардың пайда болуына Х-ХІ ғғ. Оғыз мемлекетіндегі саяси жағдайлардың шиеленісуі және осы уақытта Іңкәрдария арнасының қайта сулануы себеп болды. Қалалар негізінен Іңкәрдарияның шығыс жағалауында көптеп шоғырланған. Іңкәрдария бассейніндегі ірі қоныстар: Асанас, Сырлытам-қала, Заңғар-қала, Сайқұдық-қала және Қақ-қала.

Асанас қаласы Іңкәрдарияның Асанас-өзек деп аталатын арнасының бойында, Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 48 шақырым жерде орналасқан. Асанас атауы ортағасырлық тарихшы Жувейнидің еңбегінде 1219 жылы моңғол әскерлерінің Сығанақтан Жендке қарай бара жатқан жолында жаулап алынған қаланың бірі ретінде сипатталады. Моңғол шапқыншылығынан кейін Сырдың төменгі, ағысы бойымен өткен Плано Карпини өзінің «Моңғолдар тарихы» атты еңбегінде: «Бұл жерде біз сансыз қиратылған қалалар мен қамалдарды, көптеген бос қалған қоныстарды кездестірдік, бұл жерде бір үлкен өзен бар, оның аты бізге белгісіз; оның жағалауында Янкинт (Janckint) деп аталатын қала бар, тағы біреуінің аты Бархин, үшіншісі Орнас деп аталады және тағы да басқа аттары бізге белгісіз қалалар бар» деп жазған. П. Л. Лерх бұл аталған қалаларды Сырдарияның төменгі, ағысындағы ескерткіштермен сәйкестендіруге тырысты. Оның пікірінше, Орнас — Асанас, Янкинт — Янгикент, Бархин — Баршынкент қалалары болуы мүмкін. 1954 жылы ХАЭЭ Асанас қаласын тіркеуге алады. 1960 жылғы ескерткішті әуеден түсіру барысында Асанастың жоспарының Сырлытам кешенді ескерткішімен ұқсастығы белгілі болды.

Асанас дұрыс емес дөңгелек формалы және ескерткіш цитадель, сонымен қатар, қалаға жақын төбеде орналасқан мазарды қамтиды. Қала мықты мұнаралы қабырғамен және ормен қоршалған. Қалаға кіретін төрт қақпасы бар қорғаныс қабырғаның қазіргі сақталған биіктігі 5 м-ге жуық. Қабырғаның іргетасымен есептегендігі ені 15 м. Цитадель қаланың шығыс бөлігінде орналасқан. Оның аумағы 40×50 м, ал биіктігі 1 м. 1969 жылы қалада Н. Н. Вактурскаяның жетекшілігімен археологиялық қазба жұмысы жүргізілді. Бұл зерттеулер ескерткіштің стратиграфиясын, қаланың өмір сүру уақытын, сонымен қатар, оның топографиялық өзгешіліктері мен қаланың даму тарихының негізгі кезеңдерін белгілеуге мүмкіндік берді. Қазба барысында алынған материалдар қаланың пайда болу уақытын VII–IX ғғ., жоғарғы қабатын XV ғ. мерзімдеді. Хорезм экспедициясының зерттеулеріне дейін тарихи әдебиеттерде Асанас қаласын соғдылық саудагерлер тұрғызды деген пікірлер басым болды. Қазба жұмыстары Асанастағы қала мәдениетінің жергілікті сипатқа ие екендігін және оны тұрғызып, мекен еткен тұрғындар оғыздар болғанын көрсетті.

Сырлытам-қала — Сырлытам кешенді ескерткішінің бір бөлігі. Бұл кешен 1960 жылы ашылған. Жоспары дұрыс емес дөңгелек формалы, диаметрі 250 м. Өлшемі 70×70 м болатын цитадель қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан. Цитадельді үш жағынан айнала қабырға қоршайды. Цитадельге кіретін қақпа цитадельдің оңтүстік қабырғасында орналасқан. Цитадельдің қабырғасы мұнаралармен бекіністелген. Оның екеуі оңтүстік қабырғадағы қақпаның екі жағында, төртеуі цитательдің төрт бұрышында орналасқан. Сонымен қатар, әр қабырғаның ортасында бір мұнарадан салынған. Қала қабырғасындағы 26 мұнара биіктігі 3 м болатын төмпешік күйінде сақталған. Қалаға кіретін қақпа қабырғаның оңтүстік-батыс бөлігінде. Қаланың солтүстігінде қалаға жапсарлас салынған жарты шеңбер формасындағы алаң бар. Цитадельде және қаланың ішкі бөлігінде құрылыс іздері байқалады. Қаладан 250 м қашықтықта Сырлытам деп аталатын мазар орналасқан. Мазар шаршы жоспарлы, қабырғасының ұзындығы 10 м-ге жуық, кірпіштен тұрғызылған. Қабырғаларда қуыстар қалдырылған (ниша) және суреттермен көркемделген. Мазардың ішінде екі қатарға орналастырылған тоғыз бейіт бар. Мазар ХІ-ХІІ ғғ. мерзімделеді.

