Алтай өңіріндегі түсті металдар өндірудің негізі ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарынан бастау алғандығы белгілі. Ал, алтын іздестіру ісі осы мерзімнен қолға алынып, ХІХ ғасыр басына дейін алтын өндіру кең қарқын ала алмады. Алайда ХІХ ғасырдың 30-жылдарынан алтын іздестіру мен оны өндіру Алтай өңірінің оңтүстік аймақтарына қарай жылжып, осы мерзімнен Семей облысының барша аудандарынан жеке кәсіпкерлер негіздеген алтын іздестіру орындары ашылып, жұмыс істей бастады.
Қазақстанның шығысы, Алтай аймағынан алтын іздестіру мен өндірудің барысы, оның көлемі, тарихы, бұл істі өркендетудің қажеттігі ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басындағы көптеген жазбаша шығармаларда айқындалды, оның маңызы сараланды. Осындай жазба деректердің қатарына тау инженері В.Д.Коцовскийдің “Отчет по статистико-экономическому и техническому исследованию золотопромышленности Семипалатинской и Семиреченской областей. Часть1-я., Районы правых притоков р. Иртыша” [1] атты жазбасы жатады.
Аталған еңбекте тау инженері жоғарыдағы көрсетілген аймақтағы алтын іздестіру ісінің басталу кезеңдеріне талдау жасаған, ашылған кен орындарына сипаттама берген. Белгілі кезеңдегі өндірілген алтын көлемін айқындаған.
В.Д.Коцовский осы шығармасында алтын өндіру мәселесімен қатар қазақ халқының қалыптасу, ру, тайпаларға бірігіп, қоғам, мемлекет ретінде өркендеу тарихына талдау жасап, “қазақ” атауының біздің ұлтымызға берілуіне өзіндік зерттеу жүргізген. Оған тарихи қорытынды берген. Атап айтқанда, оның көрсетуінше: “Семей облысы орналасқан жер өткен мерзімдерде қуатты Жоңғар патшалығының бір бөлігі болған. Негізінен қалмақтар деген атаумен белгілі жоңғарлар мұнда ХІІІ ғасырда келіп, ХVІІ және ХVІІІ ғасырдың басында Жоңғар патшалығы өзінің ең өркендеген кезеңіне жетті. Аталған патшалықтың сол мерзімдегі иеліктері Арал теңізі және қазіргі Түркістанның батыс шекарасынан Қобдо өзенінің төменгі ағысы, одан ары Улапомға, Кэм және Кэмчик арқылы солтүстігінде Алтай мен Ертіске дейін жетті.
Жоңғарлардың батысы және солтүстік-батысында қырғыз-қазақ ордасы мекен етті. “Қазақтар” деп аталған ордалар немесе халықтың пайда болуы және алғашқы қалыптасуы туралы мәселе барынша түсініксіз. “Қазақтар” деген атаумен Орта Азиялық халықтарда ертеден-ақ күйсіз қашқындар ретінде танылып, өздерінің көшпелі өмір салттарына сай саяси одақтарға немесе халыққа бірігуі, және де мұндай одаққа жеке адамдар ретінде емес, бүкіл рулары, кіші рулары немесе аз дегенде ауылдарымен, отарларымен, үйлері және табындарымен қосылған, сонымен бірге әр халықтардан, атап айтқанда монғол, кавказдықтармен қосылып, Жоңғарияның батысы және солтүстік батысын мекен еткен халықты атаған.
Сібірдің оңтүстік-батыс бөлігін жаулап алған орыстар өздерін “қазақ” деп атаған осы халықпенқақтығысқа түсіп, оларға “қырғыз” деген есім берді, осы арқылы оған қазіргі күні “қара қырғыз” деп аталатын басқа халықтың атауы тағылды.
Қазақ Ордасының орыстар тарапынан басқа халықтың атауын алуын Левшин көрсетеді. Оның айқындап жазуынша: “көне немесе нақты қырғыздардың Сібір қалалары мен қоныстарына шабуылдары мен тонаулары олардың есімдерін барынша қорқынышты және жеккөрінішті етіп, орыстар қырғыздардан кейін Сібірдің оңтүстік облыстарына үнемі бүлікшілік әкелген жекелеген шабуылдар немесе көптеген шапқыншылықтар жасаған Қазақ Ордасына да осындай айқындама берді.
Келесі жағынаналғанда орыстардың аталған халықтың есімінің өзгеруіне Сібірді жаулаушылардың өздерін “казак” деп атаулары да себеп болды.
Қырғыз-қайсақтар қазіргі уақытқа дейін көшпенділер және көпшілігі түркілерден тараған. Олар үлкен үш бөлікке немесе ордаға бөлінеді. Қырғыздардың өздері “жүз” деп атап, “Үлкен Орда”, “Ұлы жүз” (Үлкен жүздік) негізінен батыс далада, ал “Орта жүз” (Орта жүздік) Семей және Ақмола облыстарында көшіп жүреді.
