«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

105 жыл бұрын: Алаш арыстары сәуір айында не істеді?

852
105 жыл бұрын: Алаш арыстары сәуір айында не істеді?

Биыл қазақтың тұңғыш саяси Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына 105 жыл толып отыр. Біз «1917 жылы саяси ұйым мен ұлттық үкімет құрылды» деп бір сөзбен жаза салғанымызбен мұның артында қыруар жұмыстар жүргізілді. Нақтырақ айтсақ, еліміздің әр аймағында өткен съездердің арқасында Алашорда үкіметінің Ленин мен Сталиннің алдында сөзі өтімді болды. Ал саяси партия мен ұлттық үкімет құрылғанға дейін Алаш арыстары қандай қадамдар жасады?

1917 жылдың 8 науырызы күні Әлихан Бөкейхан Минскіден Семей, Қарқаралы, Орал, Петропавл және басқа қалаларға телеграммалар жолдап, елде болып жатқан саяси өзгерістерге баға берді. Ұлт көсемі өзінің жақтаушыларын ұлттық комитет құру үшін шұғыл түрде сайлау өткізіп, уақытша үкіметті жасақтауға шақырды. Осыдан бір күн бұрын яғни 7 наурыз күні Семей қаласында Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков бастаған ұлт зиялылары қазақ комитетін құруға қатысты бірінші жиынды өткізген болатын. Аталған жиында қаланың «Заречная Слободка» деген бөлігін Алаш қаласы деп атау туралы шешім қабылданды.

Осы жылдың 15 науызында Минискіден Әлихан Бөкейхан бастаған 15 қайраткер Алаштың 25 белгілі елді мекендегі нақты азаматтарға хат жолдады. Аталған хатта «Жаңа құрылған үкімет дүкенін сүйеу үшін қазаққа ұйымдасу керек. Учредительное собрание сайлауларына қазақ болып қамдану керек» деп жазылған. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының тапсырмасының аясында жер-жерде құрылтай жиналыстар өтіп, жаңа ұлттық үкіметтің дүниеге келуіне алғашқы қадамдар жасалды.


Тынымсыз сәуір


Иә, 1917 жылдың сәуір айы Алаш арыстары үшін тынымсыз өтті деуге болады. Жер-жерде қазақтың игі жақсылары бас қосып, ұлттың болашағын талқылады.

Ең алғашқы Торғай облыстық съезі 2-8 сәуір аралағында Орынбор қаласында өтті. Съез жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бюроның құрамын бекітіп, оған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды тағы да басқа азаматтар мүше болып енді. Ахмет Байтұрсынұлы съез төрағасы болып сайланған жиында қабылданған қаралар бүкілхалықтық мәнге ие болғанын айтып өткен жөн. Съездің күн тәртібі 14 мәселеден тұрды.

-         Жер жердегі азаматтық мәселелер;

-         Жалпықазақтық және жалпымұсылмандық съездер;

-         Мемлекеттік басқару формалары және құрылтай жиналысы;

-         Дін басқармасы;

-         Аграрлық мәселе;

-         Сот;

-         Земство;

-         Баспасөз;

-         Почта;

-         Қоғамдық қаражат;

-         Уездік бастықтар мен зиянды чиновниктер;

-         Соғысқа көзқарас;

-         Қазақтарды тыл жұмысына шақыруға байланысты Торғай облысында болған оқиғалар.

Жалпы осы сәуір айының өзінде 7 құрылтай өтті.

- 12-14 сәуірде Алматы қаласында Жетісу облыстық қазақ съезі өтіп, оның төрағасы Ыбырайым Жайнақов болды;

- 16 сәуірде Ташкент қаласында Түркістан мұсылмандарының І құрылтайы өтті.

- 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында Орал облыстық қазақ съезі өтіп, оның төрағасы Жаһанша Досмұхамедұлы болып сайланды. Орал облыстық қазақ съезінде құрамы 22 адамнан тұратын тұңғыш рет қазақ комитеті құрылды.

- 20-25 сәуірде Бөкей Ордасы облыстық қазақ съезі өтіп, оның төрағалығына Уалитхан Танашев сайланды.

- 25 сәуір мен 7 мамыр аралығында Омбы қаласында Ақмола облыстық қазақ съезі өтіп, оның төрағалығына Айдархан Тұрлыбайұлы сайланды.

- 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында Семей облыстық қазақ съезі өтіп, оның төрағалығына Жақып Ақбаев сайланды.

Бір сөзбен айтқанда осындай тынымсыз тіршілік 21-26 шілде күндері Орынбор қаласында өткен Бірінші жалпықазақ съезінің ұйымдастырылуына құқықтық негіз қалап берді. Онда қазақтың тұңғыш Алаш саяси партиясы құрылып, аталған саяси ұйымның төрағасы ретінде бұған дейін қазақ арасында ұлт көсемі ретінде танылған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан таңғалды.

