Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Жаңашылдық жаршысы – Наурыз

30127

Хорезмдіктер бұл мейрамды – «Каусарджи» деп атаса, татарлар – «Нардуган» деп, тәжіктер «Гүлнаурыз» деп атаған.

1926 жылға дейін Қазақстанда наурыз жаңа жыл есебінде тойланған. Ал КСРО-да дінге қудалау басталғанда большевиктер бұл мейрамды «діни емес мейрам» деп санап тойлауға тоқтау қойған. Бұл мейрамның діни, ұлтшылдық мейрам екенін Ауғанстандағы ислам дінінің радикалдық ұстанымын ұстанған талибан өкілдерінің бұл мейрамды діни емес деп санағанынан көруге болады. Бұл мейрам ертеде, қазіргі діндермен ұлттар пайда болғанға дейін пайда болған. Белгілі ғалым, ақын Омар-Хайям ХІ ғасырда сол кезде билік еткен сұлтан Джалал-ад Дин Мәліктің атымен аталған, табиғат негізіндегі жыл басына сүйенген, күн мен түннің теңескенінен кейінгі күннің жыл басы санаған «Мәлік жыл санауы» атты күнтізбені жасап, наурыз мейрамын тойлаудың қазіргі күнін белгіледі деуге болады. Кейін пайда болған діндер бұл мейрамға тән жақсы дәстүрлері мен рухани байлықтарын өздерінің діндерін насихаттау үшін қабылдаған.

Ғасырлар бойындағы діни, саяси, идеологиялық тартыстар мемлекеттер арасында жік салып бірінің жойылып, бірінің пайда болуына әкеліп бір халықты бірнеше бөлікке бөлсе де тарихы тереңде жатқан, бойында ғасырлар бойы адамзаттың ізгі құндылықтары жиналған бұл мейрамды жеңе алмады.

Наурыз айы қазіргі күнтізбе бойынша 22 наурыздан – 21 сәуірге дейін созылады. Наурыз сөзінің өзі ежелге иран тіліндегі екі сөздің тіркесінен тұрады. «Ноу»-жаңа, «роуз»-күн. Қазақ тілінде Наурыз сөзінің бірнеше мағынасы бар. 1. Жаңа жылдың бірінші күнінің атауы. 2. Ай атауы. 3. Мейрамда дайындалатын астың (Наурыз көженің) атауы.

2010 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы «Халықаралық Наурыз күні» қарарына сәйкес 21-наурызды Халықаралық Наурыз күні деп қабылдады. Қазақ­станда Наурыз мерекесі 2010 жылдан бастап 22-наурыз күні аталып өтіледі. Наурыз мерекесі парсы, кавказ және түркі халықтарында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Наурыз мейрамы Иранда 21-наурызда, Орталық Азия және Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда 22-наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21-наурызда аталып өтіледі. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі әлем халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салттарында ежелгі замандардан орын алған. Бұл мерекенің тойлануы туралы Әбу Райхан әл Бируни, Омар Хайам секілді ойшылдардың еңбектерінен де көптеп кездестіруге болады. Парсы тілдес халықтар Наурыз мейрамын бірнеше күн бойы тойлаған. Олар бұл күндері әр жерге үлкен от жағып, отқа май құйған; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалак» ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «күн символын» салады; үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі; түрлі жарыстар (жамбы ату, т.б.) ұйымдастырады.

Дәстүрлі қазақ қоғамында да Ұлыс күні – Наурыз жыл басы саналған. Халықтың мифо­ло­гиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Адамдар мейрам қарсаңында үйлерін тазалап, бос ыдыстардың бәрін азық-түлікпен я бұлақ суымен толтырып қоятын. Жаңа жылдың бірінші күні қалай болса жыл бойы солай болады деп сенетін. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адам­дары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыс­ты­рады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастар­хан­нан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ойна­лады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Дәстүр бойын­ша Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел бо­лып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапаға­тын қарсы алудан, таза­лан­ған арықтарға су жі­беруден, ағаш отырғызып, бұлақтармен құдықтарды тазалап, гүл егу рәсімін өткі­зуден бастаған. Қызықшылық одан ары халық ойындарымен («Айқыш-ұйқыш», «Ақ серек пен көк серек», «Алқа қотан», т.б.), ән салып, би би­леумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мере­кесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жал­ғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айна­ла­сындағы тамашамен аяқталатын. Нау­рыз­дан кейінгі 2-ші күні жұрт жаппай көктемгі егіске кірісетін. Малшы қауым да төл алуға қатысты қарекетімен айналысатын. Наурыз­ды кейінге қалдыра тұратын ауылдардың өзінде де мейрам­нан кейінгі 2-ші күні жаппай егіске кірісетін. Наурыз айының 22-күні Наурыз мейрамы жаңа жыл екенін қазақ баласының кө­бі біледі. Наурыз туралы көптен бері, жыл сайын баспасөз беттерінде жазылып келеді. Бұл мейрам бүкіл ұлтқа ортақ. Наурыз ұлт мейрамы болған­ды­ғымен қатар оның тарихи маңызының терең­дігі бар. Ызғарлы қыстың кетіп, жан иесі өмір қуатын туғызған жыл, жаздың келетіндігіне бар­лық жараты­лыспен қатар қазақ елі де қуанатын. Наурызда туған балаларға Наурыз сөзіне тіркестер қосып Наурызбай, Наурызгүл т.б. есімдер берген.

