Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Халық санағы: тарихи сипаты мен тағылымдары

29831

Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда мемлекеттік университетінің

 “Саясаттану және әлеуметтану”

кафедрасының меңгерушісі

с. ғ. к. Е. М. Әбенов

Тарихи деректеге сүйенсек халықты есепке алу, осыдан төрт мың жылдан артық уақыт бұрын  Қытайда өткізілген екен. Ежелгі Египетте, Грекияда, Римде, Иранда, Жапонияда және т.б. мемлекеттерде халықты есепке алу жүргізілгені жөнінде де мәліметтер бар.

Әскери міндеттілікпен және салықпен қамтылған әлеуметтік топтарды есепке алу біздің ежелгі бабаларымыз Үйсіндер мен Қаңлыларда да болған. Б.з.д. II ғасырда Үйсіндер халық саны 630 мың болғанда, олар ішінде 188,8 мың адам әскерге жасақталса, ал Қаңлылардың халық саны 600 мың болғанда 120 мың әскерге жарамды сарбаз шығарған. Ерте орта ғасырдағы мемлекеттердің халық санын шамалап шығару қиын емес. Алтын Орданың этникалық негізін құрайтын орта ғасырдағы қыпшақтар бұрынғы Киевтік Русьтың феодалды-шашыраған аумағындағы салықпен қамтылған бодан халқының санын есепке алуды жүргізген. 1456-1465 жылдарда Керей мен Жәнібек сұлтандардың  бастамасымен Қазақ хандығы құрыла бастаған кезеңінде, олардың қол астына жиналған халық саны 200 мың адамды құраған. Замандастарының анықтамасы бойынша қуатты қазақ хандарының бірі Қасым ханның құзырындағы халық саны миллион адамға жеткен көрінеді.

Алайда, қазіргі Қазақстанның аумағында біршама жүйелі түрде және орталықтандырылған статистикалық қызметтің туындауы, қоғамдық құбылыстардың сандық жағын есепке алу әрекеттері, сонымен қатар халықты мерзімді есепке алу XVIII ғасырдың екінші жартысына, яғни Қазақстанның Ресей империясының құрамына қосылуы кезеңімен байланысты.

Ресейде I Петрдің 1718 жылғы жарлығымен әрбір адамды санаққа алуға нұсқау берілді. Соған байланысты XVIII ғасырда және XIX ғасырдың бірінші жартысында халық туралы мәліметтер ревизия өткізу кезінде анықталған. Елдің халық санына кіретін шаруаларды, қолөнерлерді, саудагерлерді, мезгіл-мезгіл есепке алуды жүргізу басталды. Мұндай ревизиялар Ресей тарихында 10 рет 1719, 1744-45, 1763, 1782, 1795, 1811, 1815, 1833, 1850 және 1857 жылдары өткізілді. Сонымен қатар әрбір ревизия бір-екі жылға созылды. Мұндай жанбасылық санақ,  Қазақстанның белгілі бір аумағындағы халықтың кейбір бөлігін ғана қамтыған. XIX ғасырдың 60 жылдарынан бастап, яғни басыбайлық құқықтың жойылуы кезеңінен бастап, мұндай есепке алулар тоқтатылды. Енді оның орнына ірі, кей жерде шағын қалаларда жергілікті халық санағы өткізіле бастады. Мұндай қалалық халық санағы 1873 жылы Астрахань губерниясында, ал 1877 жылы қазақтардың айтарлықтай бөлігі тұратын Ақмола облысында өткізілді.

Тұрғындар мен мал саны  туралы статистикалық мәліметтер  аймақтар бойынша қайта-қайта есепке алу жолымен жиналды. Мұны негізінен Ресейдің саяхатшы шенеуніктері жүргізген. Бірақ бұндай жолмен есептеу кезінде бірыңғай әдіснама ескерілмей, санақтың жалпы бағдарламасы мен оның өткізілу уақыты сақталған жоқ. Тұрғындар туылған ер балаларының және нақты мал санын жасыруға тырысқан. Себебі халық патшалық үкіметтің бұл мәліметтерді  қалайда болса көбірек салық жинау үшін қолданатындығын түсінген.

