Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күндерек. 25 ақпан - әлем және Қазақстан тарихында

1527
Күндерек. 25 ақпан - әлем және Қазақстан тарихында - e-history.kz

25 ақпан – григориан жылнамасының 56-күні. Бұл күні дүниежүзі елдерінде бірнеше айтулы мереке атап өтіледі. Қазақстан тарихында елеулі орны бар бірнеше айтулы тұлғалар дәл осы күні дүние есігін ашқан.

24 ақпанда дүниеге келген тарихи тұлғалар

Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев – танымал қазақстандық физик-математик ғалым. ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері. 1956 жылы 25 ақпанда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі кентінде дүниеге келген. Ауылдық мектептен кейінгі оқуын 1970-1972 жылдары Алматыдағы №56 Қаныш Сәтпаев атындағы физика-математика мектеп-интернатында оқыды. Физика-математика мамандығы бойынша жоғары білім алған соң, 1980-1990 жылдары қазіргі Математика институты) кіші, аға, жетекші ғылым қызметкер болды. 1990 жылдан сол институтта алгебра лабораториясының меңгерушісі болған. Асқар Жұмаділдаевтің негізгі ғылым-зерттеу еңбектері Ли алгебрасының когомология теориясына арналған. Отандық, ресейлік, шетелдік институттар мен ғылыми мекемелерде қызмет атқарған. Қазір де ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғылданады

Меруерт Қаратайқызы Өтекешeва – кино және театр актрисасы. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясының иегері. 1951 жылы 25 ақпанда Орал қаласында дүниеге келген. 

1968 жылы Алматыдағы №66 мектепті тәмамдаған. Осы тұста белгілі режиссер Сұлтан Қожықов «Қыз Жібек» фильміне кастинг жариялайды. Жүздеген үміткердің арасынан Қыз Жібектің рөліне Меруерт Өтекешева лайықты деп таңдалып, аталған рөлді ойнауға шақырылады. 1969-1973 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік мәдениет институтының театр факультетінде оқып тәмамдайды. КСРО Халық артисі, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Хадиша Бөкееваның дәрісін тыңдайды.1973 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында артистік қызмет атқарады. Көптеген айтулы рөлдерді сомдаған. «Қыз Жібектен» өзге оншақты фильмге түскен. 

Қайрат Нұртас – қазақстандық эстрада әншісі. «Құрмет» орденінің иегері. Қазіргі кезеңдегі қазақ эстрада әншілері арасындағы ең танымал жұлдызы болушы Айдарбеков Қайрат Нұртас 1989 жылы 25 ақпанда Түркістан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген. 1997 жылы алғаш «Махаббат мұңы» деген ән айтып сахнаға шығады. 2005 жылы Эстрада-цирк колледжіне оқуға түседі. 2006 жылы үлкен сахнаға шығып, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының концертінде «Әке» атты ән орындайды. 2008 жылы 25 ақпанда туған күніне орай Алматы қаласындағы Республика сарайында алғаш жеке концертін береді. Бұдан соң республика қалаларында, шетелдерде өнер көрсетеді. 2011 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған «Екі жұлдыз» байқауына қатысты. 2012 жылы: 25 ақпанда «KN» журналының тұсауы кесілді. Кейінірек осы атаумен киім брендін шығарды. 2013 жылы өзі ойнаған «Өкініш» атты фильмінің премьерасы өтті. Көптеген отандық, шетелдік музыкалық байқаулардың жеңімпазы, Қазақстанның үздік әншісі атағына ие болған. 

