Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Маңғыстау тарихы – тылсымға толы бай тарих

4277
Маңғыстау тарихы – тылсымға толы бай тарих - e-history.kz

Киелі Маңғыстау өңірі – әулие мен әмбиелер, батырлар мен ақындар көптеп дүниеге келген қасиетті өңір. Оның топырағы, тауы, шатқалы, теңізі – бәрі де көне тарихтан сыр шертіп, салтынан айнымас өлке екенін айғақтап тұр.

Маңғыстаудың ойында,

Үш жүз алпыс әулие.

Бес намаздың жайы үшін,

Қадамын санап басқан жер, – деп жырлайды зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы. Қазыналы Маңғыстауды «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер» деп айтушы еді. Шынында сол жеті жұрттың сан алуан мәдени құндылықтары қаз-қалпында сақталған. Көшпелі сәулет өнерінің жарқын да қайталанбас үлгілері, қазақтың алғашқы қауымдық дәстүрлі мәдениеті сіңген өлке екені айтпаса да түсінікті. Тіпті Маңғыстау сөзінің шығу төркінінде де сан түрлі пікірлер бар. «Мың ауыл» немесе «Мың қыстау» дегені халық арасында кеңінен тараған. Жергілікті халық та осы сипаттағысын жиі айтады. Маңғыстау облысының тарихи және киелі жерлеріне Бекет ата, Шақпақ ата, Сұлтан үпі және тағы басқа жер асты мешіттері жатады. Бұл жерлерге осы күндері зиярат етуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген адамдар келеді. Ортағасырлық Қызылқала қаласы, одан алыс емес жерде жартасқа салынған көне суреттер сақталған.

 

Үстірттің бойы үрейлі

Ал ғалымдарымыз бұл өлкені «құбыжықтар мекені» дегенді меңзейді. Маңғыстаулық ғалым, қазақ мифологиясы тарихының негізін қалаушы Серікбол Қондыбай «құбыжықтарға» қатысты болжамды дұрыс деп айтады. Шығыс түркі және моңғол мифологиясында «маңғыс», «мангус» айдаһар, керемет құбыжықтар дегенді білдіреді. Моңғолдарда ол тек зұлым, зиянды сипатқа ие болса, түркілерді екіұдай жақсы-жаман қасиетке ие ретінде баяндалады. Қондыбайдың айтуы бойынша Маңғыстауда мекен еткен оғыз түркімен тайпалардың арасында «салыр» руы болған, бүгінгі түрікмен ұлтының құрамында «салор» ірі рулы тайпасы бар.

1985 жылы жарық көрген Е. Қойшыбаевтың «Қазақстанның жер-су аттары сөздігі» кітабында Маңғыстау атауының шығу тегі туралы төрт болжам келтірілген. Біріншісі, өлке аты «мың қыстау» тіркесінен шыққан. Екіншісі – ноғайдың «менк» деген тайпасының атынан ауысқан. Үшіншісі көне түркі тіліндегі «мен» төрт жастағы қой сөзіне «қышлақ» жалғауы арқылы қалыптасса, төртіншісі «Маңғыштағ» «Құбыжықтар тауы» дегенді білдіреді.

 3e0c514fd005329cff154010081827bb.jpg


Ең терең ойпат – Қарақия

Қарақия ойпаты – Маңғышлақтың солтүстік жазық бөлігінде, Ақтау қаласынан 50 шақырым жерде солтүстік батыстан оңтүстік мұхит деңгейінен 132 метр төмен әлемдегі ең терең ойпат орналасқан. Кейбір деректерде кездесетін «Қаракие» деген аты түрік тілінен аударғанда «қара аран» (жыртқыш ауыз) деген мағынаны білдіреді екен. Ойпаттың түбін құрғақ көлді таба алады. Ойпаттың ортасында болған адам өзін даланың бір бөлігі ретінде сезінеді және таңғажайып және әр түрлі Маңғыстау табиғатының рухына енеді. Ойпат пішіні үлкен тостағанға ұқсайды. Ақ жартастар қабырғалар секілді сортаң ойыққа түсіп, ойыстың түбін қалыптастырып тұрады.

1249989094_photo.jpg

 

Қойдың пірі – Шопан ата

Шопан ата – қой түлігі мен шопанның пірі. Зерттеушілердің пікірінше, шамамен XIII-XIV ғасырларда өмір сүрген. Қожа Ахмет Иасауи ілімін насихаттаушы, орта ғасырдағы сопылық iлiм таратушысы болған.

Шопан ата тарихи кешені де бірнеше бөліктерден тұрады. Шопан ата жер асты мешіті, шопан ата мазараты, шопан ата құдығы, түнеухана, асхана, жаңа замандық мешіт және шырақшы үйі. 

