Бүгінде тұлғалар тарихы, олардың қоғамдық-саяси қызметі, еліне сіңірген
еңбегі тәуелсіздікке қол жеткізуімізбен ерекше қызығушылық туғызды. Әрине, күні
кешегі ХХ ғасырдағы таспаға түскен тұлғалар туралы жазу, олар туралы
замандастарын сөйлету қиын шаруа емес. Өйткені олардың барлығы халық жадында.
Ең бастысы – олар туралы мұрағатқа түскен құжаттар баршылық. Ал ХХ ғасырға
дейінгі ұлтымыздан шыққан қайраткерлер тарихын қалпына келтіру, олар туралы
нақты мұрағаттық құжаттарды табу оңай шаруа емес. Тарихшы-ғалым үшін міне, осы
арада ең қиын міндет жүктеледі. Қазақ тарихындағы ел басқарған Әбілқайыр хан,
Абылай хан, Жәңгір хан, Бөкенбай батыр, Есет батыр, Сырым батыр, Жоламан батыр,
Махамбет, Исатай т.б. өздерінің қайраткерлігімен және көршілес елдермен түрлі
қарым-қатынасқа түсуімен өзге елдердің мұрағаттық құжаттарына түсіп, бізге
жетіп отыр. Ал олардың замандастары арасында бірлесе жүріп елін қорғаған, қасық
қаны қалғанша, ұлтына адал болған, атамекен жерін тастамаған, қазақтығын
ұмыттырмаған есімдері бізге жеткен тұлғалар қаншама. Міне, осындай даңқты
бабаларымыздың өмірі мен қызметін зерттеу, шындық тұрғысынан өскелең ұрпаққа
жеткізу тікелей тарихшының міндеті. Кеңестік билік тұсында атадан-балаға жеткен
шежіреміз біраз бұрмалаушылыққа түсті. Коммунистік идеология кешегі заманның
қалдығы ретінде оны ұмыттырып, ұлтымыздың өткеніне балта шабуға талпынды. Бірақ
халқымыз өзінің бақыты үшін күрескен, қызмет еткен бабасы ерлігімен ұрпағын
ертеңгі азаттық үшін тәрбиелеп, сол
арқылы тарихта қалған ұлдарын ешқашан ұмытқан емес. Тарихта аты аңызға
айналған тұлғалар қатарында Кіші жүз Әлімұлдарының шекті руының қабақ бөлімінен
Жарас мергеннің өзіндік орны бар. Кіші жүз шежірелерін жазған тарихшылар –
С.Толыбеков, Х.Маданов, Х.Табылдиев [Маданов Х. Кіші жүз шежіресі. Алматы,
1993., Табылдиев Х., Қалмұратов А. Кіші жүз рулары. Алматы, 1994.] т.б. Жарас
Пұсырманұлының ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда өмір сүріп, Әбілқайыр, Есет, Бөкенбай,
Батыр, Қайыптармен замандас екендігін жазып дәлелдеді. Яғни, мергеннің осы
дүрбелең кезеңдегі тарихи оқиғалардың бәріне қатысқандығы тарихи шындық. ХҮІІІ
ғасырдың басында Жарас мерген бабалары негізінен Сырдария бойында тұрақтап,
Қазақстанның батыс өңірінде еркін көшіп қонған. Бұл кезеңде шектілер Әбілқайыр
ханға бағынып, оның негізгі тірегі болатын. Мұрағатта сақталған бір құжатта
орыс үкіметі «Азия керуендерінің қауіпсіз жүруі үшін қазақтардың мықты
руларының старшындары мен старшын балаларынан жылына төрт адамды, әсіресе,
солардың ішінде шекті руынан ұстап қалу қажет» деп анық жазылған. Құжатта одан
әрі «өйткені шектілер - бүкіл қазақ
ордасындағы бірінші әрі ең мықты ру. Бүгінге дейін Орынборға тонауға ұшырамай
келген керуендер болса, онда олар тек шектілердің қорғауымен келгендер»
делінген [РИССМ. 122қ., 122/2т., 1763-1775, 16 іс, 29-30п.]. Олар оңтүстіктегі
Бұхара, Хиуа хандықтарымен де қарым-қатынас орнатып қана қойған жоқ,
оңтүстіктегі шекарамыздың қорғаны бола білді. Мұны Әбілқайыр хан да жете түсінді.
