1937 жылы Қиыр Шығыстағы Корей педагогикалық институтының Сыр өңіріне көшірілуі негізінде іргетасы қаланып, бүгінгі күні еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының біріне айналған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті тарихы тереңнен сыр шертетін білім ордасы.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан — 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қазіргі қоғамдағы білім мен ғылымның орны туралы «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек», — дей келе, білім, ғылым саласындағы негізгі басымдықтарды айқындап берді.
Әлемдік білім, ғылым кеңістігіне интеграциялану арқылы ғана біз өз еліміздегі білім, ғылым саласын жетілдіріп, дамыта алатынымыз өмір шындығы. Осындай қоғам, заман сұранысына сай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 24 наурыздағы № 256 қаулысымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті мен Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтының бірігуі негізінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрылуы білім шаңырағындағы жаңа белес еді.
Сол кезеңде жаңадан құрылып, мемлекеттік мәртебе алған университет ұжымының алдында шешімі табылуы тиіс қаншама жұмыстар тұрды. Қаламыздағы педагогикалық-гуманитарлық және инженерлік-техникалық бағыттағы екі жоғары оқу орнының бірігуінің өзіндік қиындықтарының болғандығын да айта кету керек. Әр жоғары оқу орнының өзінің қалыптасқан дәстүрі, моральдық-психологиялық жағдайы әр түрлі болатыны заңды. Осының барлығын бір жүйеге келтіріп, бір арнаға түсіру арқылы ғана біз алға қойған мақсатқа қол жеткізе алатын едік. Университет оқытушы-профессорлары мен студенттердің әлеуметтік жағдайынан бастап, материалдық-техникалық базаны нығайту, оқытушы-профессорлар құрамының ғылыми әлеуетін көтеру, университеттің кітапхана қорын жаңа мазмұнды оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету, оқу ғимараттарын, жатақханалар мен асханаларды қалыпты жұмыс жасайтын дәрежеге жеткізу заман талабына сай оқу зертханаларын ашу, оларды қажетті құралдармен жабдықтау сияқты мың сан жұмыстар алдымызда тұрды. Түйіндей айтқанда, жаңадан құрылған жоғары оқу орны мемлекеттік университет деген атқа лайықты болуы үшін тер төге жұмыс істеу қажет еді.
Алға қойған міндеттерді орындау мақсатында өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын әріптестеріммен бірге еңбек ете отырып, алғашқы кезекте университетке құрылымдық өзгерістер жасадық. Бұрынғы оқу орындарындағы құрылым бойынша қызмет атқарып келген факультеттер мен оқу-ғылыми кешендер біріктірілді, жаңа құрылымдық бөлімдер жасалды. 1998–1999 оқу жылы қарсаңында оқу үдерісін оңтайландыру, жетілдіру, кадрлар әлеуетін арттыру мақсатында 49 кафедра, 10 факультет құрылды.
Сол жылдың өзінде әріптестеріміздің 22 монографиясы, 70-тен астам оқулық, оқу-әдістемелік құралдары университетте жарық көрді. Салыстыру үшін айта кетсек, 1997–1998 оқу жылында университетте 171 ғылыми атағы бар оқытушы-профессорлар қызмет атқарса, 1999–2000 оқу жылында олардың қатары 204-ке жетті. Ал 2000–2001 оқу жылында ғылыми атақ-дәрежелі әріптестеріміздің саны 300-ден асты. Университеттің Ғылыми кітапханасы жаңа әдебиеттермен, оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен толықтырылды. Компьютер сыныптарының саны артып, жаңа үлгідегі, ақпараттық техникаларға қол жеткіздік. Университеттің жас оқытушылары Ресей Федерациясының белгілі жоғары оқу орындарына аспирантураға, докторантураға жіберілді. Осындай жетістіктерге біз ең алдымен ұжым мүшелерінің өз университетімізге деген сүйіспеншілігінің арқасында қол жеткіздік.
Тәуелсіз қазақ елін әлемдік қауымдастыққа танытып, мойындата алатын бәсекеге қабілетті, отансүйгіш, парасатты тұлға, кәсіби біліктілігі жоғары маман дайындау қазіргі жоғары оқу орындарына қойылар басты талап. Қазақстандық жоғары оқу орындары оқу үдерісін ұйымдастырудың әлемдік тәжірибесін игеріп, халықаралық білім кеңістігіне интеграциялану бағытында жұмыс жасауда. Оқу үдерісін ұйымдастырудың негізгі көрсеткіштерінің бірі жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлықты жүзеге асыру болып табылады.
Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі университеттер жаңа мазмұндағы оқу орындарына айналуы қажет. Мұндағы мақсат — инновациялық мазмұнда білім алған көптілді мамандар дайындау, халықаралық тәуелсіз аккредиттеуден өту, ғылыми ізденістердің нәтижелерін коммерцияландыру арқылы экономиканың салаларына енгізу. Сондай-ақ, университеттерді білім алушылардың қоғамдық дүниетанымын қалыптастыратын, өмірлік бағытын айқындайтын оқу, ғылыми — әдістемелік кешенге айналдыру. Бұл міндеттерді шешу мақсатында Білім және ғылым министрі, академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың тікелей басшылығымен ұлттық білім және ғылым саласында өміршең реформалар жүзеге асырылуда. Бұл қатарда жаңа мазмұндағы «Ғылым туралы» заңның қабылдануын, «Білім туралы» заңға заман талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілуін, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың стратегиялық құжаты 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқанын айтуымыз қажет.
Іргелі білім ордасы ретінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті еліміздің экономикасы мен ауыл шаруашылығына, әлеуметтік-саяси өміріне қажетті бакалавриаттың 57 мамандығы, магистратураның 30 мамандығы бойынша мамандар даярлауды жүзеге асырып келеді. Білім алушылардың контингентінде 8 мыңнан астам студенттер мен магистранттар, профессор-оқытушылар құрамында 30-дан астам ғылым докторы, 280-нен астам ғылым кандидаттары бар. 2012–2013 оқу жылынан бастап докторантураның 9 мамандығы бойынша PhD докторларын дайындау қолға алынды.
Елжандылық, ұлтжандылық қасиеттер ұрпақ бойына туған топырақ, алтын бесік, өскен ортадан даритыны анық. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Алаштың Анасы» деп атаған Сыр өңірі ежелден Орталық Азиядағы мәдениет пен ғылымның дамыған аймағы болған. Бұған облыс аумағындағы Шірік Рабат, Сығанақ, Жанкент қалаларының өз заманында мемлекетіміздің астаналары болғаны дәлел.
Кеңестік кезеңде қолға алынған өңіріміздің тарихы мен мәдениетін зерттеу жұмысы Тәуелсіздік жылдары жаңа мазмұнда жалғасты. Елбасының тікелей бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында университет төл тарихымызға қатысты мұраларды зерттеп-зерделеу, жинақтау, насихаттау ісіне барынша атсалысуда. 2001 жылдан Аралдың кепкен табанындағы Кердері мекенін зерттеу, 2005 жылдан Ресей ғылым академиясының Н. Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп жүргізілген Арал өңіріндегі көне және ортағасыр ескерткіштеріне археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері ғылыми айналымға қосылды. Осы әріптестіктің арқасында бүгінгі күні университетте археологтар мектебінің негізі қаланды. Өңіріміздің тарихы мен мәдениетін зерттеу жұмыстарын бір жүйеге түсіру, ғылыми жаңалықтарды оқу үдерісіне енгізу мақсатында «Археология және этнография» ғылыми зерттеу орталығы құрылды.
Сонымен қатар, Сыр өңіріндегі тарихи-мәдени мұраларды түбегейлі зерттеу, Қазақстан тарихы пәнін оқытудағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысу мақсатында «Еуразиялық өркениет және Сыр өңірі» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан — 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген өзекті мәселенің — бірі өңірлерді дамыту мәселесі. Өңірлер мен мегаполистер арасындағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жағдайлардың теңестірілуі үшін тиімді жаңа тетіктер мен жолдар белгіленді. Осы ретте бүгінгі күні Қызылорда облысында өңірді қайта жаңғырту бағытында жасалып жатқан жұмыстарды айта кетуіміз керек. Облыс әкімінің 2013 жылға арналған іс-қимыл жоспарында негізгі басымдықтар индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында инфрақұрылымды, білім беру, денсаулық сақтау және тұрғындарды әлеуметтік қорғау салаларын дамытуға бағытталып отыр. Өңірдегі қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан жұмыстар Сыр өңірі халқының болашаққа деген сенімін нығайтып, нәтижелі еңбекке жігерлендіруде.
Өңірлерді дамытуда аймақтық жоғары оқу орындарының ғылыми-шығармашылық әлеуетінің орны ерекше. Сондықтан әрбір аймақтағы білім мен ғылымның ордасы, мәдениет пен руханияттың орталығы болып табылатын мемлекеттік жоғары оқу орындары сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдени-рухани өркендеуі мен жаңғыруына және индустриялды-инновациялық жобалардың жүзеге асуына үлес қосатын бірден-бір орта болып қызмет атқаруы уақыт талабы.
2011 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдарының инновациялық жобалар каталогы жасалып, коммерцияландыруға ұсынылды. Ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі басым бағыттары бойынша дайындалған 50-ге жуық тың жобалардың алды қазір өндіріске ендіріліп, патенттелді. Сондай-ақ, осы каталогқа ендірілген 10 жоба бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранттық негізде қаржыландыру жолымен зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған ғылыми жобалардың басым бөлігі аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салаларын дамытуға бағытталған.
