Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіздікке 30 жыл: Еліміздегі тұңғыш қазақ мектеп-гимназиясы Ақтөбеде ашылған

3460
Тәуелсіздікке 30 жыл: Еліміздегі тұңғыш қазақ мектеп-гимназиясы Ақтөбеде ашылған - e-history.kz

Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназиясы 1991 жылы ашылды. Бұл еліміз бойынша тек қазақ тілінде білім мен тәрбие берген алғашқы гимназия болды, деп хабарлайды, Қазақстан тарихы порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Мектеп тарихы

Тек қазақ тілінде білім беретін мектеп-гимназия өңір үшін емес, күллі қазақ елі үшін маңызды болды. Ұлттық рух қайта оянғандай. Тарихи деректерге жүгінсек, 1990 жыл Ақтөбе облыстық халықтық білім беру басқармасының қаулысы шықты. Онда 1-11 класс оқушыларына қазақ тілінде дәріс беру, штаттық кестені құру, бекіту тапсырылған. Бұл білім ордасында Мәскеудегі №315 мектеп гимназиясының әдістемесі негізге алынды. Балалар сабақ оқып, кейін түрлі үйірмелерге қатысты. Сөйтіп білім мен тәрбие қатар жүрді. 1991 жылы Ақтөбе қалалық халықтық депутаттар кеңесі де бұл жұмыстан тыс қалмады. Мұнда жыл сайын 60 мың рубль бөлуге, сөйтіп материалдық-техникалық базасын нығайтуға тапсырма берілді. Мектеп-ғимназияның нәжижелі жұмысына Ақтөбе педагогикалық институты да үлес қосты. Сол кездегі мектеп-гимназия директоры Мария Құрманғалиева «Алтын ұрпақ» тәуелсіз білім беру мекемелері қауымдастығының президенті Ж.Н.Азизхановқа хат жолдап, №32 мектеп-гимназияны мүшелікке қабылдауды сұрады. Бұл мәліметтердің барлығы мектептегі мұражайда сақтаулы тұр. Сонымен бірге №1 сертификат та мұражай қабырғасында ілулі. Онда: «Осы сертификат №32 мектеп-гимназиясының білім және тәрбие сапасы мен деңгейіне кепілдік береді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандартын арттырады және гимназияның мәлімдеген мәртебесіне сәйкес келеді», деп жазылған. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш мектеп-гимназиясының ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Мұнда ел азаматтары, өнер адамдары жиі келеді.

«Негізі 1989 жылы қазақ мектебі болып ашылды. Ал 1990-1991 жылы еліміздегі тұңғыш мектеп-гимназиясы болды. Білім орны 1200 балаға шақталған. Сол кезде жұмыс істеген ұстаздарымыздың көбі зейнетке шықты. Әлі де еңбек етіп жүрген аға буын өкілдері бар. Ал алғашқы директоры Мария Құрманғалиевға ескерткіш тақта ілініп, мектепке есімі берілді», - деді №32 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Гүлшара Мусина.

2105021621079563g.jpg

Білім мен тәрбие - егіз

Тұңғыш мектеп-гимназия Мәскеудегі №315 мектеп-гимнасының оқу тәжірибесіне сүйенгенімен, сол жылдары еңбек еткен әр ұстаз қазақтың ұлттық салт-дәстүрін қайта жаңғыртып, өз әдістерін ұсынды. Еліміздегі таңдаулы тәжірибеге сүйенді. Соның бірі – «Мұрагер» бағдарламасы.

«1991 жылдан бастап №32 мектеп-гимназияда жұмыс істедім. 1992 жылдан бастам Абдулхамит Райымбергеновтің «Мұрагер» бағдарламасын әкелдім. Оған кейін қобыз, кілем тоқу үйірмесінен сабақ бердім. Сол кездегі директор Марқұм Мария Ғизатқызы «қала балалары ұлттық тәрбие алуы керек» деген оймен дәстүрлі қолөнерді қатар оқытуды жөн көрді. Қолөнерге бейім адамдардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Сондықтан анамыздан, әжесізден үйренгенімізді қайта еске түсіріп, қажетті құрал-жабдық жасадық. Балаларға кілем, ши тоқуды үйреттік. Базаргүл Әлиханқызы, Мәрия Мыңбаева да еңбек етті. Мектеп ашылғаннан зейнетке шыққанға дейін сол жерде болдым. Меніңше «Рухани жаңғыру» сол кезден басталды.

