Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Орал қаласының өзекті мәселелері мен оның шешілу барысы туралы

29798

Адамзаттың өмір сүру ортасы ретіндегі қалалардың дамуымен қатар оның өзіне тән мәселелері де орын алып отыратыны заңдылық.

Қаладағы сондай өткір мәселенің бірі – тұрғын үй мәселесі болды. Себебі тұрғын үй қорының болуы, оның жағдайы мен бөлінуі елдің экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатының деңгейінің маңызды индикаторы болып табылады. Бұл мәселе еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қарайғы уақыттың ішінде Қазақстанның барлық қалаларына тән мәселе ретінде Орал қаласында да өзіндік орын алып, белгілі бір деңгейде шешіліп отырды. 1994 жылдың басында қалалық бюджет есебінен тұрғын үй салу мен халықтың жеңілдіктегі категориясын тұрғын үймен қамту мәселесін шешуге 2,5 млн. теңге бөлінді. 1994 жылы кәсіпорындар мен халық күшімен 19,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынған, бұл 1993 жылы салыстырғанда 19,3 % аз болды [1, 17 п.]. Оның үстіне бөлінген қаржы осы кезеңде қалалық тұрғын үй бөліміне тіркелгендердің барлығының мәселесін шешуге жеткіліксіз еді. Өйткені бұл кезеңде қалалық тұрғын үй басқармасында кезекте тұрғындар 1994 жылы 1-қыркүйегінде мынадай көлемде болды:

Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қаза болғандар жанұялары- 263,

ҰОС қатысушылар мен интернационалист жауынгерлер – 589,

Запастағы әскери қызметкерлер – 105,

Көп балалы жанұялар мен бала кезінен мүгедектер -347,

Ауыр науқаспен ауратындар – 262,

Жетім балалар үйінің тәрбиеленушілері -38,

Жалғыз басты аналар – 290,

Чернобыль қасіретіне қатысушылар – 38 болды [2, 11 п.].

Мұндай мөлшердегі қажеттілік үлкен қаражатты талап етті. 1994 жылы бөлінген 491,3 миллион, 1995 жылғы -709,6 миллион теңге инвестиция қоры бұл сұранысты толық қанды өтей алмады. Ал 1998 жылдан тұрғын үй құрылысына инвестиция  бөлінбеді. Сондықтан да тұрғын үй құрылысы көлемі тез қысқарды.  Егер 1991 жылы 159,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 1993 жылдан бастап бұл көрсеткіш төмендеп отырды. Мысалы, 1994 жылы - 50,6 мың шаршы метр, 1997 жылы - 33,8 мың шаршы метр, 1999 жылы - 15,9 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл кезде мемлекеттік  тұрғын үй құрылысы дағдарысқа ұшырап, тоқталып қалды. Оның орнына тұрғын үйдің мемлекеттік емес жүйесі, жеке тұрғын үй салу секторы қалыптасты. Егер 1990 жылы тұрғын үйдің 78% мемлекеттік құрылыс есебінен тұрғызылса, 1999 жылы тұрғын үй құрылысының 90% жеке сектор есебінен тұрғызылды. Қаладағы баспанасыз адамдардың барлығының бірдей үй салуға шамалары жетпегендіктен оларға көмек ретінде Қазақстан Республикасы үкіметінің 1996 жылғы 12 сәуірдегі № 437 шешіміне сай қалада әлеуметтік жағдайлары төмен азаматтарға тұрғын үй жәрдемақысы берілген, ол кейінгі жылдарда да жалғасын тауып отырды. Мысалы, 2000 жылдың  төрт айында орта есеппен 1200 теңгеден 5891 жанұяға 20 миллион 818 мың теңге тұрғын үй көмегі берілді [3, 24 п.].

