Даму шежіресі тым әріден басталатын қазақ мұнай өнеркәсібінің бай тарихы бар. Қазақ жеріндегі «қара алтынның» өнеркәсіптік өндірілуін жаһанға жария еткен Қарашүңгілдегі бастапқы мұнай бұрқағы атқылағалы бері міне, 114 жыл өтті. Қазақстанның жері көмірсутекті ресурстарға өте бай. Бүгінгі күні біздің жеріміздің астындағы мұнай-газ қоры 40 миллиард баррельді немесе 5,3 миллиард тоннаны құрайды. Бұл тек барланып, нақтыланған қорымыз, ал әлі де жеріміздің астында мұнай мен газдың нақтыланбаған қоры қаншама! [1, 8 б.].
Осындай зор мүмкіншілігі бар Қазақстанның батыс өңіріндегі мұнайды игеру, осы салада жеткен жетістіктер мен қиыншылықтар туралы бірнеше бағытта жан-жақты талдау жасалынып, зерттелген еңбектер жарық көрді.
Орал-Ембі мұнай кәсіпшіліктері тарихын зерттеу ХІХ ғасырда-ақ басталған деуімізге болады. Өйткені нақ осы ғасырда қазақ мұнайы туралы хабарлар Ресей үкіметіне жетіп, олардың заңды қызығушылығын туғызды. Жергілікті қазақтар жалпы мұнайдың емдік қасиеттерін білгенімен, өнеркәсіпте пайдалануды, оны өндіріп, мол пайда табуды кәсіп қылмады. Мұнайлы өлкені зерттеп, оның қойнауында «қара алтынның» молдығын анықтауда қазақ даласын шарлаған тау-кен инженерлері, саяхатшылар, геологтар мол үлес қосты. Олардың Ресей үкіметіне, ғылыми қоғамға тапсырған есептерінде Орал-Ембі мұнайы жөнінде алғашқы жинақталған ой-пікірлері жарияланды. Осы өңірде байлықтың мол қоры шоғырланғаны жайлы натуралист Г.С. Карелин 1832-1836 жылдары Каспий теңізін суретке түсіру кезінде байқағанын, ал 1860 жылы географ Н.А. Северцов аталған аймақтың мұнайгаздылығы жөнінде алғаш мәліметтер келтіргендігін В.А. Есаков «Н.А. Северцов алғашқылардың бірі болып Ембі бассейнінің мұнайын ашты... » деп жазды [2].
Біздің зерттеу нысанымыз болып отырған мәселенің тарихнамасын 2 кезеңге бөліп қарастыруға болады: І кезең - Батыс Қазақстандағы мұнай тасымалы құбырларының қалыптасуына байланысты кеңестік дәуірдегі тарихнамалық кезеңі 1920-1991 жж. қамтиды. ІІ – кезең 1991 жылғы Тәуелсіздік алғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі отандық тарихқа жаңаша көзқарастың қалыптасуымен байланысты.
Кеңес Үкіметінің алғашқы жылдарында Орал-Ембі ауданын зерттеуге осы мұнайлы өңірмен жақсы таныс ғалымдар Ц.Л. Фридман, Н.А. Толстоногов, С. Богдановский Қазақстан мұнай өнеркәсібі тарихын 1899 жылғы Қарашүңгілден бастап, 1925-1928 жылдарға дейінгі мәселелерін тұңғыш рет нақты зерттеп, таныстырды. Олардың еңбектері бұған дейінгі зерттеулерден өзіндік ерекшеліктері болды. Мысалы, Н.А. Толстоноговтың еңбегінде, автор мұнайлы өңірдің тарихи дамуын біршама сипаттай отырып, техникалық жағынан жетілдірілген суреттермен көркемдеген, сонымен қатар ауданның орналасу картасын жасаған. Бұған қоса, 20-ға жуық салыстырмалы кестелер беріліп, онда 1911-1930 жж. мұнай өндірудің мәселелері қарастырылады.
