Дәулетше
(Дәулетшаһ) Күсепқалиев 1874 жылы 23 (25) тамызда Орал облысының Калмыково уезінде ақсүйектер
отбасында дүниеге келген. Негізінен Дәулетшах Көсепқалиев (Дәулетшаһ)
1870 жылы Екатеринослов уезі, Старосербск қаласында дүниеге келген. Оған сол
кезеңдегі Қазақстандағы саяси жағдайға байланысты болды.
Өйткені 1888 – 1890 жылдары Орталық Россиядан шаруаларды қоныстандыру басталған. Ол үшін ең алдымен жаңа қала салу керек болған. Жымпиты қаласының алғашқы іргесін Мәлке (Алаша) руымен Дат руының (Байбақты) жайлауы болып есептелетін Жымпиты өзені жағасынан орыстың атақты инженерлері белгілеген. Алайда, сол жердегі атақты ру басы Нұрмағанбет бай мен Омардың Салығының қарсы болуымен байланысты қаланы Жымпиты өзені мен Өлеңті өзені жағасындағы Қоспаға салу ұйғарылады. Қоспада Жауғашты, Тоқсоба руларының көп ишандары жерімізді мал аяғы тапайды деп Қоспаның солтүстік шығысына қарай Өлеңті өзенінің жағасынан орын береді. Ең алдымен орыс шіркеуін салу, қазақ-татар мешіттерін, мектеп салуды және аурухана салу қолға алынған. Қазақ ССР Мемлекеттік Орталық мұрағатындағы Жымпитының құрылу тарихы және алғашқы профессор атағын алған қазақ Халел Досмұхамедов, Дәулетшах Жүсіпұлы Көсепқалиев жөніндегі естелік мәліметтерге сүйенсек, сол естеілктердегі жақын туыстарының айтуы бойынша Дәулетшахтың әкесі Жүсіп Сібірге жер аударылады, сол жылы Дәулетшах дүниеге келген екен. Әкесі Жүсіп елге келгенде Дәулетшах 10 жасар бала болатын. Тегі - Төре, соның ішінде Нұралы хан тұқымы. Атасы Нұралының Орманынан туған.
Дәулетше Күсепқалиев жеті атасынан тараған хан тұқымы – Әбілхайыр ханнан тарайды. Дәулетше Күсепқалиевтің әкесі құжат бойынша Юсуфгирей деп жазылған, негізінде Жүсіпкерей, ал анасы – Хадиша. Бұл мәлімет Батыс Қазақстан облысының мұражайындағы Дәулетшах Күсепқалиевтың ісінен алынған Оның Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы жеке іс-парағындағы метрикалық куәлігінде: «Дано сіе свидътельство Султану Юсуфгирею Кусябгалиеву Нуралиханову въ томъ, что отъ законного брака Султана Юсуфгирея и его супруги Хадиши, въ 1874 году 25-го августа родился сынъ Давлетшахъ Кусябгаліевъ Нуралиханов ...» – деп жазылған [1, 142-147 бб.] .
Оның есімі әртүрлі деректерде әртүрлі жазылады: Дәулетше, Дәулетшах, Дәулет, алайда Күсепқалиевтің дұрыс аты Дәулетшах. Дәулетшах Күсепқалиевтің атасы Күсіпқали Орманов болған.
Күсепқали Ормановтан ағайынды төрт ұл тарайды: Юсуфгирей (қазақша Жүсіп деп те айтылады), Адильгерей, Шангерей, Салимгерей. Дәулетшах Күсепқалиевтің әкесі сұлтан Юсуфгирей (мұрағат құжаттарында жазылғандағыдай) Күсепқалиев болса, сұлтан Юсуфгирейдің әкесі Күсепқали Орманов, ал Күсепқали Ормановтың әкесі сұлтан Нұралы ханның ұлы Орман болған екен [2, 17 п]. Күсепқали Орманов туған жылы белгісіз, 1872-73 жылдарда қайтыс болған. Ол Кіші жүз сұлтаны Әбілқайыр әулетінен шыққан Орман сұлтанның баласы, Нұралы ханның немересі. 1838 жылы балалары Ахметше, Әділгерей, Шәңгерей, Сәлімгерей, Жүсіптермен бірге Жайық өзенінің солтүстік жағалауында Ресей үкіметіне қарсы Қайыпқали Есімов бастаған ұлт азаттық күресіне қатысты. Күсепқали сұлтан Ресейдің отарлық саясатына наразылық білдіріп, 1868-70 жылдарда қазақ даласында реформа жүргізуге қарсы Кіші жүз қазақтарының көтерілісіне, 1869 жылы күзде Жем өзенінің бойындағы подполковник Новокрещенов пен фон Штемпельдің тұрақты әскерлерімен болған шайқасқа қатысады. Калмыков уезінің бастығының көмекшісі қызметіндегі Сырым батырдың немересі Омар Қазиевтің араласуымен Күсепқали сұлтан, оның мен немере інілері Қуат пен Шора Сүгірәлиевтер, олармен бірге көтеріліске қатысқан бірнеше адам тұтқындалады. Күсепқали балаларымен бірге алғашында бір жарым жыл Орал түрмесінде жатып, кейін әскери комиссияның шешімімен Екатеринославск губерниясындағы Старосербск деген жерге айдауға жіберіледі. Бірақ Күсепқали жолда қайтыс болып, денесі Ростов қаласындағы бейіттің мұсылмандар жерленетін жағына қойылады [3, 306].
