Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздігі мен ынтымақтастық жөніндегі төрағалығы: Транзиттік қыры

29615

Қазақстан Республикасы ТМД-ға мүше мемлекеттердің, азиялық мемлекеттердің және түркітілдес қоғамдастық арасында тұңғыш рет төрағалық мәртебесіне ие болып отыр. Н.Ә.Назарбаев айтқанындай, Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі ерекше маңызды және еліміздің әлемдік қауымдастықта беделді әрі жауапкершілік алатын мүше ретінде халықаралық келбетін нығайтады .

Бұл мақаламда еліміздің Еуропадағы беделді ұйымға төрағалық етуі барысында қолға алынар транзиттік – көлік мәселелеріне айрықша тоқталғым келеді. Транзит Қазақстан Республикасы үшін ерекше орын алатын көліктік – коммуникациялық өтеулерді экспорттау формасы. Халықаралық транзиттегі Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері көліктік дәліздерде қатысуымен қарастырылады.  Еуроазиаттық бағытта Қазақстан үш транзиттік бағыт бойынша қатысады: біріншісі, Еуропа – Ресей – Қытай; екіншісі,Еуропа – Қытай (экономикалық ынтымақтастық ұйымы мемлекеттері арқылы: Ауғанстан, Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түркменстан, Өзбекстан); үшіншісі, Ресей – Орталық Азия. Қазақстанның транзиттік әлеуеті әлемдік қоғамдастық назарындағы маңызды нысанға айналып отыр. Көлік және коммуникация кешенін дамытуда Қазақстанның транзиттік көліктік әлеуетін арттыру және толығырақ пайдалану маңызды бағыт болып табылады. Қазақстан аумағы арқылы жүктер мен жолаушыларды транзиттік тасымалдау Қазақстанның қоданыстағы заңнамаларына және халықаралық келісімдер мен келісімшарттарға сәйкес теміржолмен, әуе жолымен, автомобиль жолымен, мемлекетаралық бағыттардағы ашық теңіз ішкі су көліктерімен, жолдармен және су жолдарымен жүзеге асырылады.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының басты  басымдықтарының бірі – ұйым мүше- мемлекеттердің  транзиттік әлеуетін дамыту. Көліктік коммуникациялар арқылы еуроазиаттық транзитті дамытудағы Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін жүзеге асыру мәселелері соңғы жылдары көпшіліктің назарын аудартуда. Бұл мемлекеттер арасындағы  сауда – экономикалық байланыстардың қарқынды дамуымен және интеграциялық процестердің өршуімен байланысты. Бұл орайда халықаралық транзитік тасымалдауды дамыту үшін қажетті заңнамалық және институционалды реформаларды жүргізуге болады. Соңғы онжылдықта әлемдік сауда деңгейі жылына 7 пайызға өсті, бұл өз кезегінде халықаралық тасымалдаулар үшін салмақты әлеуетін қалыптастырады. Транзиттік әлеует екі негізгі құраушылардын қамтылады – бұл көрші мемлекеттерде дамушы нарықтың болуы және транзит – мемлекет көліктік жүйелерінің тиімділігі. Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы негізгі халықаралық көлік дәліздерінің қатысушысы болып табылады және трансеуропалық және азиялық көлік желілеріне кірігу жөнінде белсенді жұмыс жүргізуде.

Еуразия материгінің дәл ортасына орын тепкен Қазақстанның географиялық орналасуына қызықпайтындар кемде – кем. Соңғы екі жылда Қазақстан аумағынан өтетін транзиттік тасымалдың көлемі 40 пайызға өсті, одан кіретін табыс та осыншаға артты. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясына сәйкес, елімізде транзиттік – көліктік әлеуетті дамытуда қолайлы жағдай жасауға бағытталған біршама жұмыстар жүргізілуде. 2007 жылы Қытайдан Еуропаға апаратын құрлықаралық Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізі жобасын жүзеге асыру басталды. Қытайдан Еуропаға баратын екі төте жолды салу жобасына қатысатын елдер санаулы болғандықтан, шекарадан өту мәселесі де оңай шешіледі. Аталмыш жобаның жүзеге асуы Суэц каналы арқылы жүк тасымалдаумен салыстырғанда, жол уақытын 40 күннен 10 күнге дейін және жолдың қашықтығын 8-15 мың шақырымға қысқартады. Бастысы, бұл жобаның Еуразиялық экономикалық қауымдастық, ЭСКАТО, БҰҰ, СПЕКА, ЦАРЕС сынды халықаралық ұйымдар қолдап отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта халықаралық маңызы бар екі мың шақырым жолды әлемдік стандарттарға сай салу және қайта жаңарту жоспарланып отыр. Қытаймен шектесетін «Достық» стансасы мен «Ақтоғай - Достық» теміржол желісінің өткәзу қабілетін 2011 жылы жылына 25 млн тоннаға жеткізу жұмыстары жүзеге асуда. Сондай-ақ бұл елмен түйістіретін тағы бір шекаралық өткел ретінде «Қорғас - Жетіген» теміржол желісін салу жоспарланған. Бұл желі Қытайдан Орталық Азияға, Иранға, Батыс Еуропаға, Кавказ елдеріне жүкті біршама төте жолмен тасымалдауға мүмкіндік береді. Жаңа желі пайдалануға берілген жылы тасымалдау көлемі 5 млн. Тонна болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ Қытай мен еліміздің оңтүстік аймақтарымен, Орталық Азия елдерімен арадағы қашықтық 500 шақырымға қысқарады . 

