Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құз-қияны.
Шын тектілер халқы үшін,
Өлімге басын қияды.
Жақсы, жаман деместен,
Жанына жұртын жияды...
Бекасыл әулие (1822-1915)
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қайтсем Қазақ елін мәңгілік мемлекетке айналдырам?!» дейтін аса ұлы мемлекетшіл мүдде жолында тынымсыз ізденіс үстінде жүрген халқымыздың аяулы перзенті һәм Ұлт Көшбасшысы. Мәңгілік ел болуды көздеген мемлекет алдымен өз тамырының тереңнен тартатынын және ата-бабасының тектілік философиясын өмірге өзге жұрттан ертерек енгізгенін есінен бір сәтке шығармауы тиіс. Тектіліктің бастау бұлағы мен алатын негізгі нәрі ғасырлар сынынан сүрінбей өткен қазақтың теңдессіз дәстүрі мен ғибратты ғұрпында жатыр. Оның үстіне ел тәуелсіздігін мәңгілік ету қашанда ұлттан шыққан талғампаз текті тұлғаларға байланысты және қоғам тектілік феноменін жан-жақты сараламайынша мемлекетте ары таза ұлттық элита қалыптасуы қиын.
Сөз басы
Отан тарихы ғылымында зерттеушілердің дендеп бойлай алмай жүрген ділгірлігінің бірі – тектілік феномені. Тектілік пен оның эволюциясы сыры толық ашылмаған ең күрделі мәселелердің бірі және оның құпиясының ғылымда жұмбақ күйінде жатқан қырлары жеткілікті. Тәуелсіздікке дейін қазақ тарихын негізінен жергілікті ұлттың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, этногенезисін жетік білмейтін өзге жұрт өкілдері жазғандықтан, аталған тақырып тесіле зерттеліп, тереңірек ашылмады. Басқа жұрттың дәстүрінен өзгешелеу көрінетін қазақ қоғамының қатпарларына жатжұрттық зерттеушілердің түсінік, парасат-пайымы жете бермеді. Шындығына келгенде, ұлтсыздандыру саясатын абайлап, жымысқылықпен жүзеге асыруға кіріскен кеңестік-коммунистік режим тұсында ұлттық дәстүр, ұлттық мәдениет, ұлттық құндылық сияқты мәселелерге нақты ғылыми тұрғыда көңіл бөлу мүмкін бе еді?! Оның бергі жағында, азаттық алғанымызға ширек ғасырға жақындаса да, ұлттық құндылықтарға бодандық дәуірде қалыптасқан стереотиптерден алшақтап кеткеніміз шамалы. Мұның сырын зиялылар бізде кейбір посткеңестік кеңістіктегі елдердегідей неоколонизация (отаршылдықтан арылу) саясатының жүрмеуімен байланыстырады. Күні бүгінге дейін «қазақтар «ақ жұмыртқа, сары уыз» қыздарын қалың малға бола қаусаған шалға сатқан» деген санамызға сіңген сыңаржақ түсініктен толық арылғанымыз жоқ. Ұлы қайнардан сусындаған дана халықтың аялап өсірген бойжеткенін «теңін тапса тегін бергенін», сонда да тегін сұрауды ұмытпағанын Кеңестер билігі байқамаған сыңай танытты. Дәстүрлі қазақ қоғамында нәзік жандыларға деген көзқарастың ықылым заманнан түзу болғанын дәлелдейтін деректер жеткілікті. Аруларын аяламаған халық Асыл жар – ердің дәулеті; Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас; Ердің жақсысы елімен ойласады, әйелдің жақсысы ерімен ойласады; Жақсы әйел жаман еркекті түзетеді, жаман әйел жақсы еркекті жүдетеді; Ерге жаққан әйел елге де жағады; Ерін баққан әйел елін де бағады деген мәтелдерді шығармас еді. Орыс отаршылдары жүргізген ұлтсыздандыру саясатының жарқын мысалы қазақ әйелдерін үнемі күң ретінде жүргендей насихаттап, таптық принциптерге иек артқан маркстік-лениндік кеңес тарихнамасы ғасырлар бойы сыннан өткен ұлттық құндылықтардың ішкі қуатын, қадір-қасиетін өңін айналдыра көрсетіп, феодалдық қоғамның сарқыншақтары деп сынағаны белгілі. Сөйтіп, ұлтты төл мәдениетінен жеріндірді. Сол мақсатта ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының шығармаларын коммунистік билік өз идеологиясының алаңына айналдырды.