Өткен жылы жүз жылдығы аталып өткен халқы­мыз­дың алғашқы басылымдарының бірі - «Қа­зақ» газетінің беттерінде де Наурыз мерекесі туралы мәліметтерді көруге болады. 1913 жылғы «Қазақ» газетінің беттерінде «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып, бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Осы туралы білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің жаңа жыл – Наурыз анық жылдың қай айында, қай күнде басталады. Біз оқушыларымызды Жаңа жылмен құттықтауға Наурыздың анық қай күні туатын­ды­ғын біле алмадық, ғафу өтінеміз» – деп жа­зылған. Мұның өзі қазақ халқының сол кездегі Ресей империясының отаршылдық саясаты нәтижесінде Наурыз мерекесін жоғалтып ала жаздағанын білдіреді. Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920-1925) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол “діни мейрам”, “ескілік сарқыншағы” деп танылып тоқтатылды, бірақ Қазақстанның бар аумақта­рын­да жасырын түрде сақталып қалды. Бала кезіміздегі естеліктерден әжелеріміз бен апала­ры­мыздың наурыз көже дайындап, көршілерді шақырып, ас беретіндігін білетінбіз. 1988 жылдан бастап елімізде ресми түрде Наурыз жалпы­ха­лық­тық мейрам ретінде қайта тойлана бастады.

Наурыздың Қазақстандағы тойлануына қарап, оның этностық мейрамнан ұлттық, мем­лекеттік мерекеге айналғанына көңіл сенбейді. Мемлекеттік мерекеге айналған Наурыз мейра­мын ресми мерекелеу жөнінде соңғы кездері біршама сыни пікір қалыптасты. Соның бірі – «Наурыздың мерекеленуі Жаңа жылдың аталып өту деңгейіндей емес, тар ауқымда өткізіліп жүр» деген пікірлер айтылуда. Бұған қоса, «Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызық­тауы­на ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда» деген де пікірлер бар.

Демек, Наурыз мерекесі уақыт талабы мен егемен елдің өміріне сәйкес бүкілхалықтық идео­логиялық көз қуанышқа айналды деуге ертерек. Шынында да, Наурыз жалпыхалықтық мереке­ден гөрі, этнографиялық еске алу күніне айна­лып барады. Сондықтан да аталмыш мерекені мұн­дай қарабайырлықтан құтқаратын уақыт келді. Оның өзіне сәйкес атрибуттарын қалпына келтіріп, мерекелік ұғымдары мен мағынасын орнықтыратындай шаралар қажет. Ол үшін оған заман талабына сәйкес оның тарихи нышандары мен атрибуттарын лайықтап, қазіргі адам сана­сы қабылдайтындай, фольклорлық-этногра­фия­лық ауқымнан жалпықазақстандық мереке дәре­жесіне жеткізу қажет. Ең бастысы, Нау­рыз­дың қайнар көзін тауып, түпкі кейпін қалпына келтіруге тырысқан абзал. Жаңадан атап өту дәс­тү­ріне 20 жылдан асқан Наурыз мейрамын мере­ке­леу үрдісін талдағанда, екі жайтқа тап боламыз: Наурыз мерекесін сағына қолға алған қазақ хал­қы, өзінің бірнеше мың жылдық тарихы бар мей­рамының негізгі көріністері мен мәнінен ажыра­ғандықтан, оның орнын бірыңғай ұлттық фольклормен, сахналаумен толтырды; мерекені фольклорлық сахналау оның бүкілхалықтық мәніне кедергі болып, қазіргі кезде тоқырауға түскен сыңайы бар. Егер біз Наурыздың этнос­тық мағынадан елдік сипатқа тарауын қаласақ, оған нағыз ұлттық мазмұнмен бірге азаматтық мерекелік мағына беру қажет. Бүгінгі өмір салтын меңгере бастаған қазаққа көшпелі өмір үрдісінен туындаған фольклорлық тұрпаттағы дәстүрдің барлығы бірдей сіңісе алмайтындығын ескеретін уақыт жетті. Оның үстіне, Наурызды тек қана қазақтар үшін мерекелеу елдік саяси ахуалға сыйымсыз. Мерекенің мемлекеттік сипаты барын ескеріп, оны жұрттың бәріне бірдей, тіпті ұлты мен тегіне қарамастан, жатырқамай қабылдайтындай, жарқын өмірдің үлгісіне айналатындай шаралар жасау қажет.

Наурыз мейрамы түркі халықтарының немесе мұсылман халықтарының ғана мейрамы емес, тарихқа жүгінсек бұл мейрамды ежелгі гректерде, ирандықтарда, буряттарда, соғдылықтарда, бирмалықтар, тіпті ХVІІІ ғасырға дейін ағылшындар Наурызға жақын 26 наурызда Жаңа жылды атап өткені белгілі. Бұл күндері бұл мейрамды тойлаған барлық халықтар ежелгі Олимп ойындарындағыдай соғыстарды тоқтатып, білек күшін ұрыс даласында емес жарыста, тіл құдіретін дау-дамайда емес айтыс пен әсем-әнде дәлелдеген екен. Сондықтан бүгін бізде ата-бабаларымыз секілді бір-бірімізбен төс қағыстырып, жамандықты ұмытып, жақсылықты еске алып, таспен ұрғанды атамыз айтқандай аспен ұрып, бір-біріміздің кемшілігімізді ұмытып, жақсылығымызды арттырып, қолдан келгенше басқаларға көмек жасап-демеу берейік ағайын.

Құрметті жерлестер, келе жатқан Ұлыстың Ұлы күні-Наурыз мейрамымен құттықтаймыз! Жарқын өмірдің бастамасы болып саналатын осы көктем мерекесі Сіздерге мол қуаныш пен бақыт алып келсін! Наурыз әр отбасында келісімнің, сыйластықтың, құрмет пен сүйіспеншіліктің дәнекері болсын. Наурыздан-наурызға аман-есен жете берейік. Ел аман жұрт тыныш болсын ағайын! 

Айтжан ОРАЗБАҚОВ, тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?