Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Семей тарихының  Ертіс сүмбе -Эрчисын сумэ кезеңі

2033
Семей тарихының   Ертіс сүмбе -Эрчисын сумэ кезеңі - e-history.kz

Сурет: wikipedia.org

Қазақ елі Ресей империясының құрамында отаршылдықтың езгісінен еңсесін көтере алмай жүргенде, Ертіс бойында туған, ұлы дарияны жағалап бірталай тарихи-этнографиялық зерттеу экспедицияларын жүргізген, қазақтың жанашыры, жоқшысы болған ұлы ғалым Г.Н.Потанин «бұл жер, біздің өмір сүріп жатқан жеріміз, адамзаттың нағыз алғашқы отаны. Бұл жерде алғаш рет сенім (Күнге) пайда болды. Бұл жақтағы өзендер алғашқы адамдарға ана құшағы болса, тау шыңдарын олар әкеге балады. Мен қазір Адам ата мен Хауа ана мекендеген жұмақ Ертіс дариясының жоғарғы жағы деп сенімді айта аламын»  дейді (Потанин,1881,76-б.).

Семей-Ертіс өңірінің тарихы  адамзат баласы жаңа пайда болған палеолит дәуірінен басталады.  ХХ ғасырдың 90 жылдары Лебяжье (Қулы көл, Аққулы) маңында Ертіс жарқабағына орналасқан Қаратерек деген ескі қоныстан археологтар  палеолит дәуірінің тас қаруларының (чоппер, чоппинг) үлкен коллекциясын тапты. Палеомагнитті әдістермен зерттеу барысында бұл тас қарулардың 1,67-1,87 млн жыл бұрын жасалғаны анықталды. Бұл тек қана қазақ жері емес, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі адам қолынан шыққан көне қару екені сауатты адамға анық.  Дегенмен біз Семей-Ертіс өңірінің тым көне  замандардағы тарихын археологтардың еншісінде қалдырамыз да,  мақаламызда Семей-Ертіс өңірінің  ортағасырлардан басталатын үш кезеңі туралы сөз қозғаймыз. Біріншісі – Ертіс сүмбе - ерте түріктер, екіншісі –Дархан цорджы - қалмақтар, үшіншісі - Әбілпейіз сұлтан - қазақ дәуірі.

Біз Ертіс-Семей тарихының ерте кезеңдері туралы әр түрлі палеонтологиялық, немесе археологиялық жәдігерліктерден, жазба деректерден хабардармыз, бірақ олардың негізінде көне тарихқа қатысты ғылыми дәлелді қайта қалпына келтірулер болған жоқ. Сол себепті біз ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың іс қағаздарына, тарихи немесе өлкетану бағытындағы зерттеу жұмыстарына және топонимиялық деректерге сүйенеміз. Ал бұл деректер бізді көбінесе Көнетүрік кезеңіне бастайды. 

Семейдің тарихи атауларына қатысты деректерге шолу жасап көрейік. Бізге белгілі жазба деректері Семейге қатысты Семипалат атауын қолданады және орыс келгенге дейін  бұл жердің Дархан-цорджи (Дархан-Зорджин-кит, Зордшин-кит) атанғанын да оқырманға хабардар қылып отырады. Мысалы ресейлік ғылыми тарихнаманың негізін салған, алғашқы кәсіби зерттеуші  Г.Ф.Миллердің еңбектеріне қарасақ: «Так называемая «Семь палат» лежат на восточном берегу Иртыша… калмыки называют их Дарханъ-Зорджинъ-Китъ, говоря, что здания эти построил некий жрец Дарханъ-Зорджи, который и пребывал в них. Когда это было, они не знают. В Тюмени, древнейшем городе Сибири, я нашел в архиве грамоту царя Михаила Федоровича от 25 окт. 7125 (= 1616) г., в которой эти здания упомянуты под именем «каменных мечетей» (Миллер,т.1, с.145)..

Бұл жердегі қателік  Г.Ф.Миллер Михаил Федорович патшаның грамотасындағы  «тас мешіттерді»  Семей орнындағы  Дархан-цорджымен шатастырған. «Тас мешіттер» дегеніміз Ертіс сол жағалауында, қазіргі есеппен қарасақ Павлодар облысының Май ауданы жерінде, Ертіс жағалауында орналасқан Калбасун мұнарасы. Оның қалдықтарын, басқа да құрылыстарды  біз 2001 жылы экспедиция барысында таптық. ХVІІ ғасырдың соңында Ремезов жасаған картада осы Калбасун мұнарасының суреті берілген және: «Мечеть, урочище Калбаласун, пустой» деген жазуы бар.  1745 жылы жасалған академиялық атласта, Ремезов көрсеткен тұста  «Калбасунская башня» деп жазылған. Біз тарихи жазбаларда «Калбасунская башня», шын мәнінде «Қала балық сағұн» атауынан шыққан Ертіс бойындағы ірі қалалық қоныс. 

