Неге 3 рет атап өтілді? Себебі, ол жылдарда ұлы сазгердің шын мәнінде қай жылы туғандығын дәлелдеген ешкім болмады. Ақыр соңында, бұл мәселеге тарихшы өлкетанушы Мақсот Жолжанов біржола нүкте қойды.
М. Жолжанов- Құрманғазы Сағырбайұлының туған, өлген жылдарын 2 жолмен — әуелі логикалық тұрғыда, кейін архивтік деректер арқылы зерттеп, дәлелдеді.
Алдымен, М. Жолжановтың Құрманғазының туған, өлген жылдарын логикалық тұрғыда қалай зерттегеніне тоқталайық. Бұл мәселені
М. Жолжанов қолға алғанға дейін Құрманғазының туған, өлген жылдары туралы әртүрлі пікірлер айтылып келген. Мысалы, академик,өнертанушы А. Жұбанов Құрманғазы 1806 жылы туып, 1879 жылы қайтыс болды десе, тарихшы ғалым И. Кенжалиев 1818 жылы туып, 1889 жылы дүниеден өткен деген болжамдар айтқан. Алайда, М. Жолжанов, А. Жұбановпен,
И. Кенжалиев ұсынған бұл пікірге үлкен күмәнмен қараған. Оның себебін ол былайша түсіндіреді:" Құрекеннің өмір жолын ашудың ең басты көзі- 1836–1837 жылдардағы Исатай, Махамбет басшылығымен болған Бөкей ордасы жұртшылығының көтерілісі еді… Егер ұлы сазгер 1806, 1816 немесе 1818 жылдардың біртінде туған болса, 30 не 18–20 жасар жігіттің халқының азаттық үшін күресіне қатыспауы мүмкін бе?»
М. Жолжанов Құрманғазының құлыптасындағы «1879» деген жазу қате деп есептегенмен, «73 жаста» деген сөздерге үлкен мән берген. «Біз бұл мәселені ғалымдардың қателері мен еңбектерінде келтірілген мәліметті басқаша жолмен- талдау арқылы логикалық жолмен шештік» , деп жазады. М. Жолжанов ол былайша болжам жасайды: «Құлпытасты оюшы…оңнан солға қарай „Құрманғазы Сағырбайұлы 73 яшында“ деп ойып бітірген соң, тастың ең шетіне „1897“ деп оюға, яғни арабша жазылу тәсілімен 7,9,8,1 сандарын оңнан солға қарай ретімен оюға тиіс еді. Алайда тастағы 1879 -ға жете назар аударғанымызда мынадай жәйтке тап болдық. Шебер келесі жолдың оң жақ бөлігіне сәл ғана төмендеу „жылы“ деген сөзді (оңнан солға қарай) мәнерлеп ойып алып, оның үстіне 1897 — ні оюды ойлаған. Ол қазірше солдан оңға (1,8,9,7) ойып келе жатып, „9“ ды ұмытып кеткен. Оған дәлел 1,8,7 сандарының мөлшері-де, ара қашықтықтары да келісімді-ақ орналастырылғандығында, ал өзінің тиісті орнынан айырылған „9“ саны басқаларынан 2 есе жіңішке-де, қасындағы „7“ ге жанастырыла, әрең сыйғызылып ойылған. Бұл оның өз орнынан қалып қойғанын даусыз дәлелдейді». Осылайша М. Жолжановтың дәлелдеуінше Қ. Сағырбаев 1897 жылы дүние салған болып шығады. Осының бәрі «… логикалық ой нәтижесі және интуициялық тұжырым»,қорытындысы- деп түйіндейді зерттеуші.