Жүсіптің баласы Дәулетшаһ Старосербск қаласында дүниеге келеді. Сондықтан да кейбір деректерде Дәулетшаһтың туған жерінің Старосербск қаласы деп аталуы осыған байланысты. Ал кейбір деректерде бұл қаланың орнына әкесінің туған жері Тайпақ жазылып кеткен. Күсепқали сұлтанның ұрпақтарының тірі қалғандары Самара губерниясындағы Жаңаөзен уезінде қалып қойып, тек кейінірек туған жеріне оралады. Сондықтан Дәулетшаһ 1880 жылы тірі қалған ағаларымен бірге елге – Жайық өңіріндегі Азынабай-Тайпақ атырабына, атамекені Ақбақай жайлауына (қазіргі Қаратөбе ауданы Саралжын ауылы маңына) оралды.
Дәулетше Күсепқалиевтың арғы ата-тегін растайтын құжатта 96 адам қол қойып, рулық таңбасын басқан, 2-інші Өлеңті болысының басқармасынан деп мөрі басылған [1, 17 б]. Онда оның өмірбаянына мәлімет келтірілген. Яғни 1895 жылы 16 маусымда Орал облысы, Калмыков уезді, Өлеңті болысының № 2 ауылының 96 тұрғыны жазған сословия жөніндегі үкімде Орынбор классикалық гимназиясын бітіріп, үздік оқуы мен тәртібі үшін күміс медальға ие болған Дәулетшах Күсепқалиевті артықшылықтарға ие сұлтан рангісіне жатқызуды үкім еткен. Олардың айтуынша Дәулетшах Күсепқалиев бүкіл Кіші Орда ханы Сұлтан Нұралы ханның тікелей ұрпағы болып есептеледі.
Дәулетшах Күсепқалиев болыстық орыс-қазақ мектебіне оқуға түсіп, хат таныған. Одан кейін 1887 жылы Орынбор қаласындағы классикалық ерлер гимназиясын оқып, оны күміс медальмен 1895 жылдың 8 маусымында аяқтайды [4,31 п].
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорындағы Дәулетшах Күсепқалиевтің жеке іс-парағында Орынбор классикалық гимназиясының ғылым курсын күміс медальмен бітіргендігі туралы жазылған: «Во вниманіе къ постоянно-отличному поведенію, прилежанію и къ отличнымъ успъхамъ въ наукахъ Педагогическій Совътъ постановил наградить его Кусябгаліева, серебряною медалью и выдать ему аттестатъ зрълости, предоставляющій ему всъ права, обозначенныя въ № 130-132 ВЫСОЧАЙШЕ утвержденнаго 30 Іюля 1871 г. Устава гимназій и прогимназіи въдомства Министерства Народнаго Просвъщенія Оренбургъ, Іюня 8 дня 1895 года» [2, 7 п].
1895 жылы 1 шілдеде Дәулетшах Күсепқалиев Орынбор классикалық гимназиясының ғылым курсын күміс медальмен бітірген соң, Мәскеу императорлық университетінің ректорына сол университеттің медициналық факультетіне қабылдауға өтініш жаза отырып, университеттің барлық ережелері мен қаулыларын қатаң ұстанатындығын айтады. 1895 жылдың 1-інші шілдесінде Император атындағы Мәскеу университетіне қабылданады [3, 19 п].
Дәрігер Дәулетшах Күсепқалиев 1900 жылы 12 маусымда осы оқу орнын тамамдап, императорлық Мәскеу Университетінің Медициналық факультетінде университет жанындағы Медициналық тексеру-сараптама комиссиясынан 1900 жылдың қыркүйек-қазан айларында өтеді. Мемлекеттік Кеңестің шешімі бойынша аса жоғары бағалауға ие болып, 1900 жылы 14 қазанда барлық артықшылықтар мен құқықтарға ие лекарь атағын алады. Одан кейін арада көп уақыт өтпей Дәулетшах Күсепқалиев дәрігер атағына да ие болғаны туралы куәлікте былайша жазылған: «Отъ Съвета ИМПЕРАТОРСКОГО Московского Университета Лъкарю Давлетшаху Кусябгаліеву дано сіе свидътельство въ томъ, что онъ, по надлежащемъ, испытаніи въ Медицинскомъ Факультетъ о предъленіемъ Университетского Совъта 16-го декабря 1900 года состоявшимся, утвержденъ въ званіи Уъздного Врача ...».