Орал-Ембі ауданынан мұнай өндіру жөнінде 1935 жылдың қараша айында өткен КСРО ғылым Академиясының арнайы сессиясында талқыға түсті және оның материалдары кейін «Большая Эмба» деген атпен екі томдық жинақ болып жарыққа шықты. Бірінші томда Орал-Ембі мұнайының қорлары жайында мәліметтер бар [3].
Азамат соғысы мен шетелдік интервенция жылдарындағы аталған саланың тарихи-экономикалық аспектілерін танып-білуде С.Ө. Өтебаев пен К.Е. Темірғалиев жазбалары негіз болды. Бірінші бесжылдықтағы Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің дамуы жайлы деректер – Г. Чулановтың, Н. Кейікбаевтың, С.М. Лисичкиннің [4] еңбектерінде көрініс тапқан. Бұл зерттеушілер, бұрынғы КСРО-ның мұнай өнеркәсібінің мүмкіншілігін сипаттай келе, Қазақстанның мұнайлы кен алқаптарына аса көңіл бөлмеген, тек жалпылама шолулармен шектелген.
Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі еліміздің мұнай өнеркәсібінің даму мәселелері М.Қ.Қозыбаевтың, П.Р.Буркаткиннің, А.Д. және Л.А. Будковтардың туындыларында ерекше орын алды. Сұрапыл соғыс жағдайындағы Қазақстанның мұнай саласындағы өзгерістері, Гурьев айлағы құрылысының тарихы және мұнай өнімі құбырлары мен трубақұбыр көлігі кешені құрылысы жайлы Е.Н.Иманқұловтың, К.Е.Темірғалиевтың, Л.Е.Файннің [5] ғылыми мақалаларында беріледі. Еңбектердің басым бөлігінде ХХ ғасырдың 20-50-шы жылдардағы тек кенді өндіру саласын зерттеуге көп көңіл бөлінген, ал көліктік инфрақұрылымды дамыту мәселелері назардан тыс қалған.
ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап Батыс Қазақстанның мұнайгаз өнеркәсібінің даму тарихын, әсіресе Орал-Ембі мұнайлы бассейнінің мүмкіншілігін білуде Т. Шәукенбаев, Е.И. Сауткин, С. Нейштадт, В.И. Кольцов, К. Кетебаев, К.Симаков, Е.Д. Шашин және тағы басқа қазақстандық ғалымдардың еңбектерін жатқызуға болады. Жұмыстардың ішінде ерекше маңыздысы К.Е. Темірғалиевтің еңбегі [6]. Оның еңбегі алғаш рет жарты ғасырлық (1920-1950жж.) мұнай өнеркәсібінің даму тарихын сипаттайтын бірден-бір қолтаңба болып саналады. Ал Т. Елеуов, А.С. Елагин, К.Н. Нұрпейісов, З.А. Алдамжаров [7] еңбектерінде Кеңес үкіметінің халық шаруашылығы бойынша Қазақстанда жүргізілген алғашқы іс-шаралары баяндалған. Әсіресе, өлкедегі кәсіпорындарды мемлекет меншігіне айналдыру саясатының тарихы қажетті статистикалық есептермен көркемделген.
Кеңес Үкіметі соғыстан кейін мұнайлы аймақты қалыпқа келтіру үшін ең алдымен мұнайшы инженерлерге зәру болды. Сол үшін «еңбек мобилизациясын» жариялады, мұнайшылардың алғашқы толқыны қалыптаса бастады. Осыған байланысты қазақ мұнайшыларының еңбектеріне А. Нүсіпбеков, Ғ.Н. Нығметов, М.Х. Асылбеков, Т. Қожамқұлов, С. Шәріпов [8] тағы басқалар өз шығармаларын арнады. 1980 жылдардағы еліміз бен шетелдердегі мұнай тасымалы құбырларына сипаттама берген Б.Е. Щербиннің, А.Б. Беккуловтың, П.А. Шевченконың [9] бірқатар еңбектері жарық көрді.
