Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бас қаланың байырғы балабақшасы

3762
Бас қаланың байырғы балабақшасы - e-history.kz
Астана қаласындағы ең ескі балабақша мекемесіне биыл 80 жыл толып отыр. Репрессия өрті лаулап тұрған кезеңде ашылған ерекше тарихи орынға барып, мәліметтерді біліп қайттық

Астананың ескі вокзалы маңында қаланың алғашқы ғимараттары салына бастады да, сол мекеннен қала аумағы кеңейе түсті. Вокзалдан түскен бетте сол жақ аумақта қиғаштай екі қабатты барактар орналасқан. Қазіргі Біржан сал, Есенберлин, Республика, Гете көшелерін қамтып жатқан аумақ Ақмола вокзалының алғашқы көріністерін беретін сұлбалар болатын, іздері әлі де бар. Ал кезінде Первомайский деп аталып, кейін Қарасай батыр аты берілген көшеде біз іздеген ескі балабақша әлі де қызмет етеді.

№6 «Көктем» балабақшасының территориясы атшаптырымдай жерді алып жатыр. Тал-терегі мол, ауладағы ойын алаңдары көп мұндай балабақша қала бойынша ілуде біреу екенін іштей сездік. Бізді мұнда аталған мекеменің әдіскері Салтанат Рамазан қарсы алды.

Омбы теміржол басқармасына қарасты жаңадан салынған мекеме ғимараты 1937 жылы қыркүйекте балабақша үшін пайдалануға берілген екен. Содан бері, соғыс жылдарындағы басқа қызмет орны болғанын ескермегенде, тұтас сексен жыл бойы балабақша қызметін атқарған. «Бір өкініштісі, балабақшаның ашылу салтанаты мен алғашқы тәрбиеленушілері туралы мәліметтер, мұрағат құжаттары сақталмаған», – дейді С. Теміртасқызы.

Соғыс жылдарында балабақша ғимараты әскери госпитальға айналдырылды. Бұл вокзалға өте жақын орналасқандықтан әрі келімді-кетімді әскердің хал-ахуалын қамтамасыз ету мақсатымен тікелей байланысты. 

Балабақшаның бір ерекшелігі, алғашқы кезде мұнда тек теміржол қызметкерлерінің балалары тәрбиеленген. Қарапайым қала тұрғындарының бұған қол жеткізуі екіталай дүние болатын. Сәбилер күлкісі мен шаттығы астасқан ордалы шаңырақ өз тарихында бір емес, бірнеше атауға ие болыпты. 1977 жылдың 23 тамызынан «№39 балабақша», «№39 «Веснянка» ясли-балабақша» деп аталып отырған екен. Сондай-ақ мекеме 2000 жылы «Қазақстан теміржолы» РКМ қарамағынан алынып, Астана қаласы Білім басқармасына берілді. Қала әкімінің 2008 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысы негізінде «№39 «Веснянка» ясли-балабақшасы» РМҚК «№6 «Көктем» ясли-балабақшасы» деген атауға ие болады.

Балабақша әдіскері С. Теміртасқызының айтуынша, мекемеге қатысты құжаттар аталған орынның мұрағат қорында ғана емес, қалалық мұрағатта да сақталмаған. Қазіргі кезде әр түрлі деректер там-тұмдап жиналып жатқанға ұқсайды.

Есесіне 1950 жылдардан бастап түсірілген тарихи фотосуреттер баршылық екен. Үш бірдей үлкен фотоальбомға жинақталған, сыры көп суреттердің хронологиялық ауқымы 1950 жылдардан 70-80 жылдар аралығын қамтиды. Бір фотоальбомда қаланың ескі бөлігінің тарихи көріністері сақталса, енді бірінде балабақша тәрбиеленушілері мен педагогтар, олардың қызметтері жайлы баяндалады.

Елбасы-Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың оныншы атасы деп есептелетін Қарасай батыр атындағы көшеде орналасқан балабақшаның қазіргі аумағы 7 мың шаршы метрге жуық. Территорияның оң қапталындағы тағы бір ғимарат 1970 жылдары салынып, пайдалануға берілген.

Балабақшада қазір 230 бала тәрбиеленіп жатыр. «Птенчики», «Көбелек», «Солнышко», «Қызғалдақ», «Ромашки», «Қарлығаш», «Пчелки» деп аталатын жеті топ жұмыс істейді, оның 4-еуі орысша болса, 3-еуі қазақ тобына тиесілі.  2011 жылы балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілген, көне ғимарат ескі ғасырдың жәдігеріндей сезілмейді, тек ішіне енген адам төбесі мен қабырғаларында сақталған өрнектерге қарап аңғаруға болады. Жаңа заманның балабақшасынан бір кем емес, керісінше артықшылықтарға ие.

Айталық, балабақшаның біз байқаған тағы бір ерекшелігі, ас дайындау, кір жуу бөлмелері және қоймалар бөлек ғимаратқа орналасқан. Атшаптырым аумақта үш ойын алаңынан басқа бір үлкен спорттық алаң арнайы жасақталған. Бас ғимараттан шығып, екінші корпусты аралап әңгімемізді жалғастыра жүріп, балалармен де таныса бастадық. Бөтен кісінің төбесі көрінсе, орыс-қазағы аралас шоғыр бірдей жамырап, «сәлеметсіз бе?» деп амандасып жатқаны. Аспан көз, сары шашты бір балақайдың «папалап» тұрған сәтіне кез болсам керек, «мен қалайша сенің папаң болам, түрім қара, сен сарысың ғой» деп күлімсіреп өте бердік. Жол бастап, жөн сілтеп жүрген әдіскер апай да езу тартты.