Қырғыз-қайсақтар немесе қазақтар тарих сахнасына кейін, атап айтқанда кейбір шығыс тарихшыларының тұжырымдары бойынша ХҮ ғасырдың екінші жартысынан, ал орыс жазбалары мен жекелеген батыс жазушыларының, солардың ішінде Герберштейн және Дженкинсонның дәлелдеуінше ХҮІ ғасырда пайда болған.
Қазақ немесе қырғыз-қайсақ халқының қалыптасу кезеңін Вениаминов-Зернов ХV ғасырдың екінші жартысы, мөлшермен 1465 жылдан айқындайды. Бұл халық басқаларға риза болмай, өз елдерін тастай отыра Моғолстанның батысына қашып, осындағы әр түрлі жартылай тағы адамдардың қосындысын құраған. Аталған тайпалардың барлығының жиынтығынан бір бүтін тұрғындар қалыптасқаннан кейін бұл құрама халықты көршілері “қазақтар” деп атай бастады. Қазақтардың одағын хандар басқарып, олардың арасынан кейде елеулі тұрғыда айырықша қабілеттілері пайда болды, атап айтқанда бұл халықты шеберлікпен басқарған Тәуекел, Тәуке, т.б. Әр түрлі халықтардан құралған Қырғыз-қайсақ ордасы үнемі тонаумен, өзара қақтығыспен,т.б. айналысып, қазіргі жауларына мықты қарсылық көрсете алмады, сондықтан да қуатты көршілерінің ықпалына және билігіне түсіп отырды. Қырғыз-қайсақтар арасындағы бейбітшілік пен тыныштықты қалпына келтірген сұлтан Тәуке еді, алайда ол қайтыс болғаннан кейін Ордада тағы да бүлік басталып, оны көршілері, соның ішінде жоңғарлар пайдаланды”[1.1-2].
Зерттеуші ХVІІІ ғасырдың басынан орын алған қазақ-орыс қатынастарының мақсатына, барысына талдау берген.
“Қырғыз-қайсақ Ордасына,-деп жазады В.Д.Коцовский аталған тұрғыда- азиялық мемлекеттерге қақпа ретінде қараған император Ұлы Петр сол кездің өзінде-ақ қырғыз даласындағы жағдайларға назар аударып, аталған мерзімдегі Сібір губернаторы князь Гагаринге Ордамен байланыс жасап қана қоймай күшейе түскен жоңғар шапқыншылығын тоқтату мақсатында оған көмектесуге бұйырық берді.
Императордың бұйырығын орындау барысында 1717 жылы қырғыз-қайсақ хандары Тәуке, Қайып және Әбілқайыр князь Гагаринге орыс патшасына бағынатындары туралы мәлімдеді, алайда келесі жылы Тәуке қайтыс болғаннан кейін бұл келісімдер нәтижесіз күйінде қалды. Қайып, сонымен бірге Әбілхайыр да келісімнің жалғастырылуына мүдделі болмады, олар Тәуке қайтыс болғаннан кейін-ақ төніп келе жатқан қауіпті ойламай, өзара келісімге келе алмады, нәтижесінде олардың арасында өзара бітіспес күрес жүргізілді”[1.3].
Автор нақты мәліметтер негізінде Ресей империясының Қазақстанның шығысы, Алтай өңірін әскери мақсаттағы отарлауының басталуына, мақсатына талдау жасаған. Оның жазуынша: “Жоңғарлар, сонымен бірге далалықтардың өзара жауласушылықтары орыс шекаралық тұрғындарын ХVІІ ғасырдан-ақ алаңдатты. Сол дәуірдегі орыс үкіметі мен Сібір әскери басшылары Батыс Сібірдің біздің отарлаған жерлеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге екпінді тұрғыда кірісуге мәжбүр болды. Біздің шекарамызды қырғыз-қайсақ даласы және Жоңғариядан қорғау мақсатында ХVІІ ғасырдың екінші жартысынан қорғаныс жүйелерін салу бастау алады: атап айтқанда 1663 жылы Царево-городище слободасы (1782 жылы Курган қаласы деп аталған), 1670 жылы Чернолуцкая слободасы (Оканың Ертіске құяр жерінен 50 шақырымға жуық төменгі ағысында) және осы жыл көлемінде Ишимнің (Есілдің,-Ғ.Қ.) сол жағалауында Коркина деревнясы пайда болды (ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегінде Ишим қаласына айналды.), 1680 жылы Абацк острогы негізделді (қазіргі Ишим округіндегі слобода).
ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында жергілікті халық, соның ішінде қырғыздар тарапынан тонаулар мен шабуылдар тоқтамады, орыстарды тұтқынға алу ол мерзімде қалыптасқан іске айналған болатын. Өздерінің бостандықтары, өмірлері және азық-түліктерін қорғай отыра Орал, Сібір казактары өз кезегінде көшпенділерден барынша кек алды, алайда бұл жағдай орыстардың даладағы биліктері әзірге әлсіз болғандықтан соңғыларының шабуыл жасауларын тоқтата алмады.
... Біздің шекарамыздың Ертіс өзенінің жоғары аңғарының бойымен оңтүстікке қарай жылжуына себеп жоңғар қаласы Еркетінің (Яркенд) маңайынан табылған аса мол құмды алтын туралы хабар еді. Бірінші Сібір губернаторы князь Матвей Петрович Гагарин бұхаралық саудагерлерден аталған қалада алтынды құм бар екендігі және бұл қалаға жол Тарыдан Ертіс арқылы 2,5 айлық мерзімнен артық емес екендігін естіп, осы туралы 1713 жылы император Ұлы Петрді хабардар етті, сонымен қатар Яркенд құмды алтынының бір уысын жеткізіп, Яркенд қаласына Чернолуцкая қамалынан Ертіс өзені арқылы қамалдар жүйесін сала отыра экспедиция жіберуді ұсынды. Нәтижесінде император Петр 1 1714 жылдың 22 мамырында өз қолымен Ямышево көлі жағалауында қала салу және одан ары Еркеті қаласына дейін барып, оны иелену туралы бұйырық шығарды; патша сонымен қатар экспедиция бастығына подполковник Бухгольцты тағайындады.
... 1715 жылдың маусымында Бухгольц Тоболскіден бір бөлігі инженерлік, артиллериялық және тау ісін білетін швед офицерлерінен тұратын 3000 адамдық отряд, 32 жалпақ қайық және 27 қайықпен Ертістің жоғары ағысына қарай шықты.
1 қазан күні Бухгольц Ямышево көліне жетті және де артиллерия поручигі Каландердің көмегімен көлге жақын Ертіс өзенінің жағалауында Ямышево қамалын салып, қыстап шыққаннан кейін келесі жылы сапарын жалғастырмақ болды. Алайда бұл жоспар Бухгольцтің 1716 жылғы жоңғарлар қоршауында қалып, екі айлық қоршау кезінде жаппай аурудан әскердің төрттен үшінен айырылғандығынан, көктемде қамалды жойып, аман қалған 18 жалпақ қайықпен кері қайтуға мәжбүр болғандықтан орындалмады. Қайтар жолында Бухгольц Оми өзенінің жағалауына тоқтап, оның сол жағалауында 1716 жылы Омбы қаласын негіздеді.
Осы жылы князь Гагариннің шешімімен Тобольскіден жіберілген полковник Матигоров келесі 1717 жылы Ямышеводан жоғары Ертіс бойында қамалдар салу мақсатында олардың біріншісі Железинск, ал екіншісі Колбасинск қамалын (қазір жоқ, бүгінгі Семейден 165 шақырым төмен орналасқан) салған бояр ұлы Павел Свиярский және дворян Василий Чередовтардың алға жылжуларына арналған қимылдарын қамтамасыз еткен Ямышево қамалын қалпына келтірді.
Колбасинск қамалын салған Чередов 1718 жылы қалмақтар арасында “Зардшинкип” деген атаумен белгілі болған қазіргі Будда-лама монастры орналасқан жеті кірпіш құрылысынан 16 шақырым төмен жерде Семипалатинск қамалына арналған жерді анықтады.
... Чередов Семей қамалын негіздеген кезде полковник Ступниннің басқаруымен Ертіс арқылы Тобольскіден жаңа экспедиция аттандырылып, 1718 жылдың күзінде жаңадан негізделген қамалға келіп, оны толық қаруландырды және барлық жағынан төрт бұрышты қорғанмен қоршады. Осы мерзімде қамалда Антония және Феодосия Печерский атындағы шіркеу салынды.
... Семипалатное қамалы негізделгеннен бастап орыстардың оңтүстікке қарай одан ары жылжуы (Батыс СІбірді жаулау мақсатындағы,-Ғ.Қ.) Ұлы Петрдің 1719 жылдың 28 қаңтарындағы үш тапсырмасымен: Сібірдің бірінші губернаторы князь Гагаринның Сібірдегі асыра сілтеулерін тексеру; Бухгольцтің нәтижесіз жорықтарының себептерін анықтау; Яркендте құмды алтынның барлығын айқындау, егер де бар болса Нор-Зайсан көліне қамал салу туралы тапсырмамен генерал-майор Лихаревті жіберуінен бастау алды.
