Әбілмәмбет Болатұлының қоғамдық-саяси қызметі
Ә.Қ. Мұқтар т.ғ.д., профессор
Абылай ханның: «Менің ата-бабаларым Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, олардан соң енді мен Абылай ханмын» - деген 1767 жылы 14 желтоқсанда Омбы әкімшілігіне жолдаған хатында (1) көрсетілген қазақтың бас хандарының тізіміндегі Әбілмәмбет ханның өмірі мен қызметі, еліне сіңірген еңбегі, қадір-қасиеті бүгінге дейін зерделеніп, лайықты бағасын алды деу қиын. Кешегі кеңестік заманда Қожаберген жырау атынан:
Әбілмәмбет солқылдақ.
Ақ балықша борпылдап,
Келіспейді ерлермен
Қабандарша қорсылдап, – деп айтылды деген өлең жолдар да
ұрпақ санасына құйылып келді. Ал Әбілмәмбет ханмен талай кездесіп, қазақ-орыс қатынасына ықпал жасаған Орынбор әкімшілігі кеңсесінің шенеунігі П.И.Рычков 1762 жылы жазған еңбегінде Әбілмәмбетті «жуас мінезді» адам ретінде сипаттап: «өз тыныштығы үшін Ордадан Түркістанға көшті. Оның ресейлік тарапқа еш қарсылығы болмады» (2) - деген қорытынды жасап, Әбілқайыр ханмен салыстырған болатын. Міне осындай түйіндеулер қазақ тарихында Әбілмәмбет хан сынды тұлғаны танып білуде біржақты көзқарастың қалыптасуына негізгі арқау болды.