Ахметова
У.Т. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті
Қазақстан археология ғылымының дамуы алдымен ортағасырлық бізге жеткен жазбалар арқылы белгілі. Қазақ археологиясының қалыптасуы Ресей империясының отарлау саясатына байланысты жүргізілген. Ресей зерттеушілерінің қазақ жеріне ұйымдастырған 1733 жылғы академик Г.Ф. Миллердің бастауымен бірінші академиялық экспедициясы Қазақстандағы алғашқы археология ескерткіштері туралы мәліметтерді хабарлайды. Бұл ғылыми зерттеулердің негізгі мақсаты қазақ жерінің табиғи жер асты, жер үсті байлықтары, табиғаты, климаты, жан-жануарлары, өсімдік әлемі, жер қыртысы тағы өзге де ғылым салаларының мәліметтері қызықтырған болатын. Сонымен қатар қазақ жерінде өмір сүрген халықтар, олардың тарихы, мәдениеті, археологиясы жөнінде көп деректер қалдырды. Ал ХІХ ғасырдың басы қазақ өлкесін зерттеумен Ресейдің Бас штабының әскери-топографиялық бөлімі (1812), тау ведомоствосы ғылыми комитеті (1834), Мемлекеттік мүлік Министрлігі жанындағы ауыл шаруашылығы ғылыми комитеті, Ресей университеттері жанындағы ғылыми қоғамдар, атап айтсақ, Москва университеті жанындағы Ресейдің көне және тарихи қоғамдары (1804), табиғатты қорғаушылар қоғамы (1805), Петербург университеті жанындағы физика-медициналық қоғамы (1805), минерология қоғамы (1817), орман қоғамы (1814), олардың сан-саналы ғылыми қызметтерінде қазақ даласы туралы мәліметтер жинаумен айналысты[1,3б].
Москва университетінен кейін 1878 жылы «Археология, тарих және этнография қоғамы» Қазан университетінің жанынан құрылып, қазан төңкерісіне дейін 11 ғылыми қоғамы жан-жақты өз қызметін атқарды. Қазан университеті қазақтардың мәдениеті мен тарихын зерттеуде, атасақ, «Торғай облысы Қостанай уезінің қазақтары», «Түркістандағы археология», «1892 жылғы қазақтардың садақасына баруы», «Қазақтардың этнографиялық очеркі» сынды ғылыми мақалаларды көптеп жариялады.
Москвадағы «Жаратылыстану, антропология және этнография әуесқойлары» қоғамының Түркістандағы бөлімі 1870 жылы ашылып, 1894 жылға дейін жұмыс жасады. Бұл бөлім Қазақстанның оңтүстігі мен шығысы, Орта Азияны танып, біліп зерттеуде өздерінің Жарғыларын қабылдады. Жарғы бөлімдері жалпы жаратылыстану, антропология, этнография бойынша жүргізілетін жұмыстар жоспарланды. Нәтижесінде қоғам мүшелерінің еңбектерінің жиынтығы, кітапханасы пайда болды. Түркістан «Жаратылыстану, антропология және этнография әуесқойлары» қоғамының жинақтарында ғылыми құндылығын жоймаған мынадай еңбектер жарық көрді: «Сырдария облысы бойынша жинақталған статистикалық мәліметтер», «Жетісу облысы бойынша жинақталған статистикалық мәліметтер» [2,- С.95].
Қазақ жеріндегі археология ғылымы ХІХ-ХХ ғасыр бас кезеңіндегі орыс ғылыми қоғамдары мен мекемелерінің жұмысының жандануына байланысты өрбіді деп айта аламыз. Оның бірі 1845 жылы 6 тамызда құрылған Императорлық Орыс Географиялық қоғамы. Бұл қоғам Орыс мемлекетінің әлеуметтік-экономикалық дамуы 1861 жылғы реформаға дейін Ресей империясына қарасты халықтардың жағдайы туралы жан-жақты мәлімет жинақтады [3]. Ал 1867 жылы 17 шілдеде Ресей Географиялық Қоғамының Орынбордағы бөлімі ашылды. 1868 жылғы 14 қаңтардағы бірінші мәжілісінде қоғам мүшелігіне енгісі келгендердің арызын қабылдап, тізімі жасалынып, ережесі бекітілді [4,27-п]. Ресей Географиялық Қоғамы Орынбор бөлімінің Қазақстандағы бөлімшелері: Омбы қаласында 1877 жылы 10 мамырда Орыс географиялық Қоғамы,1897 жылы Түркістан географиялық қоғамы, Ресей Географиялық Қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің жанынан 1902 жылы Жетісу бөлімшесі ашылды.