Ал ХХ ғасырдың 60-80-ші жылдары мұнай кенорындарын игеруге зор қызығушылықтар арта түсті, мұнай өнеркәсібінің дамуына біршама жағдайлар жасалынды, көліктік инфрақұрылымның құрылуына бастама болды. Осы аралықтарда мұнай құбырлары құрылымы бір бағытта дамыды. Қазақстандағы барлық труба құбырлары өзара байланыспады. Бұл әрине кеңес билігінің Қазақстанды тек шикізат базасына айналдыру саясатының айқын көрінісі еді, тіпті мұнай өңдеу зауыттары да елімізден тыс жерде салынды [10, 7-9 бб.].
1991 жылдардан бастап республикада қарастырып отырған мәселенің оңы мен солын айқындайтын зерттеулер жарық көре бастады. Қазақстандық тарихнамада еліміздің мұнайшыларының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, өмір сүру деңгейі, және мәдени-тұрмыстық мәселелері Ж.М. Асылбекова, М.Е. Шайфутдинов, М.У. Есалиева, Н.А. Абдоллаев [11] және тағы басқа тарихшылар еңбектерінде қарастырылды. Нарықтық экономиканың қалыптасуы кезеңінде мұнайгаз өнеркәсібі тарихын зерттеп білуге қызығушылықтар арта түсті. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мұнай кәсіпшілігін зерттеу одан да зор қарқынмен жүргізіле бастады. Қазақстан Республикасының мұнай өнеркәсібіне шетелдік қаражатты енгізуді оңтайландыру, шикізатты алыс және жақын шетелдерге құбырлармен тасымалдау мәселесін экономикалық тұрғыдан бағалған Е.С. Карибжанов, К.Г. Рахметова, М.Т. Чердабаев, В.В. Белоусов, Г.А. Омарова [12] туындылары болды.
Қазақстан мұнай кәсіпшіліктерінің игерілуі мен 1940 жылдарға дейінгі даму тарихы ой елегінен өткізілініп, оның кешегі Ресей империясы мен Кеңес заманындағы жағдайлары талданған Ә.Қ. Мұхтаровтың монографиясы болса, Ұлы Отан соғысы қарсаңы мен соғыс жылдарындағы республикамыздың мұнай өнеркәсібінің тарихына байланысты оның Ұлы Жеңіске қосқан үлесі жөнінде зерттелінген Қ.С. Мұхитов және Л.Н. Нұрсұлтанованың [13] шығармаларының маңызы зор. Бұл жұмыстар көптеген тарихи процестерді жаңаша бағалауда ниет еткен бірден-бір еңбектер болып табылады.
Нарықтық экономикадағы мұнайгаз кешеніне қатысты мәселелерге осы іспен тікелей байланысы бар Н.К. Надировтің, А. Атшыбаевтың туындылары арналған [14]. Көптеген зерттеушілерді қызықтыратын мұнай қорына бай Каспий аймағы еді. Ол туралы М.Т. Лаумулин еңбегі, А.К. Нұршаның кандидаттық диссертация ізденісінің негізгі объектісі болды [15]. Ақтөбе мұнайының кешегісі мен бүгіні туралы деректер жинаған З.Б. Байдосов бастаған авторлық ұжымның зерттеуі және «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ қызметін зерттеуге көп көңіл бөлген тарихшы Г.І. Көбенованың 2008 жылы Ақтөбе облысының мұнайгаз кешенінің дамуына арналып толық көлемде зерттелген монографиясы жарық көрді. Ал Батыс Қазақстан өңірінің материалдары негізінде Л.С. Серікованың 1985-2000 жылдар шеңберіндегі Қазақстан мұнайгаз кешенінің дамуына жазылған диссертациясы қорғалды [16].
