Осыған байланысты 1993 жылдың 8 желтоқсанында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы әкімшілік территориялық құрылымы туралы» заң қабылданды. Бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі Қазақстандағы 19 облыс, 2 мемлекеттік маңызы бар қала, 216 аудандық территориялық бірліктердің орнына 14 облыс, 160 аудан, облыстық және республикалық маңызы бар 84 қала, 2150 ауылдық округтер құрылды.
Осылайша терең өзгерістерге ұшыраған, әр аймақтағы әлеуметтік-экономикалық үдерістерді тиімді басқару, оны қазіргі кезеңдегі жаһандық дамудың аясында, заман талаптарына сай қарқынды жүргізудің де жаңа жолдары мен жаңаша оңтайлы құрылымдардың қажеттігі туындады. Сондықтан, жоғарыда аталған ел басқару жүйесіндегі өзгеріс, жаңалықтар елдің 1995 жылы қабылданған Конституциясының «Жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару» туралы 8 бөлімінде толық айқындалып көрсетілді. Ең негізгісі, жергілікті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және жергілікті бюджет көлемі жергілікті әкімшілік органдарымен анықталып жоспарланса, жергілікті өкілеттік орган-мәслихаттар оларды бекітуі тиіс болып белгіленді. Осылайша, жоғарыдағы қабылданған Конституция жергілікті билік, басқару жүйесіндегі демократиялық қатынастарды кеңейту арқылы, жергілікті өкілетті және орындаушы биліктердің жалпы мемлекеттік ауқымды тапсырмаларды шешудегі үйлесімдігін, бірлігін қамтамасыз етуге бағытталды.
Сөйтіп, Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару жүйесі: жергілікті өкілетті (мәслихат) және жергілікті әкімшілік-орындаушы (әкімдік) болып қатар қимылдай отырып, толықтай жалпы мемлекеттік басқару жүйесінің негізін қалаушы құрылымдары болып айқындалды.
1994 жылы құрылып, ата заңымыз Конституция белгілеген Заң аясында қызмет жасап келе жатқан жергілікті өкілетті орган-мәслихаттар, сонымен қатар, жоғарғы Республикалық өкілетті орган-Парламентпен ұйымдастырушылық, басқа да тікелей бағынышты байланыссыз, өзінің құзыретін (компетенциясын) өзі бекітетін қызмет атқарушы орган болып табылады.
Мәслихат-тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс құрамындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік орган. Ол сол аймақ халқының қалауын, ықтиярын білдіреді және жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілейді және атқарылу барысын бақылайды, сондай-ақ аумақтың жоспарын экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті, оның атқарылу барысы туралы есептерді бекітеді.
Сондай-ақ, әкімнің ұсынысы бойынша акиматтың жеке құрамын мәслихат сессиясының шешімімен келісу, атқарушы органдар жетекшілерінің есептерін қарау, мәслихат шешімін орындамаған ұйымдардың, мемлекеттік басқару органдарының лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша тиісті органдарға ұсыныс беру, Қаазқстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету өкілеттіктерін іске асыру, жалпы Қазақстан Республикасы Конституциялық нормаларын, заңдарын, Президент актілерін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік-құқықтық актілерін орындауға қатысу, тағы басқа ауқымды мемлекеттік және жергілікті аймақтық мәселелерді жүзеге асыруға белсене араласып, заң аясындағы қызметтерін атқарады.
2001 жылдың 21 қаңтардағы «Қазақстан Республикасы Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес- жергілікті өкілетті орган (мәслихат) — сайланбалы орган, яғни облыс, аудан, ірі қалалар тұрғындары тарапынан таңдалып, сайланады. Мәслихаттар, барлығына ортақ, тең, еркін таңдау құқығымен 5 жылдық мерзімге, құпия дауыс беру арқылы тағайындалады. Жиырма жасқа толған Қазақстан Республикасының әрбір азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады және ол тек бір ғана мәслихаттың, депутаты бола алады.
Мәслихат қызметінің негізгі сипаты-сессия. Сессия жылына 4 рет өткізіледі және ашық түрде жүреді. Мәслихаттар тұрақты комиссиялар, мәслихат сессиясының төрағасы, хатшысы және мәслихат депутаттары арқылы өз өкілеттіктерін орындайды. Сессия төрағасы жергілікті атқарушы органдардың жетекшілерін шақыруға құқылы. Мәслихат өз мерзімінде тұрақты комиссияларды құрады, олар өңірдің даму жолындағы әртүрлі салалары бойынша айналысады. Сондай-ақ мәслихат жанынан сайланатын ревизиялық комиссияның да атқаратын ролі жоғары, олар жергілікті бюджеттің орындалуына бақылау жасайды, тексеру нәтижесімен мәслихатты және акиматты, ақпараттандырады.
Жергілікті мәслихаттардың тұрақты қызметтін жүргізу үшін мәслихат өздерінің аппараттар қызметін бекітеді. Сандық шектеулер мен қаражат бөлулердің лимитіндегі Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекіту шегінде, оларды техникалық құралдармен қамтамасыз етеді және олардың шығындарын анықтайды. Ақпарат қызметкерлері штаттық санының лимитіне, сәйкес келетін депутаттардың санына сай болуы керек, яғни бір қызметкерге 5 депутаттан кем болмауы керек. Мәслихаттың сессиясы пленарлық мәжілістер түрінде жүргізіледі. Сессия жұмысы мәслихаттың ортақ депутаттар санының үштен екі бөлігі қатысса, заңды болып саналады. Шешім депутаттардың ортақ санының басым көпшілік дауыс беруі арқылы қабылданады. Егер сесияға қойылған белгілі бір күн тәртібі мәселесін қабылдауда дауыс тепе-теңдікке тірелсе, онда сессия төрағасы дауыс берген жақ басымдыққа ие болады. Мәслихат сессиясының төрағасы мәслихат депутаттарының ортақ санының көпшілігінің ашық түрде дауыс беруімен өткен сессияда тағайындалады. Мәслихат депутаты бір жылдың ішінде сессия төрағасы болып екі ретке дейін ғана сайланады. Төраға алдағы сессияның шақырылуы туралы шешім қабылдай отырып, оның дайындығына басшылық етеді, күн тәртібін жасақтайды және сессия отырысын регламент бойынша жүргізеді.
Мәслихаттар құрамында мәслихат хатшысының атқаратын ролі зор. Ол тұрақты негізде жұмыс істейтін қызметтік тұлға болып саналады, жалпы депутаттардың ішінен ашық немесе жабық (құпия) дауыс беруде басым дауысқа иеленгеннен кейін тағайындалады және қызметінен мәслихат сессиясында босатылады. Хатшы бірінші кезекте мәслихат аппаратарының жұмысын ұйымдастырады және басқарады. Өз аппаратымен бірге мәслихат сессияларының дайындығын жүргізеді, сессияда қабылданған шешімдерге, басқа да құжаттарға қол қояды. Хатшы сондай-ақ мәслихаттың тұрақты комиссияларының, депутаттық топтар мен басқа да органдардың қызметтерін реттеп отырады, мәслихаттың мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынастарын реттейді.
Қорытындылай келе Мәслихат-Тәуелсіздіктің елеулі көрінісі және қазіргі қоғамдағы елді демократиялық басқарудың жетілдірілген, прогрессивті әдістерінің бірі деп толық айтуға негіз бар.
Есқалиев Самат Амангелдіұлы, т.ғ.к., доцент., Қ. Жұбанов атындағы, Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті