Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихқа талдау қажет

29634

Тәуелсіздіктен бүгінге дейін тарих ғылымында қандай түбегейлі өзгерістер болды, тарихты оқыту мен зерттеудің қазіргі проблемалары, жалпы, ұлттық тарихымыз қалай насихатталып жүр? Аталмыш кеңесте осы және өзге де тарих мәселелері ортаға салынды. Осыған орай Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Күлпаш Ілиясовамен пікір бөлістік.


– Өткен ғасырдың жиырма­сын­шы жылдары негізі қаланған Кеңестер Одағы екінші дүние-жүзілік соғыстан кейін АҚШ-пен текетіреске түскен алып державаға айналды. Алайда бір кездері төрт­күл дүниені дүркіреткен Одақтың ғұмыры қысқа болды. Өйткені қоғамның барлық саласы таптық қағидалармен шырмалып, кеңестік идеологиямен қаруланды. Ал та­рих ғылымы маркстік-лениндік методологияны басшылыққа ал­ды. Соған сәйкес кеңестік тарих­намада пролетариат диктатурасы асыра дәріптеліп, халықтардың тарихы жазылмай қалды. Алайда сталиндік дәуірдің аяқталуы қо­ғамдық-гуманитарлық ғылымның барлық салаларына қозғау салды. 
Бұл қозғалыстың тарих ғылы­мындағы «біссімілләсі» 1937 жыл­ғы репрессияның құрбандарын ақтаудан басталды. 1957 жылы Ілияс Жансүгіров, Қошке Кемең­герұлы, Нәзір Төреқұлов және т.б. ұлттық интеллигенция өкілдерінің алғашқы легі ресми ақтала баста­ды. Аяқсыз қалған бұл үрдіс «гор­бачевтік» кезеңде шыңына жетті. «Қайта құру» алпыс жыл бойы ақиқаты айтылмай келген тарих­тың «ақтаңдақ» беттерін ашты. Оған саяси қуғын-сүргін құрбан­дарының ұрпақтары қомақты үлес қосты. Мысалы, Қошке Кемең­герұлы сияқты Алаш арыстарының шығармалары жинақталып, оқыр­манын тауып жатты. Бірақ тағы да қатаң идеология кедергі жасап бақты. 
Бұл қозғалыстың қайта жаң­ғыруы тәуелсіздік қарсаңына тұс­па-тұс келеді. Айталық, 1989 жылы Мәскеудегі «Мемориал» қозғалы­сы үлгісінде құрылған «Әділет» тарихи-ағарту қоғамын басқарған академик Манаш Қозыбаев әріп­тестерімен бірге нақты іске кірісті. Қазақтың шығу тегінен (my heritige) бастап, ру-тайпалар тарихын жазуға айтарлықтай үлес қосқан Алаш қайраткерлерінің мұралары, шығармашылығы және ғылыми-педагогикалық қызметі жаңа қы­рынан ашылды. 
Зерттеудің нәтижелері 1993-1994 жылдары екі тілде жарық көр­ген Қазақстан тарихы очерк­теріне арқау болды. Сондай-ақ «Қазақ тарихы» ғылыми-әдісте­мелік журналының алғашқы саны жарық көрді. Бүгінде бұл басылым да жиырма жылды артқа тастады. Аталған журнал мен очерк мате­риалдары жалпы білім беретін орта мектептер мен жоғары оқу орындарына аса қажетті оқу құра­лына айналды. Осының бәрі білім беру мен ғылым жүйесіндегі түбе­гейлі реформалардың алғашқы көріністері-тін.
Сол себепті бұл өзгерістерді та­рих реформасының бірінші ке­зеңі деп қарастыруға болады (1993 – 2013). 