Біздің зерттеу жұмыстарымз күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған тамаша сәулет өнерінің жәдігерлігі болып табылатын Калбасун мұнарасы шамамен IX-X ғасырларда бой көтергенін көрсетеді. Мұнараның салыну тарихы  Үшінші Түрік қағанаты, нмесе Ұйғыр қағанаты аталатын мемлекеттің саяси дағдарысымен тікелей байланысты.  Бұл кезеңде бір мемлекетке өзара сыйыспай жүрген ұйғыр, қарлұқ, басмыл қауымдары Қырғыз қағанатының щабуылына ұшырады. 840 жылы Ұйғыр қағанатының Орхон бойындағы жүз жылдай бүкіл Орталық Азияға білім нұрын шашқан, өнеркәсібі дамыған  Қарабалғасын атты астанасы талан-таражға ұшырады (Радлов, 1892, 152 б.).

Ол кезде Ертіс бойында оғыздың жатақ топтары өмір сүруші еді, оларды  өзге тұркілер «кемек», яғни өзен адамдары атайтын. «қимақ» - өзен бойының адамдары деп жазады. «Кемек» атауына негіз беріп отырған «Кем» сөзі - өзен деген мағынаны береді. Мысалы Сібірдің Шығыс бөлігін мекендеген тайпалар әлі күнге дейін Енисейді «Ұлығ кем», яғни Ұлы өзен деп атайды. Атақты Гардизи  «кемектер өзенді  Құдай деп санайды, соған табынады» осы себептен жазады (Бартольд, 1973.-С.23-62). Осы Ертіс бойындағы кемек үстіне ІХ ғасыр ортасында ұйғыр, қарлұқ, басмылдар келіп қоныстана бастады.

Әбілғазы баһадүр ханның жазуынша Моңғолия жұртында ұйғыр тайпалары 3000  жылдай өмір сүріп: «одан кейін ыдырап, әркмге олжа болып, жан-жаққа бытырап  кетті. Бір бөлегі жұртында отырып қалды, бір бөлегі Ертіс өзенінің жағасына келді» дейді .  Түгелдей Ертіс бойына сыймағандықтан «бұлардың өзі тағы үшке бөлінді. Бір бөлігі Бешбалық шаһарына барып, егін егіп, дәулетті ел болды. Енді бір бөлігі жылқы, қой бпағып, Бешбалық маңында көшіп-қонып, көшпелі өмір сүрді. Үшінші бөлігі Ертістің тоғанында балық, құндыз, тиін, сусар аулап, етін жеп, терісін киіп күнелтті» (Әбілғазы,1992,33 б.). Бұл жерде Әбілғазының Бешбалық деп отырғаны Шығыс Түркістандағы ортағасчырлық қаларалар, Бес балық, яғни Бес қала. 

Бұл ұлы миграция М.Ж.Көпейұлы «Шежіресінде» «Апай-Бөрі  туралы» аңызда баяндалады. Осы тарихи аңызды терең қарастырсақ Ертіс жағалауына Апай-Бөрі тайпалары келген уақытта қыпшақтар осы жерді тұрақты мекендеп тұрғанын және қазіргі Павлодар қаласы маңындағы Құрманкөл (Құрмантұз,Коряковка) сияқты жер атауларының шығу себептеріне де анықтаймыз:  «Маған көктен  Жебірейіл періште рухы келтірген  жоқ. Естіген құлақтың жазығы жоқ…Естігенімді жаза бергендіктен  шержіреші атандым. 

Керекуге жиырма бес  шақырым жерде Құрман  тұзы деген тұз бар. Сол Құрман  Қыпшақ екен де, өзі мейлінше бай болған екен.  Жылқысының  есеп- санын өзі де  білмейді. Жалғыз баласы болыпты. 

Күндердің бірінде, салт атты, сабау қамшылы, бөрі тонды, бөрте атты жігіт келіп, бала болыпты. Малға шын жаны ашып қарағандықтан жылқы билігі сонда болыпты...» (Көпейұлы, 10 т, 44-46 бб. ). 

М.Ж.Көпейұлы «Шежіресінде» баяндалатын бұл тарихи аңыз Орталық Азия өңірінде IX-XI ғасырларда өріс алған алапат миграциялардан сыр тартады. Ұйғыр мемлекетінің 840 жылы Қырғыз қағанаты тарапынан үлкен соққыға ұшырауы, тонаушылыққа ұшыраған елдің жан-жаққа қаша көшіп кетуі көне аңыздың мазмұнынан байқалады. 

