Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақстандағы президенттік институт туралы

29650

Транзитті даму кезеңінен өту, қалыпты эволюциялық жолына түсу мемлекет алдындағы өзінше күрделі міндеттер болып табылады. Соны­мен қатар нарықтық экономиканы қалыптастыру, қоғамдық қатынастардың барлық салаларын нарықтық экономикаға сәйкестендіру, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы әлеуметтік – экономикалық қиыншылықтарды шешу проблемасы – XX ғасырдың 90 жылдарындағы Қазақстан Республикасының күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болып табылатын.

1995 жылғы Конституция бойын­ша «... ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей арқылы, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып,...» -деп қоғамның негізгі бағыты айшықталады. Соны­мен қатар, Конституцияда мемлекеттік биліктің бірден – бір бастауы – халық деп көрсетілген. Конституцияның 2 бабында көрсетілгендей «Қазақстан Республика­сы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» [1, 2 бап].

Басқарудың президенттік форма­сы жағдайында президент халық атынан арнайы өкілдіктерге ие болады және де билік бөлісі принципі айқын болса, ол әрі мемлекеттік атқарушы органның төрағасы болып саналады [2, 199].

Қоғамды саяси қайта - құру кезеңінде Қазақстандағы парламенттік жүйенің тиімсіз болуының объективті себептері де бар. Әдетте, парламенттік жүйе, дамыған көппартиялық жағдайда тиімділік танытады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанда көппартиялық саяси жүйе құру үрдісі әлі де күрделі және қайшылықты жағдайды бастан кешірді. Бұл құбылыс осы уақытқа дейін бастапқы сипатында, қоғамның көп бөлігін қамти алған жоқ. Әлеуметтік топтардың өзіндік мүдделері қалыптаспаған. Міне, осындай жағдайда парламент қызметі тиімділік таныта ал­мады, табанды да жүйелі экономикалық реформаларға ықпалы кем еді.

Мұндай проблемалар парламенттік жүйесі осал елдердің бәрінде кездесті, сондықтан, олар белгілі бір уақыт аралығына өз президенттеріне төтенше өкілдіктер беріп, қоғамды басқарудың, әсіресе, әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандырудың оңтайлы жолдарын тауып, басқарудың президенттік формасына көшу, атқарушы билікті күшейту – модерни­зация кезеңіндегі тарихи және саяси заңды кезең болып табылады. Саяси де­мократия мен нарықтық экономиканың құқықтық негіздерін жасау – бірінші кезектегі аса маңызды міндет болған шақта, дәл осы президенттік жүйе ғана мейлінше тиімді екенін уақыт көрсетті. Парламент болмаған кезде, мемлекет басшысы жаңа нормативтік негіз жасай отырып, экономиканы жандандыруға бағытталған 511 жарлық шығарды, оның 132-сінің заң күші бар. Осылайша, мем­лекет құрылысы мен қоғамдық өмірдің аса маңызды мәселелері жедел әрі икемді шешілді.

Нақты Отандық ерекшеліктерге байланыстыра отырып, еліміздегі билік

формасы туралы О. Сүлейменов, сонау 1993 жылдың өзінде-ақ: «Қазақстандағы күшті Президенттік Республи­ка Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше тұлғасымен, кәсіби жағынан жетіле қоймаған Жоғарғы Кеңеспен және саясат сахнасына көтеріліп келе жатқан саяси партиялардың әлжуаздығымен сипатта­лады», - деген болатын [3].

Өтпелі кезеңде ұлт көсемінің ал­дында тұрған мндеттерді зерттеушілер былай бағамдайды: қоғамды тұтастыру және бұқараны біріктіру; тиімді сая­си шешімдерді іздеп табу; азаматтар­ды бюрократияның заңсыздығы мен бассыздығынан қорғау; тәртіп сақтау және қылмыстықпен күресу; азаматтардың биліктен алшақтауына жол бермеу; жаңашылдық үлгісін көрсету, келешекке деген үміт отын жағу және әлеуметтің қуат-күшін арттыруға жігерлендіру; өтпелі кезеңдегі реформалардың қажеттігіне жұртшылықты сендіру және соған жұмылдыру [4, 129].