М. Жолжанов мұрағаттық деректерді ғана басты дәлел деп есептейтін. Бұл-нағыз ғалымдарға тән қасиет. Логикалық тұрғыда Құрманғазының туған, өлген жалдарын нақты анықтаса да, М. Жолжанов өз дәлелін мұрағаттық деректер арқылы негіздеуді қажет деп есептеді. Осы мақсатпен ол Астрахань қаласындағы шаң басқан мұрағаттарды жалықпай аударып, төңкерді. «Іздеген жетер — мұратқа»,-дегендей, ғалым, ақыр соңында өз мақсатына жетті. Өзінің Астрахань қаласындағы мұрағаттан Құрманғазының туған жылына байланысты деректерді қалай тапқаны туралы М. Жолжанов былай деп жазады:
" … талай ғалымдар ештеме таба алмаса да, Астрахань мемлекеттік архивіне барып, бақ сынауға бел байладық. 1984 жылы Исатай Кенжалиев, ақтара тексерген 203 қордың бірінші байламынан 37-істі таңдап алып, екінші күні 629- іске тап болып, қуанғаннан не істерімді білмедім. Бұл істің 21,31 беттерінен сазгердің жылқы ұрлады деген жаламен Краснояр түрмесінде (Астрахань облысы) үш ай отырғанын анықтадым. Түрменің смотрителі Сусленков Астрахань губерниясы прокурорының орынбасарына 1882 жылдың 9 наурызында 83- санды рапорт жазып, онда, ақпан айында түрмеде отырған 43, наурызда 38 адамның тізімін берген. Біріншісінде Құрекен 42, ал екіншісінде 38- кісі болып тіркелген. Оның атының тұсында ұлты, сотталу себебі, үкімі, жаза мерзімі, жасы(59) анық жазылған».
Егер, Құрманғазы Сағырбайұлы 1882 жылы 59 жаста болса, онда ол 1823 жылы туған болып шығады. «Құрекең 1897 жылдың басында дүние салған, — деп жазады зерттеуші — өйткені ол осы жылдың наурызы ішінде кіріп қайтса,құлыптаста «73"емес, „74“ жасында делінер еді. Қазақтың жыл санауы бойынша Құрманғазының туған жылы 1823–1824 (наурыздан наурызға дейін) қой жылы, ал қайтыс болған 1896–1897 жылдар „мешін“ болып келеді. Осылайша, ұлы сазгер қой жылы туып, мешін жылы алты мүшелінде дүниеден өткен».
Мұрағаттан Құрманғазының қай жылы туғандығын делелдейтін деректі табуы- М.Жолжановтың ғылыми үлкен табысы еді. Осы үлкен жаңалықты ашқан Ғылым Академиясының академигі-де емес, ғылым докторы не профессор да емес, Теңіз ауданындағы бір мектептің бұрынғы мұғалімі- Мақсот Жолжанов еді. Сондықтан да біз мұны Жолжанов феномені дейміз. Бұл- М.Жолжанов бойындағы зерттеушілік қабілеттің биік көрінісі, нақты жемісі.
Өлкетанушы ғалым М.Жолжанов ұлы сазгер Қ.Сағырбаевтың туған,өлген жылдарын 1993 жылдың өзінде, яғни, республикамызда оның 175 жылдығы аталып өтіп жатқан кезде анықтаған болатын. Алайда, Құрманғазының туған, қайтыс болған жылдары туралы А.Жұбанов, И.Кенжалиев, Қ.Жұмалиев, Ұ.Рахметуллин сияқты зерттеушілердің пікірлері әртүрлі болғандықтан, осы әртүрлі пікірлерді бір арнаға түсіріп, жылдарды дәл анықтау мақсатында Атырау облысының басшылығы ҚР Ұлттық Ғылым Академиясына сұрау салды. Осыған орай ҚР ҰҒАның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында сазгердің өнері мен қызметін дәл анықтау жөнінде арнаулы сараптау комиссиясы құрылды. Сол комиссияның шешімі мынадай болды.
ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының туған- өлген жылына қатысты сарапшылық комиссиясының қорытындысын хабарлайды: Архив деректері мен зерттеушілер М.Жолжанов, Қ.Жұмалиев, И.Кенжалиев, Ұ.Рахметуллиннің пікірлерін мұқият сараптай отырып, халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туылып, 1896 жылы дүние салған деген қорытындыға келді. («Атырау» газеті, 12 қыркүйек 1996 жыл)
Осылайша, ұлы сазгердің туған, қайтыс болған жылдарын анықтау жолында талай тер төгіп, еңбек сіңірген Мақсот Жолжанов үлкен ғылыми табысқа ие болды. Оның ашқан жаңалығын Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының өзі мойындады.