Қазақстан Еуропа мемлекеттерімен неғұрлым терең ынтымақтастық жасауға мүдделі. Еуропа мемлекеттері де Орталық Азия мемлекеттерімен, әсіресе Қазақстанмен өзара байланысқа аса назар аударады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымындағы қазақстандық төрағалықтың басымдықтарын одан әрі нақтылау жөніндегі жұмыс 2009-2011 жылдарға арналған “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасының аясында іске асырылатынын атап өтті. Бағдарламаның мақсаты – барлық аспектілер бойынша: сауда-экономикалық, инновациялық технологиялар, энергетика, көлік, техникалық реттеу, шағын және орта бизнесті дамыту, өмір сапасын жақсарту салалары мен гуманитарлық өлшемдерде Еуропа елдерімен стратегиялық әріптестік деңгейіне шығуды көздейді. Оның орындалуы Парламент пен Үкіметтің 2009-2011 жылдарғы қызметінде басымдықтардың бірі болуы тиіс. Өзінің мазмұны бойынша Мемлекеттік бағдарлама Қазақстанның Шығыс елдерімен де, Батыс елдерімен де достық қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған көпвекторлы саясатының жалғасы болып табылады. Қабылданған бағдарламада Еуропа елдерімен ынтымақтастықты дамыту мен тереңдетудің негізгі бағыттары айқындалған. Бұл үшін Қазақстан Еуропадағы жетекші елдермен тауар айналымын ұлғайтуға тиіс, көлік желілерін дамытудың бірлескен жоспарларын әзірлеуге қатысу қажет. Бағдарламада алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін бірнеше міндетті шешу көзделеді. Бұлар – Қазақстан мен Еуропа елдерінің технологиялар, энергетика, көлік, техникалық реттеу және метрология, шағын және орта бизнес сияқты бағыттар бойынша ынтымақтастығын дамыту және тереңдету. Бағдарламадағы басымдықтарының бірі, бұл  ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің және Еуразия трансконтиненттік дәліздерінің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту болып көрсетілген.

Еуропа мемлекеттері Қазақстанмен өзара қатынастары көп жағынан Еуропа мен Азияны байланыстыратын өңірдегі көліктік-коммуникациялық жолдардың (“Еуропа – Кавказ – Азия” көлік дәлізі – ТРАСЕКА) стратегиялық маңыздылығымен айқындалады. Ақтау порты арқылы Қазақстан аумағына шығатын ТРАСЕКА көлік дәлізі жүк жөнелтушіге бір мемлекеттің транзиттік  аумағын біртұтас құқықтық база және көлік жүйесі ретінде пайдалануына мүмкіндік береді. ТРАСЕКА жобасы 1993 жылы мамыр айында Брюссельде конференцияда қабылданды, оған ТРАСЕКА-ның сегіз елінің (Орталық Азияның бес республикасы, соның ішінде Қазақстан Республикасы мен үш Кавказ республикалары) сауда және көлік министрлері қатысты. Бұл елдерде Еуропадан, Қара теңіз бойымен, Кавказ бен Каспий теңізі арқылы Орталық Азияға Батыс – Шығыс көлік дәлізін дамыту үшін техникалық көмек көрсету жөніндегі Еуропалық Одақтың бағдарламасы жүргізілуде. Еуропалық Одақ осы бағдарламаны дәстүрлі бағдарғыларға қосымша ретінде ұсынады. Жоба осы елдер бойынша ЕО-ң халықаралық стратегиясына сәйкес келеді және мынадай мақсаттарды көздейді: республикалардың балама көлік бағдарғылары арқылы олардың еуропалық және ілемдік рынокқа шығуы арқылы олардың саяси және экономикалық тәуелсіздігін қолдау; қатысушы елдер арасында өңірлік ынтымақтастықты дамыту; халықаралық қаржы институттары мен жеке инвесторларды тарту үшін жобаны пайдалану; ТРАСЕКА бағдарғыларын Транс – Еуропалық бағдарғылармен байланыстыру.

