Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандағы саяси репрессиялар тарихының деректері

29491

Мұсағалиева Арайлым Сәбитқызы

тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

Қазақстандағы саяси репрессиялар тарихының деректері

    Кеңестер Одағында орын алған саяси репрессиялар бүгінгі таңда дүниежүзілік тарихшылар тарапынан зерттелуде. Қазіргі кезде бұрынғы тоталитарлық мемлекет тарихының ақтаңдақ беттерін ашып, зерделеу қажеттілігі туындап отыр. Бұл ретте алдымен саяси репрессиялардың тарихи деректері жан - жақты зерттелуі қажет. Әртүрлі тарихи еңбектер жазылғанмен, негізгі түпқазық деректердің анықталуы тақырыптың ашылуын жаңа бір белеске көтерері сөзсіз.

   ХХ ғасыр тарихы - КСРО мемлекеті, оның құрамындағы Қазақстан үшін арпалысты болды. Ғасырдың екінші онжылдығында дүниеге келген жаңа өкімет қоғамды түбегейлі өзгертіп қана қоймай, өзімен бірге халықтар тағдырына зор алапат апаттар алып келді. Бұл тоталитарлық мемлекет жүйесі және саяси репрессиялар толқыны еді.

  Біз тоталитаризмнен демократияға өткен мемлекетте өмір сүре отырып, шын мәнінде өткен жүйенің қаншалықты қасірет әкелгенін түсінеміз. Қоғам өміріне еніп жатқан жаңа ойлар мен идеялар жылдар бойы кеңестік насихаттаулар арқылы қалыптасқан сананы бір мезетте өзгертпейді. Ұрпақтар алмасуы, тәуелсіз еліміздің жастары ғана бүкіл адамзаттық құндылықтарды қабылдап, жаңа жүйеге өтуге мүмкіндік алу арқасында бұл міндет үдесінен шығуға болады. Кеңестік тоталитаризмнің жүргізген ең ауыр шарасы - саяси репрессиялар. Біздің ойымызша, саяси қудалау тоталитарлық жүйенің ұлттық сана - сезімді күйретуге арнаған бағыты еді.1996 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «1997 жылды жалпыұлттық келісім және саяси репрессия құрбандарын есте сақтау жылы деп жариялауы туралы» жарлығының шығуы да қоғам өміріндегі аталмыш тақырыптың орнын көтеріп, өзектілігін анықтап берді. Қазақстанның қазіргі заман тарихында саяси репрессия тақырыбының өткір мәселеге айналуы осылайша жолға қойыла бастады. Тарихи еңбектер жазылып жатты, деректерді жариялау басталды. Бірақ саяси репрессиялар тақырыбы әлі де ізденістерді қажет етті. 2007 жылы 31 мамырда Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол (бұрынғы - Малиновка) селосында «АЛЖИР» музейлік - мемориалдық кешені ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев тақырыптың тарихи перспективалары ашылды, біз оны міндетті түрде жүзеге асырамыз деп атап өтті. Бұл ретте алдымен саяси репрессиялардың тарихи деректері жан - жақты зерттелуі қажет деп ойлаймыз. Әртүрлі тарихи еңбектер жазылғанмен, негізгі түпқазық деректердің анықталуы тақырыптың ашылуын жаңа бір белеске көтерері сөзсіз. Бұл тұста кеңес кезеңі деректерінің ерекшелігі мен әлеуеті анықталып, қазақстандық мұрағаттар құжаттарын талдау керек.

   Мұрағаттық құжаттарды тарихи дерек көзі талдаудың жолға қойылуы тоталитарлық мемлекеттің адам құқығын шектеу жолында жасаған қылмыстарын әшкерелеуге мүмкіндік береді. Мәселені анықтауда деректер - мен жұмыс істеудің жаңа методологиялық ұстанымдарын іздеу кеңес кезеңі мәліметтерін талдаудың көптеген мәселелерін туындатады. Алдымен жаңа мәліметтерді ғылыми айналымға енгізу, қазақстандық археографияны дұрыс жолға қою, деректерді құпиясыздандыру үдерісін шегіне жеткізу, зерттеушілерді шектеу салынған мәліметтерге жіберу секілді мәселелерді шешу қолға алынуы керек. Сонымен қатар, деректік материалдармен жұмыс істеу әдістерін игеру, жүйелеу бағытында кешенді түрде жұмыстар жүргізу қажеттілігі шығады. Осының барлығы тақырыпты зерттеудің маңыздылығын, мәселенің көкейкестілігін күн тәртібіне қояды.

