Е.М.АБЕНОВ, саяси ғылымдарының кандидаты
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
ХХ ғасыр аяғында бүкіл халықаралық жүйеде қалыптасқан қауіпсіздік шаралары жойыла бастады. Кеңес Одағы атты алып империяның күйреуі және осыған орай көптеген мемлекеттердің егемендік алып, жаңа халықаралық субьектіге айналуы әлемде жаңа дипломатиялық қарым-қатынастардың қалыптасуына итермеледі. Осы орайда тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы жылдардан бастап өзін дамыған елдер тарапынан мойындатуы және уақыт ұттырмай бірнеше беделді халықаралық ұйымдарға мүшелікке енуінің тарихи маңызы зор болды.
Қазіргі таңда жалпы дүние жүзі елдерінің экономикалық және саяси мүдделерінің бір-бірімен астасып жатуы осы заманғы қауіпсіздік жүйесінің сақталуына дәнекер болады деп санауға болады. Қауіпсіздік жүйесі ұғымының астарында мақсатты экономикалық мүдде болмаса, оның мықты қауқары болмасы анық. Біз әдетте лаңкестікті, есірткі пайдалануды, экологиялық дағдарысты, ұлтаралық шиеленістерді басты қауіп-қатер деп санаймыз. Бұл баршамызға белгілі проблемалар. Соңғы жылдары әлемде қаншама саяси оқиғалар, шиеленістер, келісімдер т.б. толып жатқан форумдардардың ішкі астары бір ғана мүддеге тіреледі. Бұл жекелеген мемлекеттердің ғаламдастыру үдерісінің ең маңызды буындарында өздерінің стратегиялық ұлттық мүдделерін ілгерілетуге мүмкіндік беретін ұлтаралық корпорациялардың экономикалық мүдделері болып табылады. «Әлемді мүделлер басқарады», - деп әйгілі ғұлама Спиноза бекерге айтпаған.
АҚШ-тың саясаткер-ғалымы Борис Румер жақында шыққан «Центральная Азия: надвигающийся шторм?» атты еңбегінде – «Орталық Азиядағы геосаяси ахуал ішкі екі ойыншы (Қазақстан және Өзбекстан) және сыртқы үш ойыншыға (АҚШ, Ресей, Қытай) байланысты болады» дейді. Ал Қытай мен Қазақстанның ара қатынасын автор «достастық артындағы егесу» деп атапты. Ресеймен қатынасына «бірге де емес, бөлек те емес» деп баға берсе, ал АҚШ-пен қарым-қатынасын «бірде жоғары, бірде төмен» деп бағалайды екен. Оның пікірінше И.Каримовтың басты мақсаты: біріншіден, исламдық радикалдық күштерден болатын қауіпті жою; екіншісі, Орталық Азияда өз жетекшілігін орнату. Қазақстанға байланысты айтқанда – Румер – «жақындап келе жатқан террористік дауылдан аман» екендігін айтады, алайда 11 қыркүйек оқиғасынан соң, әлдеқандай қауіп-қатерлердің пайда болғандығын айтады [1].
Таяудағы болашақта әлемге саяси-экономикалық тұрғыдан жетекшілік етуге ұмтылатын «үлкен үштіктің» пайда болуы мүмкін. Олар әрине АҚШ, Ресей және Қытай мемлекеттері. Осыған байланысты аталмыш елдердің арасында елеулі қарама-қайшылықтардың да болатыны сөзсіз. Бұған қоса аталған үш елдің екеуі Қазақстанның жақын көршілірі болып табылатынын да естен шығармаған жөн. Тепе-теңдік кенеттен өзгеруін болдырмауға және әлемдік тұрақтылықты сақтауға «үлкен үштіктің» объективті түрде мүдделілігіне байланысты үш держава арасындағы бақталастық ғаламдық деңгейдегі ынтымақтастықпен қатар жүруі мүмкін деп есептеуге толық негіз бар[2].
