Мұқтар Әбілсейіт Қапизұлы – тарих ғылымдарының
докторы, профессор, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік
университеті
Тарих ғылымы қай заманда да адамзаттың жүріп өткен сүрлеу - соқпағын айғақтайтын, ол арқылы оның ертеңін бағдарлап, түрлі жазбаша, ауызша, заттай тағы өзге де деректерді жинақтайтын күллі қауымға ортақ ғылым екендігі мәлім. Тарих тылсымына терең бойлаған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Тарихты қазақша ұлы дерек деуге, әуезе табына жатқанымен, айғақшы әуезе деуге болады. Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих», «Тарихтың қызметі – бүтін адам баласының, бүтін бір жұрттың, иә бір топтың өткен өмірін болған күйінде айнытпай айту. Тарихтың мақсаты – бүтін адам баласының өмірі нендей табиғат заңымен өзгеретінін білу»,- деп анықтаған болатын. Расында да, тарихсыз жеке адам да, ұлт та, халық та, мемлекет те жоқ. Осы тұжырымды мойындасақ, әркім өзінің туу, қалыптасу, өсу, даму, ұрпақтан-ұрпаққа таралу немесе өз үрім-бұтағының мәңгілік болуына айрықша маңыз береді. Сондықтан да әлемдегі барша халық, мемлекет атаулы өзінің өткеніне, одан сабақ алуға айрықша көңіл бөледі. Дегенмен әр ұлттың даму деңгейі әртүрлі. Бірі алып елдің құрамына еніп, мәңгілік өз тарихын жоғалтса, енді бірі соның құрамында жүріп-ақ өз болмысын жоғалтпауға күш салуда. Сөз жоқ, бұл арада қазақ халқы - жасампаз халық. Оның бір күн де тоқтатпаған тәуелсіздік үшін күресі ұзақ жылдар бойы армандаған азаттығына қол жеткізді. Бұл арада біз азаттық жолында төгілген ата-баба қанын ешуақытта ұмытпауға тиістіміз. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында неміс-фашист концлагерінде болған Ғайпен Бейісов тұтқында жатып, «Сен оны ұмытпауға тиістісің» деп жар салып, анасының ақ сүтімен берілген ұлтына деген махаббатын сөндірмесе, Венада 1944 жылы өткен Түркістан түріктерінің құрылтайында Қази Қазыбеков тұтқындар алдына «Сырым батыр» спектаклін қойып, бауырларын қазақ тарихымен сусындатқан (Ахмет А. Сен оны ұмытпауға тиістісің //Егемен Қазақстан 23 наурыз 2013). Мұның өзі бір тарих.
1947 жылы ағылшын отаршылдығынан құтылған үнділердің азаттық күресі тарихын жазған Д.Неру өз ұлтының өткеніне көз салып, «тарихты жаулап алушылар жазады. Ондай тарихта тек отарлаушылыр концепциясы ғана үстем болады» деген қорытынды жасаған болатын. Бұл талас тудырмайтын аксиома. Оған қазақ тарихы - анық куә. Күні кешеге дейін біз қазақты ХV ғасырда ғана пайда болды, ол тек қана көшпелі ел еді, оны сыртқы жаудан аман сақтаған Ресей екен, қазақтар өз еркімен орыстарға қосылды, бізді орыс қана оқытып-тоқытып адам қылды деген тұжырымдар санамызға мықтап орныққан-ды. 1991 жылғы ел тәуелсіздігі ғана ұлт тарихына, оны қазақ көзімен қарауға жаңа серпін берді. Елбасы Н.Назарбаев 1999 жылғы «Тарих толқынында», «Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарихтың толқынында өзінің ұлттық «МЕН» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр... Бірақ бұл мүмкіндік қана: ол шындыққа, тек қана қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет»,- деп тарихшыларға анық бағыт-бағдар берген болатын (Назарбаев Н. Тарих толқынында. Алматы, Атамұра, 1999. 292-293 б.). Елбасының тарих ғылымына жүктеген мақсат-міндеттері «Тарихи сананы қалыптастыру концепциясында», кейінгі қабылданған 2004 жылғы «Мәдени мұра», 2012 жылғы «Ғылыми қазына» бағдарламалары арқылы айқындала түсті. Мұндағы басты мақсаты тарихымыздың тамырының тереңде жатқандығын дәлелдеу арқылы «мәңгілік ел болу» жолындағы атқарар жұмыстардың маңыздылығын сезіндіру, оны әлемдік тарих ғылымы негізінде жаңаша жазуды ұйымдастыру болатын. Елбасы тапсырмасы қазіргі таңда толық жүзеге асты. Тәуелсіздік жылдарында-ақ сан мыңдаған тарихи құжаттар алыс-жақын шет елдерден алдырылды, әлемдік тарихи сана сараланған ғылыми еңбектер ана тіліміз арқылы жас ұрпаққа ұсынылды, қазақ тарихы әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі ретінде зерделенді, тарихымызға ұлттық көзқарастың маңыздылығы дәлелденді. Бұл бағытта асыра сілтеп жіберіп жатқан немесе әлі де ашық жаза алмай жүрген тұстарымыз да бар. Мәселен, Шыңғыс ханды қазақ деп жар салуымыз, не әркімнің өз ата бабасын асыра ұлықтауы айқын көзге түсті. Мұның барлығы түп-тамырын тануға ұмтылған барлық халықтарда да болатын жағдайлар. Оларды уақыттың өзі екшеп, саралап орнына қояды. Оның заңды бір көрінісі 5 маусымда Астана қаласында өткен ұлттық тарихымызды зерделеу жөніндегі ведмоствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы болды. Кеңейтілген отырысқа алғаш рет Қазақстанның барлық облыстарындағы тарихшы ғалымдар шақырылды. Кеңесте тарих ғылымының жаңа мақсат-міндеттері нақтыланды. Ол жаһандану жағдайындағы ұлтымыздың мәдени кодын: тілін, руханиятын, дәстүрлерін, мәдениетін сақтап қалудың маңыздылығымен байланыстырылды. Бұл арада мемлекет басшысының «Бүкіл Қазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуы тиіс» деген ұстанымының алысты болжаған бағыт-бағдары ескерілді. Жаңа ғасырда тарих ғылымы әлемдік ғылымның озық жаңалықтарын игерген, өзге пәндердің ғылыми әдістерін меңгерген пәнаралық ғылымға айналды. Тарих ғылымының бүгінде өзімен шектес – барлық қоғамдық – жаратылыстану ғылымдарының әдістерін өзара байланыста пайдалана дамытуға толық мүмкіншілігі бар. Пәнаралық байланыстан тарих ғылымының зерттеу мүмкіншілігінің ауқымы кеңейді, ғылыми деңгейі көтерілді. Ал мұның бәрі, түптеп келгенде толыққанды тарихымыздың сапасының артуына әкеледі. Кеңесте «тарих ғылымына феноменология және герменевтика әдістерінің енуі тарихи зерттеулердің сипатын едәуір өзгертіп жіберді» делініп, тарихшының енді оқиғаларды тіркеуші ғана емес, сонымен бірге пайымдаушыға, сол арқылы тарихи үрдісті терең түсінуші мен түсіндірушіге айналуы қажеттігі баса айтылды. Бұл арада феноменология әдісін ұсынғанГуссерльғылымға күнделікті тәжірибенің маңыздылығын дәлелдеп, мәліметтерді сұрыптау арқылы «айқын» шынайылыққа жетуге болатындығын атап өткен болатын (Сыров В.Н.О статусе и структуре повседневности (методологические аспекты) // Личность. Куль-тура. Общество. 2000. Т.2. Спец. выпуск. С. 147-159.). Ал герменевтикалық әдіс «тарихи оқиғалардың, құбылыстардың, мәтіндердің мағынасын қазіргі кезеңге сай концептуальды-сыни тұрғыдан ашуға тырысу керек» дей отыра, өткен мен қазіргі кезеңді біртұтас дүние етіп қарастыруды ұсынады. Сайып келгенде бұл әдістер анализ-синтез, тарихи салыстырмалық, статистикалық, математикалық тағы басқа да әдістермен бірлесіп, біртұтас қазақ тарихын жаңаша ой елегінен өткізеді. Нәтижесінде көне заманнан бүгінге дейінгі тарихымыз өзара байланыста, ішкі бірлікте жазылады. Міне осы арада тарихшының тарих алдындағы жауапкершілігі айқын сезіледі. М.Тәжин кеңесте «Тарихшының міндеті – ұлттық тарихты қайдағы бір әмбебап заңдылықтардың қасаң қалыптарына салып жібермей, ұлттық тарихтың жанды, бөлекше ағзасының қалай дамитынын түсіну» деп сараптаған болатын. Болашақ ұрпақ алдындағы тарихты жазудың жауапкершілігі мен маңыздылығын түсінген алаш зиялысы А.Байтұрсынов XX ғасыр басында-ақ: «Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын сымға тартқандай сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді. Шежіре жазушылар естіген-білгенін сол қалпында, шикі түрінде тізеді. Тарихшылар құр істегенімен қанағаттан-бай, рас-өтірігін тексеріп, расын ғана алады»,- деп пікір білдірген еді. Яғни, тарихшы өз халқының алдында, ұлт тарихы алдында әділеттілік жолынан таймауы тиістілігі хақында ой түюге болады. Дәл осы тұста атақты Марк Тулий Цицеронның «Тарихшының бірінші міндеті - өтірікке бармау, екінші-шындықты жасырмау, үшінші - ешкімнің оны жалғандық немесе әдейі қасақаналық жолында деп күмәнға алуына себепші болмау»,- дегенін де ескерген жөн. Мұның өзі тарих ғылымына, оны жазатын тарихшыға қойылатын талаптың барша әлемге ортақ екендігін айғақтайды.
Ұлттық кеңес қазақ тарихының маңызды белестеріне айрықша тоқталды. Қазақ мемлекетінің тарихы өз бастауын көне замандағы қазіргі таңдағы Қазақстан территориясында өмір сүрген сақ, ғұн, қаңлы, үйсін тайпаларынан, олар құрған Түркі мемлекеті мен Түркеш, Қарлұқ қағанаттарынан алатындығы тағы бір нақтыланды. Бұл арқылы ұлан - байтақ территорияда біртұтас мәдениеті, тілі, дәстүрі, шаруашылығы бар ұлтымыздың этногенезі мәселелеріне назар аударылды. Сайып келгенде, қазақ тарихының әлемдік тарихтың құрамдас бір бөлігі екендігі, оның өз бастауын тереңнен алатындығы, ешкімнен кем емес өзіндік бай мұрасының барлығы ашық көрініс тапты. Тарихшылар үшін өткенді бүгінгі күн биігінен дұрыс бағалау, тарих ғылымында берік орныққан еуроцентристік түсініктерді сыни тұрғыдан ой-елегінен өткізіп, оның сан қырлы бағыттарын-тек қана соғыстар, әскери жеңістер мен жеңілістер тарихын емес, сонымен бірге мәдениетіміз бен өркениетіміздің тоғысқан тұстарын да толықтай қамтып жазу маңызды іске айналды.
Жалпы әлемдік тарихтан тыс халық болмайды. Сондықтан ұлт тарихын әлемдік ортақ заңдылықтармен өзара байланыста жазу ғана жекелеген халықтың өркениетке қосқан үлесін дәлелдейді. Қазақ халқына қатысты сан мыңдаған құжаттардың алыс-жақын шет елдерден әкелінуі әлемдік тарихтағы халқымыздың алар орнын айшықтады. Мәселен бір ғана Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ғалымдарының Қытайдан шағатай, ойрат тіліндегі 300, мәнжүр және қытай тіліндегі 3 мыңнан астам мұрағаттық құжаттарды табуы қазақ хандығының біртұтас мемлекет ретіндегі сыртқы саясаттағы дипломатиялық қызметтерін дәлелдеп берді (Тарих – халықтың өмірбаяны // Егемен Қазақстан 28 маусым, 2013). Ендігі жағдайда XVII-XIX ғасырлардағы қазақ хандығы тарихының орыс тарихнамасындағы қалыптасқан біржақты көзқарастан арылуға толық мүмкіндік жасалды. Бұл арқылы қазақтың бас хандары Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Абылайлардың тек қана Ресеймен емес Жоңғария, Иран, Ауғанстан, кейін Қытаймен қарым-қатынас орнатқаны және біртұтас Қазақ хандығының Абылай ханның өлімінен кейін ғана Ресей және Қытай мемлекеттерінің құйтырқы саясаттарымен дағдарысқа ұшырағандығы дәлелденді. Мәжбүрлеген орыс отарлауына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарда барша қазақ бөлінбеді. Оған хан да, қара да қатысты. Тек қана ішкі бірлік пен ұлттық жасампаздық қана қазақты өзге халыққа сіңіп кетуден немесе жойылудан қорғап, территориялық тұтастықты сақтап қалды. Мұның барлығын уақыт талабына сай зерделеу тарих ғылымының маңызды міндеттерінің бірі ғана.
Қорыта айтқанда, қазақ тарихы ғылымы да еліміздің ертеңгі дамуына, оның тәуелсіздігінің ғұмырлы болуына жауапты. Оған ұлтымыздың бай тарихы мен Елбасының қолдауы толық мүмкіндік береді. Тарих ғылымында ұлттық жаңғыру заңды жалғасын тапты.