Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күләш – «Чудо»

2640
Күләш – «Чудо» - e-history.kz
Күләштің әншілік өнерге бейімділігі ерте байқалған. Қыз бойындағы таланттың дамуына әкесі Жасынның да әсері зор болған

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында қазақ мәдениетінде, әдебиетінде, спорт және басқа да салаларда еңбек сіңіріп, есімін ел таныған аяулы қыз-келіншектеріміз, апаларымыз-аналарымыз туралы деректерді оқырман назарына ұсынамыз. Алғашқы болып қазақтың бұлбұлы Күләш Байсейітованың өмірінен қысқа да нұсқа деректер айтамыз.

1. Күләш Жасынқызы Байсейітова қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданының Нарманбет ауылында 1912 жылы дүниеге келген. Ал ХХ ғасырдың басында бұл өлке Семей губерниясына қарасты Қарқаралы уезінің Қотанбұлақ болысы деп аталған екен. Күләштің азан шақырып қойған аты – Гүлбахрам. Композитор Е. Брусиловский оны Гуля деп атаған.  

2. Күләштің әншілік өнерге бейімділігі ерте байқалған. Қыз бойындағы таланттың дамуына әкесі Жасынның да әсері зор болған. Мектеп бітірген соң Күләш Қазақ педагогикалық институтына оқуға түсіп, осындағы көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене араласады. Күләштің өнер жолына түсуіне бірден-бір қамқорлық жасаған әкесінің кіші інісі – Айтбек Бейісов. Ол – Ақтоғай өңірінен шыққан бірінші режиссер, 20 жылдары дарынымен танымал болған.

3. Күләш Бейісова 1925-1928 жылдары Алматы педагогикалық техникумында және қазақ драма театры жанындағы музыкалық драмалық студияда оқыған. 1929 жылдан бастап Қазақ драма театрында жұмыс істеген. «Арқалық батыр» спектаклінде, Жұмат Шаниннің «Шахта» пьесасында, Гогольдің «Үйленуіндегі» Агафия Тихоновна, Бейімбет Майлиннің «Майданында» Пүліштің, Мұхтар Әуезовтың  «Еңлік-Кебегінде» Еңліктің, Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Жібек бейнелерін сомдаған.

4. 1933 жылдың көктемінде Күләш Бейісова Қанабек Байсейітовқа тұрмысқа шығады. Отбасында Құралай (1938-1974), Қарлығаш (1940), Қаршыға (1942-1947) есімді қыздар дүниеге келген. Құралай небәрі 36 жасында өмірден өтсе, кіші қызы Қаршыға бес жасында балабақшада астан уланып, қыршынынан қиылады. 1947 жылы Күләш өзінің әпкесі Райханның жаңа туған қызы Раушанды бауырына салып, асырап алады.

5. Күләш Байсейітова мен әнші Манарбек Ержанов – аталас жақын туыстар. ХVIII ғасырдан Қараменде би бастап Солтүстік Балқаш өңірін мекен еткен Дадан Тобықтының Манас атасынан тараған Мандардан Қара туады. Қарадан – Айқожа, одан Мәмбет, Бейіс, Уәли. Бейістен: Жасын, Қасымбек, Разбек, Айтбек. Жасыннан: Тұрсын, Күләш, Райхан, Хамза (екінші әйелінен туған). Манарбек осындағы Мәмбеттің Ержанынан тарайды.

6. Күләш Жасынқызының туған күніне келсек, төлқұжатында 1912 жылы 2 мамырда туған. Өзімен қатар жүрген құрбы-досы Шара «Өмірім менің – өнерім» атты кітабының 192-бетінде Күләш өзі қалжыңдап: «1912 жылы қаңтар айының он екісінде дүниеге екі алып келді. Оның бірі – Күләш, екіншісі – Димаш, біздің соңымыздан Шара секілді «кәкір-шүкірлер» келіпті, – деп бұлақ суындай сыңғыр күлкісіне салып сақылдап күлетін» деп жазады.

7. 1936 жылғы Мәскеудегі қазақ өнерінің декадасы күндері Қыз Жібек бейнесін сомдаған Күләш тыңдарман жұртшылықты таң қалдырды. «Қыз Жібектің» биік деңгейге көтерілгендігі сондай, Совет одағындағы №1 басылым «Правда» газетінде жазған мақаласында Городинский: «Қыз Жібектің ең жақсы көріп салатын әні «Гәккудің» өзі тамаша ән, ал енді соны Күләш айтқанда, тіпті керемет жандандырып жібереді…» деп жазады.

8. Күләш Жасынқызы – 1936 жылы ССРО Халық әртісі атағын алған ең жас өнерпаз. Соныме қатар ол ҚазЯССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Бейбітшілікті қорғаудық қазақстандық комитетінің мүшесі, еңбегі үшін ССРО Мемлекеттік сыйлығымен, Ленин, Еңбек, Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.

9. Күләш Байсейітованы «Чудо» деп жан адамға теңгермеген жазушы Ғабит Мүсірепов «Қазақ әдебиеті» газетінің 1972 жылғы санында: «...Айман, Қыз Жібек, Қадиша, Шұға, Ақжүніс, Баттерфляй, Маро, Ажар, Сара... Бұл рөлдерде Күләштен кейін ойнаушылар сахнада жүргенде Күләштің ізімен жүретіндей, Күләшқа ұқсап күлетіндей сезіледі. Көркемөнерде кімге болса да ұқсауға тырысу – ең үлкен қате, өзіңді өзің қорлайтын қате» деген екен.

10. Алатауда биіктігі 3450 метр болатын бір шың Күләш Байсейітованың есімімен аталған. Бүгінгі қазақ операсындағы әншілердің бәрі де сол шыңға шығуға ұмтылады.

11. Ұлы әнші-актрисаның лайықты ізбасары Раушан Қанабекқызы Байсейітова – Қазақстанның халық әртісі, танымал балерина, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерінің иегері, халықаралық конкурстардың лауреаты, профессор. Ол ССРО Үлкен театры жанындағы Мәскеу академиялық хореография училищесін бітірген.

12. Күләштің атымен Қазақстанның түрлі қалаларында көшелер аталған. Алматыда музыка мектебіне Күләш Байсейітованың құрметті есімі берілген. К. Байсейітованың атында Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы болған. Қазақстанда жыл сайын әнші атында вокалистер конкурсы өткізіліп келеді. Күләш туралы «Күләш ауылы» (2004), «Күләш» (2013) фильмі мен телехикаясы түсірілген.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?