Сөздің қысқасы, мыңның біріне ұя салатын тектілік құбылыстың тәрбиеге көнбейтінін, ол атаның қаны, ананың сүтімен дарып, сүйекке бітетін асыл қасиет екенін қазақ халқы алыстан аңғарды. Сайып келгенде, ұлттың тектік қорын (генофондын) күшейту мақсатында жеті атаны сақтау, құдандалы болу, атастыру, қалың мал, полигамия (көп әйел алу), әмеңгерлік, т.с.с. ата дәстүрлерді сары майдай сақтап, шынжырлы-текті тұқымдардың тамырын үзіп алмай, ұрпақтарға сабақтастыруда бай тәжірибе жинақтады. Дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан некелік-отбасылық қатынастың негізгі өзегі бозбала мен бойжеткеннің арасындағы тамыры жоқ арзан сезім емес, жарық дүниеге ақыл-ойы зерек, дені сау, аяқ-қолы балғадай текті ұрпақ әкелу философиясымен байланысып жатыр. Өйткені қай кезде де ұрпақтың денсаулығы мен зердесі мемлекеттің ең үлкен қазынасы екені сөзсіз.
1.«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер...».
«Ең мықты заңдар халықтың дәстүрлері»
(Конфуций)
Ортағасырлық жазба деректерде бірде Жәнібек хан ғұлама ғалым, шипагерліктен қара үзіп шыққан Өтейбойдақ Тілеуқабылұлынан: «Қандай ауруды емдеу қиын?», - деп сұрағанда емші: «Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын», - деп жауап береді. «Оның алдын алуға бола ма?» - деген ханның екінші сұрағына Өтейбойдақ: «Болады. Жеті атаға дейін туыс адамдар өзара қыз алыспау керек. Жеті қазақ үшін қасиетті сан», - деген екен. Аты аңызға айналған емшінің айтқанына тоқтаған Жәнібек хан жеті атаға дейін үйленуге тыйым салып: «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін!» (Тілеуқабылұлы Ө. Шипагерлік баян. Араб қарпінен көшіргендер –
К.Елемес, Д.Мәсімхан. – Алматы: Жалын, 1996.15,43-б.) деген жарлық шығарады. Көшпелі қазақтардың ел билеу заңы Жеті жарғы бойынша да жеті ата ішінде қан араластыру өлімге не ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады. М.Қозыбаевтың пікірінше, «тоқсан тоғыз қырылып, тоқсан тоғыз тірілген ол (қазақ-Ж.Ж.) халықтың асыл тұқымын қалай сақтау заңын игерді. Жеті атаға дейін өзара қан араластыруға болмайтынын барша түрік тайпаларының ішінде ең алдымен түсінді» (Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. Алматы: Қазақстан, 1994. 59-б.).
Медицина не дейді?
Демек, ата-бабаларымыз дәл қазіргідей ДНК-ны толық зерттемесе де, жақын адамдардың отбасылы болуынан сан алуан дерттің етек алатынын жетік білген. Тұқымқуалаушылықтың заңдары тұрғысынан алғанда туыс адамдардың некелесуі дұрыс емес. Бүгінде сирек кездесетін сырқаттар негізінен генетикалық аурулар екендігі анықталып, медициналық тілмен айтқанда, орфандық аурулар проблемасын дәрігерлер соңғы жылдары дабыл қағып көтере бастады. Әсіресе, мутацияға ұшыраған нәрестелер санының көбеюі қоғамды алаңдатып отыр. Дамыған елдерде адамның тұқым қуалайтын 50-55 түрлі ауруларына тест жасайтын генетикалық консультациялардың жұмыс істеуінің өзі көп нәрсені аңғартады. Бүгінгі таңда ерекше назар аударарлық нәрсе АҚШ және Батыс Еуропаның онға жуық мемлекеті заңдастырып үлгерген бір жыныстылардың некесі, киеңкілер мен қызтекелер деген сорақылықты және өзге де ұлттық ділімізге жат көріністерді мамандар түптеп келгенде қан тазалығын сақтамаудың салдарымен байланыстырып жүр. Өйткені еуропалық мәдениетте тек туралы түсінік жоқ, оларда отбасы ұғымы ғана бар. Соңғы жылдары шетелдіктердің өзгеден гөрі қазақ балаларын көптеп асырап алуының да негізгі сыры тектік қорымыздың тазалығымен астасып жатыр. Алаш баласының некелік-отбасылық түсінігіне мүлде жат, небір азғындықты білдіретін анайы көріністер адамзат тарихында жеткілікті. Бұған дейін де аталған тақырып жергілікті зиялылардың (Набиоллаұлы Ж. «Жеті ата» // Егемен Қазақстан, 2013, 16 мамыр) зерттеулерінде көтерілгендіктен, біз дәйегімізге дәлел болмақ бір-екі мысалмен ғана шектелмекпіз. Мысалы, көне заман өркениетінің ошағы әйгілі Мысыр елінде б.д.д. 59 жылы ХІ Птолемей перғауын бақилық болғаннан кейін тақ мұрагерлігіне 16 жасар қызы Клеопатра мен 13 жасар ұлы Птолемей қалған еді. Осы елдің Птолемей перғауындар әулетінің соңғы патшайымы, әлем тарихындағы белгілі тұлғалардың бірі Клеопатра сол замандағы Мысыр ғұрпына орай, өзінің туған інісіне тұрмысқа шыққаны белгілі. Жалпы бұл әулеттің жер бетінен жоқ болып кетуіне ғалымдардың айтуынша, туыс адамдардың қан араласуы бірден-бір себеп болған. Осыған ұқсас тағы бір мысал. 1917 жылы тақтан құлатылған Ресей патшасы ІІ Николайдың баласы гемофилия (қан тоқтамайтын ауру) сырқатымен ауырып, соны гипноз арқылы емдеп жазған Валентин Распутин патша сарайында үлкен беделге ие болған. Тарихшылар баланың мұндай ауруға душар болу себебін, ақсүйек әулет Романовтардың өзара қыз алыса бергендігімен байланыстырады. Адам түгілі текті жануарлар өз қанына ешқашан шаппайтынын білген дана халқымыз мұндайға барғандарды «жатынына шапқан жаман айғырға» теңеген.
Генофондтағы тағы бір түйткілге мамандар алаңдауда. Еуропа елдерінде тұқымның тексізденіп бара жатқанын байқаған генетик ғалымдар үш атадан үзілмей аралас некеден туған ұрпақтың белсіздікке ұшырайтынын анықтауда. Мұның сырын зерттеушілер – белсіз еркектер өздерінің қай ұлтқа жататындығын білмегендігімен байланыстырады. Бұл биология ғылымындағы жылқы мен есектің буданынан қашырдың дүниеге келетінін, қашырдан кейін еш ұрпақ болмайтынын еске түсіреді. Түйіп айтқанда, қандас жақын адамдардың қойындасуы мен аралас неке еуропалықтарды тұйыққа тіреуде. Соңғысы қазіргі қазақ қоғамы үшін де өте өзекті мәселеге айнала бастады. Өйткені жатжұрттықтардың етегінен ұстаған кәсіби білікті, көп тілді, көрікті қаракөздеріміздің саны жылдан-жылға өсуде. Сайып келгенде, әлемдік жаһандану бізге де ауыз салып, аралас неке қоғамға сыналай енуде. Мұндайда «жақсыны жатқа жібермеген» бабалар ұстанымы еске түседі. Сөзімізді тұжырсақ, қазақтың бекерден-бекерге жеті атаны сұрамайтындығы, мұның шын мәнінде генетикалық қорғаныс екендігі тиянақталады.
Экзогамия дегеніміз не?