Ал «Емші» деген біліктілік жазылған № 911 дипломын алып шығады Дәулетшахтың Мәскеу императорлық университетін бітіргендігін растайтын куәлігінде «Предьявитель сего Кусябгаліев Давлетшахъ Юсуфгиреевъ, Магометанского въроисновъданія, сынъ Султана из Киргизовъ родившійся 23 августа 1874 года въ Калмыкову. Уральской обл, по аттестату зрълости Оренбургской гимназіи съ серебряною медалью принять быль въ число студентовъ ИМПЕРАТОРСКОГО Московского Университета въ Іюль 1895 года и зачисленъ на медицинскій факультетъ, на которомъ слушаль курсы: по зоологіи, ботаникъ, минералогіи, физикъ, неорганической химіи, органической химіи, медицинской химіи, по анатоміи здороваго человека, по физіологіи, по гистологіи и эмбриологіи, по фармакогнозіи и фармаціи, по фармакологіи съ рецептурою и бальнеологіей, по общей патологіи, по анатоміи и гистологіи патологической, по врачебной діагностикъ и про педевтической клиникъ, по десмургіи и ученію о переломахъ и вывихахъ, по частной патологіи и терапіи, по нервнымъ болезнямъ и психіатріи съ клиниками, по кожнымъ и венерическимъ болезнямъ съ клиникою, по хирургической патологіи, факультетской хирургической клиникъ, по болезнямъ мочевыхъ и половыхъ органовъ съ клиникою, по факультетской терапической клиникъ, по оперативной хирургіи и хирургической анатоміи, по госпитальной терапической клиникъ, по офталміатріи съ клиникою, по акушерству, съ клиникою, по женскимъ болезнямъ съ клиникою, по дътским болезнямъ съ клиникою, по судебной медицинъ и медицинской помощіи, по гигіенъ со статистикою, по исторіи медицины и эпизоотологіи съ ветеринарною полиціей, участвовал въ установленныхъ учебнымъ планомъ практическихъ занятіяхъ; подвергался полукурсовому испытанію изъ 1-й части въ 1896 году изъ 2-й части въ 1897 году...» деп оның қандай бағытта білім алғанын көрсеткен [3,11] .
Студенттік жылдары Дәулетше Күсепқалиев Орал әскери Казачествосының басқармасынан стипендия (шәкіртақы) алып оқыған. Кейбір деректер бойынша осы университеттің заң факультетінде қатар оқып, екі дипломды бірге алған.
Д.Күсепқаливтің қоғамдық - саяси көзқарастарының қалыптасуына бір жағынан ол білім алған Ресейдегі қоғамдық-саяси оқиғалар; екінші жағынан өзі шыққан қалың қазақ ортасының әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайының ықпалы зор болғаны күмәнсіз. Өзі сияқты көзі қарақты орыс дәрігерлермен тәжірибе алмасуы, орталық қалалардағы алқалы жиындарға қатысуы оның тек дәрігерлік тәжірибесінің артуына ғана емес саяси ойының шыңдалуына да өзіндік әсері болды.
Тарихта жеке тұлғалар қоғамдық саяси қайраткер ретінде барлық оқиғалардың ортасында жүріп, тарихи процесте маңызды роль алды. Мемлекеттік мәселелер көтеріліп жатқан кезде Күсепқалиев те сол қоғамдық саяси өзгерістерден шет қалмады.
1895 жылы Орал облысына қарасты Ілбішін уезіндегі 2-інші медицина-ауылдық учаскіге дәрігер болып бекітілді, Қарағаш, Өлеңті, Жымпиты, Соналы, Қалдығайты болыстарына дәрігерлік қызмет көрсетті [3,20 п].
Дәулетшахтың дәрігерлік қызметі басталған кезеңдегі Қазақстандағы денсаулық ісінің жағдайы өте төмен еді. Себебі қазақстан қазан төңкерісіне дейін экономикалық және мәдени жағынан мешеулеп, артта қалған ресей патшалығының шеткі аймақтарының бірі еді.
Тұрмыстың ауыр жағдайы, қиыншылық өмір, медициналық көмектің жоқтығы - міне осының барлығы еңбекші бұқараның арасында алуан түрлі аурулардың көп таралуына себепші болды.