Қайталап айтатын болсақ, мем­лекет басшысы ретінде жеке тұлғаның ықпалы – Президенттің қолындағы баға жетпес құралы болып табылады. Бұл құралды мемлекеттік саяси басшыларға (үкімет басшысы мен мүшелері, парла­мент, аймақ басшылары т.б.) қатысты да, партия және қоғам қайраткерлеріне қатысты да тиімді қолдануға мүмкіндік береді.

Сайланып қойылған саяси көсем, көбінесе нақты саяси міндеттер мен қолындағы қорлардың мүкіндігіне қарай ықпал ету құралдары мен жолдарын өзі таңдайды. Модернизацияның бастапқы теориясын жасаушылар оны вестерни­зациямен, яғни түбегейлі өзгерістерді басқа түрмен айырбастау, айталық, батыстың саяси институттарды қабылдау қажеттігіне ұқсата түсінген. Бірақ, бұл түсінік ұзаққа барған жоқ. Батыстың тәжірибесін сол қалпында көшіріп алып, тұтастай енгізе салудың дұрыс еместігі мәлім бола бастады. Осыған орай, шығыс елдерінде модернизатор ретінде танылып, мемлекеттің институттық негіздерін түбірінен өзгертуге кіріскен режимдер баянды бола алмай, бірінен-соң бірі ыдырай берді. Өйткені, стратегиялық тұрғыда модернизация жолын дұрыс таңдағанымен, олар ба­тыс үлгісіндегі мемлекет құрсақ, сол батыстағыдай даму дәрежесіне жетеміз деген теориялық қағиданы ұстанған еді. Шын мәнінде, нәтиже басқаша болғанын өмір көрсетті. Мемлекеттік институттар­ды модернизациялаумен қатар, қоғамдық сананы да түбірінен өзгерту керектігі, әрине жаңартылған саяси жүйені халық түсініп, қабылдайтындай жағдайға жету қажеттігі барған сайын айқындала берді.

Жан-жақты негізделген және жүйелі реформаторлық тұғырнама болмайынша, қоғамның ұйымшылдығын нығайтып, оны дағдарыстан алып шығу мүмкін емес. Мұндай тұғырнама тарихи кезеңдерде алда тұған міндеттерге сай келуге тиіс, тарихи кезеңнің мәні мен мағынасын аша отырып, қоғамдағы әлеуметтік өзгерістің салдары қандай боларын алдын-ала болжау арқылы, жүргізілетін реформалардың басымдылығы мен си­патын айқындап бере алатындай болуға тиіс. Тек, осындай-осындай жүйелі, байсалды қадамдар ғана әлеуметтің басындағы өзгерістердің баянды болуы­на жеткізеді. Әрине, саяси көсемдіктің ерекшелігі мен сипаты көсемнің жеке тұлғасына және нақты уақыт талабы­на тікелей байланысты. Сонымен бірге, көсемдікті жүзеге асыру жолдары мен амалдары, саяси көсемдік құралдарының қандай екендігі де өте маңызды. Міне, осылайша көсемдіктің құралдары деген­де, көсем сол құралдардың көмегімен елдегі әртүрлі топтардың, партиялар мен қозғалыстардың мүддесін салмақтай, ескере отырып жүгізетін құрылымдарды

айтамыз.

Бұл жағдайлар қайта қалыптаcу жо­лына кейінірек түскен мемлекеттерде де президент институтының енгізілуіне се­беп болды. Мұның өзі саяси жүйелердің дамуында әмбебап заңдылық бар екенін көрсетеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев әділ атап көрсеткендей: президенттік басқарудың тиімділігі, әсіресе «... реформалар мен басқа бір қоғамдық жүйеге көшу кезеңінде байқалады, мұндай кезеңдерде жағдай тұрақты бола қоймаған, әсіресе жер аумағы аса кең және көпұлтты мем­лекеттерде айқын сезіледі» [5, 11]. Сая­си көсем ретінде Президенттің қолында оның мемлекет басшысы тұрғысындағы міндеттерін жүзеге асыратын ықпалды құралдары болатыны мәлім. Бұл құралдар, жоғарыда айтқанымыздай – заңды жария билік құзіреті, материалдық, қаржылық және басқа да қорларды жұмсау мүмкіндігі, мемлекеттік ап­парат, көтермелеу және мәжбүрлеу құралдары, әрине, заң болып табылады. Бұған қоса, мемлекет басшысының жеке тұлға ретінде де ықпал ету мүмкіндігі бар. Бұл орайда көсемнің абыройы де негізгі ұғымдардың бірі болуға тиіс. Бұл орайда саяси көсемнің өз қадірін өзі қалай бағалап, түсінуі; саяси мінез-құлқына әсер ететін тілек-талаптары мен құштарлығы, аса маңызды сая­си сенім-ұстанымының жүйесі, саяси шешімдер қабылдау стилі, басқа адам­дармен қарым-қатынас дағдысы, қауіп-қатерге шыдамдылығы – жеке тұлғаның ықпалдылығын анықтайтын ерекше си­паттар болып табылады. Көбінесе, елде болып жатқан қандай да бір саяси проце­стер, құбылыстар мен оқиғаларды қалың бұқара саяси көсемнің есімімен байла­ныстыратыны сондықтан.