Заңғар-қала Заңғар-төбе шатқалында Сырлытамнан 3 шақырым солтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Ескерткіштің жоспары Сырлытамға ұқсас: шаршы пішінді цитадель, диаметрі 300 м болатын дөңгелек формалы, қалаға жапсарлас салынған қоршалған алаңқайды қамтиды. Заңғар-қаланың Сырлытам-қаладан айырмашылығы — оның екінші сыртқы қабырғасының болуы. Бұл қабырға егістік жерлерді және ғимараттарды қамтитын үлкен аумақты қоршайды. Керамиканың көп бөлігі жапсырмалы және ол қаланы Х-ХІІ ғғ. мерзімдейді.

Сайқұдық-қала ескерткіші Іңкәрдария арнасының бойында Сайқұдық деп аталатын жерде орналасқан. Қала 1959, 1960–1961 жж. ХАЭЭ тарапынан зерттелді. Қала жоспары ұлу формалы сопақша, қабырғамен және ормен қоршалған. Қала қабырғасы және қаланың біраз бөлігі шайылып кеткен, сақталған биіктігі 0,5–0,7 м. Қаланың өлшемі 100×120 м шамасында. Мұнарамен бекітілген қала қақпасы солтүстік-шығыс қабырғада орналасқан. Қақпа сыртқы бөлігінен ормен және каналмен қоршалған. Каналдың қалдығы қаланың шығыс қабырғасын толық айналып өтеді. Қаланың ортасында шаршы формалы ғимарат бар. Оның қақпасы солтүстік-шығыс бұрышында орналасқан. Бұл ғимарат та ормен қоршалған. Сайқұдық қаласының керамикасы негізінен көзе түріндегі жапсырмалы ыдыстар. Сонымен қатар, күйдіріліп, ашық түсті ангогпен көмкерілген шарықта жасалған ыдыстар да кездеседі. Керамикалық материал қаланы Х-ХІ ғғ. мерзімдейді.

Қақ-қала ІХ-Х ғғ. мерзімделеді. Хорезм экспедициясының есептерінде ол іздеу нүктесі № 6 (поиск № 6) деп тіркелген. Қақ қала 1972 жылы ашылған, ескерткіштің сақталу-деңгейі өте нашар. Қаланың ішкі бөлігінен тұрғын үйлер іздері көрінеді. Қаланың мәдени қабаты 1 м шамасында. Ескерткіш бетінен алынған керамика бір типті, яғни, қызыл қыштан шарықта және қолдан жапсырылып жасалған ыдыстарды құрайды.

Жаңадария бойындағы ортағасырлық қалалар

ІХ-ХІІ ғ. жататын қала типіндегі қоныстардың үшінші тобы Жаңадария бассейнінде орналасқан. Олардың кейбірі ХІV–XV ғ. дейін өмір сүреді.