«Бұл дүниедегі барлық көргендеріңізді күдікпен қабылдаңыз»,-деген екен бір ғұлама. Сол ғұлама айтқандай, М.Жолжановтың бойындағы бір ерекше қасиет- оның зерттеу объектісіне күмәнмен қарайтындығы еді. Бұл нағыз зерттеуші ғалымдарға тән құбылыс. Ал, күмәнді мәселе салыстыру, талдау арқылы шешіледі. М.Жолжановтың Құрманғазының туған, өлген жылдарын дәл анықтауы- оның бұл мәселеге өте күмәнмен қарауынан туған. Осылайша, талай ғалымдар дәлелдей алмаған мәселені шешіп беруі. М.Жолжановтың жан-жақты ғалым екендігінің нақты көрінісі болып табылады.
Сондықтан да біздің даңқты өлкетанушы жерлесіміз, «дала академигі» Мақсот Жолжановпен мақтануымыз керек, қадірменді, ағайын.
М.Жолжанов- профессор Ф. Гебельдің ғылыми саяхаты туралы. Патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлауы барысында ХІХ ғасырдың бірінші жартысында төменгі Еділ-Жайық өзендері аралығында орналасқан Бөкей хандығының шекарасын дәлірек өлшеп, оларды картаға түсіру және оған жапсарлас орналасқан Орал казактары әскери бекіністерінің жағдайларымен танысу мақсатында Эстониядағы Дерпт(қазіргі Тарту) университетінің профессоры Фриедемен Гебельдің басшылығымен 1834 жылы жүргізілген ғылыми саяхат туралы өлкетанушы ғалым М.Жолжанов 1988 жылы, ақпан айында республикалық «Білім және еңбек» ғылыми-көпшілік журналында «Сахаралықтар жүрегіме жақын…» деген тақырыпта мақала жазған. Автор бұл мақаланы жазу себебін былайша түсіндіреді: ХІХ ғасырдың 30- жылдарында төменгі Еділ-Жайық аралығындағы қазақ даласын арнайы зерттеген профессор Ф.Гебельдің есімі түсініксіз себептермен 150 жыл бойы ұмыт қалып келеді. Ал, 1982 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген С.Зимановтың «Россия және Бөкей хандығы» атты кітабында Ф.Гебельдің ғылыми саяхаты туралы азды-көпті айтылады, бірақ Ф.Гебельдің Бөкей ордасында болған жылы 1835 деп, жаңсақ көрсетілген,- деп жазады. Сондықтан да М.Жолжанов жас зерттеуші ғалымдарды, өлкетанушыларды және жалпы жұртшылықты Ф.Гебель туралы іздестіріп тапқан кейбір деректермен таныстыру мақсатында осы «кішігірім мақаласын» көпшілік назарына ұсынған. Автор, алдымен Ф.Гебельдің ғылыми өміріне қысқаша тоқталып, одан әрі Ресей Ғылым Академиясының тапсыруымен төменгі Еділ-Жайық арасындағы далалықты зерттеу мақсатымен жүргізілген ғылыми экспедиция жұмысына нақты тоқталады. Ғылыми саяхат 1834жылы 21 қаңтарда Дерпттен басталып, Петербург-Москва-Саратов қалалары арқылы олар Камышинге келіп жетеді. 1834 жылдың сәуір айының соңында экспедицияа Ордаға келіп Жәңгір хан қабылдауында болады, осында инженер Тафаев сызған Бөкей хандығының картасымен танысады. Экспедиция мүшесі К.Клаус осы картаның көшірмесін қағазға дәлдеп түсіріп алады. Ордадан шыққан экспедиция Нарын құмын жағалап Қамыс-Самар көлдеріне, Сары және Қара өзендері бойына зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Калмыков бекінісінен Жайық өзенін төмен қарай бойлап, жолшыбай Индер тауы мен тұзды көліне соғып, біраз уақыт зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Индер бекінісімен танысып, оның тауы мен көлінің суретін салады, таулардың жыныстарын барлап, тұзды судың анализін алып, аймақтың өсімдіктерін жинайды. Экспедиция мамыр айының бас кезінде Гурьевке жетіп, бір аптадай болған шақтарында Каспий теңізіне шығып Пешной аралында теңіз суына химиялық анализ жасап, Жайықтың сағасын картаға түсіреді. Гурьевтен Астраханьға келе жатып қазіргі Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандары жерлерінің үстімен Красный Яр арқылы Астраханьға келеді. Астраханьнан Красный Яр арқылы қазіргі Құрманғазы ауданына қарасты Кордуан деп аталатын 17 тұзды көлдерге күрделі зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Көлдердің сулары мен балшықтарына жүргізілген химиялық анализ нәтижеінде Ф.Гебель Кіші Кордуан көлінің қышқылды тұзынан сода өндіруге болатнын дәлелдеп, сол кездегі Астрахань дәріханаларының қожасы К. И. Оссенің 1839–1860 жылдарда өндірістік әдіспен осы көлдің тұзынан сода шығаруына жол ашады.