 

Совет үкіметі Алаш арыстарымен санасуға мәжбүр болды – Тарихшы

 

Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді қазақ даласында ол кезде ұзын-ырғасы 68 съез өткенін айтады. Бұл құрылтайлар Қазақ елінің мемлекеттілігін қалыптастырудағы жан берісіп, жан алысқан жанталас болатын.

– Ол съездер қазақ тұратын барлық облыстар мен уездерде тіпті кейбір кішігірім болыстарда да өткен. Бұл съездердің өтуіне үндеу тастаған жұрт арасында айрықша беделге ие «Қазақ» газеті болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінде съез ұйымдастырудың түпкі мақсаты мынада жатыр: Ақпан революциясы болып, патша тақтан қуылғаннан кейін уақытша үкімет орнады. Сол кезде барлық облыс, уезд және болыстарда уақытша үкіметтің комитеттері құрыла бастады. Әу баста ол комитетті Қазақстанға көшіп келген орыс секілді еуропалық халықтар ұйымдастырып, құрды. Олар уақытша үкіметтің комитеттеріне ие болып, өздерінің жұмыстарын жүргізе бастады.

Сол кезде «Қазақ» газеті «Сендерде өз комитеттеріңді құрып, өз тіршіліктеріңді өздерің жасаңдар» деп жазғаннан кейін қазақ комитеттері құрылды. Ал қазақ комитеттерін құруға себепші болған қазақ съездері болатын. Облыс, уезде және болыстарда өткен съезде күн тәртібінде жер, әйел теңдігі, білім секілді маңызды мәселелерді алға қойды. Сол съездерде қазақ комитеті өмірге келді. Қазақ съездері Торғай, Семей, Жетісу секілді қазақтың әр аймағында өтті.

Қазақ қоғамында өзекті болып тұрған мәселелер съезде қаралып, оның шешу жолдары қарастырылған. Съездің нәтижесінде құрылған қазақ комитеттері мен уақытша үкіметтің арасында теке-тірестер болған. Қазақ комитеттерінде негізінен қазақтар кірген ғой. Ал Жетісу және Семей өңірінде уақытша үкіметтің комитеті және қазақ комитеті болды және олардың арасында тайталас болған. Уақытша үкімет әрине өзінің орыстары мүше комитетті мойындаса, ал қазақ комитеттері тайталасып жүріп өзінің құқығын қорғауға күш салған.

– Бұл съездер кейін Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуына себепші болды ғой...

– Иә, әрине. Кейін Алашорда үкіметі құрылған кезде қазақ комитеттерінің бәрі де аталған үкіметтің жергілікті жердегі мекемесі болып шыға келді. Шындап келгенде қазақ комитеттері қазақ мемлекеттілігін жаңғырту әрекеті болатын. Қазақ съездері құрған қазақ комитеттері кейін Алашорда құрылған уақытта сол үкіметтің органдары ретінде қалыптасты. Кейін Алашорда үкіметі Совет үкіметімен келіссөз жүргізген уақытта Семейден Әлихан Бөкейхан мен Халел Ғаббасовтың Мәскеудегі Ленин мен Сталинге қойған ең бірінші талабы «Сіздер қазақ комитетін мойындасаңыздар, біз Совет мекемелерін мойындаймыз» деген болған. Алайда Ленин бастаған Совет үкіметі қазақ комитеттерін мойындамай қойды.

Mambet-Kulzhabajuly-Kojgeldiev.jpg

– Алашорда үкіметі төменнен ұйымдастырды ғой. Демек оның легитимділігі болды...

– Қазақ комитеттері арқылы Алашорда үкіметі өзінің легитимді үкімет екенін көрсетті. Себебі қарапайым халық өздері сайлағаннан кейін оны қызғыштай қорғайды ғой. Шын мәнінде аталған үкіметке қарапайым халық айрықша сенім артып, қолдады. Себебі қазақ комитеттері мен Алашорда үкіметі заңды билік болатын. Ал Совет үкіметін қазақ өзі сайлаған жоқ. Олар патша үкіметінің мекемелеріне келіп, ешкіммен ақылдаспай орнай салған болатын. Менің ойымша қазақ еліне орнаған Совет билігі легитимді емес. Қазақтар үшін заңды үкімет қазақ комитеттері мен Алашорда үкіметі болатын.

– Сіз қазір еліміздің әр аймағында 68 съез өтті деп айтып отырсыз ғой. Бірақ осы құрылтайды өткізуде қаншама хат алысулар болды. Біз сезе бермейтін ауқымды жұмыстар атқарылды ғой...