Жаңа ғасырдың алғашқы жылдарындағы қаланың тұрғын үй қорында 2002 жылы 400 пәтер, ал 2005 жылы 1669 пәтер салынған.  2002 жылы 36098 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның 23968 шаршы метрі жеке сектордың үлесі, ал 2005 жылы бұл 138443, жеке сектор үлесі 47694  шаршы метрге жеткен. Халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейі бір тұрғынға 17,2 шаршы метрден келген. Бұл ең алдымен тұрғын үй саласында жеке сектордың басым бола бастағанымен байланысты болды. Ал қалалық тұрғын үйлерді көркейту деңгейі 65-70 пайыз көлемінде болды. Жалпы алғанда тұрғын үй сапасына қатысты халықтың сұраныстарының озық өсімін ескерсек, тұрғын үй қорын жетілдірудің, аббаттандырудың қол жеткізген деңгейі қала халқының талаптарына толық жауап бермейді деген қорытынды жасауға болады.

1990-жылдардың басында қаланың мәдени өмірі де дағдарысты бастан кешірді, әсіресе халыққа білім беру ісі, интеллигенция жағдайы қиындады, олар «жаңа кедейлер» қатарын толықтырды. Мұғалім еңбегінің құнсыздығы, оның үстіне жалақының кешіктіріліп берілуі педагог кадрлардың білім беру саласынан кетіп қалуына әкелді. Мысалы, 1993-1994 оқу жылында қалада 330 мұғалім педагогтық жұмыстан кеткен, оның 137-сі басқа жаққа көшті. Өйткені мұғалім жалақысы оның тұрмыстық жағынан қамтылуына жетпеді. Мысалы, орташа еңбек ақы мөлшері 8334 теңге болып отырған кезде 1998 жылы мұғалімнің жалақысы 6946 теңге болып, ең төменгі жалақы мөлшерін құрады.

1994 жылдың басында қаланың білім беру басқармасының жүйесінде 37 жалпы білім беретін мектеп пен 1 жұмысшы жастар мектебі, онда 33979 оқушы болса, 1999 жылы 55 жалпы білім беретін мектеп, онда 40784 оқушы болған. Дағдарыс кезеңінде қиындыққа ұшырап қысқарған мектепке дейінгі балалар мекемесі болды. Қала бойынша 1991 жылы 93 мектепке дейінгі балалар мекемесі, онда 15772 бала тәрбиеленген болса, 1997 жылы 33 мектепке дейінгі балалар мекемесі, онда 5673 бала, 1999 жылы 28 бала бақша, онда 4418 бала тәрбиеленген және 17 мектептен тыс мекемелер болды [4, с. 49].

Осы кезеңдегі бала бақша мекемелерінің қысқаруы оның ғимараттарының көпшілігін мектеп үйлеріне берумен де байланысты болды. Мысалы, 4-ықшам аудандағы «Тұлпар» балалар бақшасы №24 мектепке, «Елочка» бала бақшасы №42 мектепке берілді. Бірақ қала халқының өсу жағдайында мұндай орын босату ісі мектеп пен мектепке дейінгі мекемелерге деген сұранысты қамтамасыз ете алмады. Қала халқының өсу қарқынына орай мектептерде орындар жетіспеді, оқу өте қолайсыз жағдайда жүргізілді, мектепке дейінгі мекемелерге ұзақ уақыт бойы кезекте тұруға тура келді, тіпті кейбір балалардың орынның жетіспеушілігінен бала бақшаға баруға мүмкіндігі болмады. Бұл мәселе кейінгі жылдарда да өз шешімін толық таба алмады. Мысалы, 2002 жылы 28 бала бақша мен онда 5796 тәрбиеленушінің, 2005 жылы 28 мектепке дейінгі мекеме мен онда 6623 тәрбиеленушінің болуы, яғни мекеме санының өспей, керісінше ондағы балалар санының көбеюі оқу-тәрбие сапасына кері әсерін тигізетінін толық айқындап, мәселенің тығырықта тұрғанының дәлелі болды.

Осы кезеңдегі мекетептер жағдайына келсек, дағдарыс қысымшылығына қарамастан 90-жылдардың ортасында мектептердің барлығы сақталынды. Бірақ мектептегі ең күрделі мәселе еңбек ақының төмен болуы. Бұл жылдарда орташа жалақы мынадай көлемде болған: мектеп директоры – 1393 теңге; мұғалім – 760 теңге; тәрбиеші – 319 теңге; төменгі жалақы – 150 теңге.

