Ғылыми мақалада Қазақстан Республикасының
репатриация саясатындағы мемлекеттік бағдарламаларға шолу жасап, олардың
іске асырылуын кезеңдерге бөліп
қарастырылған, әлем елдері арасында репатриация саясатын табысты жүргізіп
отырған Израиль мемлекетінің ұлттық саясатына тарихи тұрғыда тоқталып, екі
елдің осы саясатты жүргізудегі ұқсастықтары мен ерекшеріктері салыстырмалы
түрде талданған.
Түйін сөздер: Репатриация, көші-қон, репатриант, адаптация, квота, азаматтық, мемлекеттік саясат, интеграция, әлеуметтік-мәдени процесс.
ХХ ғ. ІІ жартысы мен ХХІ ғ. басы халықаралық қатынастардағы репатриация процесі әлем елдеріндегі ең маңызды проблемалардың біріне айналып, азаматтардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке көшіп-қону үрдістері одан әрі тереңдей түсіп, оны зерттеудің маңыздылығы арта түсті. Әр түрлі тарихи себептермен өз атамекенінен қоныс аударған немесе күштеп көшірілген ұлттардың Отанына оралу саясатын әлемнің ірі дамыған елдері жеке мемлекет құра бастаған уақыттан бастап (Германия, Израиль және т.б) мемлекет саясатының басты бағыттарының біріне айналдырып, әр тараптанған саясат жүргізе бастады.
Этникалық репатриация саясатын жүзеге асырушы осы елдер, шеттегі қандастарын елге көшіруді өздерінің басты мақсаты және моральдық борышы санады. Осы негізде репатриация үрдісін қазіргі ғылыми көзқарас тұрғысынан зерттеу және осы процесті жоғары нәтижеде жүргізіп отырған әлем елдерінің тәжірибесіне талдау жасау тарих ғылымы үшін өзекті мәселердің біріне айналып отыр. Себебі, бұл процесс мемлекет саясатына тікелей әсер ететін, тұрғылықты халықтың да, көшіп кетушілердің де тұрмыс деңгейіне, халықтың демографиялық және әлеуметтік құрылымына, қоныстануына, этнографиялық құрамының өзгеруіне елеулі ықпал ететін күрделі процесс. Репатриация процесінінде іске асырылатын барлық бағдарламалар мемлекет саясатының басты элементінің бірі болып отыр. Осы процестің маңызды элементтеріне талдау жасау, елге оралушы репатрианттардың құқықтық жағдайында туындайтын мәселерді (азаматтық алу, тұрақты тіркелу, төлқұжат т.б), әлеуметтік-экономикалық және мәдени байланыстарын (баспана, әлеуметтік ортаға бейімделу т.б) реттеудің тиімді жолын әлемдік тәжірибеден үлгі ала отырып, іске асыруды қажет етеді. Сондай-ақ, әлем елдерінің соның ішінде осы процесті 1950 жылдан бастап, табысты жүргізіп келе Израиль мемлекетінің репатриация саясатын жүзеге асырудағы мемлекеттік заңнамасындағы ерекше басымдылықтарына салыстырмалы талдау жасап, тиімді әдістерін мемлекет саясатында қолдану болып табылады. Қазіргі таңда әлемдік тәжірибе репатриация процестерін реттеудің институционалдық шеңберін ұйымдастыруға түрлі амалдарды айқындауға тырысты. Алайда, осы процесті басқаратын мінсіз институционалдық шеңбер жоқ екенін атап өткен жөн. Әр елдің репатриация саласында өз мақсаты мен басымдығы болады. Осы саясаттың Қазақстандағы іске асыру жағдайына тоқталсақ: Қазақстан Республикасында репатрианттарды тарихи отанына көшіп келуіне жағдай жасайтын арнайы мемлекеттік бағдарламалар өз бастамаларын 1991 жылдан бастап іске асыра бастады. Оған басты себеп ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Дүние жүзінде қазақтардың бір ғана отаны бар ол – тәуелсіз Қазақстан мемлекеті және әр қазақ азаматы өз отанында тұрып, сол мемлекеттің дамып, өркендеуі үшін қызмет ету шарт» [1] деп шеттегі қазақ азаматтарын өз атамекенінде тұруға шақырған болатын. Репатриация процесін қарастырмас бұрын халықаралық терминдегі репатриант түсінігіне анықтама берсек. Қазақстан қоғамында репатриант түсінігі «оралман» деген атауға ие болып осы термин қолданыла бастады. ҚР-ның “Халықтың көші-қоны туралы” Заңының 1 бап 11 тармақшасына сәйкес Оралмандар (Репатрианттар) - Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерлерде тұрақты тұрған және Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен келген ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар .[2] деп анықтама берілген. Осы атауға ие болған қазақ азамат мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақы, өтемақы сияқты жекелеген жеңілдіктер алуға мүмкіндігі бар.Қазақстан Республикасының репатриация саясатының негізгі бастамасы 1992 жылдың 26 маусымда қабылданған «Иммиграция туралы» заң тарихи отанына қайтушы отандастардың заңдық жағдайын реттейтiн құқықтық актілердiң алғашқыларының бiрі болып табылады. Алайда, бұл заң елге оралушы азаматтардың қажеттіліктерін толық қарастыра алмағандықтан, жаңа заң қажеттілігі туындады. Осы негізде 1997 жылы 13 желтоқсанда «Халықтық көші-қон туралы» заңы бекітілді. Бүгінде осы процестің іске асырылуына 20 жылдан астам уақыт өтті. Осы негізде бұл саясат жинақталған тәжірибедегі репатрианттардың қоныс аударуы, экономикалық жағдайы, әлеуметтiк бейiмделуiнің оң және теріс жақтары теориялық тұрғыда зерттеуді талап етеді. Осыған байланысты репатриация саясатындағы бағдарламаларды үш кезеңге бөліп қарастырамыз: Бірінші кезең 1991-1997 жылғы заң қабылданға дейінгі кезең. Бұл кезеңдегі көші-қон саясатындағы мәселелердің бірі –қандастарымыздың құқықтық мәртебесін реттеп, қалыпқа келтіру еді. Екінші кезең 1997-2008 жылдар аралығы. Қабылданған заң жүйесінің алдына қойған басты мақсаты: халықтың көшi-қоны саласындағы қоғамдық қатынастарды реттей отырып, көшi-қон процестерiнiң құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн, сондай-ақ оралмандар үшін қажетті жағдайларды жасауды белгiлейдi [2]. Үшінші кезең – 2009-2011 жылдарға арналған көші-қон үрдісінде біршама табысты істер жүзеге асудағы «Нұрлы көш» бағдарламасы. Нұрлы көш бағдарламасын бөлек кезең етіп қарастырудың басты негізі осы бағдарлама аясында репатрианттарға байланысты нақты жоспарлы істер атқарылып, елге оралушы азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз етіле басталды [3].Қазақстанның репатриация процесіндегі тағы бір басымдылығы 1993 жылғы ҚР-ның Президентінің жарлығымен бекітілген қазақ иммиграциясының (репатриациясының) алыс шет елден немесе ТМД аумағынан өз атамекеніне оралуы үшін мемлекет тарапынан бөлінетін қажрылай көмек (квота). Қазақстан Республикасының көші-қон заңының 9-бабында былай делінеді: «Қазақстан Республикасының Үкіметі оралмандардың көшіп келу квотасын уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып, облыстар бойынша таратып бөледі. Осы негізде әр облысқа қоныс аударушы азаматтар санына байланысты квота бөлу қарастырылған [2]».
Квота – бұл көші-қон туралы заңға сәйкес жеңілдіктер мен өтемақылар қатысты болатын, жыл сайын Қазақстан Республикасының аумағына көшіп келуге рұқсат етілетін оралман отбасыға берілетін біржолғы жәрдемақы. Оралмандардың иммиграциясының квотасы халық санының өзгеруіне, елдің экономикалық және қаржылық жағдайына байланысты әр жылға анықталады. Квотаның көлемі ҚР Президентінің жарлығымен бекітіледі. Квотаға енгізу өтініші (ҚР дипломатиялық немесе консулдық миссияларына) шет елден келген соң немесе келмей тұрып, беріледі [4]. Алайда, 2011 жылдан бастап бұл процесс белгілі бір мерзімге дейін уақытша тоқтатылды.