25 ақпан - әлемде 

25 ақпан – Кувейт мемлекетінің азаттық күні ((National Day in Kuwait). Бұл мереке 1961 жылы 25 ақпанда Кувейт елінің британ протекторатынан азат етілуі мен Кувейт әмірі Абдалла ас-Салем ас-Сабахтың ресми таққа отыруына байланысты атап өтіледі. Кувейт тарихына үңілсек 1897 жылы Кувейт шейхы Осман империясының басы кіруінен қорғану үшін Ұлыбритания корольдігінен көмек сұраған болатын. 1899 жылы 23 қаңтарда Британия мен Кувейт келісімшартқа отырды. Бұл келісімшарт бойынша Ұлыбритания империясы Кувейттің сыртқы саясатын бақылауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік берді. Кувейт шейхы отбасы да Британияның қамқорлығына алынды. Осы жағдай 1961 жылға дейін жалғасты. Осы жылы Ұлыбритания билігі Кувейтке толықтай тәуелсіздік беруге шешім қабылдады. Бірақ бұл шешімді орындап, шағын мемлекетке азаттық беру оңай болмады. Себебі, жерасты байлығы мұнай мен газға аса бай Кувейтті көрші мемлекет Ирак өз құрамына қосып алуды көздеді. Ирактың бұл ниетіне Ұлыбритания мен Араб Лигасы елдері қарсы болды. Кувейт 1961 жылы толық тәуелсіздігін жариялады. Кувейт өзінің географиялық орналасуы, мұнай сатудағы тиімді жағдай арқылы әлемдегі бай елдердің қатарына қосылды. Бұл жағдай Ирак пен өзге де көршілес елдердің қызғанышын тудырды. Ақыры көптеген себептерге байланысты Ирак билеушісі Саддам Хусейн 1990 жылы 2 тамызда Кувейтті басып алуға шешім қабылдап, әскер кіргізді. Кувейтті басып алғанымен, әмір ІІІ Жаберді қолға түсіре алмады. Ол Сауд Арабиясына тікұшақпен қашып үлгерді. Босқындар легі арта түсті.

Қуғындағы Кувейт билігі мен Сауд Арабиясы бұл шиеленісті жағдайдан шығу үшін АҚШ бастаған әлем елдерінен тан көмек сұрады. Иракқа Кувейттен шығып кету туралы талап қойылғанымен, орындалмады. Ақыры коалициялық күштер 1991 жылы 17 ақпанда Кувейтті азат ету операциясын бастады. «Шөлдегі дауыл» аталған бұл әскери операцияға әлемнің 42 мемлекеті қатысты. 1991 жылдың 24-28 ақпаны күндері арасында коалиция күштері Ирак армиясын тізе бүктіріп, Кувейтті азат етті. Кувейт пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылы 11 қаңтарда орнатылды.

25 ақпан – Грузиядағы Кеңес оккупациясы күні. Ресейдің билігін толықтай қолға алған большевиктер бұрынғы Патшалық Ресейге қараған өңірлердің бәрінде совет үкіметін орнатуға кірісті. Бірақ бұл тәуелсіз республикалар тарапынан, әсіресе Кавказдағы шағын мемлекеттер тарапынан үлкен қарсылыққа тап болды. Дегенмен, Кавказға әскери басым күшпен кірген Қызыл Армия біртіндеп жеңіске жете бастады. 1920 жылдың көктемінде совет әскерлері Әзербайжанды басып алып, онда совет үкіметін жариялады. Бұдан соң Қызыл армия Грузияға қарай жылжығанымен, кедергілерге тап болды. Грузиядағы большевиктік көтерілістер талқандалумен бірге халықаралық жағдайға байланысты совет билігі үлкен күшпен шабуылдауға шамасы жетпеді. Сондықтан большевиктер 1920 жылы 7 мамырда Мәскеуде Грузия Демократиялық Республикасымен бейбіт келісім туралы шартқа қол қойды. Нәтижесінде совет әскерлері Грузия шекарасынан әкетілді және РСФСР Грузияның ішкі ісіне араласпауға міндеттенді. Ал Грузия коммунистік партияның қызметіне кеңшілік жасайтын болды. 

1920 жылдың күзіндегі армян-түрік соғысы нәтижесінде Қызыл Армия бөлімдері Арменияға кіріп, бұл елге совет билігін орнатты. Сөйтіп Грузияның екі көршісі большевиктердің билігіне көшті. Алдыңғы жасалған келісімге қарамастан, Ленин бастаған коммунистік билік Грузияны басып алып, советтендіруге шешім қабылдады. Жергілікті коммунистердің көтеріліс шығаруына қолдау білдірген Қызыл Армияның 11-армия бөлімдері ақпанның ортасында Грузияға шабуыл бастады. 1921 жылы 25 ақпанда Қызыл Армия Тбилисиге басып кірді. Дәл осы күн Грузия Демократиялық Республикасына совет билігі орнаған күн болып саналады. 2010 жылы 21 шілдеде Грузия Парламенті «Кеңес оккупациясы күні туралы» Жарлықты бекітті. Бұл күні мемлекеттің тулары түсіріліп, минуттық үнсіздік жарияланады.