ХХ ғасырдың соңы ХХІ ғасырдың басында Қазақстан көмірсутек қоры мол алпауыт мемлекеттер қатарына еніп, әлемдік энергетикалық сауданың қалыптасуы мен жағдайына өзіндік ықпал ете бастады. Қазақстандық супер-алпауыттар - Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарының байлығы, Каспийден бастау алатын ірі мұнай тасымалдау бағыттарының келешектегі мүмкіншіліктері, Атырау-Самара, Каспий Құбыржелілік Консорциумы (КҚК) құбырларының салыну барысы, оларға белсене ат салысқан шетелдік ірі мұнайгаз корпорациялары мен басқа елдердің ұстанымдарына кең көлемде сараптама жүргізіліп, саяси тұрғыда жазылған А. Абишевтің, В.А. Гусейновтың [17] еңбектерін атап өтуге болады.
Дегенмен де, отандық тарихнамада мұнай құбырлары жүйесінің қалыптасуы мен дамуын зерттеуге көңіл бөлінбеді, тек мұнай өнеркәсібінің тарихын танып білуге аса мән берілді. Еліміздегі мұнай өнеркәсібі мен мұнай құбырлары жүйесі ортақ бір басқарманың құзырында болмады, олар бөлек сала күйінде қалды. Тарихнамада мұнай құбырларының қалыптасу тарихы жүйелі зерттелмеді, тек техникалық тұрғыда насихатталды. Сол олқылықтың орнын толтыруға мен де тарихшы ретінде біршама тың деректерді келтіріп, жаңаша көзқараста зерттеуді алдыма мақсат етіп отырмын.
Сонымен біз зерттеп отырған ғылыми жұмыстың өзектілігін, маңыздылығын одан әрі білу үшін тек тарихи тұрғыда жазылған еңбектерді қолданумен шектелмедік, саяси-экономикалық, ғылыми-техникалық бағытта жазылған еңбектерді пайдалануға да тура келді.
Тақырыпты жан-жақты тереңнен қарастырып, зерттеуде пайдаланылған деректердің негізін бірнеше топтарға бөлуге болады: 1) Заңдық актілер мен нормативтік қаулылар, 2) Іс қағаз құжаттары, 3) Статистикалық санақ деректері, 4) Мерзімді баспасөз материалдары, 5) Естелік жазбалар. Мақала барысында ҚР (Алматы: ҚР ОММ, ҚР ПМ), РФ (Мәскеу: РМЭМ) және Атырау (Ат.ОММ), Маңғыстау (МОММ), Ақтөбе (АОММ) облыстық мұрағат қорларының материалдары деректік негіз болды. Соларға тереңірек тоқталып өтсем:
1. Заңдық актілер мен нормативтік қаулылар. Алғашқы заңдық актілер негізін Ресей Мемлекеттік Экономикалық мұрағатындағы КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігінің №70-ші қордың, «құпия құжаттар» деп белгі соғылған 2959-істегі «Өзен-Құлсары-Куйбышев» мұнай құбырын Одақтық мемлекеттік сыйлыққа ұсыну туралы қаулысы алынды. Ол кезеңде Қазақстан мұнай кәсіпшілігі Одақ көлемінде мемлекеттік маңыздылығы болғандықтан тікелей Мәскеудің бақылауында болатын.
Осы мұрағаттағы №4372 – қордан КСРО Министрлер Кеңесінің мемлекеттік жоспарлау комитетінің құжаттарының деректік негізін жұмыста пайдалану біз үшін өте құнды болды. Онда Қазақ КСР Маңғышлақ түбегінің өндірістік кәсіпорындарына көліктік қызмет көрсету туралы шешімдері берілген. Ал, №5746 – шы қорда «Ембі-Саратов» құбырын салу басқармасы» қорының құжаттарында Ембі мұнайлы ауданынан Саратовқа дейін құбыр салу төңірегінде көтерілген қаулылары жиі кездеседі. №8729 – қорда Мұнайды өндіру мен мұнай өнімдерін тасымалдаудың Бас басқармасының құжаттарында басқа да мұнайға қатысты қаулы, шешімдер жинақталған. Бұл қаулылардан өңірдегі мұнай саласын дамытуға байланысты Орталық биліктің өктемдік күшін жиі пайдаланғанын оңай байқауға болады.