... Осы соңғы тапсырманы орындау үшін Лихарев 1720 жылдың 8 мамырында Ертіс арқылы 31 қайыққа отырған 440 адамдық отряд 13 зеңбірек және 6 мортирмен Тоболскіден шықты, Зайсан көліне жетіп, оның жағасын қарастырды, қамал салуға қолайлы жер таба алмай, Қара Ертіске қарай жылжып, жорықтың 12-күнінде орыс отряды 20 мың адамдық жоңғар әскерлеріне жолықты, екі күнгі өзара атыстан кейін таяз өзен арқылы одан ары жүзудің мүмкін еместігіне көзі жеткен Лихарев жауларының көсемі жоңғар ханы Галдан Церенмен келісім жасап, кері қайтты.
Өзінің осы кері қайтуында Ертіс өзенінің Алтай таулары жоталарынан шығып, оған Үлбі өзені құяр далаға жайылған жерінде 1720 жылы Лихарев Усть-Каменное қамалын негіздеді.
1732 жылы Орданың (қазақ жүздері,-Ғ.Қ.) орыс билігіне өтуі бастау алып, сол мерзімнен бастап баяу болса да одан ары жалғастырылып келді. 1821 жылы соңғы қырғыз ханы Уәли қайтыс болды, бұл жағдай пайдаланылып, оның ізбасары тағайындалмады және аталған дәреже жойылып, 1822 жылы Сібір қырғыздары туралы ереже қабылданды” [1.3-4,5,6].
Тау инженері одан ары Алтай өлкесінен алтын өндіру мақсатындағы жұмыстың бастамасына сипаттама берген. “Қырғыз-қайсақ ордасы ертеден-ақ өзінің табиғи байлықтарымен, - деп жазады зерттеуші,- белгілі болатын, алайда бұл байлықты зерттеу және оны пайдалану ол мерзімде даланы жыртқыш және жаугерші адамдардың мекендеуінен мүмкін болмады. Үлкен Бұхара, Хиуа, Ташкент, т.б. жерлерде болған жиһангерлер бұл даланы әр бағыттарымен қиып өтіп, олардың жазбалары негізінен алғанда аймақтың табиғат байлықтарынан мәлімет бермей, жеке сапар суреттеулерінен ғана тұрды.
1714 жылы Петр-1 патшаға Кіші Бұхара арқылы өтетін Амудария және тағы да басқа өзендерден құмды алтын табылғандығы туралы хабар, сонымен қатар Тобольскіге аталған жерлерден дворян Трушников алып шыққан 200 қытайлық лань, немесе орыстық 18,5 фунт мөлшеріндегі алтын жіберілді. Трушниковтың мәліметі бойынша бұл алтынды ол қытайлар және қалмақтардан әр ланын 7 рубльден сатып алған. Алтын іздеу мақсатында 1716 жылы Хиуа мен Бұхараға төтенше елші дәрежесіндегі князь Бекович жіберіліп, сонымен қатар оған Аму өзені және ондағы алтын өндіру ісі туралы мәліметтер жинау тапсырылды. Бековичтің тапсырманы орындауға мүмкіндігі болмады, себебі ол Хиуа ханының бұйырығымен өлтірілді. Осы мерзімде Ұлы Петр Тобольскіден осындай тапсырмамен подполковник Бухгольцты жіберді, алайда соңғысы жоғарыда аталып кеткендей, Ямышево қамалына ғана жетіп (Ертіске), осы жерде қоршауға алынып, қайтадан қайтуға мәжбүр болды. Одан кейін 1717 жылы подполковник Ступнин және 1719 жылы генерал-майор Лихарев аттандырылды, алайда екеуі де жоғарыдағылардай мақсаттарына жете алмады.
1751 жылы бұл жерлерге аталған әңгімелердің шындығын анықтау мақсатында бергмейстер Генденрейх жіберілді, алайда оның сапарының қорытындысы белгісіз күйінде қалды. Колывано-Воскресенск зауыттарынан 1790 жылы алтын кен орындарын анықтау мақсатында қырғыз даласына жіберілген шебер Снегирев Тарбағатай тауларында болып, Шәуешектен 30 шақырым жердегі Қара үңгір өзені жағалауындағы қытайлықтардың жұмысын көрді.
... Ледебурдың сапарымен бірге болған ботаник Мейер оларда алтын жуу іске асырылған Тарбағатайдың маңайындағы көптеген өзендерде алтын барлығы туралы естігендерін айтады. Қырғыз даласында саудамен айналысқан коммерциялық кеңесші Степан Поповтың аталған өлкенің байлығы туралы жетерлік мәліметтері болды және Тарбағатайдағы алтынның молдығы туралы тараған сөздер оған осы өңірде алтын іздеу жұмысын бастау туралы ой тудырды. Осы мақсаттағы алғашқы зерттеу 30 жылдардың (ХІХ ғасырдың,-Ғ.Қ.) басында Ертіс өзенінің Семипалатинск қаласының жоғары жағындағы Шар-Гудон өзенінің оған құяр жерінде жүргізілді. Осы жердегі табиғи алтынның әлсіз белгілері оны таң қалдырып, қырғыз даласының оңтүстік-шығыс жағындағы барлық өзендер мен бастаулар маңында зерттеу жұмысын қолға алды. Осы аталған шағын өзендер, бастаулардан алтынның іздері ғана табылды, олардың кейбіреулерінің үміт күттіргендігі сондай, дереу іздестіру жұмыстары басталды. Поповтың ұсынысы бойынша 1833 жылдың 13 қарашасында оған қырғыз даласында кен орындарын және алтынды жерлерді іздеу, барлау және өндіру жұмыстарын жүргізуге жоғары тұрғыдағы рұқсат берілді.