25 ақпанда дүниеге келген шетелдік танымал  тұлғалар

Евгений Николаевич Мешалкин – әйгілі кардиолог, кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Социалистік Еңбек Ері, Лениндік сыйлықтың иегері. 1916 жылы 25 ақпанда Екатеринослав (қазіргі Новосибирск) қаласында, инженер теміржолшы отбасында дүниеге келген. 1918 жылы отбасымен Дондағы Ростовқа, 1928 жылы Мәскеуге қоныс аударады. Мұнда жетінші сынып бітірген соң ФЗУ-ге түсіп жұмысшы болады. Бұдан соң медициналық білім алу арманын жүзеге асырып, 1941 жылы Екінші Мәскеу медицина институтын бітіріп шығады. Соғыс жылдарында армияға алынып, майдан даласында оталар жасайды. 1946 жылдан бастап хирургия саласында қызмет атқарады. 1958 жылы «Жүректің туа бітті тесігі» атты кітабы үшін А.Н.Бакулев пен Е.Н.Мешалкинге Брюссельдегі Бүкіләлемдік көрмеде Гран-При беріледі. Жүрек-қантамырлары ауруларын емдеу бойынша дүниежүзінде көптеген жаңа тәжірибелер енгізген әйгілі ғалым 1965 жылдан 1991 жылға дейін РСФСР Денсаулық сақтау министрлігінің Қанайналым патологиясы институтын басқарды. 1997 жылы 8 наурызда өмірден өтті.

Джордж Харрисон – британдық рок музыкант, әнші, композитор, жазушы, продюсер, гитарист, "The Beatles" тобында соло-гитарист болған. Әлемдік музыкканың мегажұлдызы Джордж Харрисон 1943 жылы дүниеге келді. Ол 1943 жылы 25 ақпанда Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында католик отбасында дүниеге келді. Кішкентайынан гитараға әуес болған ол оқушылық кезден бастап аккордтарды тамаша деңгейде тартып үйренеді. Онымен бір мектепте оқыған келесі бір болашақ «Битлз» жұлдызы Пол Маккартнимен достасуы өміріне үлкен белес болады.

1957 жылы Джордж «Комбо» атты топ құрады. Осы жылы Джон Леннон «The Quarrymen» атты топ құрып, Харрисон мен Маккартни осы топқа қосылады. Джордж Харрисон 16 жасында мектепті тастап кетіп, жұмыс істеп ақша таба бастайды. 1959 жылы Леннон топтың атын «The Silver Beetles» деп атайды. Аз уақыт өткен соң «The Beetles» деген атауға тоқтайды. Харрисон осы топта өз орнын тауып, әлемге әйгілі болады. Ол гитара ойнаумен қатар, өзі де ән шығарды. Алғашқы «Don’t Bother Me» әнін 1963 жазып тыңдармандарына ұсынды. «The Beetles» тобы тарқаған соң, ол 1968-жылдан бастап жеке шығармашылықпен шұғылданды. Әйгілі музыканттармен бірге ән салды, альбомдар шығарды. Әлемге әйгілі музыкант Джордж Харрисон 2001 жылы 29 қарашада дүниеден өтті.

25 ақпанда Қазақстанда болған елеулі оқиғалар

- 1971 жылы 25 ақпанда Жезқазған жез балқыту зауыты іске қосылды. Бұл кәсіпорынның жылдық қуаты – 100 мың тонна катодтық жез өндіруге жетеді.

- 1994 жылы 25 ақпанда Қазақстан Республикасы мен Камбоджа корольдігі арасында дипломатиялық қатынас орнатылды;

- 1999 жылы 25 ақпанда Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы халық санағы жүргізілді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?