Сонымен, қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспайтын дәстүрді өте қатаң ұстанған экзогамистерге (грек тілінде «экзо» - бірдеңеден тыс, «гомос» - неке) жатады. Демек, экзогамия – аталас бір рудың ішінде еркек пен әйелдің некелесуіне рұқсат етпеу дәстүрі. Мұны сол заманнан қазірге жеткен «Руын жасырған – құл», «Тегін құл мен қу жасырады», «Дөңгелектің шегі жоқ, көргенсіздің тегі жоқ», «Жабыдан тұлпар шықпайды, тексізден текті тумайды», «Тегін білмеген теріс бағады», «Тексізді төрге шығарма» деген мақал-мәтелдер дәлелдейді. Бабаларымыз жеті атасына қарап кімнің кім екенін анықтаумен шектелмей, «қызды жеті өзеннен өткізіп ал» деген қағидаға баса мән берген. Аса көрнекті этнограф Жағда Бабалықұлы осы орайда мынадай бір қызықты дерек келтіреді. – Қазақтар тектілік танымды тек бес-он жыл ішінде емес, ұлт болып қалыптасып, тайпалық бөлістерден бері дарытқан. Сондықтан қазақтар ішінде кем-кетік адамдар аз кезігеді. Қазақтарда тектілікті дәріптеудегі бұлжымас қағида – некелесу барысында тегіне қарау. Ежелден, мейлі ұл, мейлі қыз жағы болсын, балалары мақұлдасудың алдында тегін анықтайды. «Ол қандай жердің балалары, әкесі қандай, оның арғы тегі қандай» деп қуалайды. Міне, тектілікті дәріптеу. Өр Алтайда өмір сүрген Бөстек деген сал Алтай өңіріне барып Мәмидің қызына құдаласып келгенде басқалардың: «өр Алтайда қыз құрығандай, келінді төменгі Алтайдан іздегеніңіз не» дегендеріне Бөстек: «Текті атаның баласынан текті ұрпақ көремін бе деп отырмын» (Бегманов Қ. Этнографпен әңгіме (Көрнекті ақын, қаламгер Қасымхан Бегмановтың абыз, зерттеуші-ғалым Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбаты). – А., 2010. 99-б.) , – деп жауап берген екен. Отандық этнограф ғалымдар жеті атаға жіктеу, қан тазалығын сақтау, біле білсек, бүкіл жер беті халықтары ішінде тек қазаққа ғана тән салт-дәстүр екенін анықтауда. Бұл жөнінде зерттеушілік ғұмырын қазақтың этнологиясына арнаған белгілі ғалым А.Сейдімбектің пікір-тұжырымы назар аударарлық: «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін ұстанатын қазақтан басқа этностың жер бетінде бар екенін біз біле алмадық», «Бұл үрдісті қалыптастыруда олар мейлінше мол өмірлік тәжірибе жинақтап, эмпирикалық жолмен-ақ өздерінің эвгеникалық (тектілікке ұмтылу) зердесін таңғаларлық биікке көтере алған», «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрінің қылдай ауытқымауын әрі қырағылықпен, әрі қаталдықпен қадағалап отырған. Еңлік пен Кебектің, Қалқаман мен Мамырдың аралары төрт-бес ата болғанына қарамастан, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі елдіктің шырқын бұзатын ауыр қылмысқа баланып, қатал жазаға ұшырайтыны да содан» (Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. – Астана, 2008.170,171,174-б.). Түптеп келгенде, жетінші ұрпаққа дейін қыз берісіп, қыз алысуға үзілді-кесілді тыйым салудың арқасында қазақ тұқымның бұзылуынан, тектік-генетикалық қасиеттердің жойылуынан, ұрпақтың азғындауынан сақтандырылған. Бұл салт-дәстүрдің адам дамуының тарихындағы биологиялық және әлеуметтік мәні өте зор. Жұбайбек Жұмаханұлы айтқандай, тіпті мұның өзі табиғат заңына сай. Өйткені бүкіл әлемді құрайтын химиялық элементтер қасиеттері бойынша орналастырғанда жеті период, жеті негізгі топқа бөлінеді. Қасиеттерінің жақындықтары бойынша осылай орналасқан элементтер неғұрлым бір-бірімен алшақ тұрғандарымен қосылғанда ғана мызғымас берік келеді. Тіпті қасиеттері өте ұқсас элементтер бір-бірімен мүлде қосылыспайды да. Ата-бабаларымыз осындай табиғат заңдылығын білген (Жұмаханұлы Ж. Балалардың жеті атасын білуге мән берейік // Қазақ тарихы.1994.№2.55б.). Қош, сонымен «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер», «Жеті атасын білген жетімдік көрмейді», «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің салдары» т.б. деген мақалдар мен қанатты сөздердің бәрі тегімізді тануға байланысты айтылған. Ұлт денсаулығы алдымен қан тазалығынан басталатынын ескерсек, мұндай әлемді таңғалдырған өрелі салт ұстанған қазақтың төлтума мәдениетін ұлттық бренд десек артық айтқанымыз емес. Осы тұрғыда қазақ халқы классикалық ұлтқа жатады. Өйткені ұлтымыздың қаны саф алтындай таза, соған сәйкес жаны да таза.