Міне, осы  840 жылы басталған ұлы көші-қон кезінде батысқа қоныс аударған ұйғыр, қарлұқ, басмыл тайпалары Орта Ертіс бойында бірнеше қалалар салды. Олардың бірі жоғарыда аталған Калбасун мұнарасы деген атпен белгілі қалашық және одан арғы жердегі Сырлықала, Қазан қорасы, Ақсарай атты қалалар. Ал одан жоғары, қазір Семей орнында, Ертістің оң жағасында  Ертіс сүмбе салынды. Бұл қалашықтан қалған жалғыз  ғимараттың ірге тасы ХІХ ғасыр басына дейін сақталды. 

Бұдан әрі Г.Ф.Миллердің қазіргі Семей қаласы орналасқан жерде 1734 жылғы жүргізген зерттеу жұмыстарына тоқталамыз. ХVІІІ ғасыр басында бұл жерде ортағасырлық құрылыстар да, қалмақ кезеңінде салынған ғибадатхана да толық қирап бітпеген қалпында тұрғаны байқалады. Ресей ғылыми тарихнамасының негізін салған және белгілі сібіртанушы  былай дейді: «Сообщу все, что видел своими глазами, когда из Семипалатинской крепости отправился к этим развалинам.Лежат они на возвышенной и бесплодной, по природе своей. степи, неподалеку от берега реки Иртыша, которая в этом месте с СВЮВ направляется к СЗЮЗ. Самое название показывает, что всех зданий 7, но это следует понимать так, что две комнаты одного и того же здания, разделенные стеною, не будучи соединены между собою дверью, принимаются за два разные строения. Одно из зданий отстоит от прочих почти на полверсты. Большая часть их построена из сырцового кирпича, как это делается по всей Бухарии. Только одно строение, бывшее, кажется, главным, на полвысоты (нижний этаж) состоит из плитняка (lapis scissilis), вырытого, по видимому, в той же местности».

Г.Г.Миллер бұдан әрі құрылыстарға сипаттама береді: «Здания имеют все четырехугольную, некоторые продолговатую форму. Величина зданий различна, но ни одно из них не превышает 15 обыкновенных шагов; стены редко толще 2 футов (1 фут -шамамен 12 дюйм немесе 0,305 м.-Ж.А.). Одно здание (ради придания ему большей прочности, как полагаю) по четырем углам поддерживается колоннами из того же сырцового кирпича. Одно возвышается на подобие пирамиды, постепенно суживается. Одно разделено на 3 комнаты. Одно, отстоящее, как я сказал, на ½ версты, меньше остальных, но выше их, почему и называется башней, построенной для караульных».  Г.Г.Миллер буддалық ғибадатхана құрылыстарынан бөлек салынған, оқшау тұрған биік ғимаратты қарауыл қарайтын мұнараға ұқсатады. Міне, осы мұнара әуел баста Калбасун мұнарасы сияқты шошақ құрылыс  болғандығы және Ертіс сүмбе (Эрчисын сумэ) атанғандығы сөзсіз. Тағы бір дәлел Ертіс сүмбенің жанынан табылған көнетүркілік  балбал тас: «Кроме того, возле большого здания лежит огромный, продолговатый камень (вроде надгробных), на верхней части которого изваяно человеческое лицо. Прежде, говорят, он стоял прямо, но затем, не знаю по какому случаю, был разломан на две части, из которых каждая была длинною почти в сажень. По близости видна была могильная яма, из которой, по словам наших проводников, несколько лет перед нашим приездом, было вырыто несколько унций золота. Хоронили здесь калмыцкие жрецы своих покойников, или эта могила сооружена более древними обитателями этих мест, трудно решить. Я готов предпочесть последнее, как потому, что у калмыков не принято хоронить покойников столь близко от жилищ, так и потому, что там повсюду множество древних могильных холмов, которые во всяком случае не новейшего происхождения. а сходны с нашею могилою в том отношении, что часто снабжали раскапывателей их массою золота и серебра».

Біз тағы да Г.Г.Миддер жазбаларына және сызбасына үңілейік: «...I) здание отстоящее от остальных почти на ½ версты и внутри все наполненное своими развалинами, так как, по рассказам, оно прежде возвышалось вроде башни; L) надгробная плита, разломанная на две части; M) раскрытая могила, в которой найдено несколько унций золота....». Әңгіме пұтхананың өзге құрылыстарынан бір километр (бір верста-екі километр шамасында) оқшау тұрған құрылыс туралы. Зерттеушінің айтуы бойынща ол мұнара түрінде салынған (возвышалось вроде башни), оның жанында байырғы түрік мәдениетінің тас балбалы (сынтас) екіге бөлініп сынып жатыр, дәл осы жерден бірнеше унция (1 унция- шамамен 30 грамм) алтын табылады. 