Кордуан көлдерін зерттеп болған соң Ф.Гебель Қазақстанның батыс шекарасына жақын орналасқан Азғыр, Боғдо және Чапчаги тауларына барып ондағы тас тұздары мен тұзды көлдердің суын зерттеп, 14 қыркүйекте Дерптке қайтып оралады. Ғалым ғылыми саяхат барысында жинақталған деректерді 4 жыл бойы тиянақты зерттеп 1837–1838 жылдары Дерпт қаласында «Оңтүстік Россия далаларына саяхат» атты 2 томдық еңбек шығарады. Еңбектің І томы зерттелген аймақтардың флоралары мен фауналарының өте сирек кездесетін түрлерін сипаттауға арналса, 9 тараудан тұратын ІІ-томның 7 тарауы теңіздер мен тұзды сулардың химиялық анализдеріне, VIII — тарауы К.Клаустың Каспий флорасы мен фаунасын суреттеуіне ең соңғы тарауы профессор Ф.Крузенің және экспедиция мүшелерінің өлшеулері мен Тафаев картасының көшірмесі негізінде дайындалған «Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы қырғыз даласы» деген атпен 1837 жылы басылып шыққан картасына арналады. 1834 жылғы Ф.Гебель бастаған Бөкей ордасы аумағына жасалған ғылыми экспедиция материалдары «150 жылдан бері Тарту университетінің ғылыми кітапханасында сақталып келеді»,- деп жазады өлкетанушы ғалым. Оның пікірінше, «бұл картаның біздің республикамыздың батыс аудандарының этнографиясын, әсіресе топонимикасын зерттеуде алатын орны зор» Ф.Гебель тұлғасы әлі толықтай тани түсуді, ал ғылыми экспедиция материалдары зерттей түсуді қажет етеді,-деп қорытындылайды Мақсат Жолжанов.
А. Шамғонов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Жолжанов М. «Думаю, это было так…» «Прикаспийская коммуна»,
1996, 10 сентября.
2. Жолжанов М. Құрманғазы.«Ана тілі» газеті 1993 жыл, 2желтоқсан.
3.Жолжанов М. Когда родился Курмангазы?«Волга», 1996, 27 января
4.Жолжанов М. Құрманғазы, күй атасы туралы, ақиқат пен жалғандық. «Атырау» газеті, 1996 жыл, 20, ақпан.
5.Жолжанов М. Ақиқат қымбат бәрінен. «Егемен Қазақстан» газеті 1996 жыл, 17 шілде.
6.Жолжанов М. Құрманғазы, «Атырау"газеті,1996, 30 шілде
7.Құрманғазы. Жинақ. (Құрастырған М. Ізімұлы.) Алматы, «Арыс» баспасы,2004 жыл.
8.Хұсаинова Вероника Ұлы сазгер Кұрманғазы Сағырбайұлы өмірі мен шығармашылығы туралы жаңа деректер. (Диплом жұмысы) Атырау, 1998
9.«Білім және еңбек» Ғылыми-көпшілік журнал.1988,№ 2