Қазақстанда президент қызметін белгілеу алғашынан-ақ еліміз дамуының ерекшеліктерімен, нақты саяси жағдаймен, саяси мүдделердің арасалмағымен тығыз байланысты бол­ды. Мұның өзі заңды да еді. Елдің даму сипаты президент институтының қандай болмағына тікелей әсер ететінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Тіпті, басқа елдердегі президент институтының конституциялық үлгісін бұлжытпай көшіріп алған жағдайдың өзінде, оның өзіндік ерекшеліктері болмай қоймайды.

Саяси жүйенің қалыптасуы мен да­муында президент институтының маңызы қандай екендігін объективті түрде тал­дау үшін елдің тарихи, ұлттық, мәдени ерекшеліктері сияқты барлық шарттар­ды түгел ескеріп отыру қажеттігі туын­дайды. Басқарудың белгілі бір жүйесін, президенттіктің белгілі бір жүйесін таңдау, әсіресе, егер бұл таңдау жаңа сая­си жүйенің қалыптасу кезеңінде жүзеге асырылса, билікті тұрақтандыру және оның тиімділігін арттыру міндетімен де тікелей байланысты болады.

Президенттің ерекше жағдайын айқындайтын басқа да маңызды факторлардың қатарына, елдің осы өзгерістерге дейінгі даму жағдайы, бұрынғы мемлекеттік биліктің ұйымдық құрылымы, саяси күштердің арасалмағы, елдің саяси мәдениетінің деңгейі қандай болғанын жатқызамыз. Бұған қоса, кейде басымдық алып кетуі мүмкін субъективті факторларды да ескеру қажет. Қазақстанда президент институты республикамыз бастап кешіп отырған терең дағдарыс жағдайында қалыптасты. Және де бұл дағдарыс қоғам тіршілігінің барлық салаларын, мемлекеттік басқару жүйесін де қамтиды. Дәстүрлі экономикалық байланыстардың үзілуі, кеңестік экономикалық жүйенің түбірімен ыдырауы халықтың әл-ауқатын төмендетіп, әлеуметтік шиеленістерді күшейте бастаған. Ұлтаралық, конфессия аралық қатынастар мемлекет тарапынан сақтықты күшейтетін жағдайға келді.

Қазақстанның басына келген нақты жаңа жағдайларда басқарудың бұрынғы жүйесі әлсіздік танытты. Коммунистік партия жоғалғаннан кейін пайда болған шарасыздық пәрменді мемлекеттік билік жүйесінің ықпалын қажет етті.

Осылайша, өкілетті органдардың әлжуаздығы, мемлекетті басқарудың нақты мәселелерін шешуге осалдық та­нытып отырғаны, атқарушы түзілімдердің дәрменсіздігі мен қабілетсіздігі бірден айқындала бастады. Жоғарғы Кеңестің қызметі дабыра жиналысқа айналды. Дәл осы өкілетті биліктің осалдығына бай­ланысты мемлекеттік органдарды қайта құру қажеттігі ақиқатқа айналды. Міне, осындай-осындай нақты тарихи жағдайда Қазақстанда президенттік биліктің қажет екендігі, бір жағынан, әлеуетті, тұрақты мемлекеттік биліктің артықшылығы мен демократиялық жолмен халық сайлаған президенттің өміршеңдік талабынан ту­ындады.