Екінші бір көңіл аударатын мәселе Семейден Өскеменге қарай шығатын қара жолдың бойындағы ескілікті құрылыстар мен ауыл шаруашылығы іздері. Г.Ф.Миллер Семей бекінісінен (бекіністің қазіргі орыны болуы керек) 37 шақырым асқаннан кейін жолдың сол жағынан 6 бөлмелі үлкен құрылыстың орнын, оның жанында арықтың ізі әлі де сақталып тұрғанын көргенін жазады.

Сонымен Ертіс сүмбенің жанынан табылған тас балбал және жерлеу орындары бізді көне түрік дәуіріне бастайды. Сонымен бірге қайтыс болған адамның құрметіне топырақтан оба көтеру, тастан қоршау жасау, шығыс жағынан балбал орнату қыпшақ заманында да жалғасты. Деректі тым әріден іздемей-ақ  В.Рубрукқа (XIII в.) сүйенейік: «Команы насыпают большой холм над усопшим и воздвигают ему статую, обращенную лицом на восток и держащую у себя в руке перед пупком чашу. Они также строят для богачей пирамиды, т.е. остроконечные домики, и кое-где я видел большие башни из кирпичей, кое-где каменные дома, хотя камней там не находится…»(Рубрук, 1993,59-б).

Семейдің біз қараған «Геометрический планында» Алаш жағында (Заречное) бірнеше ірі қорғандар көрсетілген. План жасаушылар оларды «чудские бугорки» деп атаған екен. Орыстың «чудь» дегені көнені білдіреді, қазақтың «мық» дегені сияқты. Картаға қарасақ Татар слабодкасының екі жағынан кездесетін қорғандар да тым көзге түсерлік. Қазақ зиратының жанында да бірталай қорғандар көрсетілген (Геометрический план от 1858 г.). 

«Эрчисын сумэ» атауы алғаш рет ойраттың атақты дін басы және ағартушысы Зая-пандитаның өмірбаяны жазылған «Сарин герл» (Ай сәулесі) кітабында кездеседі (Норбо,1999). «Эрчисын сумэ» атауын қазақ тіліне аударсақ «Ертістегі сүмбе» болып шығады. «Сүмбе» сөзін қазақ  биік, жоғарыға шаншыла салынған құрылыстарға, биік, тік өскен ағаштарға т.б. қатысты қолданады. Моңғол тілінде  кез келген діни құрылысқа (христиан, мұсылман, будда) қатысты қолдана беретін «сүм» деген сөз бар, бұл сүмбенің ауыз екі тілде оңайлатылған түрі, не түбірі болуға тиісті. Қазақтың «сүң», «сүңгі», «сүңгуір» т.б. сөздері де сол сөздің ағайыны деп танимыз. Түпкі мәні биікке шаншыла көтерілген, қарауыл мұнарасы, басында үшкір күмбезі бар құрылыс.

-Сонымен Семейдің байырғы замандағы атауы «Ертіс сүмбе» 840 жылдары Орхон бойынан қоныс аударған ұйғыр, қарлұқ, басмыл қауымы осы жерде салған мұнарамен байланысты. Сырдарияның жағасында, Қаратудың баурайында биікке шаншылған Ақ сүмбе мен Ертістің жағасында қалың елдің қонысы, өткелдің белгісі болған Ертіс сүмбе арасында тікелей  байланыс бары шәксіз. 

Әдебиет:

  1. Артыкбаев Ж.О. Среднее Прииртышье в контексте проблем истории Евразийских степей. Павлодар, 2007.
  2. Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы,1992.
  3. Бартольд В.В. Извлечения из сочинения Гардизи Зайн-ал-Ахбар. Приложения к «Отчету  о поездке в Среднюю Азия с научной целью. 1893-1894 гг.» // Соч., - Т.ҮІІІ.-М., 1973.-С.23-62.
  4. Геометрический план выгонной земли Областного города Семипалатинска от 1858 г. / из фондов Семипалатинского  краеведческого музея/.
  5. Көпейұлы М.-Ж. Шығармалары. 20 томдық. Павлодар, 2013.
  6. Миллер Г.Ф. История Сибири. Т.1. М-Л., 1937, Изд.2-е. М., 1999; т.2. М-Л., 1941.
  7. Норбо Ш. Зая-пандита / Материалы к биографии/. Элиста, 1999.
  8. Потанин Г.Н. Очерки Северо-Западной Монголии. Результаты путешествия в 1876-1877 годах// Изд. РГО. СПб.,1881. Вып.1.
  9. Радлов В.В. Атлас древностей Монголии. Вып.1, Спб., 1892.
  10. Рубрук В. Путешествие в восточные страны Вильгельма де Рубрука в лето благости 1253 // Путешествия в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. Алматы, 1993.
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?