Соған қарамастан, Ресей империясының бірыңғай мемлекеттік статистикасының принциптері Қазақстан аумақтарына да енгізілді. XIX ғасырдың 60 жылдарының соңында Патшалық Ресей тарапынан Қазақстанды басқару үшін әкімшілік реформалар жүргізіліп, аумақта арнайы статистикалық органдар мен жергілікті қызмет көрсету органдары құрылды.

Ресей империясында алғашқы және бірегей жалпы халық санағы 1897 жылдың ақпан айында  жүргізілген. Санақ жүргізу тәсіліне сол уақыттағы ғылыми негіздер басшылыққа алынып, ұйымдастырушылық бағдарлама негізіне атақты ғалым, әрі саяхатшы Семенов Тянь-Шаньскийдің жоспары алынған. Санақ бүкіл ел бойынша арнайы дайындалған бір бағдарлама мен жалпы нұсқаулық бойынша  жүргізілген. Ол бағдарламаның негізі 14 сұрақтан құралған. Мысалы:  жасы, жынысы, некелік жағдайы, адамдардың қоғамдық тобы, туылған жері, тіркелу орны, тұрақты (күнделікті) тұрғын орны, діні, ана тілі, білім деңгейі, шұғылданатын ісі, физикалық жетіспеушіліктер мен ойлау қабілеті төмен адамдар және т.б. туралы.

Халық есебі бір күндік санақ принципі бойынша жүргізілген. Санақ парақтары ауылдық жерлерде санаққа дейінгі 20-30 күнде таратылып толтырылған. Қалалық жерлерде  санаққа  мерзімге дейінгі 5-10 күн қалғанда толтырылған.

Бірінші жалпы Кеңес өкіметінің санағы 1920 жылдың 28 тамызында жүргізілді. Бұл санақ әскери коммунизм саясаты мен большевиктер террорының шарықтау кезінде жүргізілген. Азамат соғысы аяқталмағандықтан, Қазақстанның барлық аймағы санаққа кірмеген. Жалпы халық санағымен бірге ауылшаруашылық санағы да жүргізілді.

1923 жылдың 15 наурызында бірінші қалалық халық санағы жүргізілген. Санаққа сонымен бірге өндірістік және сауда мекемелері алынуы тиіс болатын.  Жаңа экономикалық саясаттың басталуымен ірі және кіші мекемелердің, яғни мемлекеттік немесе жеке коммерциялық мекемелердің жалпы тіркелуін жаңарту қажетті туындаған. Себебі аталған ұйымдар салық төлеу мен мемлекеттік бюджетті толтыруға аса құштарлық білдірмеген. Бұл санақ Кеңес үкіметі билігінің нығаюы кезінде жүргізілген және КСРО территориясының, сонымен қатар Қазақстанның толық географиялық көлемін қамтыған. Санақтың мәліметтерін өңдеуде ССРО ОСБ (Центральное Статистическое Управление) демография бөлімінің меңгерушісі Б.Михайловский басты рөл атқарған.

Ең толық халық санағы 1926 жылы өткізілген Бүкілодақтық халық санағы болды. Қазақстан халқының саны толығымен 1914 жылғы дәрежеге жеткен.

1926 жылдың 17 желтоқсанындағы халық санағы бүкіл халықтық іс болды. Партияның Орталық комитеті, жергілікті партия органдары санақ талаптарын бірінші кезекте орындады. Осы маңызды іс-шараға бүкіл халықты жұмылдырды.

Келесі санақ  1937 жылдың қаңтар айында өткізілген. Бұл «атыс санағы» болған. Үлкен шығындар жасалып, маңызды ұйымдастырушылық жұмыстарды жүргендігіне қарамастан, санақ қорытындылары нәтижесіз болды. Өйткені санақты ұйысдастырушылардың көп бөлігі ату жазасына ұшыраған. Бұл санақ, оның бағдарламасы, ал ең бастысы санақтың көңіл толтырмайтын қорытындылары Сталин мен оның қарамағындағыларды да қанағаттандырмаған. Бұл санақтың мәліметтері өңделмеген және басылым беттеріне де шықпай мұрағаттарда қалған. Сондықтан тоталитарлы – репрессиялық өкіметтің қысымымен жаңа санақты жүргізуге дайындықтар басталған. Санақ большевиктердің қуатты қаруы ретінде пайдаланылып, алдыңғы екі бес жылдықтың табысты өткендігін дәлелдеуі қажет болды.