Қазақстанда іске асырылған осы
процесстің Израиль мемлекеті қалай іске асырып келе жатыр және репатрианттарға
мемлекет аумағына қоныс аударғаннан кейін қандай көмек көрсетілуде соған жекеше
тоқталсақ. Оған негіз басқа мемлекеттермен салыстырғанда Израиль мемлекеті әлем
елдері арасындағы өз Отандастарын елге оралуына
арнайы бағдарлама жасап, 1950 жылдан бастап репатриация процесін
басқаруда табысты іске асырылып, әлем елдері арасында өз Отандастарын елге
қайтаруда үлгі болып отырған мемлекетттердің біріне саналады.
1948 жылы Ұлыбритания және АҚШ қолдауымен Палестина жерінде Израиль мемлекеті құрылды. Тәуелсіздігін алған күннен бастап әлемдегі барлық еврей азаматын елге шақыруды басты мақсат еткен жас мемлекет, репатриация процесі мемлекеттің негізгі саясатының біріне айналдырды [5]. Израиль мемлекетінің тәуелсіздік декларациясында: «Израиль мемлекеті еврей репатриациясын қабылдауға және еврей диаспорасын жинауға дайын» деп, көрсетілген болатын. Екінші дүниежүзілік соғыста Гитлер 6 млндай еврей азаматтарын «еврей» болғандары үшін қырып салғаны тарихтан белгілі. Израиль мемлекеті әлемнің әр аймағындағы еврей ұлты өкілдерінің басын бір мемлекетке жинау- өзінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтаудың басты кепілі деп білді. Сондықтан, этникалық көші-қон саясаты мемлекет саясаты мен үкімет бағдарламасының ең маңыздысы деп есептеді. 1950 жылдан бастап, еврей ұлтын жинау мақсатында Израиль мемлекеті бірнеше операцияларды жүзеге асырды (Бүркіт қанаты, Эфиопиялық еврейлердің репатриациясы, КСРО мемлекетіндегі еврей ұлтының репатриациясы, «Моше» операциясы, «Соломон» операциясы т.б ). Территориялық бөлініске байланысты еврей репатриациясының басым көпшілігі Шығыс елдерінен көп келді (Иран, Ирак, Араб Әмірлігі т.б). Сондай-ақ, Марокко, Алжира, Тунис, Ливия, Румыния, Польша, Венгрия, Болгария және әлемнің басқа да мемлекеттері. Сондай-ақ, 1989 жылдан бастап, ТМД аумағындағы және бұрынғы КРСО мемлекеттеріндегі еврей репатриациясы жаппай сипат алды. Израиль мемлекеті құрылғалнан күннен бастап, шет мемлекеттен 3 миллиондай еврей ұлтының өкілдері Израильге қоныс аударған [6]. Израиль 5 маусым 1950 жылы қабылданған «Қайта оралу» туралы заң, әрбір еврей ұлтының Израиль мемлекетіне қайтарудың құқықтық жағдайын қарастырады. Әрбір жеке тұлғаның елге оралудағы мақсатын анықтай отырып, мемлекеттің ішкі тұтастығына қарсы бағытталған әрекеттерді болдырмауын қамтамасыз етеді. Израильдің 1950-шы жылы қабылдаған көші-қон заңы бойынша өзінің еврей екендігін дәләлдеген әрбір азамат олеха ретінде Израиль азаматтығын алады. Осы заң бойынша егер сен нағыз еврей болсаң онда отбасы мүшелеріңмен бірге Израильге көшіп келуге жол ашық. Тіптен өзіңнің еврей ұлты екеніңді немесе анаңның еврей екенін дәлелдеу болып табылады. Заңдағы ең негізгі күрделі мәселелердің бірі, заңдағы қабылдаудағы