Шопан Ата жерасты мешiтi – бiр-бiрiне қосылған 12 шағын бөлмелерден тұратын, ақборлы жартастың қабатынан ойылып жасалған. Алғашқы кезде бұл ғимарат керуеншілер мен жолаушыларға пана болған. Өйткені бұл төңіректен Ұлы Жібек жолының керуені өткен. Кейiннен бұл құрылыс мешiт ретiнде қызмет атқарып, балаларға діни білім оқытқан медресеге айналған.

Бұл жерде Маңғыстаудың дәстүрлi сәулет өнерiнiң барлық үлгiлерiн кездестiруге болады. Шопан Ата кешенi – 1982 жылы Республикалық мәртебеде мемлекеттiк қорғауға қабылданған тарихи-мәдени ескерткiш.

Шопан Ата тұрғызған жер асты мешiт пен қорым ел ұғымында киелi, қасиеттi орын саналады. Қазақстанның жер-жерiнен зияратшылардың келетiн киелi орын. Сондықтан да болар мұнда келіп-кетіп жатқан зияратшы туристер санында шек жоқ.

 shopan-ata-beket-ata-003.jpg


 Бекет Ата мешіті

«Мединада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет» деген қанатты сөз – Бекет атаның әулиелік даңқының айғағы. Осы бір қанатты сөз Бекет ата кешеніне кіретін қақпаның қасындағы билборд тақтасында орналасқан.

Бекет ата Мырзағұлұлы тарихи кешеніне зиярат етіп келіп жатқан зияратшылар мен туристердің саны негізінен өте көп. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін барлығы да осында келеді. Келген зияратшылар тым болмағанда таңды атырып, жолға шығуды жөн көреді. Ниеттеніп келген адам Бекет Ата кешеніндегі түнек үйге қонып, бабадан рақым тілеуі маңызды. Одан бөлек кешкі асқа барша жамағат болып жиналып, құран бағыштайды.

 1542086788_4.jpg


Бекет Ата жер асты мешіті

Бекет Атаның өмірінің соңғы кезінде тұрғызған мешіті Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Жаңаөзен қаласынан оңтүстік-шығыс бағытта 180 шақырым, Сенек ауылынан солтүстік-шығыс бағытта 95 шақырым қашықтықта орналасқан. Мешіт табиғаты көркем Оғланды жеріндегі ақ-бор тасты тау шатқалының терең орта қабатынан ойып жасалған.

Таудың шатқалынан ойып жасалған мешіт құрылысы төрт бөлмеден тұрады, төргі бөлмеде қасиетті сырық ағашы бар. Оған да зияратшылар келіп, айналып тәу етеді. Бекет Атаның мүрдесі осы мешітте жерленген. Ескерткiш кiре берiс дәлiзден, дұға оқитын залдан, тұрғын бөлмеден, қабiрханадан тұрады. Ортаңғы бөлменiң төбесiнде жарық түсу үшiн жасалған саңлау бар. Саңлауды арқардың мүйіздері жапқан.

Мешіт ішінде қыздарға арналған жеке орындар да бар. Оған бала көтере алмай жүрген әйелдер кіріп, тағзым етіп, сауап тілейді екен.

podzemnaya-mechet-beket-ata.jpg

Енді Бекет ата Мырзағұлұлының өміріне аз-кем тоқталып өтсек...

Бекет Ата 1750 жылқы жылы Жем бойындағы Ақмешітте өмірге келіпті. Әкесі – Адай атаның алтыншы ұрпағы саналатын Мырзағұл. Анасы Жәния ақылдылығымен ауыл-аймағының арасында қадірі асқан жан болған. Атасы Жаналы да әділдігімен аты шыққан, қоныстас руларға танымал, беделді ақсақал болған көрінеді. Бекет ата – Мырзағұл ақсақалдың төрт ұлының кенжесі. Оның шығу тегі былайша айтылады: Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы – Қосқұлақ – Жаналы – Мырзағұл – Бекет.

Бекет Атаның біз білетін төрт мешіті бар. Бірі біз барған Оғландыда, екіншісі Ақмешітте, онда атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәния, баласы Тоғай жерленген, үшіншісі Бейнеуде. Ол жерде ағасы Меңдіқұл мен шөбересі, түбекке танымал әулие Самалыққа бұйырыпты, төртіншісі Маңғыстаудың ойындағы Тобықтыда. Бекет Ата 1813 жылы 63 жасында өмірден өтіп, Оғландыдағы өзі қаздырған мешітінің ішіне жерленеді.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?