  ХХ ғасырдағы кеңестік саяси репрессиялар деректерін талдаудың өзектілігі халықтың бетке ұстар ұлт зиялылары аттарын қайта қалпына келтіру, еңбектерін зерделеу мен қарапайым халықтың отаршыл жүйеден шеккен қасіретін анықтауда да жатыр. Олармен бірге бізге қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы ұлт - азаттық күресінің жарқын беттері мен Кеңестер Одағының өз азаматтарына қарсы бағыттаған саясаты айқындалады.

  Тоталитарлық мемлекеттің жүргізген саяси репрессияларын мұрағат материалдары арқылы анықтау бүгінгі күнгі тарих үшін аса маңызды. Деректерді анықтау, жариялау, талдау, синтездеу тарихи үдерістің шынайы зерттеу негізін қалыптастырады. Ал кеңестік мұрағаттық құжаттар Кеңес өкіметі мен мемлекеттік мекемелердің осы кездегі қылмысын жан - жақты ашып беруде құнды деректер болып табылатыны сөзсіз. Онда жоғарыдан түскен өкімдер, үкімдер, бұйрықтардан бастап атқарушы билік пен құзырлы органдардың жүргізген жұмыстары толық баяндалады. Осы мақсатта отан тарихының келелі мәселелерін ашуда мұрағаттық құжаттардың деректік жағынан талдануы керек. Тақырыптың деректік тұрғыда ашылуындағы үлкен мәселелер - саяси репрессия құжаттарының толық жарияланбауы және қол жетімсіздігі. Сондықтан кеңестік уақыт мәліметтері басқа кезеңдермен салыстырғанда аз қарастырылған. Қазақстандық әртүрлі деңгейдегі мекемелерде жылдар бойы қордаланып жатқан мәліметтер жетеді.

   Еліміздің орталық және жергілікті мұрағаттарында сақталған Кеңес өкіметінің террорлық саясатының біртіндеп көлемді саяси репрессияларға айналғаны туралы деректерді талдау көп мәселені шешеді, ғылыми айналымға жаңа материалдарды қосады. Мемлекеттік мұрағаттар қорларында 1917-1956 жылдар аралығындағы Отан тарихына байланысты материалдар көп кездеседі. Бұл мұрағаттық деректердің бәрі бірдей ғылыми айналымға еніп болған жоқ, сақтау қоймаларында өз зерттеушілерін күтуде.

  Осының барлығы кеңестік саяси репрессиялар тарихына байланысты деректермен жұмыс істеу қажеттілігін тудырады. Әсіресе деректерді кешенді түрде зерттеу көп нәтижелерге әкеледі. Кеңес өкіметі кезінде шектеу қойылған және жойылған деректерге деректанулық ішкі және сыртқы сын жүргізу Отан тарихының көкейкесті мәселелерінің бірі болып табылады. Ал мұрағаттық құжаттарды талдау жұмысы жаңа қадамдар жасауға мүмкіндік береді. Материалдардың анықталып, дерек көзі ретінде талдануы тарихи үдерістерді ашуға да көмектеседі. Зерттеуге күннен - күнге жаңарып жатқан деректанудың іргелі теориялық - методологиялық мәселелерін қолданыла аламыз.

  Еліміздің мұрағаттарында сақталған Кеңес өкіметінің террорлық саясатының біртіндеп көлемді саяси репрессияларға айналғаны туралы деректерді талдау көп мәселені шешеді, ғылыми айналымға жаңа материалдарды қосады. ҚР Президенті мұрағатының, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты және Қарағанды, Ақмола, Алматы, Жезқазған, Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Шымкент облыстарының мұрағаттары қорлары құрайды. ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша Комитетінің мұрағаты мүлдем тың деректер болып табылады. ҚР Президенті мұрағатында Алаш зиялылары қатысты құжаттар, саяси репрессиялардан зардап шеккен қазақ интеллигенциясы өкілдерінің туыстары мен балаларының естеліктері және еңбекпен түзеу лагерлерінің саяси бөлімінің құжаттары жинақталған. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында мемлекеттік мекемелер мен құзырлы органдар қызметіне байланысты материалдар бар. Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағаты - жергілікті мұрағаттар ішіндегі ең үлкені. Аталған мұрағатта сақталған облыстық құзырлы органдар мен Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің деректері кешенді түрде берілген. Ал ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша Комитетінің Қарағанды қаласындағы филиалы мұрағатында сотталғанадамдардыңжеке істері біріктірілгенқоріріктелді. Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағатындағы материалдар Ақмола облысының Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы «қызыл террор» мен соғыстан кейінгі жылдардағы өңірдегі еңбекпен – түзеу лагерлері қызметтерін ашады. Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы қорларының деректері Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы саяси күресті ашып береді. Алматы облыстық мемлекеттік мұрағатында да аймақтағы «қызыл террордың» жүргізілуіне қатысты кейбір материалдар кездеседі. Астана қалалық мемлекеттік мұрағатының жекелеген құжаттары Ұлы Отан соғысы жылдарындағы саяси репрессиялардың әртүрлі қырларын анықтайды. Жезқазған қалалық мемлекеттік мұрағаты қорларынан әскери тұтқындар лагерлері мен Далалық лагерге қатысты сан - алуан мәліметтер табылды.

  Үлкен деректер тобын большевиктер саясатына қарсылықтар мен репрессиялардың жүргізілу туралы естеліктер мен мемуарлық материалдар құрайды. Сонымен қатар, деректердің келесі бөлігі қазақстандық және ресейлік құжаттық жинақтары болып табылды. ҚР Президентінің мұрағаты құжаттарын ең көп жариялады. Алаш қайраткерлерінің Кеңес өкіметі жылдарында қудалануына байланысты деректер «Протоколы Революционного комитета по управлению Казахским краем (1919-1920 гг.)», «Алаш қозғалысы» еңбегінің 2, 3, 4 томдарында жинақталған, ал республикалық мемлекеттік мекемелердің «үлкен террор» кезіндегі қызметі «Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг.», кейбір қосымша материалдар «История Казахстана ХХ века в документах» секілді кітаптарында берілген. Аталған мекеме депортацияға ұшыраған жеке халықтардың тарихына байланысты құжаттар жинақтарын да шығарды [1].

  Тақырыпқа байланысты материалдар жоғары оқу орындары оқытушыларының құрастыруымен де шығып тұрды. Мәселен, «Красный террор: политическая история Казахстана» [2] деп аталатын құжаттар жинақтары бар. Стенограммада тарихшының еңбегіне байланысты айтыстың барысы мен мәтіні толық берілген. Ал екінші кітапта ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағатындағы жеке адамдардың істері жарияланған.

  Облыстық мемлекеттік мұрағаттар тарапынан да материалдар шығуда. Қарағанды мемлекеттік облыстық мұрағаты менҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша Комитетінің Қарағанды қаласындағы филиалының кейбір құжаттары «Я с вами во все дни до скончания века. Тяжелые времена гонений и репрессий 1931-1946 гг.», «Узницы Алжира (Список женщин - заключенных Акмолинского и других отделений Карлага)», «Спецпереселенцы в Карагандинской области» [3], Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағатықұжаттары «Забвению не подлежит», Шымкент облыстық мемлекеттік мұрағаты құжаттары «Саяси қуғын - сүргіндер: шындық пен қауесет», Қостанай облыстық мемлекеттік мұрағаты құжаттары«Кустанайский уезд. 1917-1919 гг.», Ақтөбе және Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты құжаттары «Депортированные в Казахстан народы» [4] атты еңбектерде жарияланды. Аталмыш құжаттар жинақтары саяси репрессиялардың әртүрлі қырларын айқындайды.

  Кеңес мемлекетінің жазалау саясатын ашуда қазақстандық тарихшылар көбінесе тақырыптың жеке - жеке қырларын қарастырды. Негізгі бағыттар тәркілеу, ұжымдастыру, отырықшыландыру секілді реформалар әсерінен болған саяси қудалаулар, 1937-1938 жылдардағы «үлкен террор», 1940-1950 жылдардағы интеллигенцияның қудалануы, депортацияға ұшыраған халықтар мен арнайы қоныс аударушылар тарихына және т.б. аударылды. Осының әсерінен саяси репрессиялар тақырыбының деректері бір бөлігі назардан тыс қалды. Мәселен, «қызыл террор», құзырлы органдардың Қазақстандағы репрессивті қызметтері, қазақстандық кеңестік еңбекпен түзеу лагерлері, ерекше және әскери тұтқындар лагерлері және т.б. 