Жаңадария бойындағы ескерткіштердің көпшілікке белгілісі — Женд қаласы. Ол Жаңадарияның оң жағалауында орналасқан. 1946 жылы бұл ескерткіш Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы тарапынан зерттеледі. Х ғ. өмір сүрген белгісіз автордың «Худуд әл-Алам» атты еңбегінде Женд оғыз қалаларының бірі ретінде сипатталады. Кейбір деректерде Женд ХІ ғ. ІІ жартысынан бастап Хорезм мемлекетінің шығысындағы шеткі бекіністердің бірі ретінде сипаттала бастайды. Женд Х-ХІ ғғ. хорезм-оғыз қарым-қатынастарының тарихында және Селжұқтар династиясының алғашқы көтерілу кезеңінде үлкен рөл атқарса, ХІІ ғ. бастап Хорезмге бағынышты аймақтың орталығы болады. Селжұқтардың Женд аймағына қоныстануы туралы деректер ХІ ғ. белгісіз автордың «Малик-наме» атты шығармасында кездеседі. Ибн әл-Асирдің хабарлауы бойынша 1065 жылы Шағры-бек Дауттің ұлы Селжұқ сұлтаны Алп Арслан Жендке жорық жасап, Женд соғыссыз беріледі. Ануштегиндер династиясынан шыққан хорезмшах Атсыздың ХІІ ғ. Жендті жаулап алуы туралы Жувейни хабарлайды. Оның айтуынша, Атсыз Жендке үлкен мән берген. Селжұқ сұлтаны Санжарға бағынышты бола тұра, ол 1137 жылы Жендті иемденіп, одан бөлініп кетеді. 1138 жылы Хазарасп түбіндегі шайқаста Атсыз Санжар сұлтаннан жеңіледі. Осылайша, ол біраз уақытқа Жендтен айырылып қалады. 1138–1152 жж. аралығында Женд аймағы қараханидтер иелігіне қарайды Жендтің әмірі болып қараханид Алп Арсланның баласы Кемал-ад-дин отырады. Атсыз Женд билеушісімен исламды қабылдамаған қыпшақтардың орталығы Сығанаққа жорық жасау үшін одақтасады. 1152 жылы Атсыз Жендті қайтадан жаулап алады да, оның билеушісі етіп өзінің үлкен ұлы Абдул-Фатх-иль-Арсланды қояды. Кейірінек, Жендті хорезмшах Текеш, одан кейін оның баласы Мәлік шах басқарады. ХІІ ғ. соңында Женд қыпшақтардың билігіне көшеді. 1193 жылы Жендтің билеушісі болып Қайыр Түке ханның жиені Алп Дерек отырады. ХІ ғ. бастап монғол шапқыншылығына дейінгі аралықта Жендтің маңызды болғаны соншалық, кейде Арал теңізін «Женд теңізі» деп те атаған. Аралдың бұлайша аталуы ортағасырлық автор Ибн-Наджиб-Бекранның «Джихан-наме» атты еңбегінде кезедеседі.

1220 жылы Жендті монғолдар жаулап алады да, онда біраз уақытқа дейін Жошының ордасы орналасады. Бұл туралы ортағасырлық автор Жувейни мен Рашид-ад-Дин хабарлайды. Женд қаласы монғолдарға соғыссыз берілген.

Монғол шапқыншылығы Сыр бойындағы қалалардың, сонын ішінде, Жендтің де қирап, тоқырауына әкелді. Бірақ ХІІІ ғ. ІІ жартысынан бастап Женд біртіндеп қалпына келтіріле бастайды. Бұған жазба деректермен қатар ХІІІ ғ. ІІІ ширегінде және XVI–XVII ғғ. Жендте соғылған тиындардың табылуы дәлел болады. ХІІІ ғ. ІІ жартысында Жендті көзімен көрген ортаазиялық ғалым Жамал Карши бір кездері өте бай болған қаланың бейшара күйге түскенін хабарлайды. Соған қарамастан Жендте қайнаған базардың бар екенін, мұнда пайда табу үшін жан-жақтан саудагерлердің әлі-де келетіндігін туралы жазады.

1958 жылы ХАЭЭ Б. А. Андрианов басқарған отряды Жендте және оның маңайында жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеулер нәтижесінде ескерткіштің жоғарғы қабатын мерзімдейтін көлемді керамикалық материалдар жинап алынды, сонымен қатар, Женд аймағының ежелгі суғару жүйесі зерттелді. 1961 жылы С. П. Толстов басқарған маршруттық отряд ескерткіште қайтадан жұмыс жасап, қаланың жоспары нақтыланды.

Женд қаласы Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 115 шақырым жерде, Жаңадарияның оң жағалауында, негізгі арнадан 4 км қашықтықта орналасқан. Қаланың көлемі 40 га. Қала аумағын қазіргі биіктігі 2 м болатын қабырға және ені 4–5 м болатын ор қоршаған. Қала дұрыс емес трапеция формалы. Ол солтүстік-шығысынан оңтүстік-батысқа қарай 600 м-ге, солтүстік-батысынан оңтүстік-шығысына қарай 500 м-ге созылып жатыр. Қаланың ортасында орналсқан цитадельдің көлемі 32×28 м. Цитадельді кең дәліз 2-ге бөледі. Әр бөлігінде 8-ден 10-ға дейін бөлмелер орналасқан. Ғимарат квадрат формалы, яғни, өлшемі 21×21×5 см шикі кірпіштерден қаланған. Цитадельдің есігі оңтүстік жағында. Оның солтүстік-шығыс бұрышында 8 бұрышты мұнара орналасқан, биіктігі 6,7 м. Мұнара пахса блоктарынан және шикі кірпіштен тұрғызылған. Мұнараның іргетас бөлігінің диаметрі 7,5 м, биіктігі 2,3 м. Мұнара қабырғасындағы биіктігі 60 см болатын пахса блоктары екі қатар өрілген шикі кірпішпен кезектесіп отырады. Жендтің керамикасы бірнеше тарихи кезеңдерге жатады. Ортағасырлық жазба деректер және археологиялық қазба нәтижелері Женд қаласының сауда және көші-қон жолдарының қиылысында орналасқан аса ірі экономикалық орталық ғана емес, Сырдарияның төменгі, ағысы мен Хорезмнің арасындағы этномәдени, саяси байланыстарда маңызды рөл атқарған қала болғандығын көрсетеді.