  Өзара іс-қимылды дамытудың басым бағыты екі тарапты сауда және қазақстандық өнімнің Еуропа рыноктарына қол жеткізуін қамтамасыз етуде болып отыр. Каспий бойы аймағында экономиканың басқа салаларының көліктік әлеуетін дамытуға және инфрақұрылымын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырылып жатыр. Каспий теңізі арқылы тасымалданатын жүктердің жалпы көлемі,  ТРАСЕКА және Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәліздері өтетін Ақтау айлағының үлесі жүктер ағынының жалпы көлемі бойынша ең ірі айлақ болып есептелінеді.

  Еліміз осы уақытқа дейін барлық көршілерімен тату-тәтті өмір сүріп қана қоймай, олармен ете жақын болуды да сәтті жүзеге асырып келеді. Осы орайда, Қазақстанның жағрапиялық тиімді орналасуы да өзінің септігін тигізіп отыр. Республикамыздың транзиттік әлеуеті жыл санап артып келеді. Мысалы, Батыс Еуропа мен Батыс Қытайды жалғайтын тас жолдың 2700 шақырымы еліміз арқылы өтеді. 3,5 миллиард долларлық ғасыр жобасы, келер жылдан бастау алып, оған 50 мыңға жуық адам тартылмақ. Оның үстіне, еліміздің мұнайы мен газы батыспен қатар, енді шығысқа да жөнелтіледі. Таяуда ғана Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан мен Қытайды жалғаған газ құбыры ашылды. Оған қоса, Түркіменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік беретін темір жол да салынбақ. Мұның бәрі интеграциялық үрдістің шарықтауына септігін тигізеді. Сонымен қатар, еліміз аумақтағы ғана емес, ғаламдық қауіпсіздік мәселесінде де өзінің сүбелі үлесін қосты. Әлемдегі қуаты жағынан төртінші орын алған ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстан, бүкіл әлемге өзінің бейбіт пиғылын паш етіп, үлгі болды.

Қазіргі кезде инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың ең жоғарғы шегі 2010 – 2012 жылдар аралығына келеді, ол уақытта жоспарға сәйкес 90 мың жаңа жұмыс орны ашылады, еншілес салаларда 265 мың адам жұмысқа тартылады. Инвестиция көлемінде қазақстандық құрамдаушының үлесі – 76 пайызды құрайды. Таяудағы 3 жылда бұл көрсеткіш 88 пайызға жетеді деп жоспарлануда.

Дамыған көлік инфрақұрылымы қазақстандықтардың алдынан білім, медициналық қызметтің лайықты сапасын алудың таңдауын кеңейту жөнінде қосымша мүмкіндіктер, ал бизнестің алдынан аумақтық кеңеюдің, халықаралық қоғамдастыққа кірігудің, өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың қосымша мүмкіндіктерін ашып берді.

Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының маңызына ерекше тоқталды.  Бұл тұста жиі айтылып, талқыланып жүрген «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік жобасының Қазақстан үшін берері пайдасы көп және ондаған елдердің мүдделеріне жауап береді. Нұрсұлтан Назарбаев айтқанындай,  жаңа жол еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір өсіретінін атап өтті. Қытай-Қазақстан көлік дәлізінің жаңа бағыты Қытай мен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің Қазақстанмен, Орталық Азия және Еуразия құрлығындағы елдермен арадағы экономикалық байланыстарын дамытуға және кеңейтуге ықпал ететін болады.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі тарихымызға алтын әріптермен жазылып қана қоймай, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерді, тұтастай алғанда, әлемдік қоғамдастықты тұтастырып, шоғырландыру ісіне жаңа леп әкеледі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  Қазақстан халқына жолдауы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері».-Астана, 29 қаңтар  2010 жыл. – Б.5

2. 2010 жылдағы ҚР төрағалықтың Басымдылықтар және есептер.-Астана. -2010.-Б.5 www.osce2010.kz

3. Назарбаев Н.А. Транспортная стратегия Республики Казахстан до 2015 года.Проект «Специальная экономическая зона «Западные ворота Казахстана». – С.27

4.Перспективы развития транзитного потенциала Казахстана  //Магистраль. – 2008. -№15

5. Транзитная политика Казахстана // Транспорт и дороги Казахстана. – 2008.-№7

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Халықаралық қатынастар факультеті

Халықаралық қатынастар кафедрасының 1 курс магистранты

Г.О. Құрманғожина


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?