– Жалпы алаштықтардың кереметтігі олардың жанкешті еңбегінде жатыр. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары нақты әрекетке 1905 жылдан бастап белсенді кірісті. Олар өздері құрған ұлттық газеттен арнайы орган жасағысы келді. Алайда 1905 жылы газет шығаруға қажетті қаржыны Патша үкіметі жинатпай қойды. Ол газет арада 8 жыл салып, 1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілігімен Орынбор қаласында ашылды. Олардың мақсаты қазақ қоғамын ұйымдастырып, соңынан ертіп, мемлекеттік идеяны тарату болатын. 1905 жылы басталған қозғалыс 1917 жылы қазақ комитеттерін жасақтап, тіпті Алашорда үкіметін құрып жіберді. Бұл енді біле білген адамға құбылыс қой. Тіпті мұндай аз уақытта көп іс тындыру Еуропаның өзінде болмаған. Небәрі 12 жылдың ішінде ұлттық мемлекетті жаңғыртудың деңгейіне жетті және оны жаңғыртты. Бұл біле білген адамға құбылыс болатын. Біздің «Алаш, Алаш» деп зарлайтынымыз осыған байланысты ғой.

Съез ұйымдастырудағы негізгі себеп – «Қазақ» газетінде жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының идеясымен жазылған үндеу болатын. Ол кезде қазақ интеллегенциясы өте белсенді әрі бәрі бір ауызды болды. Осының арқасында олар ауқымды істі қолға алып, облыс орталықтары мен уездерде құрылтай өткізе бастады.

– 1917 жылы Әулиеата және Жетісу өңірінде қазақ құрылтайы өткені белгілі. Алайда аталған құрылтайды ұйымдастырушылар Әзімхан Кенесарин мен Ыбырайым Жайнақов туралы аз айтылады...

– Иә, алаштың оңтүстік өңірінде Алашшыл азаматтар болған. Мысалы Тараз қаласында өткен Әулиеата съезінде қазақ комитеті құрылып, оның төрағасы болып Хан Кененің ұрпағы Әзімхан Кенесарин сайланады. Оның қатарында Байзақ датқаның тұқымы Мәулен Байзақов секілді азаматтар болды.

Ал Жетісу өңіріндегі жиынды бастаған Ыбырайым Жайнақов болатын. Тіпті ол іргедегі қырғыздарды съезге қатыстырды. Себебі айыр қалпақты ағайындар ол кісіні тыңдады. Өкінішке қарай аталған тұлға туралы аз айтылады. Себебі ол Совет үкіметі орнағаннан кейін Шығыс Түркістанға өтіп кетті. Сонда жүргенде Жайнақовтың ісімен ОГПУ қызметкерлері айналысып, аңдыған жау алмай қоймайды дегендей ақыры өлтіріп тынды. Біреулердің мәліметі бойынша ол кісіні елге алып келген көрінеді, енді біреулер қайраткердің сол жерде өлтірілгенін айтады. Нақтысын ешкім білмейді. Алаштың аты аталмай, елеусіз болып қалған осындай тұлғаларын зерттеу керек.

– Тарихта «егер» деген сөз болмайды дейді ғой. Бірақ жер-жерде құрылтайлар ұйымдастырылып, қазақ комитеттері құрылмағанда Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының Лениннің алдында сөзі өтімді болар ма еді?

– Алаш 1917 жылдың желтоқсан айында өткен съездің шешімдері мен хаттамасын Халел мен Жанша Досмұхамедұлы арқылы Ленин мен Сталинге тапсырды ғой. Олар Алашорда деген үкімет құрғанын және автономия жарияламақ болғанын олар жақсы білді. Онда шекара мәселесі де жақсы айтылды. Осы әр өңірде өткен съездердің арқасында Совет үкіметі Алаш арыстарымен санасуға мәжбүр болды. Қазақ деген ел бар екенін және олардың талап-тілегімен Ленин мен Сталин есептесуге тура келді. Бұл әр өңірде ұйымдастырылған съездер мен сонда қабылдаған қаулының күші деп білемін.

Міне осыдан кейін барып алаштықтар әскер құруға кірісіп кетті. Ақтар жағынан шығып, оларды қолдады. Большевиктерге қалай болғанда да Алашты мойындауына тура келді. Ақтардан жеңіліп қалмау үшін Алашты өзіне тартты. Егер сол кезде Алаш арыстары жан алысып, жан беріспегенде біздің 1920 жылы автономия алуымыз екіталай еді. Ал Советтік автономиядан кейін 1991 жылы Қазақ елі өз алдына бөлек мемлекет болды.

 

P.S. Біз бұл мақалада бір ғана сәуір айында өткен құрылтайларға назар аудардық. Алайда тарихшы айтқандай қазақ елінде 68 съез ұйымдастырылған. Олардың әр қайсысы қазақтың болашағы жарқын болу жолында ұйымдастырылған болатын.