Ғаламдық энергетика дағдарысы мен экстремистік қимылдардың күрт өршуі секілді екі фактор – бүгінгі күні Орталық Азия аймағына халықаралық назардың арта түсуіне себеп болып отыр. Американ геостратегтерінің тұжырымдамасы бойынша: «Барынша ішкі тұрақтылығымен, соқталы экономикалық әлеуетімен және орасан минералдық қоймасымен, дәл осы секілді аймақтағы айтарлықтай елеулі ықпалымен ерекшеленетін Қазақстан Орталық Азияға өтудің өзіндік біркілті рөлін атқарады» [3].
Қазақстан пайдаланатын минералды шикізат қорларына бай ел. Дүниежүзінің 170 елі тау-кен өнеркәсібі шикізатының 55 түрін өндіретін болса, Қазақстанда оның 39 түрі бар. Қазақстан шикізат қоры жөнінен Ресей, Қытай, Австралия, АҚШ және Бразилиядан кейінгі 6 орында. Отын-энергетикасында – мұнай, газ, уран; қара металдан – темір, марганец, хром; түсті металдан – қорғасын, мырыш, мыс, алюминий; қымбат металдан – алтын мен күміске бай мемлекет. Каспийдің мұнай қоры шамамен 30 миллиард тонна болса, соның 40% - Қазақстанға тиесілі. газ қоры 2,2 триллион шаршы метр[4].
ҚМУ ХАБАРШЫСЫ 1 (33) 2012 |
Орталық Азияны өздерінің ықпал аймағына айналдыруға мүдделі елдер ретінде бүгінде АҚШ, Ресей, Қытай сондай-ақ Туркия, «Ислам әлемі» елдері, Еуро Одақ және Үндістан аталады. Және де мемлекеттік емес ойыншылардың – транс ұлтты корпорациялар мен халықаралық лаңкестік ұйымдардың да өз мүддесі бар. Орталық Азияның басты ұтымдылығы– геосаясаттағы әлеуетті және транзиттік, энергетикалық магистралдық есебінен «ашық» өңірге айналу мүмкіндігі болып табылады[6].
Қазіргі таңда Қазақстанға ықтималдығы басым қауіп-қатер мыналар:
· Халықаралық экстремистердің, террористік ұйымдардың, есірткі бизнесінің Орталық Азияға орнығу қаупі.
· Орталық Азияға жақын жердегі бірқатар ашық ошақтар – Ауғанстан және Ирактағы тұрақсыздық, Үнді – Пакистан қарама-қайшылығы және ықтималдығы басым, қаупі ашық Каспийдегі тұрақсызыдық жағдайының болуы.
· Оның үстіне дүниежүзілік және аймақтық орталықтардың геосаяси мүдделерінің қабыспауы, географиялық жіктелістердің мүмкін екендігі және алып құрылымдар, аймақтық әскери-саяси одақтарға қатысушы елдердің геосаяси мүдделердің үйлеспеуі мен дүниежүзілік қаруланудың қайта өршуі болып отыр.
БҰҰ-ның жіктеуі бойынша мемлекет жүйесіндегі адамның қауііпсіздігіне қатысты негізгі факторлар төмендегідей:
- Экономикалық қауіпсіздік;
- Азық-түлікпен қамтудың қауіпсіздігі;
- Денсаулықтың қауіпсіздігі;
- Экологиялық қауіпсіздік;
- Жеке бастың қауіпсіздігі;
- Қоғамдық қауіпсіздік;
- Саяси қауіпсіздік[7].
Ұлттық қауіпсіздіктің міндеті елдің негізгі, өмірлік аса маңызды мүдделері – ұлттық дербестікті, аумақтық тұтастықты, халықтың өмірін қорғауды кепілді түрде қамтамасыз ету болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде, ұлттық қауіпсіздік мемлекеттің өмірін қамтамасыз ететін жүйе ретінде танылады: ұлттық қауіпсіздік болмаған жерде мемлекеттің өзі де жоқ.
Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін терроризм, экстремизм, есірткі саудасы және қару-жарақтың заңсыз айналымы секілді құбылыстарға орай мемлекеттік шекараны толық жауып тастауға тағы болмайды. Бұл кері көріністердің тамыры экономикалық және әлеуметтік саяси салаларда жасырынып жатыр. Сондықтан олармен күресте әскери күш қолдану әдісі де жеткілікті түрде тиімділік бермеуі мүмкін. Аталған қауіпсіздік стратегиясында қауіп-қатердің алдын алудың аса маңызды алты бағыты қарастырылған. Олар: сыртқы, әскери, экономикалық, әлеуметтік-саяси, экологиялық және ақпараттық қауіпсіздіктерді қамтиды. Осыған байланысты 2000 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасының жаңа Әскери доктринасы қабылданды.
2000 жылдың шілдесінде Қазақстан Республикасы Әскери реформасының Тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат мынадай өзгерістер алып келді:
· Қазақстандағы әскери басқару жүйесін өзгеріске түскен, геосаясаттық, ішкі сасаттық шарттарға сәйкестендірді.
· Еліміздің әскери жанжалдарға кірісе қалған жағдайларда мобилизация механизмін нарықтық қатынастарға үйлестіріп құру.
· Мемлекеттің әскери ұйымының негізгі құрылымдарының – Қарулы Күштердің ұйымдық-штаттық құрылымын, оларды орналастыру, әскери жабдықтауды және әскери кадрларды даярлау принциптерін өзгертті.
· Әскери қызмет абыройының төмендеу тенденциясын оңалта отырып, әскери қызметшілердің әлеуметтік проблемаларын шешуге басты назар аударылды[8].
Осылайша, Қазақстан Қарулы Күштерін сенімді құралға айналдыру көзделіп отыр. Президентіміздің 2000 жылы 25 қазандағы Ел халқына жолдауында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысындағы төрт басты бағытты айқындап берді:
· Аймақтық қауіпсіздіктің нақты жүйесін құру. Онда ҰҚК мен ШЫҰ арқылы аймақ қауіпсіздігін сақтауға баса назар аударылады.
· Қазіргі заманғы мықты армия құруға бағытталған әскери реформа жүргізу. Осы бойынша жыл сайын ішкі жалпы өнімнің бір пайызынан кем емес қаржы Қорғаныс министрлігінің қажетіне жұмсалуда.
· Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейту.
· Еліміздің экономикалық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру. Президенттің тапсырмасымен Стратегиялық жоспарлау агенттігі мен Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстанның экономикалық қауіпсіздік стратегиясының жобасын жасады[9].
Бұның бәрі Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігінің төрт негізгі – құрылымдық, технологиялық, институционалдық және қаржылық элементтерін бөліп алып қарастыруға мүмкіндік берді. Сол кездегі, қазіргі де сыртқы қауіпсіздіктің басымдығы терроризм мен экстремизмнің таралуынан болып отыр. Бүтіндей алғанда елімізде осындай қатерлерге қарсы бағытталған шаралар мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылды:
· Мемлекеттік шекараны шұғыл жабу жөніндегі шаралары жүзеге асырылды. Осылайша, шекараның оңтүстік учаскесінде ҰҚК Шекара қызметінің қосымша бөлімдері мен бөлімшелері, екі шекара отряды орналастырылып, оннан астам жаңа тексеру-өткізу пункттері, сондай-ақ қосымша блок бекеттер қойылды.
· Құқық қорғау органдарының шұғыл іздестіру қызметі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың экстремизм мен терроризмнің көріністеріне қарсы күрестегі алдын-алу шаралары күшейтілді. Құқық қорғау органдары заңсыз сақталған отты қаруларды тәркілу, олардың жасырын айналымдарының алдын алу жөнінде операциялар өткізілді. Оның сыртында Қазақстанда тіркелмеген діни қауымдастықтардың, секталардың, діни оқу орындарының заңсыз қызметтерінің алдын алу жөнінде кешенді құқықтық және шұғыл іс-шаралар жүзеге асырылды. Соңғы уақыттарда заңсыз іс-әрекет жасаған бірқатар діни әрекеттер байқалды. Кейбір бірлестіктердің қызметі белгіленген заңға сәйкес тоқтатылды. Ал 2011 жылығы қазан айындағы «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңның қабылдануы діни экстремизмге қарсы күреске тың қарқын беретіні анық.