Кеңес өкіметі орнағанға дейінгі қазақ халқының өмірінде мал шаруашылығы негізгі роль атқарды, халықтың тұрмыс жағдайлары мен еңбегі сол малды үнемі бағып-қағу, аман сақтап өсірумен тығыз байланысты болды. Мұның өзі қазақтарды малға жайлы жер іздеп, үнемі көшіп-қонып жүруге, сөйтіп көшпелі өмірдің ауыр азабын шегуге мәжбүр етті. Ал қысы-жазы тыным таппай, аш-жалаңаш бай малының соңында жүрген кедейлердің өмірі бәрінен де ауыр, әрі аянышты болды. Сол себепті көптеген жұқпалы аурулар, соның ішінде малдан жұғатын аурулар қазақ халқын үнемі бақытсыздық жағдайларға душар етіп отырды. Мысалы, бурцуеллез, туберкулез, түйнеме, құтыру, туляремия т.б. аурулар қазақтар арасында кең етек алды. Мұндай аурулардың шығу себебін сол кезеңде өлкеде жұмыс істеген орыс дәрігерлері аурудың шығу себебін санитарлық-гигиеналық жағдайлардың сақталмауынан көрді. Оның үстіне бұл аурулардың кең етек алуына қарамастан оған тиісті дәрежеде медициналық көмектер де көрсетілмеді. Өйткені патша өкіметі өзінің отар аймағы ретіндегі қазақ даласында медицинаның дамуына мүлде көңіл бөлмеген еді. Медициналық көмек көрсетудің аралас жүйесі халықтың қажетін, әсіресе көшпелі мал шаруашылығымен айналысушылардың қажетін өтей алмады. Мысалы, 1898 жылы 585894 шаршы шақырым жер көлемі бар бүкіл батыс Қазақстанның территориясындағы 587446 адамға 11 дәрігер, 28 фельдшер, 7 акушер (кіндік шешелер) болды [5, 139 б].
Ал «Кең байтақ қазақ даласында 1913 жылы небары 1800 төсегі бар 98 аурухана, 96 емхана болды, яғни 14 мың шаршы километр жерге бір медициналық орыннан келді. Қазақстандағы барлық дәрігерлердің саны 200-ге жетпейтін, ал олардың басым көпшілігі тек қалаларда ғана жұмыс істейтін. Мұндай көрсеткіштер сол кезеңде дәрігерлік көмектің тиісті дәрежеде көрсетілмеуін дәлелдейді. Осыған орай елді көптеген жұқпалы аурулар шарлады, әсіресе балалар өлімі өте көп болды. Мысалы, 1913 жылы Орал өңіріндегі көшпелі қазақтар арасында бір жылдың ішінде 7654 бала туса, сол жылы өлген балалардың саны 7702-ге жеткен, яғни өлім саны туғандардан асып түскен». Себебі бұл кезеңде қазақ халқы арасында дәрігер мүлде жоқтың қасы еді, бар орыс дәрігерлер қазақтардың жағдайын ұға алмады, әрі олар халық арасына далаға барып жұмыс істеуге мүдделі болмады [5,145 б].
Қазақ төңкерісіне дейін қазақстанның көпшілік аймақтары сияқты батыс өңірдің ауылдық жерлерінде санитарлық пункттер болмады. Тек ХІХ ғасырдың екінші жртысынан бастап 1867-1868 жылдардағы реформалардан кейін алғаш рет халыққа қызмет көрсету мақсатында уездік дәрігер, уездік фельдшер және акушер лауазымы белгіленді. Бірақ уездік медицина мекемелері әр аймақта бірдей құрылған жоқ. Сондықтан сол кезде қалыптаса бастаған фельдшерлік пункттер «теңізге тамған тамшыдай» болды. Олар денсаулық саласындағы халықтың ең аз деген мұқтажын өтей алмады.
Қазақстанның осындай ауыр кезеңінде Ресейдің орталығынан дәрігерлік білім алып келген Д.Күсепқалиев өз халқына қызмет ету жұмыстарына белсене араласа бастайды.
Бұл кезеңде Батыс Қазақстан аймағындағы дәрігерлік қызметтің басты түрі земстволық медицина болды. 1898 жылдың 8 шілдесіндегі Мемлекеттік Кеңестің «Орал және Торғай облыстарының уездеріндегі дәрігерлік бөлімдерді дәрігерлік учаскелерге бөлу туралы» өкімінен кейін 1899 жылдан земстволық медицинаның дәрігерлік учаскелері Орал облысында да қалыптастырылады. Енгізілген штат санына қарай Орал облысы 1899 жылдың 1 қаңтарынан 11 дәрігерлік учаскеге бөлінеді(4-қосымша). Әрбір учаскеге дәрігер, фельдшер және фельдшер-акушер бөлінеді. Осы кезеңде Д.Күсепқалиев университетті бітірісімен, Орал губерниясының Жымпиты уезіндегі учаскелік (25 төсектік) ауруханасына дәрігер етіп жіберіледі. Жымпиты ауруханасы, медициналық көмек көрсету үшін қазақ жерінде ең алғаш ашылған үш аурухананың бірі. (1894 жылы ашылған). Ол кезде де жоғары білімі бар дәрігер болмаған участоктерде орта буынды медицина қызметкерлері жұмыс жасаған. Алғашқы жоғары білімі бар қазақ дәрігері Дәулетшах 1896 жылы ауруханаға келіп еңбек етеді. Ол кезде Жымпиты уезі 36 болысты қамтыған. Бұл кезеңдегі өлкенің санитарлық жағдайы өте ауыр болған. Халықтың өлімінің басты себебі безгек, оба, сүзек аурулары болды және ол аурумен ауырғандардың өліміне ең басты себептің бірі халыққа ауруханалық көмектің болмауы деп көрсетіледі. Тек Орал облысының өзінде 1899 жылы 1691 мерез ауруына шалдыққан жағдайлар тіркелген. «1899 жылдағы Орал облысына Шолуда» «бұл аурулардың өкінішке қарай қырғыз халқының арасында күшейіп отырғаны, оның тез таралуына: 1) көшпелі тұрмыс пен қырғыздардың өзара кең араласуы; 2) халықтың бұл аурудың пайда болуымен, онң жұқпалы кезеңімен таныс еместігі; 3) қырғыз даласында судың жеткіліксіздігіне орай үй тұрмысындағы қырғыздардың ластығы; 4) халыққа ауруханалық көмектің жеткіліксіздігі ықпал етіп отыр» деп көрсетілген[5, 60 б.].