1992 жылы семинарға бардым. Сол кезде Абдулхамит Райымбергеновтің «Мұрагер» бағдарламасы басталып жатқанын көріп, мұны директорға айттым. Жаңа әдіспен оқыту жолын енгізуді қолдады. 2004 жылға дейін бағдарлама қайта-қайта өзгеріп, кейін домбыра бере бастады. «Арахан» қоры демеушілік жасады. Алдымен 25 домбыра берді. Кабинет ашылып, мектепте екі класс ашылды. Кейін 27 класқа сабақ бердім. Сонда аптасына 800 бала алдымнан өтті», - де еске алды ардагер ұстаз Роза Райымбергенова. Оның айтуынша, ата-аналар «балаларымыз қазақ болды» деп қуанған. Талап бойынша алғашында әр бала домбыраны үйінен әкелді.

«Сол кезде сырт көз «балалар домбырамен қайда бара жатыр» деп айтады екен. «Музыкалық мектепте ақы төлеп апарса, мұнда тегін үйретеді» деп те айтатын еді. Ата-аналар жиналысында балалар терме айтты, күй тартты. Үйренгенін көрсетті. Белгілі күйші Жайлау Асылхановтың үйірмесі болды. Ол балаларды домбыра тартуға машықтандырды. Өзім Алматыда республикалық деңгейде шығармашылық есеп беру кешін өткізіп, тағы 25 домбыра ұтып алдым. Ал 2000 жылдан бастап дамып, бұл әдіс жан-жаққа тарала басталды. №41, 51, 40 мектептер де осы тәсілді қолданып, оқу әдісіне енгізді. Қазір де әздеушілер көп. Ата-аналар хабарласып, жеке сабақ өткізгісі келеді. Шәкірттерім хабарласады. Тек домбыра емес, ою салып, оны қию, аппликация салады. Киіз үйдің тұғырын үйреттім. Ши тоқуды да меңгерді. Кілем тоқуды да үйренді. Қажетті құрал-жабдықты өзіміз жасап алдық. Балалар өлең шығаруды үйреніп, айтыс жасап жүрдік. Қазақтың тыйым сөздері, мақал-мәтел мен оның мәнін де балалар мектепте үйренді, меңгерді. Балаларымыздың тәрбиелі, тәлімді ұрпақ болып өсуінің бір сыры осында болса керек. Балалар еркін отырады. Ешкім шуламайды. 60-65 домбыраны таңдап ойнады. Өзім де оқушыларымды сағынамын», - деп сөзін қорытындылады Роза Райымбергенова.

Балалармен қатар ата-аналары қазақ тілін үйренді

Орыс тілі кең қолданысқа еніп, көбі ана тілін ұмыта бастағанда қазақ мектебінің ашылуы сана-сезімді сілкіді. Ардагер ұстаз Несібелі Изимбетованың естеліктерінен осыны ұғындық.

«Мен 1991-1992 оқу жылдары жұмысқа келдім. Сол жылдың ерекшелігі бір сәтте 17 әлде 18 класс ашылды. Балалардың бәрі бірінші класқа келді. Қазақ қауымы үшін үлкен серпіліс, ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Тәуелсіздік алған күнгі әсер мектеп ашылғанда да сезілді. Үлкен сыннан өттік. Өзім туралы айтар болсам.... Ақтөбе қаласындағы Қарғалы орта мектебі бірінші класты ашу үшін мұғалім іздеді. Жұмыссыз отырғым келмей, жас маман ретінді бағымды сынадым. Директор «вы не справитесь с классом» деді. Орыс кластарына қазақ тілінен беру жайын ойладым. Кейін сол кездегі қазақ тілі қоғамының директоры Мұғалов Қарғалыда тұратын 19 отбасын тапты. Сөйтіп қазақ тілінде сабақ беретін класс ашылды. Үш жыл бойы сабақ бердім. Менен кейін екі қазақ класы ашылды. Тұрғылықты мекенімді ауыстырған соң мектеп-гимназияға келдім. Директоры Мария Ғизатқызы кескін-келбетіме қарап, «демалыс күндері келші» деп айтты. Мен жазғы демалыста он күн сайын мектепке барып тұрдым. Ол кісі «қаншалықты шыдамды, салмақты, мақсатына жете алатын адам деп» сынайды екен. Сол 17 кластың «Г» класын маған берді. Мен өте қатты қуандым. Үш кезең оқыдық. Шатаспасам 80-85 класқа жеткенде мектепке балалар сыймай қалды. 11 шағын аудандағы балабақша ғимараты қосымша алынды», - деді ол. Ия, бұл жылдары еңбек еткен ұстаздың еңбегі ерен. Несібелі Изимбетова да өзі қатарлы жастармен бірге күн-түн демей бала тәрбиеледі. 1993 жылы «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, І орынды жеңіп алды.

