Baq.kz – Жазда қазақ жерінен алтыншы Алтын адам табылыпты.
Естеріңізде ме, алғаш рет құнды жәдігер табылғанда, қоғам дүр сілкініп, бүкіл ел алақайлап қуанған еді.
Ал бүгінгі бойкүйездікке жол болсын. Әлде, археологтарымыз жыл аралатып алтын сауытпен жерленген жауынгерлерді жер астынан қазып ала берген соң, біз үшін аса таңғалатындай жаңалық саналмай қалды ма? Егер жеке біреу ауласынан осыншама алтын қазына тапса, жер-көкті жаңғырта жарнамалап, тамсанумен, қызғанумен, армандаумен жүретініміз анық. Егер тарихтың бағасын білетін шетелдердің бірінде осындай жалғыз ғана жәдігер табылсыншы, дүниені дүр сілкіндіріп, өткенін қайта қарауға құлшына кірісетіндігіне күмән жоқ. Салыстыра қарасақ, тамырын тереңнен тартқан талай ұлт пен ұлыс табылған қазбасына орай өзінің өркениетін қола, темір, тас дәуірлерімен байланыстырады. Ал тарихтың қойнауын жарқырата жарып шыққан 6 Алтын адам қазақ даласындағы алтын дәуірлерді даусыз дәлелдейді емес пе?! Біз неге барымызды көрсетуге келгенде бұйығымыз? Осындай ордалы ойларды ортаға салған «Аманат» пікірсайыс клубының Астанада өткен кезекті отырысы қазақ тарихын қайта түгендеуге арналды. Таяуда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин тарихшылар мен қоғам қайраткерлерін жиып, кейінгі кездері дауы мен дақпырты басылмаған ұлттық тарихты қайтадан зерттеп, зерделеу бастамасын көтерген соң, ғалымдардың ортасында сең қозғалды. Сол сеңнің себебі шығар, небір қызықты деректер жариялана бастады. Мәселен, бүгінде Оңтүстік атырабында қоныстанған 600 мың өзбектің басым бөлігі қазаққа жат емес, түбі бірге туысқан бауыр. – Түркістанның төңірегіндегі 25 шағын қалашықтарды бірнеше рет зерттедім. Тұрғылықты халқымен сөйлессеңіз, өзін өзбекпін дейтіндердің көбісі түбін үйсін, арғын, найманмын деп, біздің үш жүздің ішіндегі руларымен атайды, – дейді, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев. – Кеңестік кезеңдегі зерттеулер қоғамдық түсінікті көшпелі және отырықшы деген екі тапқа бөліп тастап, бір-бірін ата жау етті. Шын мәнінде, олай емес, екі өркениет өзара тонның ішкі бауындай тығыз байланыста. Бірінсіз-бірі өмір сүре алмайды, қазақ даласында көшпелі де, отырықшы да халықтар тіршілік кешті. Алыс-беріс пен сауда-саттық екеуін де мықтап байланыстырған. Өзіңіз ойлаңыз, Ұлы жібек жолы тоқтағаннан кейін, көптеген көшпелі елдер сауда-экономикалық жағынан тауар, зат алып, малын сату үшін отырықшы тұрғындарды іздеп, Ресейге тәуелдене түсті.Қараңыз, Қасым, Есім, Тәуке, Абылай хандар Ташкент, Созақ, Түркістан т.б. қаншама қалалар үшін соғысты бас пайда үшін немесе өзге ұлттарды жою, талқандау мақсатында жүргізген жоқ қой. Олар өзіміздің шаһарлар, көшпелі өмірді қыздырып, жандандырып отырған орталықтарды сақтап қалуға ұмтылды. Егер құстың қос қанаты секілді отырықшы орталықтардан айырылса, көшпелілердің де күш-қуаты, әл-ауқаты кеми береді. Көрші тараптан да аздаған өзбектер келген шығар, бірақ отырықшылдыққа бейімделген қазақтар өз жерінде жүріп өзгеріске ұшырады. Бірақ қаншама ғасыр өтсе де қазақтың генетикалық болмысына сай түбін, руын ұмытпады. Ал кейін барлығымыз отырықшылданған кезінде әлгілерді «сарттар, өзбектер» деп, кеудесінен кері итеріп жүрміз, бұл дұрыс емес, оларды бауырымызға тарту керек. Себебі түбі бізден шыққан ғой.