Поповтың бірнеше сұранысы бойынша жұмыстары басталған, атап айтқанда 1834 жылдың 11 шілдесіндегі Бердібай және Сартыбұлақ өзендері бойындағы Бірінші Бердібаев іздестіру орны, 1835 жылдың 20 шілдесіндегі Женам өзені бойындағы Ивановск іздестіру орны, Ағанақ оты жағалауындағы Нижнеберезовск іздестіру орны, Субботинск аңғарындағы Субботинск іздестіру орны, Березовск аңғарындағы Березовск іздестіру орындарының негізделулерін осы мерзімнен есептеуге болады.
Поповтың табысы одан кейінгі қалған өзендер мен бастауларға ие болу мақсатында көпшіліктің қырғыз даласының аталған бөлігіне ағылуына жағдай жасады. Алайда Попов далада көп жұмыс істемеді. Оның барлық алтын өндіру қызметі 1833-1843 жылдардағы 10 жылға ғана созылып, аталған мерзімде 1125889 пұд құм жуылып, ... 12 пұд, 15 бөлікті алтын алынды” [1.6-7,8].
Коцовскийдің шығармасында өңір қазақтарының ХІХ ғасырдың соңындағы шаруашылық түрлері көрсетілген. Оның: “Өскемен, Зайсан және Қарқаралы (cоңғысында Шу өзені бойында) уездеріндегі қырғыздар арасында жасанды суландыруға негізделген егіншілік негізгі орын алады. Қырғыздар арықтық жүйені біледі және сонымен бірге қауымдық- рулық кезеңінен бастама алатын қолдан суарылатын егістікті пайдаланады.
Облыстың барлық аймақтарында байқалатын құбылыс орыс тұрғындарымен қатар отыратын қырғыздар арасында егіншілік кеңінен өркендеген.
... Тек лажсыздық жағдай ғана қырғызды ғасырлар бойы қалыптасқан бақташылық өмір салтын тастауға мәжбүр етеді.... Ол егіншінің ауыр тұрмысына жеккөрінушілікпен қарайды. (Алайда,-Ғ.Қ.) қырғыздардың соқаны игерулеріне жеңілдік жасалғанда олар бұл іспен айналысуға (ынталылықпен кірісетіндігі анық,-Ғ.Қ.).
… Кен өндіру орындары аумағындағы екі егіншілікті ауданды атай кетуге болады: біріншісі-Күршім өзенінің сол жағалауындағы соңғысының Ертіске құяр жерінде және екіншісі – Нарым өзенінің сол жағалауында. Осылармен қатар іздестіру орындары орталықтарындағы негізінен қырғыздардың жайылымдықтары маңайына орналасқан соңғыларының егіншілікпен айналысатын шағын жер бөліктері де бар.
Күршім маңайы егіншілік ауданы Күршімнің оңтүстік жағынан Ертіс өзеніне құятын жердегі мөлшермен 30 шақырымдық аңғар.
... Егіншілік дамыған келесі аудан Нарын өзені аңғарында орналасқан. Егістік Нарын өзенінің сол жағалауындағы осы өзен және Нарын жоталары арасында ұзындығы 10-12 шақырымдық Нарын өзенінен қыратқа қарай көтеріліп отыратын жерді алады” [1.18,19,20,21], - деген мәліметтерден егіншіліктің жергілікті қазақтар арасында едәуір тұрғыда берік орын алғандығын білуге болады.
“Дала өлкесінің тұрғындары орыстардан және де негізінен алғанда қырғыздардан тұрады. Біріншісіне Ертіс өзенінің барша оң жағалауын мекендеген Сібір казактары және де Еуропалық Ресейдің әр жерлерінен осында келіп, бірнеше қоныстар негіздеген шаруа-қоныстанушылар жатады. Өлкенің байырғы тұрғындарын өздерін қазақтар деп атайтын қырғыздар құрайды” [1.22] - деген мағлұматтар өлкені ресейлік қоныстандыру саясатынан анықтамалар береді.
