Сонау ғасырларда Азия құрлығындағы, тоғыз жолдың торабы болған қасиетті қара жердің кіндігінде бір-бірімен бірлігі жарасқан қарға тамырлы қазақтың мамыражай тірлігіне көз алартқан үстем таптардың үздіксіз шүйлігуі, ғасыр тоғысында қапыда көк аспанда найзағай ойнатып, қазақтың басына озбырлықтың қара бұлтын қаптатып, зары басым зұлматты күнге жеткізді. Осындай үстем таптардың озбырлығынан Қазақ халқы тарыдай шашырап туған жерден біржола босқын болып, әлемнің жеті құрлығына босып кете барды. Осыдан соң:
Туған жерден айырылу қиын екен,
Мөлдіреп қара көзге жас келеді, –
деп «Елім-айлап» талай боздақтарымыз, озбырлықтың ауыр мұңын арқалап, шерменде болған жүрек түбіндегі өшкін сәуледен үмітін үзбей, жәудіреген көздерінің мөлдір тамшысын соңғы рет туған жер топырағына сығымдап төгіп-төгіп, ендігі үмітті адамнан емес, Алладан тілеп, «өлмегенген өлі балық жолығар» деп тірі жан, тісті бақаның тірлігін қайталап, озбырлық дейтін қара дауылға қасқая қарсы жүре берді. Бұндай қаскөй таптың үстемдігіне қасқайып қарсы тұрған қайсар күштің иесі, қазақ елінің шығысында туып, қазақ жерінің күнгейінде өмірінің соңғы минуттарына дейін күрескен көкжал батыр Зуқа еді.
Зуқа батырдың бұл күрескерлік рухы бүгінгі тәуелсіз қазақ тарихының шаң басқан парақтарына үлкен бір сілкініс әкелуінің өзі ерекше қуаныш екенін ешкім де жасыра алмас. Өйткені бұл ерлігінің ақиқаты мол, сондықтан тарихтағы орыны да орасан болмақ. Бірақ ерлігінен өзгешелеу Алтай сахарасында даңқын арттырып, ел бастауына негіз болған, орақ ауыз, от тілді шешендігі мен қазақ арасындағы талай зұлым би, сұлтандарды жөнге салғаны туралы айрықша атап өтпекпін. Зуқа батыр – кешегі Майқы билер мен Жиренше шешендердей алты Алашқа ұран салып, аттанға келтірмесе де, ел қорғаған үш бидің көзіндей болып сөз саптап, қарадүрсін болыстарға қарсы шапқан Махамбеттей сөздің майын тамызып, Сырым батырдай төрелерден әділ төрелікті талап еткенін Ұлттар баспасынан «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» деген ортақ атпен шыққан Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» атты есседе толық айтылған [1, 10-100].
Онда қазақ даласындағы бітпейтін жесір дауы туралы, үлкен бір дауда қазыбек руының «Қарауыл шоқысы» атанған даңқы биік, атақты Лақ биді ұтқыр ой, шешен тілімен өз орнына қойғанын атап өтуге болады. «...Бай ел, белді қазыбек руы сан жағынан аз болғаны үшін ителі руына үстемдік көрсетіп, қалың малын жартылай төленген ителі руының жесіріне құда болып, Лақ би өз інісіне алып бермек болған. Мұны ителі руы сүйегімізге басылған таңба деп біліп, ителінің үлкен-кішісі «өліспей-беріспейміз» деп Зуқа батырдың алдына келеді. Бұл дауға араласып лайықты шешпесе, адам өлімі шығатынын ойлаған Зуқа ақыры кіріседі. Алдымен ителінің атқамінер белді адамдарынан Лақ биге кісі жіберіп, тыныштықпен бітімге келуге көндірмек болады. Бірақ, мұнысынан нәтиже шықпайды. Лақ би: «Сені жіберген адамға айтып бар, мен ителінің қатынын емес, қалың беріп өз қатынымды алдым» деген жауаппен елші болған адамды қайтарады. Мұны естіген Зуқаның да қатты ашуы келіп, елшіге қарап отырып:
– Лақтың басқа айтқаны жоқ па? – деп сұрайды.
– «Сендер қойындарыңдағы қатындарыңа ие болып алсаңдар да жетеді» деп кекеткенен басқа ештеңе демеді, – дейді.
Зуқа қатты ашуланып, күшке күшпен жауап беру үшін Лақ бидің жылқысын қуып, барымтаға ұстайды.
Әлсіз ителі бүйтіп барымта алып, өзіне қарсы шығады деп ойламаған Лақ ашуы терісіне сыймай, екі жүздей азаматты бастап Зуқа ауылының қасына келеді. Бірақ Лақ би – ойланбай, екі шайнап, бір жұтпай іс қылмайтын адам. Ол кейін алдымнан өтіп елші жібермей күш көрсетті демесін деген оймен Зуқалар қабылдай алмайтын шарт қойып, кісі жіберіп:
– «Тыныш бітісем десе, бізге үй тіктіріп, сойыс дайындатсын. Алған барымтаның шып-шырғасын шығармай алдыма салсын, біздің қалың беріп алған қатынымызға жесірім деп жала жапқаны үшін Зуқа мен Әмби келіп намақұл болсын, егер бұған көнбесе тұрыстығын берсін», – дейді. Сонда Зуқа елшіге:
– Сен оған «тісіне қара өзек түскен Лақсың, мен азулы көкбөрімін, шайнап тастаймын» деп айтты де, мен де Лақ секілді жасағымды дайындап қойдым. Өз көзіңмен көр! – деп елшіні жеңінен тартып бір үйдің қасына әкеліп есікті ашты. Үй ішіндегілердің бәрі қаусаған қарт адамдар екен, ішінде өзі танитын тоқсандағы көксау шал да бар екен. Ол бұған қайран қалды. Зуқа елші жігітке:
– Жігіт, сен қайтып барып, менің айтқанымды жаныңнан қоспай, көзіңмен көргеніңді Лаққа айтып бар! – деді.