Ғалымның ойынша, қазақ тарихында негізінен қалмақтар мен жоңғарлар басқыншы, жауыз ретінде сипатталады. Оған халық ауыз әдебиетіндегі «Атаңанәлет, ит қалмақ» деп басталатын талай-талай жырлар мен аңыздардың айқын дәлел екендігі елдің барлығына белгілі. Ал олардың тарихы мен жырларында қазақтардың қалай сипатталатынына үңіліп көрдік пе? Қалмақтардың дастандары мен өткенін баяндайтын оқиғаларда бізді жеккөрінішті ететіндей оғаш мәліметтер жоқ екен. Қайта, олардың бізге ұқсаса жерлері көп, тіптен жылқыға қатысты атаулары мен терминдері бірдей. Есесіне, қырғыздың жырларында ұлтымыздың жаманатты тұстары аяусыз айыпталады. Дегенмен тарихты жаңадан зерделеу кезінде оның барлығын да ескеруіміз керек.
– Қазір қоғамда Тәжин мырза айтқандай, мылтықсыз майдан жүріп жатыр – дейді, Мемлекеттік тарих институты директорының орынбасары Аманкелді Қашқынбаев. Тіптен ұлтымыздың тарихын жоққа шығаратын пікірлер мен мақалалар да жазылып жүр. Оған негізінен Құдай қосқан көршіміз, орыс ғалымдары қалам тартады. «Алақаннан жем жеп үйренгендер енді қолды тістеуге көшті» деп, қыжыртатын да пікірлерді оқыдым. «Қазақта мемлекет те, кәсіби басқару орталығы да болмаған» деген сыңаржақ пікірді таңушылар мен таратушылардың түпкі ойы да белгілі ғой. Бірақ осындай дәлелсіз пікірге тойтарыс беруге келгенде әріптестеріміз үнсіз қала береді. Шыны керек, дарынсыз һәм жауапсыз жандардың аса жауапты салаға орынсыз килігуінің кесірі ме, әлде өтпелі кезеңдегі құбылыс па, салада жүйесіздік пен жөнсіздік белең алды. Енді берекесіздікке мемлекеттік биліктің өзі араласып, бағыт-бағдарын белгілемесе, тағы да ненің бүлінетіндігі бір Аллаға аян еді.
«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының хатшысы Ерлан Қариннің ойынша, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қазақтың тарихқа келгенде өзінің айтары бар. Ұлттың өткені мен бүгінін жаңаша зерделеуге кіріскенде мүмкіндігінше барлығын ескергеніміз абзал. Керек десеңіз, шежірешілер мен әулие-әмбиелердің басында отырған шырақшылардың да тарихпен байланыстырып сөз қозғайтындығын естіп жүрміз. Әрине, мәселе оның барлығын көшіріп алу емес, бәлкім мифтік әфсаналарда тарихты толықтыратын деректерге кезігуіміз ғажап емес.
Профессор Данагүл Мақаттың айтқандары да ақиқат. Әлеуметтік жағдайы оңалмаған, күнкөрістің қамымен әр жерге жалданған тарихшыларға мемлекеттің тарапынан қолдау көрсетілмесе, жаңа тарихты ел күткендей деңгейде түгелдеп шығуы екіталай. Ол үшін зерттеушілерге молынан қаламақы төленіп, іздеген дерегін тауып, қажетті кітабын немесе монографиясын жазып шығуға 1-2 жыл мүмкіндік берген абзал. Бізде бәрі асығыс, ең құнды мағлұматтардың өзін бірнеше айда табуды талап ететіндігі жасырын емес. Асығыстықтан дүмбілез дүние тумаса, татымды, сенімді деректің айналымға қосылуы екіталай. Сонымен бірге жыл сайын ізденімпаздығы аса жоғары, тапқан құнды деректеріне орай бірнеше ғалымға грант ұсынып, марапаттап отыруға мемлекеттің толық мүмкіндігі жетеді. Бұл еңбекті елеп, әріптестер арасында бәсекелестікті сөзсіз арттырады.
Тарихи сананы қалыптастыру үшін, тарихи философия мен тарихи психология пәндерін енгізіп, мектеп пен жоғары оқу орындарында тереңдете оқытқан жөн. Арнайы сайт, журнал ашып, ұндылықтарымызды қоғамға таныстырып отыруды жолға қою керек. Өткенді екшеп, елдің танымын оятатын тек тарихқа арналған телеарна ашылса қанекей! Отырыстағы ойлар осы төңіректен де өрбіп, ұсыныс-пікірлермен толығып жатты. Бірде әйгілі Наполеон «тарихты біз жасаймыз, бүлдіретін тарихшылар» деп налыған екен. Иә, ондай олқылықты өзгелермен қатар қазақ та бастан кешті. Дегенмен бізге де дәл қазір бүлдірген, бүлінген құндылығымызды қайта қарап, түзетуге мүмкіндік те, уақыт та туды. Ендеше, іске сәт!