Сонымен бірге Ат.ОММ-ның №146 – шы қорынан КСРО Мұнай өнеркәсібі Министрлігі «Эмбанефть» өндірістік бірлестігінің 1920-1990 жж. құжаттары; №289 – қордан, «Главтранснефть» бірлестігіне мұнай жеткізу мен Батыс Қазақстан магистралды мұнай құбырлары басқармасына (1936-1980 жж.) арнап шығарылған қаулылары жөніндегі құжаттары және 1999 жылы жарық көрген «Қазақстан Республикасының мұнай заңы» жинағы, жұмысымыздың деректік негізін байыта түсті. Онда Елбасымыздың «Мұнай туралы», «Жер туралы», «Пайдалы қазбалар мен оларды пайдалану туралы» бұйрықтары мен нұсқаулары да бар.
2. Іс қағаз құжаттары ҚР ОММ-ның №206 КСРО ауыр өнеркәсібі министрлігі Қазақ КСР ауылшаруашылық комитеті қорындағы екінші бесжылдықтағы Қазақстанның ауылшаруашылығын дамытуға арналған арнаулы мәжіліс отырыстардың хаттамалары, қабылданған шешім, қаулылар, бұйрықтар мен нұсқаулары зерделенді. №823 – шы қордан «Доссор-Ракуша» мұнай құбырымен өнімді тасымалдаудың нәтижелеріне арналған есептері, №962–шы қорда Қазақ АКСР мемлекеттік жоспарлау комитетінің хаттамалары, стенограммалары және Қазақстандағы мұнай кәсіпшіліктерінің игерілу тарихына, қазақ мұнайшы мамандарының қалыптасуына, Кеңестік замандағы Батыс Қазақстанның әлеуметтік – экономикалық, қоғамдық мәселелеріне қатысты құнды құжаттар сақталған.
Сонымен қатар іс қағаздарға байланысты Ат.ОММ-ның №130 – қорынан ҚР Мұнай және Газ Министрлігі «Оңтүстікмұнайқұбыры» өндірістік бірлестігінің Балықшы мұнай құбырлары басқармасының (1971-1979 жж.) құжаттары, №1092 – қордан Гурьев облыстық комитеті Халықтық бақылауының (1963-1990 жж.) мұнай саласына, құбыр көлігіне қатысы бар деректер; МОММ-ғы №322 – қордан алынған КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігі «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігінің материалдары; АОММ-ғы №13 – қордан Ақтөбе облыстық коммунистік партиясы құжаттары, №1535 – қордан «Актюбнефтеразведка» трестінің геологиялық-іздеу бөлімшесінің материалдары, №1622 – қордан Ембі мұнай өнеркәсібінің Солтүстік аудандары басқармасының құжаттары және т.б. облыстық Мемлекеттік мұрағаттарындағы қорлардың деректері (оның ішіндегі хаттамалары, әкімшілік құжаттардағы шешім-қаулылары, бұйрықтары мен нұсқаулары) зерделенді.
Деректердің басым бөлігін әр облыстық партия, кеңес ұйымдарының шешімдері, отырыс құжаттарының хаттамасы, табиғи кен орындар мен шикізатты тасымалдауға арналып салынған арналардың даму барысы туралы деректер құрады. Каспий-Орск, Өзен-Гурьев-Куйбышев, Қаламқас – Қаражанбас – Шевченко, Өзен-Жетібай-Шевченко т.б. мұнай құбырларына қатысты Үкіметтің арнайы қабылдаған бағдарламалары мен тапсырыстары.