Төлқұжаттық және визалық бақылауды, сондай-ақ халықаралық қатынастардағы көліктің барлық түрлерін бақылауды күшейту жөнінде шаралар қабылданды. Жасырын миграция деректері бойынша шетелдің 1500 азаматы Қазақтаннан сыртқа шығарылып жіберілді. Туристік фирмалар мен көші-қон жүргіндерін реттеу қолға алынды.
Жақын болашақта Қазақстан дамуының басты бағыттары – тиімді экономика, бейтарап қоғам және ұлттық қауіпсіздік болып қала бермек. Азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық міндеті шешілмейінше, кез келген экономикалық реформаларын жүзеге асыру мүмкін емес. Қазақстан жас тәуелсіз мемлекет ретінде өзінің тарихи дамуының жауапты кезеңінде тұр. Сондықтан бүгін біздер үшін уақыттың барлық үн қатуларына, соның ішінде өз қауіпсіздігімізге дәл жауап таба білуіміздің маңызы зор [10].
Қазіргі әлемдегі жанжалдар – көп жағдайда түрлі өркениеттердің қақтығысы сипатында түсіндіріліп жүр. Батыстық (христиандық) және Шығыстық (мұсылмандық) өркениеттердің жарастығының және бері қойғанда, олардың өзара үйлесуі жоғары деңгейінің мысалы болып табылатын Қазақстанның Шығыс пен Батыстың дәстүрлі құндылықтарына тең құрметпен қарайтын қоғамның мысалы ретінде жекелеген мемлекеттер мен аймақтар деңгейінде, сондай-ақ ғаламдық деңгейде де кешенді қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды көтеруге толық құқығы бар [11].
Сондықтан біз ғаламдастыру иіріміне жұтылып кетпей, өз мүмкіндігімізді пайдалана отырып, бейімделе білуіміз керек. Бірақ, әлемде өмір сүретін және болашағын ойлайтын жалғыз біз емес. Айналамыз толған бәсеке, бақталастық. Сондықтан да мемлекетіміздің басты мақсаты – саяси да, экономикалық та тұрақтылықты сақтау. Сыртқы саясаттағы бедел – ішкі саясаттғы тұрақтылыққа тікелей байланысты. Демек, елдік пен бірлікті сақтау ең асыл мұратымыз болуы қажет.
Әдебиеттер:
1. Муташев С. Надвигающийся шторм в Центральной Азии. // Континент. - 2002. - № 20. - С. 49.
2. Тоқаев Қ. Қазақстан Республикасының дипломатиясы. – А., 2002. - 25 б.
3. Джилавян А. Казахстанский ключ Центральной Азии.//Независимая газета. - 2001. - 14 апреля
4. Құланбай Ә. Қазақстан бұрын шикізат қоры саналып келді.//Егемен Қазақстан. - 2001. – қазан.
5. Ашимбаев М. С кем и за кого нам надо дружить.//А и Ф Казахстан. - 2003. - №12.
6. Назарбаев Н. Сындарлы он жыл. – А.,2003. 188 б.
7. Қуандықов Е. Ғаламдық гуманитарлық түйіндер және Қазақстандық мүдделер.//Ақиқат. -2002. - №6. - 29 б.
8. Тәжин М. Уақыт талабына оң жауап таба білу қажет.//Егемен Қазақстан. - 2000. - 24 қараша.
9. Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. // Егемен Қазақстан. - 2000. - 26 қазан.
10. Тәжин М. Уақыт талабына оң жауап таба білу қажет. // Егемен Қазақстан. - 2000. - 24 қараша.
11. Тоқаев Қ. Қазақстан Республикасының дипломатиясы. – А.,2002. - 26 б