басты нәтиже- еврейлік критерииді орнату. Осы негізде Галахи критерииі бойынша жүзеге асады. Оның негізі еврей туылғаннан анасы еврей болуы сондай-ақ, иудаизм дінін қабылдауы шарт. 1970 жылғы заңға қайта өзгертулер енгізілген, осы түзетулер негізінде Еврейдің анасы қай ұлттың азаматы болса да, діни сенімі бөлек болмауы, сондай-ақ, еврей азаматының әйелі еврей болмаса да, балалары, немерелері еврей болып есептелгендіктен, елге оралушы отбасы қайтып оралу заңы негізінде басқа да репатрианттармен тең дәрежеде мемлекет тарапынын жеңілдіктер мен көмекақылар алуға құқы бар деп есептелінеді [7]. Израиль мемлекетінің көші-қон саясатын Иммигранттарды бейімдеу министрлігі (Біздегі Көші-қон комитеті) және Еврей агенттігі іске асырады. Еврей агентігі (Біздегі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымы секілді) шетелдердегі еврейлермен байланыс, қарым-қатынас орнатып, олардың Израильге көшіп келуіне керек алғашқы көмекті жасайды. Атап айтқанда көшуге қатысты құжат қағаздарды дайындау, Израильге көшіп келген алғашқы күндері көмек көрсету және заңдық кеңестер берумен айналысады. Имигранттарды бейімдеу министрлігі арнайы қабылданған көші-қон бағдарламасы бойынша еврейлерді елге біржола қоныстандыру, үй-баспанамен қамтамасыз ету, білім беру, жұмысқа орналастыру т.б нақты істермен айналысады [8]. Израиль мемлекетінде шет елден оралушы репатриантқа аэропорттан түскен уақытта, репатриант куәлігін беріп, тіркеуден өткізеді ирвитше "теудат оле" деп атайды. Сондай-ақ, көлік шығыны мен тұрғын үйіне біржолғы жәрдемақы беріледі. Репатриация процесі басталмастан бұрын. Сол көшіп келетін мемлекетте қанша еврей ұлты бар және оның қоныс аударатындардың нақты саны көрсетіледі. Егер репатриантттың Израильде ешқандай туысы болмаған жағдайда алдын-ала уақытша тұрғын үй немесе жатақханамен қамтасамыз етіледі.
Тұрақты тұру анықталғанннан кейін еврей азаматы бірнеше орындарға баруы шарт:
· Абсорбция министрлігі ("мисрад клита"): ирвит тілін оқыту курсына жазады, қоныс аударған мемлекеттен алған дипломды растап заң жүзінде бекіттіруге көмек көрсетіледі.
· Ішкі істер министрлігі ("мисрад апним"): Израиль азаматтығын растайтын жеке куәлік беріледі. Алайда, репатриантқа сол елдің азаматы екендігін дәлелдейтін жеке төлқұжат үш айдан кейін ғана беріледі.
· Банктан жеке шот ашу: ол өте маңызды себебі, осы есеп шотқа репатрианттың бір жыл бойы тұратын баспанасының ай сайынғы қаржысы аударылады.
· Риэлторлық агенттік: пәтер таңдап алуға немесе жатақхана табуға көмек көрсетеді [9].
Жоғарыдағы аталғандардан Израиль репатриациясының тиімді жақтарын көруге болады. Себебі, Қазақстан Республикасында арнайы көшіп-келгенге дейін квота қарастырылады, яғни бөлінеді. Және мемлекеттік тілді үйрену, тұрғылықты баспана мәселесі келгенге дейін, емес, Оралман азамат көшіп келгеннен кейін ғана қарастырылады.