ХҮІІІ ғасырдың басында батыста қалмақ, казак-орыстардың, солтүстікте башқұрттар
мен казак-орыстардың, оңтүстікте хиуалықтардың, шығыста Жоңғарияның үздіксіз
шабуылына тап болған шақта Жарас мерген өзге де белгілі тұлғалармен бірге ел
қорғанына айналды. Оның, ата-бабасынан өрген ұрпақтардың 1710 жылғы Арал
маңындағы Қарақұмда өткен Кіші және Орта жүз рулары қатысқан халық кеңесіне
қатысқаны анық. ХІХ ғасырда қазақ даласына керуен бастап барған
Я.П.Гавердовский жазбасы арқылы халық аузынан алынған Қарақұм кеңесінің еліміз
үшін қандай маңызы болғандығы қазіргі кезеңде толық дәлелденді емес пе? Қарақұм
кеңесінде осы маңды мекендеген шекті Пұсырманнан өрген ұрпақтар бірауыздан
қазақ жауларына қарсы бірлесу ұранын қолдап, Әбілқайыр хан мен Табын Бөкенбайды
өздеріне басшы қылып сайлады. Міне осыдан кейін қазақ батырлары елдің еңсесін
көтеріп, жауды жеңуге серт байласты. Тарихтан осыдан кейінгі шайқастарда қазақ батырларының жеңіске
жеткендігі белгілі болады. Жарас мергеннің бабасы Пұсырманда 1726 жылғы Бұланты,
Білеуті шайқастарына қатысқан. Ал сол заманда әке қатысқан шайқасқа ер жеткен
ұлдарының өзгелермен бірге қару алмауы мүмкін еместігін ескерсек, Жарас та
сөзсіз қазақ сарбаздары қатарында болды. Мұның барлығы сөз жоқ, атадан балаға
дарыған батырлықтың, еліне деген сүйіспеншіліктің сабақтастығы деп білген жөн.
Жарастың анасы тарихта аты қалған адайдың батыры Атақозының апасы екен.
Атақозының Жайық бойындағы
казак-орыстардың озбырлығына қарсы талай рет атқа қонғандығы мұрағат қорлары
арқылы белгілі. Оның Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалыс кезінде де қазақ
мүддесін көздеп, орыс үкіметі саясатына ашық күрескендігі көпке үлгі болып
қалды. Олай болса, Жарасты өз жұрты да, нағашы жұрты да оны болашақ ел қорғаны
ретінде тәрбиелеп өсірген.
Жарас мерген ХҮІІІ ғасырдың І жартысында азаттық күресте шекті руының ұранына айналған Бақтыбай Төлесұлымен қоян-қолтық араласты. Тағы да шежіреге арқа сүйесек, шекті Қабаққа Бақтыбай немере болса, ал Жарас шөбере болып келеді. Бақтыбай атауы мұрағатта 1730 жылдардан кейін атала бастайды. Әсіресе, оған патша үкіметі қазақ даласына А.И.Тевкелев елшілігінен кейін назар аударған. Біртұтас қазақ мемлекеттілігін сақтап, қыспақта қалған елін құтқару мақсатында Ресеймен әскери одақ құруды жоспарлаған Әбілқайырдың Ресейге жіберген елшілері елге келгеннен кейін ішкі қарым-қатынас едәуір қиындады. Әбілқайыр кеңсесінде Ресей патшайымына жазылған хат орыс шенеуніктерімен арнайы бұрмаланып, хат мәтініне бодандық тіркестері енгізілді.