Еліміздің әлемдік-деңгейдегі ірі жетістіктерінің бірі 2017 жылы Халықаралық ЭКСПО көрмесінің Астана қаласында өтуі. Университет ғалымдары қазіргі кезде көрмеге қатысуға бағытталған ғылыми жобаларын дайындау үстінде.
2011 жылдың 18–19 қараша күндері М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразия университеттері Ассоциациясының кезекті ХІІ съезі болып өтті. Осы съезде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті республикадағы 6 жоғары оқу орнының қатарында Ассоциацияның толыққанды мүшелігіне қабылданды.
Шетелдік жетекші жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтарымен білім және ғылым саласында ынтымақтастық туралы 60-тан аса келісім-шарттар мен меморандумдар негізінде жұмыс жүргізілуде. Бұл ынтымақтастықтың негізгі бағыттары — профессорлар мен студенттер алмасу, қос дипломды бағдарламаны жүзеге асыру, оқытушылар біліктілігін арттыру, халықаралық жобаларға қатысу, магистрлер мен PhD докторларын дайындау.
Білім алушылардың академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету басым бағыттарымыздың бірі. Бүгінгі күні Оңтүстік Кореяның Каннам университетінде үш студент қос диплом бағдарламасы бойынша оқуын жалғастыруда. Үстіміздегі оқу жылында Ресей Федерациясының Ухта мемлекеттік техникалық университетіне, Новосібір мемлекеттік университетіне, Омбы мемлекеттік аграрлық университетіне және Қытай мұнай-газ университетіне 30-ға жуық түлегіміз магистратура бағдарламасы бойынша оқуға қабылданды. Магистратураның 92 білім алушысы 18 мамандық бойынша Ресей Федерациясының, Түркия Республикасының жетекші жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтіп қайтты. Ресей Халықтар достығы университетінің докторантурасына 2 оқытушымыз қабылданып, нәтижелі жұмыс жүргізуде.
«Қазақстан — 2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Елбасы Жолдауында негізгі басымдық ретінде қазақ тілі және тілдердің үштұғырлығы мәселесіне баса назар аударылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үштілділіктің мемлекеттік-деңгейде ынталандырылуы қажет екендігін айта келе: «Біз, ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің „лингва франкасын“ меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады», — деп әлемдік бәсекелестікке төтеп берудің сара жолы ретінде болашақ мамандардың бірнеше тілді игеруін атап көрсеткен болатын. Осы мақсатта Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті халықаралық талаптарға сай көптілді мамандар даярлау ісін қолға алды. 2012–2013 оқу жылынан бастап бакалавриаттың информатика, математика, ақпараттық жүйелер, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандықтарында көптілді білім беру бағдарламасына сәйкес оқу үдерісі қазақ, орыс және, ағылшын тілдерінде жүргізілуде. Университет орта мектептерге көптілді педагог мамандарын даярлау үшін 2013 — 2014 оқу жылынан бастап педагогикалық мамандықтарды кезең-кезеңімен көптілді оқыту бағдарламасына көшіруді жоспарлап отыр.
Биылғы оқу жылында көптілді білім беру бағдарламасын Корея Республикасы Кангнам Университетінің профессоры, доктор Ким Фил Янг, Румыния Республикасынан магистр Аурамария Танасэ, Нидерланды Корольдігінен магистр Тайс Бенсхоп, Чехия Республикасынан магистр Люци Кралова және оқу орнының оқытушы-профессорлары жүргізуде.
Әлемдік жаhандану үдерісі кезеңімен тұспа-тұс келген ХХІ ғасыр азаматының рухани-мәдени-деңгейі, мазмұны қандай болуы керек деген сұраққа жауап беру қиын, бірақ өте қажет.
Ол, азамат — тәуелсіз елдің тұлғасы, жанашыры, елін жандандырып, жерін түлететін азамат. Оның жүрегі таза, пейілі, ақ, арманы асқақ. Ол — іскер-де білгір. Ол өзінің тарихын білетін, ұлттың мәдениетін, әдебиетін, өнерін сүйетін, халық дәстүрін бойына сіңіретін, ата салтын қадір тұтатын халық перзенті. Ол әлем халықтарымен байланыс, қарым-қатынасын үзбей, әлемдік рухани байлықтан нәр алуға барынша ұмтылатын, сан өнерді игере алатын, ғылым мен техникадан барынша хабардар болатын азамат. Оның ішкі сарайы таза, жан дүниесі бай болуы керек. Сондықтан да осындай азаматтарды тәрбиелеу университеттің қоғам алдындағы міндеті.
Алда талай бағындырар белестер, атқарылар істер бар. Болашағы баянды, келешегі кемел білім ордасының жетістіктері алдағы уақытта да еселене береді деп сенеміз, қажырлы еңбек, үздіксіз ізденіс, қарымды қабілет университет ұжымының негізгі ұстанымы болып қала бермек.
Бисенов Қылышбай,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің ректоры,
техника ғылымдарының докторы, профессор