3. Статистикалық санақ деректері, шолулар мен құжаттар жинағы сияқты жарияланған материалдарды есепке аламыз. Зерттеу жұмысында статистикалық көрсеткіштердің әр жылдық жинақтары пайдаланылды. Мысалы, «КСРО-ның халық шаруашылығы», «Қазақстанның халық шаруашылығы», «КСРО мұнай-газ өнеркәсібінің есептері», «ҚР ішкі экономикалық қызметі» және басқа да жинақтарды қосуға болады. Және де ҚР ПМ-нің №708 – қорындағы (1937-1991 жж.) мұнайлы батыс өңірдің кен орындары (Прорва, Қараарна, Боранкөл, Мартыши т.б.), ірілі-ұсақты мұнай құбырлары жөнінде, мәселен, Мақат-Нармұнданақ, Мақат-Доссор, Байшонас-Қарсақ, Қаратон-Қосшағыл және жалпы мұнайшылар-мамандар жөнінде маңызды мәліметтер алынды.
4. Мерзімді баспасөз материалдары біздің зерттеу жұмысымыздың мәселелерін жүйелі түрде қарастыруға зор мүмкіндіктер берді. Бұл топтағы дерек көздеріне бұрынғы Одақ пен тәуелсіз Қазақстанның баспасөз материалдары жатады. Одақ көлемінде: «Мұнай ісі», «Мұнай шаруашылығы», «Мұнай», «КСРО мұнай өнеркәсібі», «Мұнай-газ» журналдары жарық көрді. Одақ кезіндегі және көк байрағымызды желбіреткен жылдарынан бастап құнды деректер қатарына енген «Социалистік Қазақстан», «Коммунизм жолы», «Маңғыстау», «Егемен Қазақстан», «Алтын Орда» және т.б. басылымдар мұнай туралы маңызды ақпараттар береді.
5. Деректердің келесі тобына партия және мемлекет қайраткерлерінің баяндамалары, мұнай шаруашылығы мамандарының естеліктері және мемуарлық еңбектері енді. Аталған деректер белгілі кезеңнің өзгерістерін, халықтың қарапайым өмір-тіршілігін жан-жақты қарастыруға негіз болды. Осы бағыттағы деректер Облыстық Мемлекеттік мұрағаттарындағы қорларда да жиі кездеседі. Мысалы, Маңғыстау ОММ (№154, №173, №174, №175, №179, №186) қорлары өте көп деректерді береді. Бұл деректерден Оңтүстік магистралды мұнай құбырлары басқармасының қызметі, құрылымы туралы және осы мұнай кәсібі саласына бүкіл ғұмырларын арнаған, еліміздің мұнай-газ өнеркәсібінің дамуына тікелей ат салысқан, еңбектері ұшан-теңіз мұнайшылар жайлы көптеген құнды мәліметтер алынды.
Жалпы осы шоғырланған құнды дерек көздері Батыс Қазақстан аймағының мұнай тасымалы құбырларының даму тарихын кең ауқымда зерттеуге мол мүмкіндік береді. Елбасы тәуелсіздіктің он жылдығына арналған салтанатты жиында «ХХІ ғасыр – Қазақстан мұнайының ғасыры» деген болатын. Қазақстан әлемдегі мұнай өндіруші жетекші елдер қатарына кіруді көздеп отырғанын да атап өтті. Осы саланың өткені мен бүгінгісін зерттеп, меңгеру өте маңызды деп ойлаймын.
Әдебиеттер тізімі:
1 Шырдабаев Р. Қазақ мұнайының ғасырлық тарихы бар // Егемен Қазақстан. – 2009, қыркүйек – 4. – 8 б.
2 Карелин Г.С., Есаков В.А. Путешествие по Каспийскому морю // Записки РГО по общей географии. 1883 География России в ХІХ – начале ХХ вв. -М., 1878. - Т.Х. - 177 с.