Ж.Бабалықұлының деректеріне сенсек, Оңтүстік Кореяның ғалымдары дүниежүзіндегі халықтардың қанының құрамын тексеріпті. Сонда ең таза қан, қазақтың қаны деп тауыпты. Жеті атаны ұстанады екен деген. Осында қазақтың қырық үш руының қанын тексергенде, әлгі қырық үш рудың қаны бір әкенің қанындай болып шыққан. Бұл – жеті атаның қасиеті. Жеті атаны ұстайтын қазақтан өзге ел жоқ. Мына ұйғыр халқы немересін алады. Өзбек немересін алады. Татарың мен түрікменде немересін алады. Немере дегеніміз – туыс. Немерені алғанымен адамның қаны бұзылады да, түрлі аурулар көбейеді. Нәсіл өзгереді (Бегманов Қ. Көрсетілген еңбек. 98-б.).Тәжік депутаттары да бұл мәселені енді-енді мемлекеттік деңгейге көтеріп жатыр.
Ойымызды түйіндей келе айтарымыз, тектіліктің тамырын терең түсіну үшін алдымен қазақтың жеті ата тарататын дәстүрі мен ата-тек шежіресін мұқият зерделеген жөн. Қазақ генетикасы өзге ұлттарға ұқсамайтын өзіндік ерекшелігімен дараланатын бай өрелі ілім болып қалыптасты. Ата-бабаларымыз исламның да (араб мәдениетінің де) тек өзінің табиғатына үйлесімді қағидаларын қабылдады, мәселен, шариғаттағы көпәйелалушылықты өміріне енгізгенімен, арабтар сияқты немере қарындасын әйел қылған жоқ. Ғасырлар бойы қазақ қоғамына билік жүргізген Шыңғыс ұрпақтары, яғни төрелердің жеті атаға дейін туыс адамдар өзара қыз алыса беретін дәстүрінен де бойын аулақ ұстады. Өзге жұртта кездеспейтін өте ерекше этникалық жүйенің тек дәстүрлі қазақ қоғамымен байланыстылығына ерекше мән берген Ә. Кекілбаев мұны «көшпелі тұрмыс пен көшпелі экономика үшін ауадай қажет туысқандық психология, соған негізделген этика мен моральдан» (Ә.Кекілбаев.Үш пайғамбар, 134-135-б.) туындаған құбылыс деп қорытты.
2. «Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған,
Қарғадан қарға туар қарқылдаған...»
Бай баласы байға ұқсар,
Байлаулы тұрған тайға ұқсар.
Би баласы биге ұқсар,
Алты қанат үйге ұқсар.
Хан баласы ханға ұқсар,
Биік-биік шыңға ұқсар.
Құл баласы құлға ұқсар,
Мал таптаған гүлге ұқсар.
Сыпыра жырау
( ХІІІ-ХҮ ғасырлар)
Текті де терең тамырлы бай тарихы бар қазақ халқы қашанда асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға айрықша мән беріп, тектілік қасиетті ерекше классикалық биік деңгейге көтерді. Тектің һәм ұрпақтың тағдыры – ұлттың тағдыры. Ата қазақ келешек ұрпағының кемел болуы үшін өзіне талапты биік қойған. Зерделі, тапқыр, жігерлі, қайратты, ақылды, білімді т.б. болып өсуді ер жігіттің басындағы асыл қасиеттерге теңеген. Қазақта біреудің баласы жақсы өнегелі азамат болып өссе: «Оның әкесі жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан ғой», - дейді. Кеңес қоғамында Ы.Алтынсариннің Асан мен Үсені кеңінен насихатталып, таптық күресті ту еткен коммунистер ұлтты тексіздендіруде жарлы баласы «сұңғыла», бай баласы «миғұла» деген түсінікті санаға сіңіруге барын салды.