1994 жылы бюджеттің 60%-інің шамамен 80,6 млн. теңгенің  халыққа білім беру ісіне -38,5% жұмсалған [5, 41 п.]. Бұл қаржы білім беру қажеттілігін толық өтеуге аздық етті. Қала бюджетінен тиісті дәрежеде қаржының бөліну мүмкіндігінің жоқтығына орай мектептер жыл сайынғы жөндеу жұмыстарын базалық мекемелердің, демеушілердің, ата-аналардың есебінен жүргізген. Осылайша мәдениеттің қайнар көзі – мектеп ісі 1990 жылдардың аяғына дейін өте үлкен қиыншылықты бастан кешіріп, бұл қаладағы білім беру ісінің төмендеуіне әкелді. Тек 1990 жылдардың аяғынан бастап қалаға келген инвестиция мектеп өміріне де өз айшығын берді. Мектеп ісі жанданып, мектептер заманға сай компьютерлендіріліп, жөндеу жұмыстары қолға алынды. Тіл мәселесінің көтерілуі мен жергілікті ұлттың үлесінің қалада басым орын ала бастауы қазақ тіліндегі мектептердің ашылуына мүмкіндік берді.

1991 жылы қалада 45 мектеп, оның 2 ғана  таза қазақ мектебі, онда 33107 оқушы болса, 1999 жылы 55 мектеп, онда 40784 оқушы, ал 2000 жылы 41312 оқушы оқып, 2879 мұғалім, 2002 жылы 43267 оқушы оқып, 3387 мұғалім жұмыс жасаса, 2005 жылы 58 мектеп, онда 38747 оқушы оқып, 3368 мұғалім жұмыс жасаған. Қазақ мектептерінің қатары 10-нан асып, 5 аралас мектеп жұмыс жасады [6, 17 б.]. Өтпелі кезеңнің қиыншылығына қарамастан тәуелсіздік алғаннан бастап білім беру ісінде маңызды өзгерістер жасалды. Жалпы орта білім беретін мектептер қатары шетел компанияларының қолдауымен жаңа үлгіде 3 орта мектептің салынуымен, есту қабілеті нашар дамыған балалар мектебінің қосымша ғимаратымен толықты.

Білім беру ісімен қатар жүретін Мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі –халықтың денсаулығын қорғау мәселелері. Адамның денсаулығын қорғау мәселесі кез келген өркениетті қоғам мен мемлекеттің басты міндеті, әрі борышы болып табылады. Қазақстан республикасының Ата заңының 29-бабында республиканың әр азаматының өз денсаулығын қорғауға, сақтауға құқығы бар екені де атап көрсетілген [7, 18 б.]. Осы маңызды сала -денсаулық сақтау ісіне келетін болсақ өтпелі  кезеңде бұл саланың жағдайы да мәз болмады. Бұл кезеңде қалада 785 кереуетке есептелген 6 аурухана мекемесі мен поликлиникалар, 120 кереуеттік балалар үйі мен жедел жәрдем станциясы болды. 1993ж 10 мың адамға 38,8 кереуеттен келсе, 1994 жылы 1 тамызда 31,8 кереуеттен келген. Қаржыландырудың қиындығынан облыстың барлық балаларына хирургиялық көмек беретін қалалық балалар ауруханасында 100, перезентханада 65 кереует қысқарған [5, 13 п.]. Басқа бюджеттік мекемелердегі қызметкерлер сияқты денсаулық саласында істейтін дәрігерлер мен медбикелердің қатары да еңбек ақысының аздығына, денсаулық сақтау мекемелерінің қысқаруынан азайды. Мұның өзі дәрігерлік көмек көрсетудің төмендеуіне әкелді. Мысалы, облыс пен оның орталығы қалада дәрігерлік көмек көрсету 1991 жылмен салыстырғанда 1994 жылы 10 мың адамға кеміген. Бұл бүкіл облысқа хирургиялық көмек көрсетудің, босанатын әйелдерге көмек берудің, туылу деңгейінің төмендеуіне әсер етті. Мұның нәтижесінде қаладағы жас балалар өлімі көбейіп, өкпе, инфекциялық аурулар күшейді. Мысалы, 1993 жылы бір жасқа дейінгі 33 бала өлсе, 1994 жылдың өзінде 54 бала өлген. 