“Қырғыз-қазақтар және қара қырғыздар да олардағы ең негізгі қасиетке айналған қайырымдылығымен, адамгершілік, қонақжайлылықтарымен ерекшеленеді; олар мейірман, көп сөзділікті және әсіресе басқа ұлттармен қатынастағы көп сөйлеушілікті ұнатпайды. Салмақтылық және әр іске маңыздылықпен қарауды ақылдылық пен өмір тәжірибесінің молдығына бағалайды. ... Қырғыздар ақ көңіл, адал” [1.22], - деген Коцовскийдің тұжырымынан біздің халқымызға оның игілікті тұрғыдағы берген бағасын білуге болады.
Автор нақты деректер негізінде ХІХ ғасыр соңындағы алтын іздестіру орындары жұмыстарын талдап, ондағы жалдамалы жұмыстар атқарған жергілікті қазақтардың жағдайларын саралаған. Яғни: “Алтын іздестіру орындары ... бір үзім нан тауып, ауыр қыстан аман қалудың көзіне айналып, осы жерден күн-көрістерін тапқан қырғыздарға баға жетпес қызмет көрсетті. Қырғыз тұрғындары орналасқан жерлерде әр түрлі тау-кен және өнеркәсіп орындарының салынуы оларға ерекше әсер етті. Бірнеше ондаған жылдар бұрын қырғыздар арасындағы ұлттық қасиеттеріне сәйкес емес деп есептеген қара жұмыс олардың күнделікті табыс түрлеріне айналып, оған қарсылық білдірмейді.
Әрине қырғыздардан жұмысшы ретінде әлі де болса үлкен істер күтуге болады, алайда барлығы бірден келмейді, ақыр соңында табиғатынан қабілетті олардың еңбекке деген қабілетін сөзсіз көрсететіндігі анық.
... Қырғыз даласындағы алтын іздестіру орындарындағы жұмысшылар толыққа жуық жергілікті болыстықтар қырғыздарынан тұрады, салыстырмалы тұрғыдағы сандары аз қырғыздар кәсіптік шеберлікті қажет ететін жерлерде, атап айтқанда: ұсталық, ағаш шебері, балташы, ... т.б. жұмыстарды атқарады. Соңғы кезде қырғыздар арасынан да қолөнерді меңгеруге ұмтылушылық байқалады, алайда олардың саны кен орындарында өте аз, ал кездесетін болса екінші қатарлы, атап айтқанда темір соғушы, т.б. жұмыстарды атқарады.
... Үшінші топтағы жұмысшылар кен қазушылар, тасушылар, кенді ұсатушылар, торф тасушыларға ... бөлінеді. Іздестіру орындарына жұмысшылар Алтай, Нарын және Күршім болыстықтарынан жалданады. Олардың көпшілігі кен іздестіру орны қожайынымен жасалған шарт бойынша жұмыс істейді.
... Әрбір жұмысшы қырғыздың өзінің киіз үйі болуы керек, себебі алтын іздестіру басқармасы жұмысшыларға тұрғын орындарын салуға арналған барлық міндеттен босатылған. Кен іздеу орны иесімен келісім жасай отыра жұмыс басталарда бүкіл жанұясымен, дүние-мүлкімен, малы, киіз үйімен келіп, соңғысын өзіне қолайлы жерге тігіп, жұмысқа кіріседі.
... Қырғыз даласындағы алтын іздеу орындарының санитарлық жағдайы ... алтын және платина іздестіру орындарындағы жұмысшылар жалдаудың ережесін қабылдаған 1895 жылға дейін қанағаттанғысыз болды.Кен іздестіру орындарында ауруханалар мүлдемге болмады, фельдшерлер әр кен орындарында бар деп есептелгенімен олардың көпшілігі медицинадан хабарлары өте нашар полктарда фельдшерлік қызмет атқарды деген мәліметтермен әскери іс мерзімдері аяқталған солдаттар болды.
Негізінен алғанда іздестіру орындарындағы жұмысшылардың 90% дейінгісін құрайтын қырғыз жұмысшылары орыс медицинасына сенімсіздікпен қарайды, әрқашан өздерінің халық емшілеріне барады” [1.23,43,44,45-46].
В.Д.Коцовскийдің жазбасында ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басындағы барша Алтай аймағында ашылып, жұмыс істеген алтын кен орындарының орналасуларына, ондағы өндіріліп келген алтын көлеміне айқындамалар жасалған. Осы тұрғыдағы оның сипаттауынша: “Өскемен уезі:
Нарын өзені аңғарындағы кен іздестіру орындары:
Нарын өзенінен батысқа қарай Нарын жотасымен қатарласа отыра Ертіске оң жағынан келіп құятын жерлерге орналасқан. Оның сол жағалауы Нарын жоталарымен, ал оң жағынан Алтай жоталарымен жалғасатын кең аңғары ... елеулі тұрғыда құнарлы, сондықтан да оның өн бойына Сібір қазақтары және Томск губерниясының шаруалары қоныстанған.