Қашан да жаңа мемлекеттілікті қалыптастыру, мемлекеттік биліктің жаңа механизмін жасап, оны мейлінше жетілдіру жолында объективті де, субъективті де қиыншылықтары көп жолдан өтуге тура келді. Және де бұл проблемалардың бір парасы саяси салада, екіншісі – құқықтық, үшіншісі ұйымдық салаға тиесілі еді. Президент институтын орнықтыруда, оның конституциялық ста­тусын анықтауда көлденеңдейтін басты мәселе – басқарудың лайықты формасын таңдау болып табылатынын өмір көрсетті. Осы форма айқындалса, президенттіктің нақты үлгісі қандай болмағы өзінен-өзі көрінеді. «Сондықтан, жаңа мемлекеттік жүйенің шаңырағын көтергенде, президенттік немесе парламенттік басқару формаларының біреуін таңдау керек болды» [6, 208]. «...нақты ғылымда шешуді қажет ететін міндеттер болады, сонымен қатар нақты шешуі мүмкін бол­майтын жағдайлар кездеседі. Сондықтан да мұндай көп параметрлі міндеттерді шешу үшін алдымен жақындау керек» [7, 17].

Талдау көрсеткендей, президенттік институт өзінің бастауын америкалық саяси жүйеден тартады. Ал «Президент» термині ерте дүниеден бар, ол латынның «praesidens» сөзінен шыққан, тура аудар­масында «алдыда отырғандар» дегенді білдіреді. Ерте дүниеде кіріспе сөз сөйлегендерді президент деп атаған, бы­лайша айтқанда, түрлі жиналыстардың, төрағаларына сондай атау берген» [8, 146]. Тарихи тұрғыдан қарағанда президенттік институты таяуда ғана пай­да болған, өз дамуында салыстырмалы түрде тарихи қысқа мерзімді қамтиды.

«1995 жыл … Еліміз қатал дағдарыс аранында тұр. ... біздің жас мемлекеттілігіміз, біздің мақсаттарымыз бен идеаларымыз, біздің реформалық стратегиямыз шыдамдылық тезіне са­лынды» [9, 131]. Көпке белгілі, мемлекет басшысы президент болып табылады. Президенттіктің демократиялық мәнін көрсететін маңызды факторлардың бірі оның сайланып қойылатыны. Осыған байланысты отандық зерттеуші Ж.А. Мурзалин ең басты ерекше белгі «биліктің қызмет ету қабілеті... Президенттің заңдылығы барлық жер­де жалпыхалықтық дауыс беумен айқындалады» - деп атап көрсетеді [10, 53]. «КСРО да Президент лауазымын бекіту туралы мәселе алғаш рет «сталиндік» КСРО Конституциясын талқылау бары­сында, 1936 жылы қолға алынған екен. Алайда бұл ұсынысқа Сталин үзілді-кесілді қарсы шыққан. Өйткені прези­дентке қарағанда анағұрлым көп билікті қолына жинақтаған «халықтар көсемі» үшін мұндай лауазымның ешқандай сая­си мәні жоқ болып есептелді.

1964 жылы КСРО Конституция­сын даярлау барысында Н.С. Хрущевтің өзі Президент лауазымын бекітудіұсынды. Бірақ Н.С. Хрущевтің биліктен кетуімен конституциялық комиссия КСРО Конституциясының жобасын мүлде тоқтатты. Конституциялық комис­сия КСРО-ның «брежневтік» Конститу­циясын талқылау барысында Президент лауазымын енгізу мәселесін тағы да талқылады. Алайда Президенттік функ­цияны Жоғарғы Кеңестің Президиумы тоқтатты, ал мемлекет басшысының ролін іс жүзінде СОКП ОК Бас хатшы­сы атқарды. Президент лаузымын енгізу туралы мәселе XIX Бүкілодақтық пар­тия конференциясында, 1988 жылы да көтерілді, бірақ бұл жолы да ондай лауа­зым енгізілмеді» [11, 353-355].

Кеңес Одағы тараған кезде Қазақстандағы саяси және экономикалық өмірдің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін президенттік басқаруды енгізу қажеттігі туындады. 1990 жылы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңес Қазақ ССР Президенті лауазымын бекітті және Пар­ламент сессиясында жасырын дауыспен Н.Ә. Назарбаев Президент болып сай­ланды [12, 585].