Сары демекші, балабақшада тәрбиеленушілердің ұлттық құрамы да әр қилы, қала астанасы ауысқанға дейін мұнда тек орыс ұлтының үстемдігі басым болса, қазірге кезде жалпы бала санының жартысына жуығын өзіміздің қаракөздер құрап отыр. Сол секілді мұны басқарушы тұлғалар да тіпті бертінге дейін орыс тілділерден болған. 2014 жылдан бері Алтынай Нұрмағамбетқызы Құсайынова басшылық қызметте.

Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, педагогикалық қызметте 25 жылдық өтілі бар лауазымды тұлға ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты негізінде тиісті шараларды әріптестерімен бірлесе атқаруда.

Ұжымда қызмет атқаратын 14 педагогтың 3-еуі жоғары санатты, тағы 3-еуі бірінші санатты мамандар, 6-уы екінші санатқа ие. 5 тәрбиеші «Білім үздігі» төсбелгісімен марапатталған. «Осы салада 20-30 жыл қызмет етіп, орасан бай тәжірибесі бар ардагер педагогтардың есімін атау – парызымыз дейді С. Рамазан. – Светлана Горемычкина, Марина Лапина, Анна Стрелец, Валентина Кирилюк, Бибінұр Жұмабаева, Ильмира Таласпаева, Балшат Кәрімбаева, Ләйлә Ескендірова, Любовь Красноженова, Жанар Өміртаева,  Римма Қуанышқалиева, т.б. жемісті еңбектерін бағалаймыз».

Бір жерде тапжылмай 20 жылдан астам қызмет істеген майталман мамандар әлі де сол қызметтерін жалғастырып отыр. Мысалы, балабақшаның мейірбикесі Гайдукова Надежда Александровна жас өскіндердің санитарлық жағдайына жауап береді. Ал Ильмира Қыпшақбайқызы мектепке дейінгі жасөспірімдердің физикалық күшін, тәрбиесін қадағалайды, бекітілген бағдарлама негізінде жоғарғы топ тәрбиеленушілеріне дене тәрбиесінен сабақтар жүргізеді, сабақ арасында жеке тұлғалық қасиеті қалыптаса бастаған балалардың қабілетіне көңіл бөледі. Дәмді тамақ, тәтті тағамдармен балалардың уақтылы тамақтанып, әл-қуаты артуында Шевель Ирина Борисовна мен Айгүл Анасқызы Минязевалардың еңбегі зор.

Балабақшаның шаруашылық жұмысы да қат-қабат, оны еңсеру үшін алымды да қарымды адам болмаса тағы қиын. Қажетті жабдықтармен қамтып, дүние-мүліктерді көздің қарашығындай сақтап, қорғау, түгендеу ісінде білікті маман Файруза Данифовна Жаппарованың аталған балабақшада табан аудармай істеп келе жатқанына биыл 16 жыл. Балалар төсек-орын жабдықтарын тазалап, жуып үтіктеп, қажет болған жағдайда сөгіп-тігіп, дайындап қоятын Белан Нина Юрьевна да көнекөздердің қатарында екен – 30 жыл бойы еңбек етіп келеді.

Балабақша қабырғасындағы көрнекі суреттер мен арнайы стендтер көркем безендірілген және оның түгелі дерлік мемлекеттік тілде орындалған. Ұлы ақын Абайдың нақыл сөздері жазылып, Елбасы Н. Назарбаевтың дәйекті сөздері ілінген. Бір сөзден айтқанда, ұзақ жылдар бойы орыс тілінде іс жүргізіп келген балабақшаның ендігі дәурені – қазақ тілінде! Адам жанын сүйсінткен өнегелі істің бірі осы болды. 

Бұл орайда мемлекеттік тілде білім мен тәрбие беретін қазақ топтардың ашылып, онда А. Оспанова, Г. Каримова, С. Арынова секілді жас мамандар өздерінің кәсіби біліктілігін арттыра түсуде.

«Ұжым берекелі, ұйымшыл. Біріне-бірі көмектесіп тұратын жанашыр топ. Қалалық әр түрлі мәдени-рухани шаралардан тыс қалмайды. Жас өскіндермен жұмыс істегеннің жөні бөлек қой, сауабы да мол. Әркім жетістіктерге жетіп, өз саласының білікті мамандары болуға ұмтылады» деді С. Теміртасқызы.

Аумағы кең, тал-мерегі мол өсіп, ең бастысы, тарыдай баладан таудай тұлға шығаруға талпынып жатқан және алдағы күндері 80 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізгелі отырған тәлім мен тәрбие ордасының болашағына табыстар тілей отырып, ескі де болса есті мекеме екен деген ойға бекіп қайттық.

 

Фотосуреттерді түсірген Артем ЧУРСИНОВ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?