Бүгінде тарихшы А.Исин түп нұсқаның империя ыңғайына сай өзгергендігін дәлелдеп, «Абай» журналының 2001 жылғы № 2 санында жариялаған-ды. Өкінішке орай, әлі күнге дейін осы аударманы толық пайдалана алмай келеміз. Ғалымның “Әбілқайырдың Ресей патшалығына - империя астанасына елшілері арқылы жіберген хаты қандай?”,-деген сұрақты қоя отырып, оған “Хан Ресей империясына жеңіл түрде мойынсұну есебін қазақ пен башқұрттың арасында Ресей құзырымен, бейбіт орнату мүддесімен шебер байланыстырған. Өйткені, естек-башқұрттар – Ресей қол астындағы ел. Бұрынғылардың саяси дәстүрімен хат жүзінде Әбілқайыр “баш салады” (“бас иеді”), “Ұлұғ падша хазіретінен”, “пана” іздейді. Хан сөздері ұстамды, белгілі бір тұстарында асқақ. Кішіреюі де, өзге мемлекет иесімен тең сезінуі де, құрмет көрсетуі, сыпайы сөз саптауы, мүдделі ісі де үйлесімді, салмақты өлшеммен жеткізілген. Бұл хаттан артық жалбарыну, Ресей патшалығына ашық мойынсұну, құлдана сөйлеу деген байқалмайды”, - деген тұжырымын біздіңше, барлығымыз бірауыздан қолдауымыз керек (Исин А. Әбілқайыр ханның хатын қалай оқыған дұрыс //Абай. 2001 №2-41-44бб.). Әбілқайырдың өмірлік ұстанымының өзі бодандыққа қайшы және оның өле-өлгенше жүргізген саясаты қазақ бодандығы дегенді жоққа шығарады.
Міне сондықтан да А.И.Тевкелев бастаған орыс елшілері ханға келгенде, қазақ даласы тағы бір бұлқынды. Өйткені азаттық рухта тәрбиеленген халық үшін бодандық, орысқа бағыну ақылға сыйымсыз еді. 1731 жылы қараша айында хан Арал маңында тұрақтаған тұста шекті Сырлыбай елшілер құрамындағы башқұрт батыры Таймасты қолға түсірді. Башқұрт батыры содан 24 қарашада Бөкенбай батырдың араласуымен тұтқыннан босатылды. Араға уақыт сала, 1732 жылдың басында Бақтыбай батыр 150 адамымен Хиуаға бара жатырған полковник Гарбер бастаған орыс керуенін қоршауға алды. Кейін Бақтыбай Батыр сұлтан мен Тәңірберді старшынның араласуымен Гарбер керуеніндегі жүктің жартысын алып, босатуға келіскен. Мұны естіген Әбілқайыр хан өзге де би-батырлар Батыр сұлтанға қатты реніш білдіреді. Бақтыбай батыр қалмақ, түркімендермен соғыста да көзге түсті. Кейін Әбілқайырдың саясатының дұрыстығына көзі жетті. 1748 жылы тамыз айында Әбілқайыр өлтірілгеннен кейін, оның жанұясына келіп, қолдау көрсетті [Казахско-русские отношения в ХҮІІІ-ХІХ веках (Сборник документов и материалов).-Алма-Ата: АН КазССР, 1960. С.57-89]. Мәселен, 1748 жылы 21 қыркүйекте Нұралы сұлтан жанына Кіші, Орта жүздің беделді 104 адамын ертіп, анасы Бопайға келді. Оның құрамында шекті Бақтыбай да болатын. Ал осы жылы 5 қазанда Нұралының орыс патшасына жолдаған хаттарының бірінде шекті билері құрамында Бақтыбай да аталады [КРО-І, С.410, 426, 517]. Сәл осыдан бұрын 6 шілдеде Орск қорғанына А.И.Тевкелевпен кездесуге бір топ шекті руының өкілдері келді. Олардың ішінде Қара батыр, Бейімбет батырдың ұлы Шығырбай, Бақтыбай батырдың баласы Асан және шекті руының құрметті ақсақалы Пұсырман болған. Орыс деректері «кощей Бусурман» деп жазады. Қазақ-орыс сөздігінде «кощей - Қыдыр немесе ұзын бойлы арық адам» деп аударылған. Қайткенмен де А.И.Тевкелевпен кездесуге елдің құрметті адамы баратындығы түсінікті. Осы кездесуде Қара батыр Петербургте әскерде ұсталған Бақтыбайдың баласы Дәулетбайды босатуын өтінді. Кездесу соңында Қара батыр, Асан батыр, Шығырбай батыр және Пұсырман түрлі марапатқа ие болған. Міне, осы әңгімедегі шекті Пұсырман Жарастың әкесі де болуы мүмкін. Осы арада шежіреде «Қыдырды екі рет көрген» деген аңыздарды да еске түсірген жөн. Мұрағат дерегін жариялаған материалдар жинағындағы есімдер көрсеткішінде неге екені белгісіз, анық шекті деп жазылғанына қарамастан, Пұсырман Кедейұлы дей отырып, оны шөмекей руына жатқызады [История Казахстана в русских источниках ХҮІ-ХХ веков. ІІІ том.-Алматы, 2005. С.187-188]. Яғни, бұл арада ойланатын мәселелер баршылық.