1937 жылы Бүкілодақтық бір күндік халық санағы өтті. Ол санақ 6 қаңтарда түнгі сағат 12.00 басталды. Бұл  санақ бір тәулікке созылды.

1939 жылдың 17 қаңтарында КСРО –да тағы бір халық санағы өткізілді. 1939 жылғы «тексеру» бағдарламасы 16 тармақтан құралған. Санақ керекті қорытындыларды берген жоқ, оның қорытындыларына «жөндеулер енгізіліп», тұрғындардың санын ұлғайтылған.

1939 жылғы санақтың мақсаты партия және үкіметтің бұйрығымен өткізілгендігі белгілі. Статистиканың осы қойылған шартты орындап шығатындығына ешкімде күмән болған жоқ. Қала жұртшылығының күрт өсуін дәлелдеу үшін бірқатар елді мекендердің мәртебесі өзгертіліп, жүздеген поселкілер қала атағын алған. Сөйтіп бұл кездегі тұрғындардың саны 1926 жылмен салыстырғанда екі есеге көбейгендігін көрсетті.

1959 жылдың 15 қаңтарында Қазақстанда тағы бір кезекті халық санағы жүргізілді. Бұл санақтың мәліметтері 1960 жылдың 1 қаңтарындағы әкімшілік-территориялық шекаралар бойынша қайталап есептелінген. Талдықорған облысы Алматы облысына қосылған, Павлодар облысының Бесқарағай ауданы Семей облысына берілген; Алматы қаласының қоныстарының құрамы өзгертілді, Жамбыл (Тараз), Өскмен, Көкшетау, Теміртау жаңа қалалық қоныстар: Талғар, Сырдария және т.б. құрылған.

1970 жылы қаңтарда бүкілодақтық халық санағы жүргізілді, бұл санақтың ұйымдастырушылық-методологиялық және баспа жұмыстары бойынша да алдыңғы жүрргізілген санақтардан басым болды және оның қорытындылары 1926 жылғы халық санағының деңгейіне жетті. 1970 жылғы халық санағының мәліметтері халықтық 25%-нан сұхбат жүргізу нәтижесінде алынған, бұл мәліметтер сол уақытта жоғары салыстырмалыққа ие болды.

1970 жылғы халық санағы 15-20 қаңтар аралығында 8 күн бойы жүргізілді. Салыстыру жұмыстарын қамтамасыз ету үшін Бүкілодақтық халық санағы 1939 және 1959 жылдардағы халық санақтары сияқты қаңтар айының орта шенінде жүргізілді. Тұрғындар мекен-жайында және уақытша тұрғын жерлерінде санаққа алынды. Мұнда бұрынғыдай жұмыс немесе қызмет атқару орындарында есепке алынған жоқ.

Балаларының ұлтын анықтау қиындық тудыратын отбасыларда анасының ұлты жазылатын болған. Бұл тәсіл 1939, 1959 және 1970 жылғы санақтарда да қолданылған.

1979 жылы 17 қаңтарда кезекті Бүкілодақтық халық санағы жүргізілді. Халық 17-24 қаңтар аралығында 8 күн ішінде тұрғылықты тұратын жерлері бойынша санаққа алынған. Сұхбатшылар сұхбат жүргізуді 16-нан 17-ші қаңтарға қараған түнінің сағат 12.00-ден бастаған.