Израиль 1950 жылғы «Қайта оралу» заңы негізінде еврей репатрианттарына мынандай мүмкіндіктер қарастырылған:
1. Еврей азаматы әлемнің қай аймағында өмір сүрсе де «Израильге» қоныс аударуға құқы бар;
2. Репатриация процесі репатрианттың арнайы рұхсаттамасымен (виза) жүзеге асырылады; виза әрбір Израильге қоныс аударам деуші еврей ұлтына беріледі, ол Израиль мемлекетінің ішкі істер министрлігінде нақты тексеріліп, елге оралушының еврей ұлтына қарсы әрекетте болмауы үшін; Израиль азаматтарының денсаулығына қауір төндірмеу және мемлекет қауіпсіздігін сақтау мақсатында жан-жақты талқыланады.
3. «Қайта оралу» заңы негізінде Еврей азаматының құқығының сақталуы және «Азаматтық» туралы (1952 ж.) заң бойынша репатрианттың барлық құқықтары заң актілері негізінде қарастырылған [7]. Осы заңды басшылыққа ала отырып, мемлекет әрбір еврей азаматына Израильде тұрақты келуге және өмір сүруге кепілдік береді.
Израильдың тәжiрибесiнiң репатрианттарға азаматтықтың беру, қоныс аударушыларды ұйымдастыру процесімен тоқтап қалған жоқ, мемлекетке қоныстанғаннан кейінгі азаматардың жаңа қоғамға бейімделуі, азаматтық алғаннан кейінгі мемлекеттік қызметке алу мәселелерін қарастыратын арнайы бағдарламалар жүзеге асады. Мысалы қоныс аударған елден алған білімдері негізінде (ғалымдар, дәрiгерлер, инженерлер, мәдениет қызметкерлерi және т.б) жұмысқа орналастыру. Осы мәселелерді шешуді абсорбция министрлігі және арнаулы репатриация бөлiмiндегі Еврей агенттiгі жүзеге асырады. Абсорбция министрлігінің басты қызметі: репатрианттарға қатысты тұрмыстық, еңбек, әлеуметтік-мәдениет саласындағы мәселелерді қарастырады. Еврей агенттігі: уақытша баспанамен қамту, заңгерлік көмек көрсету, ирвит тілін оқытуға көмек көрсету, репатрианттарды ақшалай көмекті үлестіру т.б қызмет түрлерімен айналысады [10].
Осы саясаттың нәтижесінде Израиль жерінде жеті миллион төрт жүз мың еврей текті халық өмір сүруде және осы репатриация саясатын табысты жүргізудің негізінде дүние жүзіне тараған еврей ұлтының өз мемлекетінде өмір сүруіне жағдай жасап, осының негізінде еврейлер ұлт болып қалыптасып, жеке дербес мемлекет ретінде дами бастады.
Израиль репатриация процесінің негізгі тиімді жақтары:
Біріншіден, Израиль репатриация процесін бірнеше жылдар бойы жүзеге асырып келе жатқан осы процесті жүзеге асыруда тәжірибесі мол мемлекеттердің бірі (1950 жылдан бастап), Қазақстанда тек 1991 жылдан бастау алды, әлі де болсын жетілдіруді қажет етеді. Екіншіден, Мемлекет саясаты репатрианттарды көшіп келгенге дейін қатаң басқарылып іске асырылады және әр орталық қызметі мемлекет тарапынынан ерекше бақылауға алынған (Заңға қайшы іс-әрекеттерге жол бермеу, заңсыз құжат жасау т.б). Үшіншіден, Cаясат белгілі бір жоспарланған бағытта іске асырылуда. Репатриация процесі барысында сол көшіп келетін мемлекетпен байланыс орната отырып, қанша азамат көшіп келеді, қоныс аударғаннан кейінгі баспана мәселесі алдын-ала басқарма тарапынан шешіледі. Төртіншіден, Мемлекет аумағына қоныс аударған репатрианттар арасында жоғары білімді азаматтарды арнайы мемлекеттік ограндарға жұмысқа алу мақсатында репатриация бөліміндегі Еврей агенттігі жұмыс жасайды, сондай-ақ, ирвитше тіл үйрету курстары да көптеп ашылған. Қорытындылай келе, Израиль тәжірибесін қарастыра отырып, Қазақстан Республикасына қоныс аударушы репатриант азаматтар арасындағы қарым-қатынасты тереңдету, кеңейту мақсатында төмендегідей ғылыми-практикалық тұжырымдамадарды ұсынамыз:
1) Мемлекет саясатына жоспарлы бағыт болуы шарт. Атап айтсақ, Қазақстанға көшіп келгенге дейін экономикалық жағдайы, тұрғылықты тіркелу, баспанамен қамту ісі нақты қатаң тәртіппен бір жүйеге орнықтыру қажет.