Зуқа ру намысы деп Лақтың жылқысын қудырып алғанымен, мұның арты не боларын ойлап, түрлі төтеп беру тәсілін ойластырды. Өйткені қазыбек елі – Сауыр төсіндегі ең бай, ең тегеурінді ру. Оның Лақ сынды ұстаған жерде қолы, тістеген жерде тісі қалатын, жез таңдай биі бар. Шағын, кедей ителіні екі шайнап бір жұтуға шамасы әбден келеді. Осындай күшті қарсыласына қалай төтеп беру керек?
Лақ би елші жігіт жеткізген хабарды естігеннен кейін, «Әй, мына Зуқа залым ителінің қаусаған бір шалын сойылға ұстап, өлтіріп алып, ердің құны деп қазыбекті майша шайнайын деген екен» деп ойлады да, қасына екі жігітті ертіп Зуқаның ауылына қарай жүріп еді, Зуқа алдынан шығып сәлем берді.
Лақтың еріні жыбырламады. Лақ сәлем алмаудың қазақ жолында үлкен қателік екенін біле тұрса да, мұнысы Зуқаға сес көрсету үшін еді. Бұған Зуқа:
– Мен сені керейдің Лағы екен десем, астыға салатын тулақ екенсің. Пайғамбардың сүннеті сәлемнен үлкенсің бе? – деп еді, Лақ өзінің ұтылғанын сезді.
– Сәлеміңді алмағаным жолдан тайғаным болар, елдесіп жатсақ айыбыңды аларсың, өзің елсің бе, жаусың ба? Осыныңды ет құлағыммен естиін деп келдім, – деді.
– Мен елдігім үшін алдыңнан шоқпар алып шыққаным жоқ, жүз байтал қалың берген жесірім үшін жүз жылқыңды барымта ұстағаным рас, керейдің жолымен ұтсаң аласың, ұтылсаң бересің, жоқ, ондай қылмай күшпен алам десең, жаумын. Біздің шешеміз де туғанда бір қой қалжа жеген, – деді Зуқа.
Лақ би сәл ойланып қалды, Зуқаның өзі ойлағандай әлжуаз жан емес екенін мойындады [1, 10-40].
Міне, бұл Алтай жеріндегі қазақ халқын тілінің күшімен билеген «Қазыбектің Қарауыл шоқысы» деп жұрт дүрліккен Лақ биді мойындата білуі Зуқа батырдың нағыз сөзге шебер шешен болуымен қоса, табанда ақыл тауып тайсалмай сөз бастайтын шешен екендігіне дәлел. Келтірілген мәтін оқиғаны толық суреттеу үшін әрі кейіпкерлер мінезін ашу үшін үзінді берілді.
Осы бір дауға желілес тағы бір үлкен дауда Зуқа батыр атағы Алтай жұртын дүркіреткен «Меркіттің Құлашегірі» атанған атақты Жәке бимен дауға түседі. Сонда Зуқа батыр тайсалмастан, Жәкеге:
– Мен сені керейдің Жәкесі, Меркіттің әкесі деп жүрсем, талысын ешкімге ұстатпайтын етікші, тырысқақ шал екенсің, – дейді [2, 9-10].
Алтай жұртын аяғынан тік тұрғызатын Меркіттің Құлашегіріне бұған дейін Алтай бетінде ешкім қарсы келіп көрмеген, тіпті қарсы келер Лақ бидің өзімен тең дәрежеде үзенгі қағыстыратын еді. Сауыр тауында Жәке бидің екпініне қасқайып қарсы келіп ықтыратын Ебінің өзегінен өрлей соққан қызыл жел ғана еді, енді міне, сол Ебінің қызыл желінен де екпінді болып Зуқа батыр ғана тілінің өткірлігі мен ақылының тереңдігімен қарсы сөз сөйлеп тұр. Биін билетуден асқан сөз шеберлігі Жиренше шешеннен қалған болса, енді сол ізді Зуқа батыр жалғағанын көріп отырмыз.
Зуқа батырдың бұл сөз шеберлігі әдебиеттен өз орнын алуы керек. Өйткені бұның бәрі де шет жерде жүрген қазақтардың әдебиетіміздің алтын қорына әкеп қосқан теңіздің тамшысындай болса да ерен еңбектері деп бағаланатына мен сенімдімін. Өйткені бүкіл шетте жүрген қазақтардың азды-көпті, үлкенді-кішілі шыққан әдеби шығармаларының бәрі бірігіп қазақтың үлкен әдебиетін құрайтыны бүгінгі ақиқат.
Р.S: Алдағы күндерде Оспан батырдың Алтай бетіндегі небір сөз алыптарымен болған, сөз тартысын (шешендігін) толықтай бір жүйеге келтірсек, батырдың да батыры ең бірінші қазақ сөзінің алдында бас игенін атап айта алар едік деп үміттенем.
Айжан КӨПТІЛЕУ
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Құсбегин Б. Зуқа батыр. Тарихи эссе. 2001. – 1-100-бб.
2. Татанайұлы А. Жәке шешен. // Алтай аясы. 1980, №2. – 9-10-бб.