Осындай жағдайдың бел ортасында жүрген Көсепқалиев сол кезеңде өзімен қызметтес болған дәрігерлер Т.Құдайқұов, С.Қазиев, А.Маликовтармен бірге бірнеше рет ұсыныстар жіберуіне орай 1899 жылы Жымпиты қырғыздық қоғамдық ауруханасы облыстық қырғыз земство басқармасына беріледі. Бұл аурухананы ұстауға жылына 4750 сом жұмсалса, дәрігердің жалақысы 800 сом, фельдшердікі 300 сом, фельдшер-акушердікі 360 сом болған [6,47].
Сөйтіп Күсепқалиев өлке халқына дәрігерлік қызмет көрсету жұмыстарының бел ортасында жүреді. 1902 жылы өзінің туған жері Тайпақ ауылына дәрігер болып келіп, осы өңірде алғаш рет шағын аурухана ашуға ұйытқы болады. Алғашқы жылдары осы өзі ұйымдастырған ауруханада жемісті жұмыстар жүргізеді. Бүкіл Тайпақ өңірінде жалғыз дәрігер атанады.
1903 жылдан Орал облысындағы Гурьев уезіне қарасты 2-учаскінің Өлеңті, Қызылқоға, Ойыл, Сүрелі, Есбол, Қарабау, Сламихын, Керімақас, Қайығайшы, Жымпиты, Қиыл, тағы басқа болыстарға дәрігер етіп жұмысқа жіберіледі, әрі осы учаскіде крестьянский начальник, Кермеқас 1 кластық орыс-қазақ училищесінің қамқоршы-попечителі қызметін атқарады. Онда Дәулетшах тек дәрігерлік жұмысын атқарып қана қоймай, қара қазақтың сауатын ашуда өзінің үлкен үлесін қосады. Ол Керімақаста II жылдық орыс-қырғыз мектебін ашуда белсенді қайраткердің бірі болады. Мұндай білім беру саласына қамқорлық етуі сол кезеңдегі өзге зиялы қазақтар сияқты жергілікті халықтың білімалуы қандай деген мәселені толық түсінуімен байланысты болды.Дәрігерлік қызметімен қатар Дәулетшах қазақтар арасына орыс тілінің таралуына үлкен ықпал жасаған.
Көрнекті қазақ ақыны Шәңгерейдің ағасы Мұхамедкерей Бөкеевтің қызы Айшаға үйленеді. Бірақ оның ұрпақтары туралы мәліметтер жоқ.
1912 жылы Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі болып тағайындалады. Бұл аурухана 1888 жылғы 17 қазандағы Курск-Харьков Азовск темір жолындағы Борки станциясында патша пойызы аударылған «атақты» оқиға болған еді. Бұл төңкерістің соңының сәтті аяқталуына орай храм ен қайырымдылық мекемелерін ашу Комитеті құрылып, Ресейдің өзінде және оның аймақтарында қайырымдылық мекемелері ашылады. Осылайша Жымпитыдағы ауруханада осы қайырымдылық акциясының нәтижесінде пайда болады.
1912 жылдан бастап Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі болумен қатар ол сондай-ақ крестьянский начальник. Облыстық земство жиынының қаржысын пайдалана отырып, ауруханада жүйке сырқатына шалдыққандарды емдейтін бөлімше, перзентхана ашуға ұйытқы болды. 1912 жылы Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі бола отырып, ол дәрігер Н.А.Селезневпен бірге Жымпиты поселкасының төңірегіне ұялаған обаның шығуына және таралуын жою жұмыстарына белсене қатысады. Ол үшін уақытша обаға қарсы лаборатория мен обаға қарсы дәрі дәрмектер қоймасы ашылады [7,31 б.].
Ол кезеңде Жымпиты ауруханасы земствоның қаржысымен жұмыс жасаған. Ол аурухананың меңгерушісі ғана болып қоймай, емдеумен бірге ауруды алдын ала болдырмау шараларын жүзеге асыруда алғашқы бастамашы болған. Әсіресе оба, шешек ауруларымен күресте өте көп еңбек сіңірген.
1914 жылы Дәулетшах салына бастаған Тайпақ ауруханасына меңгеруші етіп жіберіледі. Ол өз денсаулығының нашарлығына қарамастан халыққа медициналық қызмет көрсетуде аянбай еңбек етеді. Қырғыз революциялық комитетінің құрамына енеді. Кейін ол біраз уақыт облыстық санэпидстанциясын басқарады. Денсаулығының төмен әсерінен қырғыз революциялық комитетінен Жымпиты уезіне қайта жіберуін өтінеді. Бұл жөнінде (1920 жылдың 19-шы маусымда) Орал облыстық революциялық комитеттің дәрігері Көсепқалиевтің Оралдан шыққандығы жөнінен хабарлауыңызды өтінеміз. Онсыз уезд дәрігерсіз қалды деп ревком председателі Қасаболатов телеграмма жібереді.
Аурухананың аяқталуына байланысты ол Жымпитыға қайтып оралады. Бұл жерде өзінің халыққа қызмет ету жұмысын жалғастырады. Оның жұмысының басты бағыты сол кезеңде қазақ халқының арасында белең алып отырған жұқпалы аурулармен күрес шаралары болды. Себебі 1915 жылы Батыс Қазақстанда оба ауруының 116, холераның 92 жағдайы тіркелген [8,87 б.].
Бұл аурулармен күрес жергілікті дәрігерлердің күшімен жүзеге асырылады. Сондықтан бұл бағытта Батыс Қазақстан аймағының бірқатар болыстарын қараушы дәрігер ретіндегі Күсепқалиевтің еңбегі зор болды. Оған дәлел, дәрігерлік инспектор міндетін атқарушы, кейіннен Батыс Қазақстан денсаулық сақтау ісінің ірі қайраткерінің бірі және ұйымдастырушы А.В. Гекке 1915 жылы Жымпиты ауруханасының дәрігері Дәулетшахтың болыс территориясында обаның өршіген уақытында қалай еңбек еткені жәйлі «Оба эпидемиясы кезеңінде медицина қызметкерлерінің тұрмыс жағдайы өте төмен дәрежеде болды, қажетті мебельдер жетіспейді. Күнделікті сапасыз даярланған тамақпен кермек су асқазан ауруына шалдықтырады. Бір орыннан екінші орынға жайдақ не арбамен жету осының бәрі дәрігердің денсаулығына үлкен әсер етеді. Медицина қызметкерлеріне жағдай туғызу төмен дәрежеде еді,-деп жазды[3,12 п].
Оның белсенді жұмыстарының барысында 1915 жылы Жымпиты земстволық қырғыз ауруханасының қуаты 35 кереуетке ұлғаяды. Саратовтық эпидемиолог-дәрігер Г.Кольцовпен бірге алғаш қазақ даласында обаға қарсы күресетін лаборатория ұйымдастырды, жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстарын жүргізді. 1914 жылы Самара қаласында өткен облыстық обаға қарсы күрес съезіне қатысып, жан-жақты баяндама жасады. Бұл оқиғаға Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде мақала арнады. Дәулетше Күсепқалиев, сондай-ақ «Қазақ» газетіне қалам қызметімен қолдау көрсеткендердің бірі. Осы еңбегі үшін газет басқармасы 1914 жылы 45-ші нөмірінде оған басқа азаматтармен бірге алғыс айтты.
Д.Көсепқалиев Ішкі (Бөкей) қырғыз ордасының дәрігерлері сияқты бірнеше рет Ресейдің көрші губернияларындағы обаға қарсы сьездердің жұмысына қатысады. Оның «Орал облысындағы обаның шығуы» деп аталатын алғашқы баяндамасын (61ші бет) 1910 жылы Астраханьдағы Астрахань губерниясы мен орал облысындағы обаға қарсы шараларға қатысушылардың сьезінде жасады. Бұл сьез жөнінде және сол кезеңдегі халық үшін өте қауіпті болып отырған оба мәселесі «Астарахань дәрігерлерінің қоғамының хабарламасынын №2 жарияланады. Ал «Обаның алдын алу шаралары туралы» деп аталатын екінші баяндамасы 1914 жылы Самара қаласындағы сьезде жасалып, ол 1914 жылы «Самара қаласындағы обамен күрес жөніндегі сьезд еңбектері» деп аталатын жинақта жарияланады [5, 175 б]. Өз баяндамаларында Көсепқалиев қазақ далаларында дәрігерлік-бақылау пункттерін ұйымдастыру қажеттігін ғылыми тұрғыдан негіздейді. Мұның өзі көп ұзамай қазақ даласында дәрігерлік-бақылау пункттерінің ашылуына, дәрігерлер қатарпының артуына алып келді.