3 Фридман Ц.Л. Эмбинская нефтяная промышленность // Горное дело. – 1921. – №1-2. – С. 25.; Толстоногов Н.А., Богдановский С. Нефтяная промышленность СССР в 1926-1927 гг. – Баку, 1928. – 115 с.; Толстоногов Н.А. Эмба. Итоги и перспективы работы в Эмбинском нефтеносном районе. – М.-Л., 1931. – 110 с.; Большая Эмба. - М., 1937. - Т.1. - 56с.
4 Өтебаев С.Ө. Наша нефтяная // Наша Эмба нефтяная. - Гурьев, 1961. – С.17-24.; Темірғалиев К.Е., Ленин В.И. о нашей Эмбе //Наша Эмба нефтяная. - Гурьев, 1961. – С.25-36.; Чуланов Г.Промышленность Казахстана за годы Советской власти. – Алма- Ата, 1951. – 101с.; Кейікбаев Н. Промышленность Казахстана в первой пятилетке. – Алма-Ата: Казгосиздат, 1951. – 95 с.; Лисичкин С.М. Очерки по истории развития отечественной нефтяной промышленности. – М. - Л., Гостоптехиздат, 1954. – 343 с.; Лисичкин С.М. Очерки развития нефтедобывающей промышленности СССР. – М., 1958. – 240 с.
5 Қозыбаев М.Қ. Казахстан – арсенал фронта. – Алма-Ата,1970. – 476 с.; Буркаткин П.Р. Западный Казахстан в годы Великой Отечественной войны(1941-1945гг.): автореф. ... канд. ист. наук. – Алма-Ата, 1967. – 27 с.; БудковА.Д., Будков Л.А. Нефтяная промышленность СССР в годы Великой Отечественной войны. – М.: Недра, 1985. – 248 с.; Иманқұлов Е.Н. Перестройка работы нефтяной промышленности Казахстана на военный лад в первые годы ВОВ // Общест. Науки. Темат. Сб. - Алма-Ата, 1965. - Вып.6, ч.2. – С. 77-78.; Темірғалиев К.Е. Перестройка партийно-политической и хозяйственной работы в нефтяной промышленности на военный лад // Общест. Науки. Сб. ст. проф.-преп. состава ВУЗов. - Алма-Ата, 1969. - Вып.1. - С. 39-50.; Файн Л.Е. Некоторые вопросы развития нефтяной промышленности Казахстана в период ВОВ // Общест. Науки. Сб. ст.аспир. и соис. - Алма-Ата, 1965. - Вып.7. - С. 152-165.
6 Шәукенбаев Т. Урало-Эмбенский нефтеносный район. – Алма-Ата: Казгосиздат, 1960. – 226 с.; Сауткин Е.И. Профсоюзы в борьбе за развитие нефтяной промышленности Казахской ССР (1928-1930 гг.). – Уфа, 1960. – 143с.; Нейштадт С. Экономическое развитие Казахской ССР. – Алма-Ата: Казгосиздат, 1960. – 364 с.; Кольцов В. Развитие промышленности Казахстана. – Алма-Ата: Казгосиздат, 1961. – 284с.; Шашин Е.Д. Нефтяная промышленность СССР. – М., 1971. – 155 с.; Темиргалиев К.Е. Борьба за нефть Казахстана (Партийное руководство развитием нефтяной промышленности. 1920-1970 гг.). – Алма-Ата: Казахстан, 1982. – 180 с.
7 Елеуов Т. Становление и упрочнение Советской власти в Казахстане. – Алма-Ата, 1961. – 116 с.; Нұрпейісов К.Н. Становление Советов в Казахстане. – Алма-Ата: Наука, 1987.– 240 с.; Алдамжаров З.А. Победа Великой Октябрьской Социалистической революции в Казахстане (Историография проблемы). – Алма-Ата: Казахстан, 1983. – 176 с.