  Бұл мәселелердің шығуына саяси репрессиялар деректерінің жеткілікті дәрежеде ғылыми айналымға қосылмауы да әсер етті. Көбінесе тарихшылар орталық және жергілікті мұрағаттар деректерін қатар алып қарастыруды мақсат тұтпады. Орталықта жазылған еңбектер тек қана сол жердегі мұрағаттарды, ал жергілікті тақырыпты ашатын зерттеулер облыстық мекемелер сақтау қоймаларындағы құжаттарды пайдаланатын үрдіс белең алды. Орталық және жергілікті мұрағаттар арасындағы байланыс, деректерін салыстыру, сараптау жұмысы кенже қалды. Облыстық мұрағаттар материалдары ғылыми айналымға қосылмады. Одан деректер базасының тарлығы туындады. Және қазақстандық мұрағаттар құжаттарын құпиясыздандыруды тек қана тоқсаныншы жылдардың екінші жартысынан қолға ала бастады. Дегенменен, әлі күнге дейін кеңестік мұрағаттық құжаттарды теориялық - методологиялық зерттеуге арналған іргелі, монографиялық еңбектер жоқтың қасы. Кеңес дәуірінде деректерге әдейі жүргізілмеген ішкі және сыртқы сын мәселесі шешілген жоқ.

 

  Список использованных источников:

  1 Протоколы Революционного комитета по управлению Казахским краем (1919-1920 гг.): Сб. документов / Ред.кол.: член - корр. НАН РК К.Н. Нурпеисов, д.и.н. В.К. Григорьев, А.С. Елагин. Сост.: А.В. Бучнева, В.К. Григорьев, Н.К. Майчекенова, Т.Б. Митропольская. - Алматы: Ғылым, 1993. – 230 с; Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг. Сб. документов / Отв. редактор Л.Д. Дегитаева. - Алматы: Казахстан, 1998. – 336 с.; История Казахстана ХХ века в документах. Сб. / Сост. Е. Грибанова, А. Ипмагамбетова. - Алматы: АП РК, 2005.- 81 с.; Из истории немцев Казахстана (1921-1975гг.). Сб. документов: АП РК. – Алматы – М.: Готика, 1997. – 376 с.; Из истории поляков в Казахстане (1936-1956 гг.). Сб. документов. Алматы: ТОО Издательский дом: Казахстан, 2000. - 344 с.; От депортации к интеграции: документы и материалы, посвященные 60 - летию депортации чеченцев и ингушей в Казахстан: Международный фонд гуманитарной помощи «Нур»/ Составители:Е. Грибанова,А. Гунашев,А. Зулкашева, Л. Сапонова. - Алматы:Дәуір, 2004.- 256 с.

  2 Красный террор: Политическая история Казахстана (Сборник документальных материалов политических репрессий 20-50- х годов ХХ века /Составители: Койгелдиев М.К., Популях В.И., Тлеубаев Ш.Б.) - Алматы: ТОО «Типография оперативной печати», 2008. – 307с.

  3 Я с вами во все дни до скончания века. Книга 1. Тяжелые времена гонений и репрессий. 1931-1946 гг. – Караганда - Штайнхаген, 2001. - 185 с.; Узницы  Алжира (Список женщин - заключенных Акмолинского и других отделений Карлага). – М.: «Звенья», 2003. –567 с.; Спецпереселенцы в Карагандинской области. Сборникдокументов и материалов / Сост.: Р.М. Жумашев, Л.В. Михеева / Под. ред. Е.К.Кубеева.- Караганда: Изд-во Кар ГУ, 2007. – 325 с.

  4 Забвению не подлежит. - Павлодар: Управление архивами и документацией акима Павлодарской области, 1997. – 205 с.; Депортированные в Казахстан народы. - Алматы: «Арыс» - «Қазақстан», 1998. – 428 с.; Саяси қуғын - сүргіндер: шындық пен қауесет. Құжаттар жинағы. - Шымкент: «Ғасыр - Ш» баспасы, 2003. – 180 б.;Кустанайский уезд. 1917-1919 гг. Сб. документов. Составители: Бондаренко М.А., Бурякова В.И., Яремин Ю.В. Костанай: ОАО «Костанайский печатный двор», 2003. – 152 с.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?