Денсаулық саласын жетілдіру, қаржыландыру жүйесін түпкілікті өзгерту мақсатында 1994 жылдың 1 сәуірінен қалалық денсаулық сақтау мекемелері (инфекциялық аурухана мен балалар үйінен басқасы) мемлекеттік бюджет пен мекемелер мен ұйымдардың емдеу мекемелерінің диагностика, емдеу мен профилактикалық жұмыстарға шығынын қамтамасыз ету үшін бөлген төлемдерінің есебінен жасалған ерекше ақша қоры ретіндегі жаңа сақтандыру полисі есебінен жұмыс жасады.  Сөйтіп үкімет тарапынан, жергілікті әкімшілік тарапынан жүргізілген шаралар қаланың денсаулық сақтау ісінің жұмысын біртіндеп жолға қоюға мүмкіндік берді. Егер 1991 жылы қалада 97 денсаулық сақтау мекемелері болып олар 1995 жылы  58-ге қысқарды. 1995 жылдан бастап денсаулық сақтау ісіне де инвестицияны тарту ісі қолға алынды. Қаладағы денсаулық сақтау саласына 1995 жылы- 7,5 млн, 1996 ж. – 23,1 млн теңге инвестицияның келуінің барысында дәрігерлік мекемелер орындары жөнделіп, жаңа медициналық құрал-жабдықтар алынып, жаңа қосымша ғимараттар салына бастады. Үкімет денсаулық саласын қалпына келтіру үшін 1997 жылы 17 маусымда «ҚР-ның азаматтарының денсаулығын қорғау туралы» арнаулы заң қабылдады. Осы заңда жүзеге асыру мақсатында 1998 жылы 18 мамырда елбасының «ҚР азаматтарының денсаулық жағдайын жақсарту» жөніндегі бірнеше кезеңдік шараларды бекіту туралы жарлығы жарияланды. Жарлық бойынша республикадағы қалыптасқан күрделі эпидемиологиялық жағдайды ескеру, дәрігерлік қызмет көрсету және денсаулық сақтау ісі қызметкерлерінің санын көбейту  көзделді [8, 31 п.]. Осындай шаралар нәтижесінде 90-жылдардың аяғында қалада 65 мемлекеттік емдеу-поликлиналық мекемесі, 12 аурухана, 3 ішкі істер басқармасының медициналық мекемесі, онда 1083 дәрігер, 2391 орта дәрігерлік қызметкерлер, 2002 жылы 1162 маманданған дәрігер мен 2661 орта медициналық қызметкер жұмыс жасап, халыққа қызмет көрсетті. Қаладағы денсаулық сақтау саласында атқарылған істер республикадағы салауатты өмір сүру салтын насихаттаудың басты негізі ретінде жүзеге асты.

Орал қаласы творчестволық ұйымдарды тартқан орта болды. Бұл кезеңде қалада халыққа мәдени-саяси бағытта қызмет көрсетуші филормония, 3 кинотеатр, 4 мұражай, 11 мәдениет сарайлары мен клубтар, 1 миллион том кітап қоры бар  24 кітапхана жұмыс жасады. Қаланың  мәдени келбеті ретінде жұртшылыққа танымал әртістер Қ.Қожақов, В.Попов, С.Таудаева, Ж.Рахимова, Ш.Есенғұлова тағы басқалары болса, өнер ұжымдары ретінде қалыптасқан «Ақ жайық» ансамблі, «Адажио» балет студиясы, «Назерке» ән-би ансамблі тағы басқалары болды. Адамдарды салауаттылыққа тәрбиелеу  мақсатында қалада спорт-туризм ісі де дамыды.