Бұл кезеңде Қазақстан Респуб­ликасының «Жаппай саяси реп­рессия құрбандарын ақтау туралы» Заңы (1993) шықты, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңестің мә­жілісінде «Қазақстан Республика­сы­ның тарихи санасын қалып­тас­тыру» тұжырымдамасы (1995) қа­былданды. 1997 жыл «Жалпыұлт­тық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жы­лы», 1998 жыл «Халық бірлігі мен Ұлттық тарих жылы» (1998) болып аталды. Мемлекет басшы­сының «Тарих толқынында» атты еңбегі жарық көрді (1999). Сондай-ақ «Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дарламасы (2003-2004) жария­ланды, іргелі және қолданбалы ғылыми жобалар іске асты, көп­теген монографиялар, құжаттар мен материалдар жинақтары, фоно-фотоқұжаттар шықты. Сонымен қатар шетелдік мұрағат қорларын игеру, сырттан әкелінген 5000-ға жуық құжаттармен жұмыс жасау қолға алынды. 
Ал тарих реформасының екін­ші кезеңін осы жылғы жал­пыұлт­тық маусым кеңесінен (5 маусым 2013 жыл) бастау өздігінен сұранып тұрғандай. Онда көтерілген мәсе­лелердің мазмұны терең, ауқымы кең болды. Кеңестің тақырыбына сәйкес, қазіргі қалыптасқан мем­ле­кетіміздің жағдайында тарихты зерттеуден зерделеуге бетбұрыс жасалды, бұл тарих ғылымындағы прогресс. Басқаша айтқанда, тәуел­сіздік жылдарында жария­ланған тарих материалдарын қо­ры­тудың мезгілі келіп жетті. 
Жалпыұлттық кеңесте тиісті министрліктер мен мемлекеттік мекемелерге «Көне дәуірден бүгінге дейінгі ұлттық тарих» және «Қазіргі Қазақстан тарихы» деп аталатын екі негізгі оқулықты дайындау (жазу) жоспарын жасау тапсырылды. Мемхатшы Марат Тәжиннің баяндамасында нақты көрсетілгендей, «Қазіргі Қазақстан тарихы салыстырмалы түрде тарих ғылымындағы жаңа бағыт. Сон­дай-ақ оның аяқталған жүйелілік сипаты жоқ, яғни дербес ғылыми пән ретінде қалыптаса қоймаған, методологиясы мен оқу-әдіс­те­мелік жағынан толық қамтамасыз етуді қажет ететін пән болған­дық­тан, бізге тез арада осыларды жою маңызды» делінді.
Осы кеңестен кейінгі қысқа мерзімде тарихшылардың белсен­ді­лігі артты, БАҚ арқылы аймақ­тардағы тарихшылардың дауысы жетті. Тарихшылар қауымы бұрын­ғы оқшаулықтан арылып, біре­гейлікке, өркениетке бет түзей бас­тады. Сөйтіп, бәріміз «бір тері­нің пұшпағын илеуге» кірістік. Бұл да прогресс. Жалпыұлттық, мем­лекеттік маңызы бар ортақ шаруа қашанда бірлікті талап етеді. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді қазақ даналығы. 
Кеңесте тарихшылардың жол картасы жасалды деуге болады. Тіпті таяудағы міндеттеріміз анық­талып, жұмыс істеу механизмдері көрсетілді. Содан бері қолда бар материалдарды игеру және оларды қорыту ісі қолға алынды. Сосын тарих методологиясын, әсіресе зерттеудің синтездік әдісін жетіл­діру, жансыз жатқан дәуір құжат­тарын қайта тірілту, тарихты жет­кізудің тиімді әдістерін қарастыру бағытында қыруар жұмыстар басталды. 
Жоғарыда айтылған Көне дәуір­ден бүгінге дейінгі ұлттық та­рихты жазуда, біз мынадай мәсе­лелерді ескеруіміз керек. Бізге белгілі болғандай, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойын­ша «Қазақтың екі жарым жылдық тарихы бар». Мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің пікірінше, «бұл кездейсоқтық емес. Бұл қола дәуірінің аяқталып, темір дәуірінің басталуымен тұспа-тұс келеді... Осы кезде бірігу, тұтасу кезеңінің негізі қаланған». Бұл тұжырымды қазақ антропологы Оразақ Смағұл да растайды. Ол «біздің жерімізді мекендеген алғашқы қауым – қола дәуіріне (б.з.д. ХХ-ІХ ғғ.) барып тірелетінін» негіздейді. Сондай-ақ халқымыздың этногенезі туралы «протоеуропеидтық тектің тек қазаққа тән болғанын, оның өз­гер­местен темір дәуіріне жеткенін, содан кейін Орта Азиядан келген тайпалардың әсерімен өзгеріске ұшырағанын және бұл процестің Шыңғыс хан тұсында күшейіп, біздің жердегі халықтың байырғы түрі өзгеріп, монголоидтық түр басымдық алғанын» айта келіп, «қазақтардың төрт мың жыл бұ­рынғы антропологиялық, генети­калық, биологиялық ерекшелігінің 30% сақталып қалғанын» алға тартады. 