Жері өнімді болғандықтан бүкіл бұл өңірлер толығымен орыстандырылған, байланыс жолдары қолайлы.
Алғашқы іздестіру орындары Нарын өзені арқылы жоғары жүре отыра Көктерек өзенінен басталады, ал одан кейін Балын, Нижняя, Средняя және Верхняя Теректі өзендері бойымен (жалғастырылған,-Ғ.Қ.).
... Нарын жүйесіндегі Көк терек өзені жағалауындағы алтын өндіру ісі 1898 жылдан бастау алады және осы мерзімнен Көк терек және Орта терек өзені аңғарындағы екі кен іздеу орны жұмыс істеуде.
Евдокиев алтын іздестіру орны Үлкен Нарын қонысынан 8-9 шақырым жердегі Көк терек өзені бойына орналасқан. ... іздеу жұмыстары 1899 жылдан басталған, жұмыс толығымен ашық әдіспен жүргізіледі, кен іздестіру орны ашылғаннан бері ... 830000 пұд құм жуылып, 3 фунт,3 алтынды, 75 бөлік алтын алынды. Іздестіру орнында екі тұрғын үй ғана бар, оның өзі қызметкерлерге арналған, жұмысшы қырғыздар киіз үйлерде тұрады.
... Теректі өзендері бойындағы алтын іздестіру орындары 1895 жылы ашылған және алғашқы негіздеуші 1896 жылы Орта теректі бойындағы Ахмедов кен іздестіру орнын ашып, 1898 жылы іздеу жұмысын бастаған Валитов болды.
Жұмыс басталғалы 8915 шаршы қадам алаң өңделіп, ... 1899 жылғы көрсеткіш бойынша алтынның орташа мөлшері әр 100 пұдтан 9 бөлік, ал 1900 жылы әр 100 пұдтан 6 бөлік немесе 1 шаршы қадамнан 60 бөлік алтын алынды.
Бұланды өзені аңғары
Бұланды өзені Жаман Қиынсу өзені бойы арқылы Күршім өзеніне құя отыра Күршім өзені аңғарындағы кен іздеу орнының батыс шекарасын құрайды.
... Мұндағы алтын өндіру ісін толығымен Касаткиндер жүргізіп келеді, атап айтқанда алдымен А.Касаткин бұл істі бастаса, ол қайтыс болғаннан кейін ізбасарлары жалғастырды.
Алтын 1890 жылы ашылып, өндіру 1893 жылдан бастау алады және осы мерзімнен Бұланды өзеніне сол жағынан құятын Ұтқұн қараның бастауында негізделген Воскресенск кен іздеу орны үнемі жұмыс істеп келеді.
Воскресенск кен орны 1891 жылы белгілі болып, 1892 жылдан жұмыс істейді, жұмыс қолы жетіспеген 1899 жылды есептемегенде одан кейінгі мерзімде кен өндіру ісі жалғастырылуда.. Кен іздеу орнының көлемі 31 десятина.
(Осы мерзімде,-Ғ.Қ.) 12000000 пұд құм жуылып, 1900 жылдың 1 қыркүйегіне 3 пұд, 21 фунт, 80 алтынды, 12 бөлік алтын алынды.
Жаман Қиынсу өзені
Жаман Қиынсу өзені сол жағалау арқылы ... Күршім өзеніне құяды.
(Осы жерден,-Ғ.Қ.) алғашқы алтын іздеуші кәсіпкер Степанованың сенімді өкілі, Степанованың 1893 немесе 1894 жылдары Қыстау Күршім өзені аңғарындағы іздеу партиясы құрамында алтын іздеумен айналысып, оны Жаман Қиынты өзені басынан тауып, Георгие–Владимирск алтын іздеу орнын негіздеген, ал одан кейін өзіалтын өндірушіге айналған Гинтовт болды. Кейін бұл жерлердегі іздеу жұмыстарын Брюханов, Гудков, тағы да басқалары жүргізіп, соңында барлық іздеу орындары алтын өндіруші О.Ф.Поляковаға өтті.
Елейно-Винный іздеу орнының жұмысы 1895 жылдан бастау алып, 1897 жылдың 2 тамызынан Өскемен қаласы көпесінің әйелі А.А.Емелянцеваның мүддесіне сай ашылды, ал одан кейін 1990 жылдан өндірістік жолға қойған Поляковаға өтті. ... 1890 жылы 18 фунт, 82 алтынды, 3 бөлік алтын алынды.
... Воскресенск іздестіру орны Николаевск іздестіру орнынан жоғары орналасқан, 1895 жылдан өтініш білдіріліп, 1898 жылдың 28 шілдесінен дворянин Л.Гунтовтың мүддесіне орай ашылды, кейін Полякованың иелігіне өтті. ... Орташа алтын құрамы 1899 жылы 100 пұд құмнан 11 бөлік, 1900 жылы 100 пұд құмнан 19 бөлік ... алтын алынды.