Ғаламтордағы уикипедия ашық энциклопедиясының мәліметінде «тектіліктің – адам бойындағы асыл қасиеттердің парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілуі тектілік құбылысы жақсы адамның кездейсоқ қалыптаспайтынын, ата-бабалардан берілетін дүниетанымдық, ділдік, психологиялық т.б. бейімділіктері болуға тиістілігін көрсетеді. Нағыз тектілік сыпайылықтан, кешірімпаздықтан, мейірбандықтан көрініп, осы ізгі ниетпен ешкімді төмендетпей, шеттетпей биіктетуге мүмкіндік береді. Халқының, Отанының мүддесін жоғары, қоя білген адамдардың қатары көбейген сайын тектіліктің де қадірі артып, қоғамдағы қайшылықтар шешімі жеңілдейді» (kk.wikipedia.org/wiki/Тектілік) делінген. Сондықтан табиғи дарынды әлеуетті күш қашанда мемлекет үшін баға жетпес ұлттық құндылық. Халықтың көшін бастайтын ел ұстарлары мен игі-жақсылары жоғалса, ұлт та ұнжырғасы түсіп, тұлғасыз-тұлдыр ұлтқа айналады. Тамырынан айырылған теректей текті ұлдарынан айырылған ұлттың ұшпаққа шыға алмасы ақиқат. Қалың тобыр арасынан дара көрінетін текті тұлға – бір қап арпа ішіндегі жалғыз бидай секілді айшықталып тұрады.
Тектілік тақырыбы сөз болған жерде ұлттың рухани қазынасы, дәстүрлі қазақ қоғамындағы таңдаулы топ – асыл текті ақсүйектер саналған төрелер мен қожаларды айналып өту мүмкін емес. Текті атаның ұрпақтары ретінде зор беделге ие болған олар өзара қыз алысып, эндогамиялық некелерді қатаң сақтады. Жалпы төре тұқымында ертеден келе жатқан салт әрбір адам сауатты болуға және «жеті жұрттың тілін білуге тиісті» болған. Тарихқа жүгінсек, хан тұқымы деп аталатын қуатты топ қазақ топырағында қайталанбас дара тұлғалар тудырғаны рас. Бір ғажабы олар, кейін қазақ қоғамымен біте-қайнасып, сіңісіп кетті және тарихи әдебиетте Шыңғыс ханның жеке басы мен Шыңғыстың «алтын тұқымына» (Владимирцов Б.Я. Общественный строй монголов: Монгольский кочевой феодализм. Л., 1938.С.17, 144-147) табыну біршама жақсы көрсетілген. Түйіп айтқанда, тек төре тұқымын дәріптеу көтерілген мәселенің барлық қырын ашуға мүмкіндік бермесі хақ.
Халық ауыз әдебиеті не дейді?
Жылдар бойы үстем таптың өкілі саналған «бай» туралы түсінігіміздің солғын тартқаны сондай, соңғы кезге дейін қазақтың батырлар жырындағы бас кейіпкерлер, яғни ел қорғайтын ұлы мақсаттағы ерлер негізінен байдың не ханның ұлы болып келетіндігіне мүлде мән бергеніміз жоқ.
Батырлар жырының сюжетіне тән негізгі ерекшелік – алдында мыңғырған малы бар әрі ақыл-парасатымен халқына өте сыйлы, кемеліне келген жанның фәни дүниеде бір перзентке зар болып (Қобыланды батырды әкесі Тоқтарбайдың, Алпамысты әкесі Байбөрінің, Қамбар батырды әкесі Әлімбай ханның т.б.), «Тәңір мен пірге сыйынып», «әулие қоймай қыдырып», ғұмыр бойы аңсаған шаранасын қартайған шағында зарығып көруге құрылуы – тектіден тұяқ көруді аңсаған халықтың арман-тілегінен туған тәсіл екенін атап өткен жөн.
Біздіңше, осы тұста мәселенің мәнін тереңірек ашу үшін сәл аялдайтын бекет бар. Хисса-дастандардан көрі шынайы өмірде жағдай басқашалау. Олай дейтініміз, Жаратушыға қанша жалбарынғанымен Мырза Құдай тілекті бермесе, тектіден де тұқым үзілетіндігін дәлелдейтін деректер жеткілікті. «Пәленшенің ұрпағы жоқ», «Түгеншенің тұқымы осымен бітті» деген сөз қазақтың ең ауыр қасіреті болатын. «Ат тұяғын басар тайдың болмауы» қазақ түсінігінде рухани қайғы. Ұлы адам да пенде. Тектіден тұяқ қалмаудың сыры неде? Ұлыларда неге ұл болмайды? Өмірден бір перзентке зар болып өткен саңлақтар (Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Ж.Досмұхамедов, Д.Қонаев т.б.) қаншама?! Бұл – жаратылыстың адам санасы жете қоймайтын көп тылсымдарының бірі һәм пенделерге жұмбақ тектілік феноменінің ашылмаған құпиясы. Бір кем дүние. Осы орайда, пайғамбарлық қасиет қонған жанның соңынан ұрпақ ермейді деген аңыз-әфсана бар екені еске түседі. Қазақ мұндайда «тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деген. Сайып келгенде, мұның бәрі тектіден тұқым қалудың оңай нәрсе емес екенін аңғартады.