Қола дәуірінде біздің арғы ата-бабаларымыз қуатты күшке ай­налды. Шетелдік тарихнамада «номад» деген атаумен белгілі болған көшпенділер, шынында Еуразия кеңестігінде жаһандануға негіз болды. К.Маркстің сөзімен айтқанда, «шекараны тауар бұзды». Қытайдан Еуропаға дейінгі ұлан­ғайыр аумақта б.з.д. ІІ ғасырда пайда болған Ұлы Жібек жолы Қазақтың ұлы даласы арқылы Еу­разия халықтарының өзара кірі­гуіне жол ашты.
Жалпы, адамзаттық өркениет қағидасы тұрғысынан қарасақ, халқымыздың тарихи тамырлары әлемдік үрдістермен сабақтас. Оған әйгілі грек тарихшысы Геро­доттың еңбегіне арқау болған сақ-скифтердің, батыстық және шығыс­­тық саяхатшылардың қол­­жаз­­баларындағы түркілердің, одан бергі заманда қалыптасқан көп­этни­калық халықтардың тарихы дәлел. 
Мамандардың пайымдауынша, қазақ этногенезі проблемасын ғы­лымның антропология, генетика сияқты салаларынсыз шешу мүм­кін емес. Генетикадағы соңғы жетістіктің бірі ДНК (дизоксири­бонуклеин қышқылы), медицинада тірі организмдердегі генетикалық ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа бе­рілуін, сақталуын, дамуы мен қыз­метін қамтамасыз етуге жауапты нуклеин қышқылының бір түрінің пайда болуымен түсіндіріледі. 
Тарих сарайының іргетасын ежелгі тарихқа, қабырғасын орта ғасырлар тарихына, төбесін жаңа заманға, шатырын қазіргі заманға балаған филолог-тарихшы Қой­шығара Салғараұлы «Америкадағы үндістердің түпкі тегі – түріктер» деген әлемдік тұжырымның «біз­дің тарих ғылымындағы түркі ха­лықтары VІ ғасырда пайда болды» деген тұжырымға кереғар келетінін тілге тиек етеді. 
Археологтар Есік қорғанынан 1969 жылы табылған алғашқы «Алтын адам» ескерткішінің санын бүгінде жетеуге жеткізді. Отандық археология ғылымы сақ дәуірінен сыр шертетін жер аумағын кеңейт­ті. 
Орта ғасырлық түркі халық­тары­ның Моңғол империясының ықпалына түсуі, моңғолдардың түріктенуі немесе осыған кері про­цестерге (ассимиляциялану) бай­ланысты ортақ шешім керек. Мысалы, қазақтың шығу тегін Шыңғыс ханнан таратып, Дешті қыпшақта құрылған түрік мем­лекеті – Алтынорданы тек қып­шақтарға (қазақтарға) меншіктеу сын көтермейді. Сонда бұл мем­лекеттің құрамына кірген Ресейдің еуропалық өңірін, Балтық теңі­зінің шығысындағы өлкелерді, Польша, Мажарстан, Бұлғарстан, Солтүстік Кавказ, Хорезмді қайда қоямыз?..
ХV-ХІХ ғасырларды қамтитын Қазақ хандығының құрылу жыл­дарын нақтылаудың да реті келіп тұр. Бұл туралы тарихшылардың түйінді пікірлері «Халық тарих толқынында» айдарымен эфирге шыққан бағдарламаларда талай рет айтылды. Шындығында, Мұ­хаммед Хайдар Дулатидің жалғыз дерегін (1465-1466 жж.) жоққа шығарудан ұтылмасақ, ұтпаймыз. Қалай айтсақ та, Қазақ хандығын құру ХV ғасырға сәйкес келетіні анық. 