Аса ауыр жағдайларда жинақталған мемлекеттілік құру, саяси және экономикалық реформалар жүргізу тәжірибесі, әлем және оның дамуы туралы білік – білімімізді, қазақстандықтардың төзімділігін талап еткені сөзсіз. Осы кезеңде мемлекеттігіміз бен дұрыс стра­тегиясын таңдап алудың өміршең мәні болды.

Осы орайда Президенттің Қазақстан халқына ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы бұдан кейінгі жыл сайынғы жолдауы «ұзақ мерзімді стратегиялық іске асы­рылуына берілетін бағаны қамтиды, сондай-ақ алдағы жылға арналған нақты міндеттерді айқындайтын болады» - деп Ел президентінің Қазақстан халқына 2007 жылғы жолдауында атап өтілді [15, 11].

Тоталитаризмнен демократияға жылдамырақ, әрі тиімді өтуге септігін тигізетін саяси шешімдер қабылдау қажеттігі туды. Осындай кезде посткеңестік жағдайда және тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарындағы қиын – қыстау сәтте тоталитаризм­нен демократияға өту үдерісін жүзеге асыру үшін президент институтының енгізілуі аса маңызда болды» [13, 47]. Кеңестік жүйеден капиталистік жүйеге өтуді қамтамасыз ету Қазақстанда ұлттық мемлекеттілікті қайта түлету жолындағы аса көп қиындықтармен, ерекшеліктерімен және проблемалармен жүзеге асты.

Мәселенің мәні бұл жерде саясат­та және экономикада, әлеуметтік өмірде және бұқара санасында бейбіт жағдайда төңкеріс жасауды жетілдіру туралы бо­лып отыр. Осының бәріне бөлінген уақыт тым қысқа еді. Осы бес-алты жылда аз нәрсе атқарылған жоқ, деген­мен, атқарылуға тиісті көп нәрсе назар­дан тыс қалды. Біз өз табыстарымыз бен кемшіліктерімізді, өз мүмкіндіктеріміз бен күшіміздің неге қабілетті екенін жақсы білеміз. Нарық бұрынғыны ғана емес, халықтың негізгі бұқарасы ара­сында ғасырлар бойы әбден қалыптасқан тіршіліктің тұрақты, дәстүрлі форма­сын да бұзып, жаңа қатынастар оратып, өмірімізге дендеп енді.


Б.А. Ғабдулина


ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ДЕРЕКТЕР:

1. Конституция Республики Казахстан. Официальное издание. – Алматы, 1995.Ст.5,п.1-2;ст.23,п.1.

2. Введение в политологию: Словарь-справочник. / Под ред. В.П. Пугачева. – М.: Аспект Пресс, 1996. – С. 198

3. Сулейменов О. Я. – за народную... // Казахстанская правда, 27 января 1993 года.

4.Политическое лидерство в современном Казахстане: методологические, ме­тодические и теоретические аспекты. – Алматы, Акыл кітабы, 1998.-134с. – С. 129.

5. Назарбаев Н. А. Осмысление пройденного и дальнейшее демократическое реформирование общества. – Алматы, 1995.-С.11.

6. Машан М.С. Политическая система Казахстана: трансформация, адаптация, целедостижение. – Алматы: Білік, 2000. – 208с.

7. Назарбаев Н.А. В сердце Евразии. – Алматы, 2008. - С. 17

8. Назарбаев Н.А. Демократизация политических систем Содружества Неза­висимых Государств. - Алматы. Билим. 1997. - 304 с. (146).

9. Назарбаев Н.А. Стратегия становления постиндустриального общества и партнерство цивилизации. Москва. 2008 г. с. 131.

10. Мурзалин Ж.А. Традиционные основы функционирования института пре­зидентства в системе властных отношений // Саясат. 1999. №5. С. 53-61.

11. М. Матаева Конституционная история Казахстана и стран Центральной Азии. 20 век .Астана. 2007. с. 353-355.

12. Ведомости Верховного Совета Казахской ССР. Алматы, 1991. № 48-50 С. 585

13. Б.Ғ. Аяған Егеменді елдің Конституциясы – ізденіс пен тұрақтылық кепілі. «Ел Президентінің Конституциялық бастамалары – демократияны одан әрі дамытудың факторы» атты ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағы. 28 тамыз 2009 жыл. Астана , 47 б.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?