8 Нусупбеков А.Н. Формирование и развитие советского рабочего класса в Казахстане /1917-1940/. – Алма-Ата, 1966. – 171 c.; Асылбеков М.Х. Формирование и развитие кадров железнодорожников Казахстана (1917-1970 гг.). – Алма-Ата, 1973. – 328 с.; Қожамқұлов Т. Подготовка нефтяных рабочих кадров в Казахстане. - Алма-Ата: Казахстан, 1972. - 231с.; Шәріпов С. Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы, 1982.
9 Щербин Б.Е.Магистральный трубопроводный транспорт на рубеже 80-х годов. – М.: Недра, 1982. – 64 с.; Беккулов А.Б. Проблемы развития транспорта Казахстана. - Алма-Ата: Казахстан, 1984. – 230 с.; Шевченко П.А. Магистраль: очерк о нефтепроводе «Дружба». – Львов: Каменяр, 1987. – 54 с.
10 Әбденов А.Ж. Батыс Қазақстандағы мұнай тасымалы құбырларының қалыптасуы: тарих және бүгін (1920-2001 жж.): тар. ғыл. канд. ... дис. - Қарағанды, 2010. – 157 б.
11 Асылбекова Ж.М. Промышленные рабочие Казахстана в 1959-1970 гг. (численность и состав): дис. ... канд. ист. наук. – Алма-Ата, 1993. – 191 с.; Есалиева М.У. Рабочие кадры нефтяной промышленности Казахстана (1970-1990гг.): дис. ... канд. ист. наук. – Алматы, 1995. – 158 с.; Абдуллаев Н.А. Формирование рабочих кадров промышленности Казахстана в 1950-1975 гг.: дис. ... докт. ист. наук. – М., 1998. – 450 с.
12 КарибжановЕ.С.Международный нефтяной бизнес в Казахстане. – Алматы, 1994. – 112 с.; РахметоваК.Г.Нефтяная политика Республики Казахстан. – Алматы: КИСИ, 1994. – 22 с.; Омарова Г.А. Нефтяные ресурсы и их транспортировка в рыночный экономике РК. - Алматы, 2001. – 61с.
13 Мұхтар Ә.Қ. Қазақ мұнайының тарихы (1940 жылдарға дейін). – Алматы: «Өлке» баспасы. 2006. – 224 б.; Мұхитов Қ.С. Ұлы Отан соғысы қарсаңы мен соғыс жылдарындағы мұнай өнеркәсібінің даму тарихы (1938-1945 жж.): – Алматы, 2000. – 128 б.; Нурсултанова Л.Н. Нефтегазовая промышленность Казахстана в годы Великой Отечественной Войны (1941-1945 гг.). - Алматы, 2010. – 256 с.
14 Надиров Н.К. Нефть и газ Казахстана. В 2 томах. – Алматы: Ғылым, 1995. – Т. 1. – 319 с.; Атшыбаев А. «Черное золото» казахской земли. – Алматы: Казахстан, 1994. – 159 с.
15 Нұрша А.К. Дипломатическая борьба вокруг Каспийской нефти в конце ХХ – начале ХХІ вв: автореф. … канд. ист. наук. – Алматы, 2002.-30с.
16 Байдосов З.Б., Сейтпагамбетов Ж.С., Сұлтанғалиева Г.С., Нуржанов Р.Н. Актюбинская нефть: история и современность. – Актобе, 2000. – 402 с.; Кобенова Г.И. Проблемы и перспективы развития казахстанской нефти в ХХ – начале ХХІ в.в. – Актобе, 2008. - 192 с.; Серікова Л.С. Қазақстан мұнайгаз кешендерінің даму тарихы (1985-2000 жж.) (Батыс Қазақстан өңірінің материалдары негізінде): тар. ғыл. канд. ... дис. - Орал, 2006. – 149 б.
17 Абишев А. Каспий: нефть и политика // Центр внешней политики и анализа. – Алматы, 2002. – 359 с.; Гусейнов В.А. Каспийская нефть: экономика и геополитика. - М.: ОЛМА- Пресс, 2002. - 380 с.
Әбденов Айдын Жақсанұлы
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті
Тарих ғылымдарының кандидаты