Нәтижесінде 1899-1915 жылдарда Орал облысы мен Торғай облысының екі уезін қосқанда дәрігерлік қызмет түрлерінің көлемі мынадай жағдайға жетеді[5, 64 б]:
Жылдар |
Өлкедегі дәрігерлер саны |
Оның ішінде селолық учаскелік дәрігерлер |
Земстволық ауруханалар мен қабылдау бөлімдерінің саны |
Ондағы кереуеттер саны |
1899 |
35 |
17 |
9 |
60 |
1905 |
35 |
17 |
12 |
76 |
1908 |
33 |
15 |
13 |
106 |
1912 |
45 |
17 |
21 |
153 |
1913 |
48 |
16 |
21 |
168 |
1914 |
51 |
15 |
21 |
193 |
1915 |
67 |
19 |
21 |
204 |
Өлкедегі дәрігерлер санының аздығы мынадай себептермен: 1) империялық әкімшіліктің ұлттық шет аймақтардағы халықтардың білім алуына мүдделі болмауы; 2) қазақ жастарының басым көпшілігінің аяқталған гимназиялық білімінің болмауы мен университеттердің медициналық факультеттерінде оқуға мүмкіндігінің болмауымен; 3) орыс дәрігерлерінің арасында қазақ даласына барып жұмыс жасауға тілек білдірушілердің аз болуымен түсіндірілді. Дегенмен 1915 жылы Батыс Қазақстанда тек қазақ ұлтынан барлығы 6 дәрігер, 26 фельдшер, оның ішінде 2 дәрігер мен 13 фельдшер Ішкі (Бөкей) ордасында болды [5, 65 б].
Дәрігерлік көмек көрсетуде маңызды орын алған Күсепқалиевтің жұмысының бірі емдік дәрілермен көмекті ұйымдастыруы болды. Батыс қазақстан мемлекеттік мұрағатының көрсетуінше 1913 жылы Батыс Қазақстанда жұмыс жасаған үш ерікті және бір мемлекеттік дәріханалармен қатар Калмыков, Жымпиты селоларымен қатар сегіз ауылдық дәріханалар жұмыс жасаған. Жергілікті дәрігерлер осы дәріханалардан дәрілер алып халыққа жеткізіп отырған.
Көсепқалиевтің дәрігер, емші ретінде Батыс Қазақстанмен көрші Ресей губернияларының дәрігерлерінің Қоғамының обаға қарсы сьездері мен мәжілістеріне қатыса отырып Н.Н.Клодницкий, И.А.Деминский, С.М.Никаноров т.б. сияқты көрнекті дәрігерлермен кездесіп, олармен ақылдасу, кеңес алуы оның эпидемиолог дәрігер ретінде қалыптасуына үлкен ықпал етті. Олардан алған үлкен дәрігерлік білімі мен тәжірибесін Дәулетшах қазақ халқының денсаулық жағдайын жақсартуға пайдаланды.
Ол 1915-1916 жылдары Жайық өңірінде сауда-кәсіпкерлік ісінің өркендеуіне үлес қосты. Мал тұқымын асылдандырумен айналысты, бір өркешті бактриян түйелері мен жергілікті тұқым арасынан төзімді де өнімді жаңа нар тұқымын шығарды, шағын несиемен жұмыс істейтін шаруашылықтар, несие беретін ұйымдар құру ісіне ұйытқы болды. Х.Тоқберлиновпен бірлесіп, 1916 жылы «Қазақ» газетінің №210 санында шағын қарыз ұйымдарына қатысуға шақырған «Қазақ халқына» атты мақала жариялады. Ақпан революциясынан кейін іле-шала әлеумет жұмысына араласты[4,306].
Д.Күсепқалиевтің қайраткерлігінің, елге қызметінің келесі кезеңі 1917 жылдан кейін басталады. Ол сол жылғы Ақпан төңкерісінен соң орын алған саяси оқиғаларға белсене араласады. 1917 жылдың ақпан айында патшаның тақтан құлауынан кейінгі елдегі қоғамдық саяси жағдайдағы өзгерістерден тыс қалмай, сол кездегіқазақ халқының көшбасшысы болған зиялылармен байланыс жасай отырып, олардың жаңа қоғам құру сәті келгені туралы айтқан ойларына қосылады. Осыған орай Д.Күсепқалиев 1917 жылғы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өткен Жайық сырты қазақтарының 1-ші сьезінде құрылған Орал облыстық қазақ Комитетіне мүше болып енеді.
Ал 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен ІV Орал облыстық қазақ съезінің қарарымен құрылды. «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі құрамына сайланған 7 адамның бірі болып Дәулетше Күсепқалиев сайланады[4, 22 п].