... Боғадай өзені ... Күршім өзенінің оң жағалауы ... Алтынның орташа көлемі 20 бөлік, алтынның сапасы - 93,3, алтын ұсақ, 55 золотников көлеміндегі тұтас алтын кездеседі.
Қыстау Күршім өзені
Қыстау Күршім өзені бойында Ертіс өзенінің оң жағалауындағы ең мол алтын іздестіру орындары орналасқан..
Қыстау Күршім өзені бойындағы алтынның ашылуы алғашқы өтініш берілген 70 жылдардың (ХІХ ғасырдың,-Ғ.Қ.) соңына жатады және 1880 жылдың 23 маусымында іздеу жұмыстары (осы істі алғашқы бастаған,-Ғ.Қ.) Семей мещаны Степановаға өтті. С.97
Миниатюрный алтын іздеу орны ... 10 десятина аңғарға орналасқан. Владимир-Георгиевский алтын іздеу орны көлемі 101 десятина. Соңғы үш жылда 3 пұд,24 фунт, 91 алтынды алтын алынды.
Владимир алтын іздестіру орны Қыстау Күршім өзенінің Ақ шоқы тау жоталарының неғұрлым жазық аңғарға шығар жеріне орналасқан. Кен іздеу орнының көлемі 111 десятина. ... Соңғы үш жылда 1 пұд 25 фунт35 алтынды алтын алынды.
Александр алтын іздестіру орны Құрықты Құйған өзенінің Қыстау Күршім өзеніне құяр жеріндегі Владимир алтын іздеу орнының солтүстік жағына оорналасқан. 98 десятина жерді қамтиды. ... Соңғы екі жылда 27 фунт 70 алтынды алтын алынды.
... Ильинск алтын іздеу орны Қыстау Күршім өзенінің таудан шығар жеріндегі Владимир алтын іздеу орнының солтүстігі және Вознесенск кен орнының оң жағалауына орналасқан. Соңғы 4 жылда ... 5 пұд, 35 фунт, 56 алтынды, 78 бөлік алтын алынды.
Вознесенск алтын іздестіру орны (Қыстау Күршімнің,-Ғ.Қ.) сол жағалауына келіп қосылатын Құрсай өзені жағасынан ашылған.
... Соңғы екі жылда 17 фунт, 8 алтынды алтын алынды. Алтын неғұрлым ірі.
Даулы алтын іздестіру орны қыстау Күршім өзені жағалауына орналасқан.
... Мало-Владимирск алтын іздестіру орны Владимир іздестіру орнынан 5 шақырым жерде.
Алексеевск алтын іздестіру орны Қыстау Күршім өзені жағалауында. Курьезный алтын іздестіру орны Күлшілік өзені жағалауында, 48 алтынды, 64 бөлікті алтын алынған.
Зайсан уезі
Қазан іздестіру орны Майқапшағай өзенінің оң жағалауында, 1886 жылы Москвинге берілген.
Қара ағаш өзені
Владимир іздестіру орнына 1895 жылдың 25 қыркүйегінде Н.Г.Третьяков өтініш білдіріп, В.Н.Третяковтың қарамағына өтті.
1900 жылы (ондағы,-Ғ.Қ.) алтын құрамы 100 пұд құмда 24,9 бөлікті алтын, ... 1901 жылы орташа 25 бөліктен болды”. [1.61,62,64,67,68,70,71,75,76,78-79,100,102,112, 119,120]
Міне осындай нақты да бағалы деректерден ХІХ ғасырдың соңы –ХХ ғасырдың басы көлеміндегі Алтай өңірінен Ресей мемлекеті тарапынан жүргізілген алтын өндіру ісінің жекелеген тарихын, ондағы негізгі жұмыстарды атқарған жергілікті қазақтардың қанаушылыққаұшыраған теңсіз жағдайларын білуге болады.
Қорыта айтқанда, қазақ жерін отарлап, байлығын иелену, оны орыс шаруаларымен қоныстандырып, империяның ажырамас бөлігіне айналдыру ісінің барысын баяндаумен қатар халқымыздың қалыптасып, даму кезеңіне өзіндік талдау жасап, оған қызығушылық танытқан, ұлтымызға шыншылдық тұрғысында баға берген В.Д.Коцовскийдің сараланған шығармасын Қазақстанның шығысы, Алтай өңірінің тарихын жасаудағы құнды еңбек деп есептеуге болады.
Қарасаев Ғ.М., т.ғ.д., ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты, Астана
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Отчет по статистико-экономическому и техническому исследованию золотопромышленности Семипалатинской и Семиреченской областей. Часть1-я., Районы правых притоков р. Иртыша В.Д.Коцовский, горный инженер.-Спб., 1904,С.122
Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді