Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың дәстүрлі киімі:салттар, сенімдер мен тыйымдар

29682

Киімнің шығуы адам еңбегінің ерекшеліктеріне, қоғамдық өндіріс пен мәдениеттің дамуымен тығыз байланысты. Киім қоғамның материалдық және рухани құрамдас бөлігі болып табылады.  Бір жағынан бұл адамдардың еңбегімен жасалған және кейбір қажеттілікті қанағаттандыратын материалдық құндылықтар болса, екінші жағынан – ол адамның келбетін эстетикалық жағынан өзгертетін қолданбалы сән өнері.

Қазақтың ұлттық киімдерінде, оның этникалық тарихы мен экономикалық, әлеуметтік және табиғи ортаның ерекшеліктерінен туындайтын көне дәстүрлері бой көрсетеді. Қазақтың қандай киімі болмасын, онда халықтың әсемдік талғамы, өмір салты, өткендегі хал-ахуалы да суреттеледі. Олар пайдаланылуы мен қолданылу ерекшеліктеріне де байланысты топталып отырды. Қазақ киімдерінің практикалық, эстетикалық, ғұрыптық және магиялық маңызы болумен қатар жас ерекшеліктері мен кәсіби  деңгейіне қарай этноәсер етуші белгілерді де ұстанды. Киімдердің мұндай қызметтері дәстүрлі  далалық этикалық нормалармен де байланыстырылып, әлеуметтік-тұрмыс мәселесі шеңберінде қарастырылды.

Қазақтың дәстүрлі киімдерінің ішінде жас ерекшеліктеріне байланысты балалар киімі ерекше саналды. Бала дүниеге келгенде, ол жолдасында туса, онда онымен бірге бақ-дәулет, бақыт келді, - деп сол кезде «көйлегінде туған» деп айтқан. Туғаннан кейін, жолдасын алып кептіріп, бақыт үшін сандықта сақтаған. Бұл әдет Сібірдегі түркі халықтарының арасында да кездеседі [1]. Ал баланы тұзды суға шомылдырып, денесі жара болмас үшін және жылы, әрі жұмсақ болсын деген ниетпен  қойдың жабағы жүніне аунатып алатын салт болған.  Сондай-ақ  нәрестенің ең алғаш киетін киімдерінің бірі – иткөйлек. Ол жұмсақ сисадан не жұқа бәтестен жеңі мен бойын тұтас пішіп, жағасын ойып алатын да, шет-шетін бүкпей, екі жанын қолмен тепшіп жас баланың нәзік етіне тігістің батпауы үшін дайындалатын.  Иткөйлектің етегін бүкпеу әдеті – баланың жақсы өсіп, жасының ұзақ болуын тілеген ырымнан туындады. Әдетте, иткөйлекті баланы қырқынан шығарғанша кигізген.  Содан соң оны тәтті дәмге толтырып, ауыл балаларын шақырып, иттің басына іліп жіберетін болған.  Бұл баланы қауіп қатерден сақтаудың және баланы ит тиюден сақтаудың бірден-бір жолы деп білген. Ал кейбір өңірлерде, иткөйлектегі тәтті дәмдерді балалар бөліп алғаннан кейін, ол иткөйлектен  үш бұрышты бойтұмарлар жасап мойындарына іліп жүретін болған.

Ең алғашқы қырқын шашты домалақтап, оны көз тимесін деген ниетпен баланың киіміне тағып қоятын болған. Сондай-ақ бесікке әр түрлі қорғап қолдаушы саналған – үкі аяқ, жылан бас сияқты бойтұмарларды іліп қоятын болған. Баланың өмірін сақтау үшін, оның киімдеріне де әр түрлі амулеттер тағылды. Олардың қатарында үш бұрышты матамен сырты қапталған Құран аяттары  жазылған бойтұмар, үкі қауырсындары мен тұяғы, сердолик және ақық сияқты асыл тастары бар  әшекейлер мен қолына ақ-қара моншақ араласқан көзді білезік тақты. Мұндай  қасиетті бұйымдар сыртқы тіл-көздің энергиясын қабылдайтын магиялық қасиеті болды деп түсінді. Әдетте, 1 жастан 3 жасқа дейінгі балалардың киімінде ерекшелік болмады. Олар аязды күндері тізеден жоғары болатын көн мәсіні байпақпен (тері шұлық) киді [2].

Егер жанұяда бала шетіней берсе, немесе  көптен күткен ұл дүниеге келсе, оны  сырт көзден, тіл көзден сақтау үшін қыздар сияқты киіндіретін болған. Тувалықтарда мұндай жағдайда, ұл балаға 5 жасқа дейін сырға тағу дәстүрі болған [1, С.78]. Сондай-ақ ұлды болғысы келген жағдайда, сол жанұядағы қыз балаларды 12-15 жасқа дейін ұл бала сияқты киіндіріп, оған Ұлжан, Ұлтуар сияқты есімдер қойған. Әдетте, қыз балаға әшекей бұйым ретінде 3-5 жасынан, кейде 1 жасқа жетпей-ақ сырға тағып қойған.

Сондай-ақ жас нәресте үшін, әдетте айы – күні жетпей дүниеге келген бала үшін тымақтың да алар орны орасан.

Баскиім – үйдің құты мен берекесі, басқа қонған бақтың  «тұрағы» деп есептеледі. Сондықтан да баскиімге қатысты ырым тыйымдар құт пен берекені сақтауға, баянды етуге бағытталады. Сол үшін де қазақ ұғымында: бас киімді тарту етпеу, ауыстырып кимеу, бас киімді қабаттамау сияқты  сенімдер бар.

Бас киімге қауырсын тағу  - барлық халықтарда мифтік  наным бойынша жердегі адамның рухтық болмысының аспан әлемімен байланысты екендігін білдіреді. Мәселен, үкілі тымақты көбіне бақсылар киетін болса,  үкілі қалпақ, үкілі тақия, үкілі бөрік нәрестенің, жас балалардың атрибуты. Ал тымақтың өзі ел арасында қасиетті саналып, «шала туып, тымаққа салып өсірген екен», - деген  сөз бар. Себебі, айы күні жетпей шала туған баланы тымаққа салып крегеге іліп қоятын дәстүр бар.

  Халық әдетте шала туған сәбиді осылай өсірген.  Оның себебі шала туған  сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы.  Шала туған баланың неше күні кем болса,  сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан, күн кереге басы арқылы  есесптеледі.  Мысалы, қырық күні кем болса  керегенің қырқыншы  басынан бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды.  Егер бала қыста туса,  ол үй қабырғасына бірнеше  шеге қағылып ілінеді.  Бұл да тымақтың қадірі мен  қасиетін бейнелейтін көріністердің бірі деп түсіну керек.

  Сондай-ақ «Тымақ ұру» немесе «тымақ тастап кешірім сұрау» дәстүрі дау жанжал кезінде қолданылатын әдет. Бұл бойынша кінәлілер арызданушылардың алдына барып, кешірім сұрайтын болған. Ол бітімге шақырудың ең үлкен көрінісі. Қызды алып қашу үрдісінде де қыз жағының «аяғына жығыла»  барған кездейсоқ құдалар да бас киімін жерге, алдына тастайтындығы тағы бар.

  Киелі бас киімдер қатарынан саналатын сәукеле – ертеден келе жатқан қалыңдықтың негізгі атрибуты саналды. Қазақи дәстүрдегі сәукеле кигізу де ерекше салт. Ол бойынша қалыңдыққа сәукеле кигізу рәсіміне барлық құда құдағилар шақырылып, ақ бата айтылып, жөн жоралғы жасалып, сәукеле кигізуші  «ана» байғазы алған.  Қазақ ұғымында сәукелемен қатар жүретін бас киімдердің бірі – қасаба болды. Кейінгі уақытқа дейін белгілі болмаған қасабаны  қазақ халқының дәстүрлі киімдерінің бірі ретінде танытқан ұлттық мәдениеттің жаршысы, халқына қамқор бола білген тұлғаның бірі - Ө.Жәнібеков болды.  Этнограф Ө.Жәнібековтің айтуынша, қасаба – көне түркі қыпшақ  бас киімінің негізгі элементтерін бойына сіңірген. Қасаба – «алтын зерлі» деген мағына беріп, оның өн бойы түгелдей зерлі жолақпен әдіптеліп, алтын жіптермен кестеленетін болған.  Қасабаны келіншек үкісіз, желексіз, сыртына жаулық салып  та тойдан кейін де киген.  Ол қазақ тіліндегі «қасабалы келіншек», «қасабалы қалыңдық» деген сөз тіркестерінен де білінді [3, 16-б]. Сондай қасаба үлгілерінің бірін өзінің келіні  Гауһардың басына қалыңдық киімі ретінде кигізіп (жалпы қалыңдық киімі үлгісін өзі тіккізген), ондағы тастарды өз қолымен қойып шыққандығын әйелі Қалихан апай өз естеліктерінде айтады. Айта кету керек, Өзбекәлі Жәнібек қазақ қолөнері үшін талмай еңбек еткен, ең бастысы қазақтың ұлттық киімнің дәстүрлі  үлгілерін сақталып, олардың әсемдігін жоғалтпай ұлттық құндылық ретінде  орын алуына барынша еңбек етті. Оның басшылығымен бүгінде Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік музейінде сақтаулы Жәңгір ханның зайыбы Бәтима ханшайымның киім кешегі осы кісінің қатысуымен Алматыдағы «Тұскиіз» фабрикасында өндіріске енгізілген.

Кимешек - әйелдердің негізгі бас киімі.  Әдетте, бұл бас киімді кию рәсімі де ауыл арасында ерекше аталып өткен. Ол бойынша жаңа түскен келіннің  аяғы ауыр болғаннан кейін, сән-салтанатқа сәукеле киюді ерсі санап, ауыл әйелдерін шақыртып, оның ішіндегі құрметтті саналғаны кимешек кигізу рәсімін жасаған. Ол үшін кимешек кигізуші сый-сияпат алған.

 Қазақ дәстүрінде ішікке қатысты далалық құқықтық ережелер сақталған. Мәселен, қасқыр ішікті жиырма беске толмаған жас жігіт кимейді. Себебі жастық жалыны мен тері қызуы жігіттің күшін қайтарады немесе ауруға ұшыратады деп сенген.  Сондай-ақ боранды күнде қасқыр ішікті адамның жанындағы кісі  үсіп өлсе, онда өлген кісінің туған туыстары  қасқыр ішікті кісіден құн даулауға хақысы болған. Себебі бір қасқыр ішік  екі адамды суыққа бермейді [4, 132-б.].

  Қазақ дәстүрінде шапаннның алар орны ерекше. Себебі, шапан сый-сияпат орнына жүрумен бірге, төлем түрін анықтауға да септігін тигізген. Халықтық дәстүрдегі құдаласу  салтында орын алатын киіт кигізу, шапан жабу, жағалы киім кигізу сияқты рәсімдер де бар. Мәселен,  төлем түрін анықтайтын ат шапан, айып шапан, шеге шапан аталатын шапан түрлері де өзінше әлеуметтік қызмет атқарған. Шеге шапан болашақ құдалар үшін кигізілетін болған. Әдетте, ол бойынша жігіт әке-шешесі болашақ құдасының үйіне «жаушы» жібереді. Жаушыға қойылатын  міндет арнайы ат басын тіреп барғаннан кейін қалайда қыз әкесін көндіріп, бойжеткенге құда түсіп, құдалыққа келер күнді белгілеп  қайту. Егер қыздың ата-анасы бұл ұсынысты қабыл алса, жіберілген адамдар сол арада қалың мал туралы сөйлесіп келіседі [5, 133-б.]. Әдетте, бұл бойынша 1 адам жіберілген. Оған шапан кигізіліп, ол «шеге шапан» деп аталған [6]. Сондай-ақ бүгінде мүшел жасқа толған адамдарға, сыйлы қонақтар мен ақсақалдарға, екі ел арасындағы құдандалы жекжаттарға  шапан кигізу рәсімі бар. Ол құрметтеудің белгісі саналды. Бұған қатысты ел арасында «ат мінгізіп, шапан жабу» деген сөз тіркесінің өзі дәлел бола алады.

  Ал «киім үлестіру» салты аадм қайтыс болғаннан кейін орын алатын рәсім. Ол бойынша марқұмның киімдерін «сүйекке түсушілерге», сондай-ақ жақын туыстары мен жекжаттарына берілген. Ол бойынша «сауабы тисін», «теберік болсын» деген сеніммен байланыстырған.

  Аяқ киімді төңкеріп қоюға, теріс киюге болмайды. Себебі адамның жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды.  Ұлтарақты етікке салмай тұрып, ұлтарақтың алдыңғы жағы, яғни жол бағытына  қараған басын бойлата тілу әдеті бар. Оны ұлтарақтың иесінің «жолын ашу» дейді.  Сондай-ақ тіл, сұқ тиген баланы ұлтарақпен үш мәрте ұрса, ұшығы шығып, айғып кетеді деп сенген [4, 240-б.]. 

Жанұяда бала есейгенге дейін жылай беретін әдет тапса, онда ол баланы сәрсенбінің сәтті күнінде аузына кебіспен ұратын болған.

Киімдердің етек жеңіне рәміздік ұғымды тұспалдайтын ою-өрнек элементтерін салу, үкі тағу, жын перілерден, пәле жаладан, ауру сырқаудан қорғайды, магиялық күш әсер етеді деген  сенімнен туған. Кейіннен үкіні сәукеле, тақияның төбелеріне қадаған.  Үкінің қара қасқасын ерлер, балақ жүнінің ұлпасын әйелдер қолданған.  Үкі құсын қазақтар қасиетті деп білген.  Ежелгі бақсылар, батырлар, сал-серілер де үкі тағып жүрген. Көшпелілер бұлардан басқа да  зергерлік бұйымдар, қорғаушы қызметін атқаратын  құстар мен жануарлардың дене мүшелерін әшекей ретінде таққан[4, 9-10-бб]. Осындай ежелгі дәуірден келе жатқан сенімдер бүгінде де жалғасын табуда.

Киімге қатысты аталған дәстүрлер мен салттар, сенімдер мен тыйымдар қазақ этнографиясы үшін  маңызы бар құбылыстар ретінде бүгінде отбасылық тұрмыста практикалық маңызға ие.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Традиционное мировоззрение тюрков Южной Сибири. Новосибирск, 1988.
  2. Тохтабаева Ш.Ж. Функция казахской традиционной одежды //Известия НАН РК  Серия общественных наук. 1994. №1. С.14-28.
  3. Жәнібеков Ө. Қазақ киімі. Алматы,1996. – 192 б.
  4. Қазақ халқының ұлттық киімдері.Алматы, 2007. – 384 б.
  5. Арғынбаев Х.А. Қазақ отбасы. – Алматы: Қайнар, 1996. – 288 б.
  6. Ел арасындағы мәліметтерден

Ибадуллаева З.Ө.,

Еуразия ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасының доценті


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?