Қазақ өлкесінде Кеңестік биліктің орнауынан кейін Көсепқалиев1920 жылғы наурыз - 1920 жылғы шілде аралығындаОрынбор қаласындағы Революциялық комитеттің денсаулық сақтау саласының қырғыз өлкесін басқару жөніндегі бөлімде санитариялық-эпидемиологиялық қосалқы бөлімінің меңгерушісі және Орал губревкомыныың төрағасы болады. Бұл салада жұмыс жасау кезінде Дәулетшахтың пікірлесі болғандардың бірі күйеубаласы дәрігер Есенғали Қасаболатов екеуі Батыс Қазақстан жеріндегі денсаулық саласында қызметтес болған. Олар сол кездегі елдегі ауыр жағдайға қарамастан халық арасында кең санитариялық-эпидемиологиялық және сауықтыру шараларын жүргізеді. Өз өтінішімен және Орал губревкомның төрағасы, күйеубаласы Есенғали Қасаболатовтың сұрауына орай, 1920 жылы шілдеде Жымпиты уездік ауруханасына меңгеруші етіп жіберілді. Есенғали Қасаболатов Орынборға ауысқаннан кейін, 1921 жылы Тайпақ дәрігерлік учаскесіне меңгеруші етіп жіберілді.
Шын мәнінде жұқпалы ауруға қарсы күрес шаралары Көсепқалиевтің назарынан кейінгі жылдарда қалмайды. 1923 жылы мамырда Саратовта болған обаға қарсы орталықты ұйымдастыру жөніндегі Өлкелік Кеңеске Орал облысының өкілдері де қатысып, орталғы Саратов қаласында болатын обаға қарсы комиссия құруға шешім шығарады.
1925 жылы қазанда Жымпиты қалалық ауруханасының меңгерушісі қызметіне қайта оралады. Дәрігер Дәулетшах Күсепқалиевтің айтуынша 1925 жылдың қарашасынан 1926 жылдың қыркүйек айы аралығында Тайпақ учаскелік ауруханасында, 1926 жылдың қаңтар айында Жымпиты уезінде, 1926-27 жылдары Тайпақ елді-мекенінде дәрігерлік қызметін атқарады [8,13 б].
1928-29 жж. Тәркілеу және ауылды күшпен отырықшыландыру басталған кезде осы науқанға батыл қарсы шығады. Сол үшін1929 жылы қарашада «Меңдешов тобының құрамында жікшіл күреске қатысты» деген айыппен қызметтен боастылады және «жартылай феодал» әрі бұрынғы Алашорда қайраткері деген екі категориямен тәркіленіп, Орал округінің 113 байы қатарында Жетісу округіне жер аударылады. 1929-1934 жылдары Алматыда республикалық венерологиялық диспансерде інісі Сүлейменнен туған Әминаға үйленген Ахмет Мәметовтың меңгеруші болып жасауына орай, солардың шақыруымен осы диспансерде дәрігер болып жасайлы. Әрі Алматы ауыл шаруашылық институтында оқытушы болды. 1934-1940 жылдар аралығында Алматы облысы Қаскелең аудандық ауруханасының, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Келес аудандық ауруханасының бас дәрігері, кейіннен Семей облысының Абай аудандық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқарады. Бұл жылдары Дәулетшаһ денсаулық сақтау ісіне өзінің бар білім жігерін жұмсаған білікті маман, көрнекті дәрігер ретінде көпшілікке танымал болады. 1944 жылы соңғы қызмет еткен жерінде Семей облысында қайтыс болады.
Осылайша саналы ғұмырын өз халқына қызмет етуге арнаған ұлт зиялысы өзінің дәрігерлік мамандығымен өмірінің соңына дейін халыққа, туған еліне еңбек етіп, дәрігерлік істің дамуына, халықтың жағдайының сауығуына көптеген еңбек сіңірді.
А.С. Байбулсинова
М.Өтемісов атындағы БҚМУ аға оқытушысы,
тарих ғылымдарының кандидаты
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Сүлейменова. Д. Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы – өлке тарихының құрамдас бөлігі. / Д. Сүлейменова – Алматы: Арыс баспасы. – 2007. – 142-147 бб.
2. Батыс Қазақстан облыстық мұрағаты, 4-қор, 1 тізбе, 309 іс.
3. Батыс Қазақстан облыстық мұрағаты, 256-қор, 1 тізбе, 15 іс.
4. Батыс Қазақстан облыстық мұрағаты, 4-қор, 1 тізбе, 558 іс.
5. Душманов С.Х Очерки истории медицины и здравоохранения Казахстана.-Актобе:Раст,2000-75с.
6. Батыс Қазақстан энциклопедиясы. Алматы, 2002. 592 б.
7. Самарин Р.И. Очерки истории здравоохранения Каазахстана.- Алма-Ата: Казгосиздат, 1958. с-162.
8. Ауанасова А. Национальная интеллигенция Казахстана в первые годы Советской власти (1917–1927 гг.) Автореф. дисс. … к. и. н. –Бишкек. - 1993. – с-23.