«Бір ерекшелігі, ата-аналар орыс класында оқып жүрген балаларын бізге әкеле бастады. Бұл қазақ тілі пәнінің мұғаліміне артылған жүк. 9 жыл бойы орыс класта оқыған баланы қазақша оқыту қиын. Өзім алғаш ашылған күннен бастап жұмыс істеген соң бүгінде тарихқа айналған әр жылы есімде. Гимназияны Елбасы ашты. Елбасымен кездесу өте қарапайым өтті. Мария Ғизатқызына батасын беріп кетті. Шын мәнінде Мария Құрманғалиеваның еңбегі зор. Қатты сөйлемейді, бірақ талапшыл, өте парасатты. Әр мұғаліммен жеке сөйлесіп, креативті көзқарасын дамыта білді. 1997-1998 оқу жылдары Уфа қаласына барып, әлемдегі әдемі мектеп статусын жеңіп алдық. Неге әдемі? Сыртқы келбеті мүмкін әдемі емес те шығар, бірақ ішкі жан дүниесі, ұлттылығы есептелді. Барлығы таразыға салынды. Қазір зейнеткерлікке шыққаныммен жұмысымды жалғастырып жүрмін. 30 жыл болды. Бір күні жұмыстан кетемін ғой. Сол кезде күн сайын мектепті бір айналып кететін шығармын деп ойлаймын. Бауыр басып қалдым. Кете қалу да оңай емес», - деді ол.

Ал Айна Раева 1991 жылы №32 мектеп-гимназиясына мұғалім болып жұмысқа орналасты. Өзі оқу орнын орыс тілінді бітіргенімен, қазақ мектебінде еңбек ету бақыты бұйырды.

«Қазақ мектебінде жұмыс істегім келді. Ал директор Мария Ғизатқызы ниетімді құп көріп, мені қабылдады. Ол кезде бала өте көп болды. Барлық адам баласын қазақ мектебіне бергісі келді десем артық айтқаным болмас. Бүкіл қазақ қайта оянды деп айтар едім. Менде «з» класы болды. Онда 30 бала қабылданды. Тек оқу емес, тәрбиеге ерекше мән беріп келеміз. Мәдени-ағартушылық шараны жиі ұйымдастырамыз. Балаларымыз Қазақстанда ғана емес, шетелде де жүр», - деді ол. Бізге ұстаз Жанар Мартаева да еңбек жолын айтып берді. Ол 1992 жылы мектепке жас маман ретінде қабылданды.

«Содан бері 29 жыл өтті. Үздіксіз қызметтемін. 2005 жылдан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болдым. 90-жылдары орыс тілді балалар келді. Біздер сабақ берген жылдары ата-аналардың көбі қазақ тілін білмеді. Балаларымен бірге олар да оқыды. Алғашқы жылдары орысша түсіндіріп, қазақша қайталайтын едік. Көбі балабақшаның орыс тобына барған», - деді ол.

2105021621035361g.jpg

Әлем таныған түлектер

Бұл мектепте әнші Димаш Құдайберген білім алған. Талантты шәкірт №32 мектеп-гимназиясын да әлемге танытты. Мұнда әншінің фанаттары жиі келіп, ол оқыған сыныпқа кіреді, партасына отырады. Музейде арнайы бұрыш та жасақталды. Ұстазы Клара Қажғалиева да бұған дейін ҚазАқпарат тілшісіне эксклюзивті сұқбат берген болатын. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік саланы таңдағандар, еліміздің, әлемнің үздік оқу орындарында білім алып жүрген студенттер осы гимназияда тәлім алды.

«Қазір 1300-ден астам адам оқушы білім алып жүр. Түлектердің тең жартысынан астамы жыл сайын мемлекеттік грантты жеңіп алады. Олимпиадаға да жиі қатысады. Төрт жыл қатарынан қала бойынша бірінші орын алдық. Үш жыл қатарынан облыстық үздік инновациялық мектеп атандық. Мұғалімдер жыл сайын әдістемелік кітабын шығарады», - деді мектеп-гимназия директорының ғылыми-әдістемелік жөніндегі орынбасары Гүлшара Мусина.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?