Әбілқайыр хан өлтірілгеннен кейін көп ұзамай Нұралы ханмен қатар Батыр Қайыпұлы да хан болып көтерілді. 1748 жылдың соңғы айларындағы осындай саяси оқиғаға шекті руының біраз адамдары қатысқан. Мәселен, Қарабай Аталық, Боранбай, Қалыбай, Жаңбыршы, Тұттыбай, Қарабас т.б. [ОрОММ. 3қ., 1т., 18-іс, 288-311пп.] Біздің ойымызша, осы тізімдегі Қалыбай, Қарабастар - Жарастың ағалары, Пұсырманның балалары болса керек.
1750 жылы 5 маусымда шекті Бейімбет батырдың қайтыс болуына байланысты берілген аста Бақтыбай би Есет тарханмен бірге болған. Аста шекті руының өзге де белгілі адамдары да болып, елдің ішкі-сыртқы жағдайын талқыға салған. Қай уақытта да, ел игілері үшін басты мақсат қазақтың бірлігін сақтау, оның ұлан-байтақ территориясын қорғау болып қалды. Міне, сондықтан да Шектілер, соның ішінде Пұсырманнан тараған ұрпақтар Кіші жүздегі беделді Әбілқайыр хан, Батыр сұлтан, кейін Нұралы хан, Қайып хандармен бірлесе отырып, мемлекеттік мәселелерді шешуге араласты. Кей жағдайда шектілер Нұралы хан саясатына деген наразылығын ашық білдіріп отырған. Мәселен, 1753 жылы жазда Нұралы хан бұйрығымен Хиуалық керуендер тоналғанда, Батыр хан мен Бақтыбай би Нұралыны қазақтар Кеңесіне шақырып, тонау себептерін түсіндіруін талап еткен. Тарихшы В.В.Вельяминов-Зерновтың анықтауынша, Орынбор әкімшілігі арнайы тілмәш Я.Гуляевті Нұралыға жіберген. Мәселені жан-жақты талқыға салған хан көп ұзамай тонауға тыйым салған. Осы жылы Батыр хан мен Шекті билері Мойнақ, Бақтыбай, Айдарғали, ақкесте Әжібай т.б. Нұралыға Қаракете Сарыбаш, Қаракесек Досқұлдың баласын елші ретінде жіберген. Олар Нұралыға Ресейдің Бақтыбай бидің баласын әлі күнге дейін босатпағанын, енді оған қоса Алтайдың баласын қолға түсіргенін хабарлап, орыс әкімшілігі саясатын анықтауға талпынған. Ол турасында Нұралы хан 1753 жылы 25 тамызда И.И.Неплюевке жазған хатында көрсетеді [Вельяминов-Зернов В.В. Исторические известия о киргиз-кайсаках и сношениях России с Средней Азии со времени кончины Абулхаир хана (1748-1765). // Оренбургские губернские ведомости. 1753, №25, С.149-150, №26, С.153; РИССМ. 122қ., 122/1 т., 175-1754, 1-іс, 15-17п.].