Қазақстандағы археология ғылымының дамуына үлес қосқан 1887-1918 жылдарда Орынбор қаласында құрылып жұмыс жасаған Орынбор Ғылыми мұрағат комиссиясын айтуымызға болады [5,-11п.]. Ғылыми Комиссияның қызметі қазақ елін отарлаудың орталығы болған Орынбор генерал-губернаторлығы кеңсесінің іс-қағаз құжаттарын реттеп және оларды Орынбор қаласынан ашылғалы отырған орталық мұрағат орналастыру болды[6,9б-п.]. Ғылыми мұрағат комиссиясы қазақ тарихы, археология, этнографиясына қатысты бар мәліметтерді Орынбор мұрағатына түсірді. Соның ішінде тарих, археология, этнография ескерткіштерін іздестіріп, тіркеп, тізімдеу барысында комиссия мүшесі И.А. Кастанье үлкен жұмыстар жүргізді. 1910 жылы И.А. Кастанье «Қазақ даласы мен Орынбор өлкесінің көне ескерткіштері» атты еңбегі жарық көрді. «Қазақ өлкесі қысқаша тарихының очеркі» деп аталған алғы сөзінде қазақ елі территориясы сонау көне тас дәуірінен бастап, автор атаған 1911 жылға дейінгі тарихи көне деректерді қамтығандығын және қазақ жерін мекен еткен халықтардың қысқаша тарихын баяндаған. Ғалым монографиясы қазан төңкерісіне дейінгі қазақ тарихы, археологиясы туралы іргелі зерттеу деп есептейміз[7,с.1]. И.А.Кастаньенің бұл еңбегі Орынбор мұрағаттық комиссиясы мүшелерінің бірнеше жылғы ғылыми ізденістерінің нәтижесі деп айтуымызға болады.
1917 жылғы қазан төңкерісінен соң археологиялық зерттеулерді 1919 жылы Санкт-Петербургте құрылған материалдық мәдениеттің тарих академиясы, ал 1920 жылы Ташкентте өнер және табиғат, мұражай және көне ескерткіштерін қорғау ісі бойынша Түркістан комитеті жалғастырды. Бұл мекеме шығыстанушы В.В. Бартольдтің ұсынысымен Түркістанның археологиялық картасын құраудан бастады[8,141б.].
1946 жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының құрылуына орай Ә.Х.Марғұлан бастаған ғалымдар археология ғылымы дамуына жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Ә.Х. Марғұланның басшылығымен Орталық Қазақстанға, А.Н.Бернштам мен Е.И. Агееваның басшылығымен Оңтүстік Қазақстанға, ал 1954 жылдары К.А. Ақышов басшылығымен Іле археологиялық экспедиясын ұйымдастырды. Әрине, бірнеше жылдық археологиялық зерттеулері нәтижелі болды.
Қазақ елінің тәуелсіздік алуы археология ғылымының қарқынмен дамуына мүмкіншілік берді. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша тарихи мұраларымыз бен көне ескерткіштерімізді зерттеп, насихаттауға, сақтауға шақыруы еліміздің тарих ғылымында бетбұрысты кезең болды. Оның бір ғана дәлелі мемлекеттік бағдарлама аясында «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық парк құру ісі қолға алынып жүзеге асуда. Аспан астында археологиялық қазба жұмыстарының орнында орналасқан мұражай арқылы көне ата бабаларымыздың тарихы, тұрмысы мен салт-дәстүрлерімен таныса алады[9,с.9]. Қазіргі археология ғылымында қазақ даласын мекен еткен көшпенділер өркениетінің белгілері негізделген, отырықшы қала мәдениетінің ХІ-ХІІ ғғ. гүлденгендігін К.М.Байпаков зерттеулері дәлелдейді.Тек көшпенділік қана емес, отырықшы қала мәдениетінің, мемлекеттіліктің басты атрибуттарының болғандығын зерттеуде.
Ал қазірде Қазақстан дәстүрлі және жаңа дамып жатқан археология ғылымын дамыта отыра әлемдік деңгейдегі жетістіктерге ұмтылуда.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Ахметова У.Т. XVIII-XIXғғ. қазақ елі және Ресейдің зерттеу қоғамдары Еуразия гуманитарлық институтының Хабаршысы. Ғылыми журнал. - Астана. 2008. №1. - 5-10 бб.
2.Лунин Б.В.Научные общества Туркестана и их прогрессивная деятельность. Конец ХІХ-начало ХХв.-Ташкент: Издание Академии Наук Узб.ССР, 1962.-275с.
3. Берг Л.С. Всесоюзные географическое общество за 100 лет 1845-1945.-М.-1946.-263с.
4. Ресей Федерациясы Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағаты.(әрі қарай РФ ОрОММ) 94-қ., тізбе -1., іс-7.
5. РФ ОрОММ 96 қ., 1- т., 69- іс.
6. РФ ОрОММ, 96 –қ., 2-т., 45-іс, 9б-п.
7. Кастанье А.И. Древности Киргизской степи и Оренбургского края // Труды ОУАК. Выпуск 22. – Оренбург: Типо-литография Т-во «Каримов, Хусаинов и К», 1910. -321 с.
8. Қазақстанның тарих ғылымы. - Алматы: «МерСал», 2005.- 600 бет.
9. Алиев Д.А., Халидуллин Г.Х. «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінің мемлекеттік мәден мұра бағдарламасы негізінде. / «Средневековая городская культура и кочевая цивилизация бассейна реки Урал. / Материалы международной конференции. / Под редакций проф.Сдыкова М.Н. –Уральск, 2012 - 464с.