Дәл қазір бізге тарихшы Зар­дыхан Қинаятұлының Қазақ хан­дығының құрылуын Керей мен Жәнібектің арғы атасы Ақорданың ханы болған Орыс ханмен байла­ныстыруы, Ақорда мен Қазақ хандығы іс жүзінде бір мемлекет деген тұжырымы маңыздырақ, жаңа концепция. Автор Ақордадан бастап санайтын болсақ, қазақта 40-қа жуық хан, ал қазақ хан­дығынан бері санайтын болсақ 31-32 хан болғанын айтады. Сондай-ақ Орыс ханның кезінде «Алаш» қазақтың басын біріктірген жау­ын­герлік ұран болғанын айтып, кейбір ғалымдарымыздың «алты Алаш» деген сөзді «ол башқұрт, қырғыз және тағы бәленше» деуін құптамайды. Ол «Алаш» ұраны Ақор­даның тұсында қазақтың ұлт­тық идеологиясына айналға­нын негіздейді. 
Осы ретте Алашорда тарихынан аттап кете алмадық. Өткен жылы «Жас Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси апталығында (22.11.-26.11.2012) тележурналист-алаштанушы Болат Мүрсәлімнің «Алашорда туралы бірер сөз» атты мақаласы жарық көрді. Онда Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің «Жасасын, Алаш автономиясы!» атты мақаласы бойынша Алашор­даның құрылған күнін 13 желтоқ­сан емес, одан бір күн бұрын болғаны айтылады. Әрине, кон­тр­версиялық мұндай пікірлердің негізсіздігін айқындайтын дерек­тер жеткілікті. Алайда бұл арнайы қарастыруды қажет ететін тақы­рып, әрі мына мақаламыздың кө­ле­мі көтермейді. Сондықтан, оны алдағы уақыттың еншісіне қал­дырайық. 
Тәуелсіздік жылдарында Алаш қозғалысына мүше болғандар мен ниеттестер тізімінің бірнеше нұс­қалары шықты. Алғашқысы «Қа­зақстан коммунисі» (қазіргі «Ақи­қат») журналының 1991 жылғы 8,9,10-сандарында жарияланды. Оған Кеңес Нұрпейіс қосымшалар енгізген. Бұл тізімді 2012 жылы Мәмбет Қойгелдиев пен Болат Мүрсәлім толықтырып, алашорда­шылардың санын 350-ге жеткізді. Отандық «мұрағат қорларынан 520 алашордашылардың тізімі табыл­ды» деген ақпарат та бар. Бұл тізім­ге 1917 – 1919 жылдары әр­түрлі деңгейде шақырылған Қазақ сьездеріне қатысқан 800-ге жуық өкілдерді де қосуымыз керек. 
Тарихты бүгінгі күн тұрғысынан түсіндіруде методологиялық мәсе­лелерді назардан тыс қалдыра алмаймыз. Қазақстан тарихын дәуірлеу (периодизация), деректа­ну, тарихнама және зерттеу әдіс­терінен туындайтын теориялық және методологиялық проблема­лар да шаш етектен. 
Ұлттық тарихты зерделеуде отандық деректанушылар мен тарихнамашылардың алатын орны ерекше. Өкінішке орай, олар сан жағынан өте аз, кадрлар жетіспейді. Сондықтан, олардың жанайқайын да түсінуге болады. Әрине, тарих­тың дерексіз жазылмайтыны ай­қын. 
Деректану – тарих ғылымы­ның бір тармағы, бұл пән негізі тео­риялық және методологиялық мә­селелерге ден қояды (мысалы: де­рек түрлері, деректің пайда бо­луы, сақталуы, өзгеріске ұшырауы, сыни көзқарас, обьект және субь­ект, деректерді пайдалану әдістері және т.б.). Деректанудың аудито­риясы студенттер мен магис­трант­тар екені жасырын емес. Ал қа­лып­тасқан қазіргі жағ­дайда де­рек­танушылар тарихтың дерек­тік негіздерін анықтап, оларды та­рихи талдаудан өткізуге, сарап­тамалық қорытындылар жа­сауға басымдық берсе нұр үстіне нұр болар еді. 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?