Нарықтық экономика кезіндегі қиыншылықтарды жеңе отырып, дамып, өркендеген Орал қаласы  1990-жылдарда халықтың қоныстануының негізгі орталықтарының біріне айналды. 1997 жылы қала халқының саны 241,0 мың адамға жетіп, қала тұрғындары мынадай құрамда болған: ересектер - 112 мың, 7 жасқа дейінгі балалар - 29 мың, оқушылар -39,6 мың, орта арнаулы оқу орындарындағы студенттер - 7,7 мың, жоғарғы оқу орындарындағы студенттер -6,9 мың, зейнеткерлер – 45,8 мың болса, 1999 жылғы санақ мәліметі бойынша қалада  222,9 мың адам тұрған, оның 81897-қазақ, 119532-орыстар, 5676-татарлар, 7870-украиндар, 1362-немістер, қалғаны басқа ұлт өкілдері болған [5, 32 п.]. Осындай мөлшердегі қала халқын қамтамасыз ету үшін 37 қалалық, 10 қала маңындағы, 33 аудан аралық, 5 халықаралық маңыздағы маршруттар шығарылған, ал 2004 жылы қалалық маршруттағы автобустардың саны 255, шағын автобустар 413-ке жеткізілді. Жалпы қаладағы күнделікті жолаушы тасымалы алдыңғы жылдармен салыстырғанда 6,5 пайызға өсті.

Осындай елеулі жетістіктердің болғанына қарамастан қаланың жалпы инфрақұрылымының дамуында Қазақстанның барлық қалаларында орын алып отырған кемшіліктер мен кедергілер белгілі бір дәрежеде өзіндік орнын алып отырды және әлі де болса орын алуда. Бұл ең алдымен тұрғын үй мәселесінің және оның аббаттандырылуының толық деңгейде жүзеге аспауы, баяу жүруі. Екіншіден қала халқының сұранысына мен талабына сай жолаушы тасымалымен және коммуникация түрлерімен толық дәрежеде қамтамасыз етілмеуі. Үшіншіден, мәдени орындардың қызмет етуі үнемі халықтың жағдайына сай қызмет ететіндей талапқа сай болмауы. Сонымен қатар мәдени орындардың толық дәрежеде қаржыландырылмауы оның қызмет көрсету сапасының төмен болуына әкеліп отыр. Сондықтан да күнделікті өмір ағымындағы кедергілерді жеңу үшін жергілікті басқару орындары мен жауапты мекемелер барынша күш салып заман талабына сай жұмыстанса қазақ елінің алмаған асуы мен жетпеген белесі болмауы мүмкін дегенді дәлелдеуге болатыны айдан анық.

Дегенмен осы аталған жағдайлардың орын алғанына қарамастан біз жоғарыда нақты мұрағаттық құжаттар арқылы дәлелдеп көрсеткеніміздей тәуелсіздіктің алғашқы он бес жылында Орал қаласының инфрақұрылымы мен мәдени өмірі айтарлықтай өзгерді. Мұның өзі қаланың географиялық орналасуы мен халықаралық байланыс көзіне айналып келе жатқанына орай алдағы уақытта да қаланың жан-жақты дамуы мақсатты, жоспарлы түрде жүзеге асса қала республиканың алдыңғы қатарлы дамыған, көрікті қалаларының біріне айнала беретіні сөзсіз екендігін көрсетеді.

Пайдаланған дерек көздері:

1 БҚОММ. 4-қор. 15-тізім. 3351-іс.

2 БҚОММ. 626-қор. 2-тізім. 520-іс.

3 БҚОММ. 4-қор. 1-тізім. 3678 -іс.

4 Западно-Казахстанский область за годы независимости 1991-2001 гг. - Уральск, 2001. - 110 с.

5 БҚОММ. 4-қор. 1-тізім. 2964-іс.

6 Батыс Қазақстан облыстық статистикалық жылнамасы. Орал, 2003. -160 бет.

7 Қазақстан Республикасының Конституциясы. - Алматы, 2003. - 36 бет.

8 БҚОММ. 1772 -қор. 1-тізім. 90-іс.


Журасова Алтынай Шұғайқызы -  т.ғ.к., М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан

мемлекеттік университетінің аға оқытушысы


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?