Санақ бағдарламасы 16 сұрақтан тұрған, оның 11 сұрағына жауаптар бірыңғай санақтан алынған, ал қалған 5 сұраққа жауапты тұрақты халықтың – 25%-нан алынған (іріктеп алынған санақ). Санақ кезінде және одан кейін де деректердің дұрыстығы мен толықтылығын қамтамасыз ету үшін қайталап бақылау шаралары жүргізілген. Атап айтқанда қайта бақылау бланкілері толтырылып, санаққа алынғаны жөнінде анықтамалар берілген. 1979 жылғы санақ бағдарламасындағы тұрғындардың жасы мен туған жылы жайындағы сұрақтардың құрылымы қайта түзілген. Жаппай халық санағына мынадай сұрақтар қосылған: үй иесіне деген сүйек қатынасы, халықтың категориясы (тұрақты немесе нақты), жынысы, жасы, некелік жағдайы, ұлты, ана тілі, ССРО халықтарының тілдерін еркін меңгергендігі, білімі, күн көріс көзі т.б.

1989 жылғы халық санағы бойынша Қазақстан мемлекеті тұрғындарың саны 16 млн. 199 мың 200 адамды құрады. Қазақ ұлтының саны 6 млн. 496 мың 900 адам болса, басқа барлық ұлт өкілдерінің саны 9 млн. 702 мың 300 адамды құрады.

Тәуелсіздік жылдары ішінде  Қазақстан мемлекетіндегі ең басты әлеуметтік құндылықтардың бірі – тарихи тағдыр бастарын біріктірген түрлі ұлт өкілдерінің татулығы мен ымыраластығы өзінің құнын жоя қойған  жоқ.

Дегенмен 1999 жылғы халық санағының деректері бойынша Қазақстан мемлекетінің тұрғындары саны 14 млн. 953 мың 100 адамға азайды. Бұл кезеңдегі басты ерекшелік жергілікті ұлт өкілі қазақтың саны осы он жыл аралығында 122,9%-ға артқан. Жекелеген ұлттарға талдау жасасақ мынадай мәліметтерді келтіре аламыз. Атап айтқанда, осы он жылдықта орыс ұлтының саны 37,4%-дан 30%-ға, украин ұлты 5,4%-дан 3,7%-ға, немістер 5,8%-дан 2,4%-ға, татарлар 2%-дан 1,7%-ға азайған.

Бұл әлеуметтік құбылыстың басты себептері КСРО империясының күйреуіне байланысты азаматтардың санасындағы психологиялық және әлеуметтік сілкіністер, тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың етек жаюы және осыған байланысты миграциялық үдерістердің артуы деп санаймыз.

Алдағы уақытта болатын халық санағы егемендік алғалы екінші мәрте өткізгелі тұр. Бұл  - саяси немесе тарихи тұрғыдан болсын, мемлекеттің дамуында қоғамдағы болып жатқан әлеуметтік ахуалды анықтап, талдау үшін өте қажетті іс-шара.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылдың 30 қазандағы №1380 «Қазақстан Рспубликасының 2010-2015 жылдарға арналған демографиялық даму Бағдарламасы» жөніндегі қаулысында Қазақстан халқының санын 2015 жылы 20 миллионға жеткізу көзделген. 

Бұл мақсатта мемлекет тарапынан біршама стратегиялық маңызы бар іс-шараларды жүзеге асырып келеді.

Мысалы, Елбасы жыл сайынғы Жолдауының бір тармағын демографиялық ахуалға арнайды. Оның ішінде ана мен балаға арналған атаулы көмек, жәрдемақы, көші-қон: оралмандар мен ата-мекеніне біржола келетін  қандастарға көмек қолын созу сынды мәселелер.

Ағымдағы жылдың 25 ақпаны мен 6 наурыз аралығында ұлтық халық санағына дайындық ретінде қазан айында жүргізілген санақ жақсы нәтиже көрсетті.

Биылғы халық санағы БҰҰ-ның әлемдік бағдарламасы негізінде өткізіліп, мемлекеттік органдарға штаттан тыс алынған қызметкерлер, тексерушілер мен 60 мыңға жуық  есепшіні қосқанда  71 мыңнан астам адам жұмылдырмақ.

Жоғарыда аталып кеткен Үкіметтің көздеген мақсатын жүзеге асыру жолында, оралмандар легінің санын арттыру мен атқарылып жатқан демографиялық іс-шаралардың тиімді орындалғанының көрсеткіші ретінде, бұл халық санағынан кейін қазақ ұлтының өз жерімізде көбейетініне күмәніміз жоқ.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?