Бештам-қала (Ор-қала) ескерткішін 1946 жылы ХАЭЭ ашқан. Ол Сырдарияның төменгі, ағысындағы оңтүстегі ең шеткі қала болып табылады. Ол Жаңадарияның кепкен арнасының оңтүстік жағалауында орналасқан. 1959 жылы қала мұқият зерттелген. Қаланың көлемі 390×300 м болатын дұрыс емес тікбұрыш формалы. Қаланы екі қабатты қабырға және үлкен ор қоршайды. Қабырға пахса блоктарынан тұрғызылған. Қабырғалар бойында көптеген мұнаралардың іздері байқалады. Сыртқы қабырға ішкіге қарағанда төменірек. Екі қабырға арасында ені 20 м-ге жуық, тереңдігі 2–3,5 м болатын ор бар. Қаланың оңтүстік және солтүстік қабырғаларында қақпалар орналасқан. Қақпалардың құрылымы өте қызық. Қаланың солтүстік қабырғасында қақпа өзенге қаратылып салынған, демек, қалаға өзен арқылы жиналмалы көпірмен кірген болуы керек. Осы қақпаға қарсы өзеннің арғы бетінде құрылыс іздері сақталған үлкен үйінді байқалады. Қаланы солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған көше екі бөлікке бөледі. Қала ортасында өлшемі 23×23×4,5 см күйдірілген кірпіштен тұрғызылған төртбұрышты ғимарат бар. Ескерткіштен алынған керамика оны ХІІ-ХІІІ ғғ. мерзімдейді. 2005 жылы Бештам-қалаға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің отандық және ресейлік ғаламдармен біріккен археологиялық экспедициясы барлау жасады. Археологиялық барлау нәтижелері ескерткіштерге барудың және кірудің қазіргі күні өте қиын екенін көрсетті. Бүгінде қала маңайы және оны қоршаған қос қабырға аралығындағы ор қалың сексеуіл тоғайына айналған. Барлау кезінде жиналған керамикалық материал қаланың XIV ғ. да өмір сүргенін көрсетті.

Құм-қала бекінісі Жендтен 12 км жерде орналасқан. Ол — Жаңадарияның сол жағалауында орналасқан көлемі 300×400 м болатын төртбұрыш формалы ескерткіш. Қаланың бекініс жүйесі үлкен мұнаралары бар қабырғалардан және терең ордан тұрады. Ескерткіш бетінен жиналған материал ескерткіштің жоғарғы қабатын XII–XIV ғғ. мерзімдейді.

Қожақазған-1 бекінісі Жаңадария бойында орналасқан. Қала жоспары жағынан Сырлытам қала, Заңғар қала ескерткіштеріне ұқсас. Қаланың цитаделінің көлемі 120×120 м. Цитадель терең ормен қоршалған. Оны қоршаған қабырғаның қалдығы қазір биіктігі 4 м болатын үйінді күйінде сақталған. Қаланың сыртқы қабырғасы екі жағынан Жаңадарияға барып тіреледі. Материалдардың көпшілігі бекіністі ерте ортағасырлармен мерзімдесе, кейбір бірлі-жарым олжалар қаланың XIV–XV ғғ. өмір сүргенін көрсетті.

Жоғарыда сипатталған ескерткіштер мен мәдениеттер Сырдарияның төменгі, ағысының, яғни, ғылыми әдебиеттерде Шығыс Арал маңы, географиялық сипаты жағынан Тұран деп аталатын аймақтың адамзат дамуы мен өркениет дамуында үлкен роль атқарған, Еуразия құрлығының кіндігінде орналасып, мыңдаған жылдар бойы Батыс пен Шығысты жалғастырған алтын көпір іспетті киелі мекен екендігін дәлелдейді.

Тәжекеев Әзілхан Әуезханұлы
Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу
орталығының жетекшісі, т.ғ.к.

Сыдықова Жайна Темірбекқызы
Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу
орталығының ғылыми қызметкері

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?