Ресейдің отарлауына қарсы болған Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалыстарда да шектілер – Жарас мерген бауырлары аса белсенділік танытты. Мұрағат деректері олардың Сырымды қолдағанын айғақтайды. Мәселен, 1793 жылы күзде тілеу-қабақ шектілер орыс шебіне соққы беріп, Кундров слободасынан 200 жылқы қуып алған. Қазақ сарбаздарының басшысы Бесті батыр болған екен. Ал қолға түскен тұтқындарды тілеу-қабақ биі Боздаққа, кейін Сырым батырға жіберген [ҚРОМА, 4қ., 1т., 197-іс, 115-119пп.]. ХҮІІІ ғасырдың соңғы ширегі мен ХІХ ғасырдың басында Жарас мергеннің немере інілерінен Сарышоңай Алыбайұлының аты жиірек аталады. Сарышоңай би 1797 жылы 8 тамызда ашылған хан кеңесі құрамына енгендігі тарихтан белгілі. Сәл кейін Сарышоңай Сырым, Қаракөбек, Жанназар, Көккөз, Сұлтанбек, Қаратайбек, Сопыралы, Азына, Тілеп билермен бірге Ресей Коммерция министрі Н.П.Румянцевке құпия түрде хат жолдады. Хатта соңғы жылдардағы башқұрттар мен казак-орыстарының және генерал-губернатор Н.Н.Бахметевтің озбырлығы ашық жазылған. 1800 жылы Шектілер Орск қорғаны маңында башқұрт-меер әскерінің жүзбасы Нигметулла Абубакировті қолға түсіріп, ел ортасына қарай әкеткен. Онсыз да шекарада шиеленіскен жағдайды ушықтырмау үшін Сарышоңай мен Сырым келісе отырып, тұтқынды босатып, Бөкей сұлтанға, одан Орал қаласына аттандырған [ҚРОМА. 4қ., 1т., 205-іс, 15п.]. 1803 жылы Сарышоңай, Мұсылман би бастаған Шектілер Орынбор, Хиуа, Бұхара бағытындағы сауда-саттықты Қайыпұлы Әбілғазы хан басшылығымен шебер үйлестіріп отырды. Осы тұста шектілер 15 000 түтін деп көрсетіледі [Материалы по истории Казахской ССР. Т.ІҮ (1785-1828гг.).-Москва. Изд.АН КазССР, 1948. С.515]. 1806 жылы да Сарышоңай кеңесте хан кеңесшісі қызметін жалғастырды. Осы жылы қараша айында Сарышоңай, хан кеңесі заседателі Шығайбай, Мұсылман билер, Орынбор губернаторы Г.С.Волконскийге Жантөре ханның Кеңеске қатыса алмағандығын хабарлады. Шиеленісті 1807 жылы Сарышоңай мен Мұсылман би Қаратай сұлтанмен бірлесе отырып, қазақ даласына шыққан орыс әскерлерін кері қайтаруға күш салды. Кейін де Сарышоңай мен Мұсылман би қазақ-орыстар арасындағы талас-тартыс мәселелерді шешуді жалғастыра берді. Міне осы деректен кейін Сарышоңай есімі 1812 жылы Шерғазы хан кеңесін құрған кезеңде аталады. Осы жылы қайтыс болған кеңесші Сарышоңай орнына Төртқара руынан Сапақ Боранбаев ұсынылды [Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында. Алматы, 2001]. Кейін Сарышоңайдың баласы Қазым Арынғазы ханның жанынан табылды. Міне мұрағатта сақталған мұндай деректер ХҮІІІ ғасырдағы Жарас мергеннің, оның бауырларының қазақ тарихында қалдырған терең іздерін айғақтайды. Ізденіс алда деп есептеймін.
Ә.Қ. Мұқтар т.ғ.д., профессор