Бағанағы ой-сорабын әрі қарай жалғасақ, халық арасына кең тараған қазақ ертегілеріндегі негізгі кейіпкерлердің шыққан тегінің де өнегелі тұқым болып көрсетілуі кездейсоқ емес. Мәселен, бастауыш сынып оқушысынан бастап, жақсы білетін ертегілеріміздің бірі «Ер Төстіктің» ақылды, тапқыр, батыл, т.с.с. болып ержеткендігін сипаттағанда әкесі Ерназар байдан да табиғи жаратылыс жағынан оған көптеген қасиеттер дарығанын ойлап жатпадық. Мұқым қазаққа мәшһүр «Аяз би» ертегісі бүгін біз көтеріп отырған тақырыптың тамыры ғасырлар тереңіне кететініне жарқын мысал. Ертегінің желісі ертеде Мадан деген хан болыпты деп басталады, ол өзінің қырық уәзірі арқылы таптырған Жер бетіндегі ең Жаман (болашақ Аяз би) адамның сыншылық қасиетіне тәнті болып, оған менің өзімді сынашы, мен неше атамнан бері хан екенмін? - дейді. Жаман:
- Жақсы! – деп, тақта отырған ханның алды-артына шығып, алдына келіп, ханның бетіне тіке қарап тұрып:
- Тақсыр ханым! Ақыл-ойың ешкімнен кем емес, бірақ хандық қара басыңда, қарадан туып хан болғансыз, атаңда хандық жоқ,- дейді. Жаман сөзін бітірмей, хан сөзін бөліп:
- Жоқ, қате айтасың! Мен жеті атамнан бері ханмын. Өзімді қойғанда да, алты атамды қайда жібересің? – деп зекіреді. Жаман саспайды.
- Жоқ, тақсыр! Сіздің қара басыңыздан басқа тегіңізде хандық жоқ. Сіз нағыз наубайдың баласысыз, - дейді. Хан не дерін білмей, халыққа қарап, анасын алдырып, шындықты айтуын сұрайды. Анасы болған жайдың ақиқатын айтып, оның шын мәнінде ханның ұлы емес екенін, өзіне дейінгі он тоғыз әйелді әкесі Зәрлі ханның кілең қыз туғаны үшін жарып өлтіргендігін, құрсағына көтергені қыз екенін тәуіптер арқылы білгесін, шыбын жанын сақтау мақсатында өзімен бір мезгілде ұл көтерген сарайдағы наубайшының әйелімен жасырын келісіп, кейін күні жеткесін нәрестелерді алмастырып, содан бері екеуінің бұл жөнінде ешкімге тіс жармағандарын тәптіштейді. Хан:
- Апырмай, менің наубайдың баласы екенімді қайдан білдіңіз? – дейді. Сонда Жаман:
- Мен Жаман-жақсы болсам да, үйіңізге келген қонақ едім. Хандардың ішер асы – жал мен жая аузыңызға түспей, нан, көже түсіп, мені келісімен аспазға жібердіңіз. Салтыңызға тарттыңыз. Сіздің шонжарлы, атаулы хан емес екеніңізді содан байқадым, - дейді.
Келтірілген мысалдар жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтар халқымыздың бай ауыз әдебиеті арқылы ғасырлар бойы үзіліссіз сіңіріліп келгенін дәйектейді. Сонымен, қазақ халқының шығармашылық дәстүрі ертегілер, батырлар жыры, аңыз әңгімелер, лиро-эпостық жырлардың т.б. мазмұнын жан-жақты саралау тектілік феноменінің ұлт тамырына бағзы замандарда-ақ байланғанын айшықтайды.
Жаңабек Жақсығалиев,
тарих ғылымдарының кандидаты