2) Оралмандар қоныс аударғаннан кейінгі басты қиыншылық қоғамдық ортамен байланысқа түсу болғандықтан бейімделуіндегі (адаптация) психологиялық қиыншылықтар. Осы негізде репатрианттар көп қоныстанған аймақтарға бейімделу орталықтарын ашу мемлекет тарапынан Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы республика аумағы бойынша Қытайдан келген азаматтар жиі қоныстанған аймақтарға жатады, облыс аумағына келген репатрианттардың 60% Қытайдан келген азаматтар. Алайда, облыс бойынша ешқандай бейімдеу орталығы жоқ.
3) Мемлекетті дамытушы жастар болғандықтан, шет елдегі қазақ жастарымен мәдениетаралық қарым-қатынасты жоғары дамытудың жолдарын қарастырған дұрыс. Әсіресе, қазақ тілін, қазақ тарихы мән мәдениетін тереңірек біліп үйренем деген қандастарымызға көмек беру жүзеге асырылса (қазақтың мәдениеті мен тарихынан кең мағұлмат беретін электорны түрдегі дисктар, кітап жазбалары т.б).
4) Осы процесті іске асыратын, шет елдегі қазақ жастарымен байланыс орнатып, оларды өз Отанында қызмет істеуге шақыратын республика деңгеінде жастар орталығы ашылса.
Сонымен қатар, этнодемографиялық ахуалдың да қазақ халқы үшін белгілі бір жоғары нәтижеге көтерілуі үшін бұл фактордың маңызын жоққа шығауға болмайды. Сондықтан, ұлт ретіндегі осы өзекті мәселерді депутаттар мен баспасөз беттерінде үнемі назарда ұстап, үкіметтің есіне салып отырса шешімін табуға септігін тигізеді.
Жалпы зерттеулер көрсетіп отырғандай, екі мемлекет арасындағы репатриация саясатындағы басты мақсат, өз Отандастарын жинауда халықтың демографиялық жағдайын көтеру және оларға барынша жағдай жасау болып отыр.
Б.Ж. Атантаева, А.К. Оспанова
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті
Әдебиет
1 Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан-дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы: Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайы // Егемен Қазақстан. – 2011. – № 62. – Б. 7-8
2 Қ.Р. “Халықтың көші-қоны туралы” Заңы 1997 жылғы. – Алматы, 1998. – Б. 46-48
3 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы. – Астана, 2008. – Б. 56-59
4 Специальный доклад «О ситуации с правами оралманов, лиц без гражданства и беженцев в Республике Казахстан». Под общей редакцией Султанова К., Абишева Т. Астана, 2012. – Б. 144-146
5 Uzi Rebhun. Immigration, ethnicity, and housing—Success hierarchies in Israel // Research in Social Stratification and Mobility // Research in Social Stratification and Mobility. – 2009. – P. 219–243
6 Рисс Илан. Статистический анализ миграционных потоков в Израиль / Автореферат дисс. на соискание ученой степени к.э.н. – Москва, 2004, – Б. 24-26
7 Закон о репатриации иммиграции и получении гражданства и права на жительство в государстве Израиль.
8 Досан Баймолда. Көші-қон: шетел тәжірибелері // Abai.kz. 6.03. 2013. – Б. 5-8
9 Репатриация и Израиль. Часть вторая – В Израиле. http: // www. aramakonstantin. com/view_post. php (2012-04-02)
10 Михаил Агаджанян Репатриация соотечественников: вопросы правового обеспечения и эффективной реализации // «21-й ВЕК». – № 1 (3). 2006. – С.65-69