Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мырзатай Жолдасбеков: Тарихты саясат жасамайды, тұлғалар жасайды

1440
Мырзатай Жолдасбеков: Тарихты саясат жасамайды, тұлғалар жасайды  - e-history.kz
Қазақтың тарихы жазылған жоқ. Рас қой. Ол тарихты жазғызбады. Ол тарих пен қазақтың тарихын біреулер жазды. Өзгелер бұрып жазды. Біздің шын тарихымызды айтқызғысы келмеді

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Қазақ тарихы ешкімнен ұялатын тарих емес, біздің ұлы далада бабаларымыз неше түрлі ілгері мемлекеттер орнатқан». Шынында солай. Расында біздің ешкімнен ұялмайтын, әлем елдерінің алдында бойынды тіктеп, еңсенді көтеріп тұрып, менде мынандай шежірелі тарих болған, ата-бабам менің мынандай өр рухты болған деп мақтана алатын елміз.

Мен ар жағын қайтем, бергі тарихты есептегенде 2000 жылға жуық қазақтың тарихын білем. Біздің жерімізде осыдан ерте ғасыр бұрын сақ мемлекеті өмір сүрді. Сақ империясы бүкіл әлемге әмірін жүргізді. Сақтың патшалары алтын тақта отырған. Алтыннан киінген, мінген атының әбзелдері де алтыннан болған. Алтын сарайларда тұрған. Қазір дүние жүзіндегі атақты музейлердің біразға жуық экспонаттары – негізгі сақ дәуірінен қалған асылдарымыз. Оны мойындатуымыз керек. Екіншіден оның жалғасы Ғұн мемлекеті өмір сүрді. Ғұн мемлекетінің де бүкіл әлемге билігі жүрді. Одан келіп Президент айтқандай Түрік қағанатына жалғасады. Түрік қағанаты заманында біздің бабаларымыз тасқа қашап тұрып жазу жазған. Күлтегін, Тоныкөк жырлары – соның айғағы. «Жоғарыда көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласының үстінен менің үлкен бабам Бумын, Естеміс қаған отырған. Бұлар қаған отырып, дүниенің төрт бұрышын алған. Дүниенің төрт бұрышы соларға қараған», – дейді. Не деген сұмдық! Дүниенің төрт бұрышы деген әлемді билеген деген сөз. Міне біз осы империялардың жалғасы, ұрпағымыз.

Алғаш Түрік қағанаты «Мәңгілік Ел» орнатамыз деп ұран тастады. Бірақ үш-ақ ғасыр өмір сүрді. Одан кейін ол Шыңғысхан шапқыншылығының әсерінен құрылған Алтын Орда мемлекетіне ұласты. Оның негізін құрған халық – қазақтар. Бұл, міне, Қазақ хандығына жалғасты. Әбілқайырдан бөлініп. Керей мен Жәнібек хандар еңселі ақорда тікті. 200 мың қазақтың басын біріктіріп, бозторғай жұмыртқалаған заман орнатты. Бірақ кешегі советтік солақай саясаттың дүрмелені ол тарихты айтқызбады. «Сен мылқаусың, халқыңның 2 пайызы ғана сауатты болды. Қазан көтерілісіне дейін көшпенді өмір сүріп, төрт түліктің соңында жүрген елсін», – деп айтты. Ұлы хандарымыз бен батырларымыздың есімдерін қорлап, халықтың санасынан өшіруге тырысты. Идеологияның кереметін айтсаңшы, соны ұрпақтың санасына сіңірді. Бізде ойладық, иә біздің байларымыз оңбаған. Олар қайырымсыз деп ұқтық. Бірақ ойланып қарасаң, «ақымақ адам бай бола ма?» Тіпті қазақ хандығын құрған негізгі хандар мен батырларды халықтың жауы ретінде көрсетті. Солай жалғасып, кешегі совет дәуірінде де халықтың бетіне шыққан қаймағын біздің ұлы аға-көсемдерімізді тағы қырып әкетті. Халыққа жау деді. Қандай жау?! Ахмет Байтұрсынов қандай жау? Мағжан қандай жау? Өмір бойы жырлап өткені – қазақ. Ахмет Байтұрсыновтың аңсағаны – бостандық. Өмір бойы айтқан әңгімесі – қазақтың ертеңі, болашағы. Мұстафа Шоқай кетті қаңғып. Әлихан Бөкейханды қор қылды. Біздің көрмеген құқайымыз жоқ. Тарихымызды тамырын үзді. «Сенің түгін жоқ», – деп. Ал біз ойладық шынында түгіміз жоқ екен деп. Ал мына мемлекетке шынтуайтында келгенде «Ұлы Далаға» өзге бір өңірден келіп, осыдан мемлекет құрыпты деген деректі көрдің бе?

Сонау Түрік қағанаты тұсында Батыс және Шығыс түрік қағанаттары құрылды. Кейін қарлұқтар мемлекеті, қараханидтер мемлекеті өмірге келді. Мына қасиетті ұлт тойы өткен Тараз қаласы Қарахан мемлекетінің астанасы болған. Қарахан баба осында жатыр. Ол мына Тараз қаласы сияқты үлкен қаланы салған. Өркениет дамыған, мәдениет өркендеп, әлемдегі ең ілгері мәдениет қалыптасқан. Енді орнында бар оңалар дейді ғой. Әр заман өзінің таңбасын салады. Бір кездері сана күйреді. Дала күйреді. Әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүр күйреді. Тарих күйреді. Енді, міне, тәуелсіздік заманы туып, енді-енді тарих түгенделіп, оңалып келеді. Қазақтың тарихы жазылған жоқ. Рас қой. Ол тарихты жазғызбады. Ол тарих пен қазақтың тарихын біреулер жазды. Өзгелер бұрып жазды. Біздің шын тарихымызды айтқызғысы келмеді.

Қазірдің өзінде өксігі басылмаған кейбір елдің басшылары да «қазақтың тарихы болмаған» деген сөз айтып жүр. Оларға Қазақ хандығының 550 жылдық тойы үлкен жауап болды. Елбасымыз күні кеше Қазақ хандығының 550 жылдығын халыққа көрсетейін, ұрпаққа танытайын деп тойлады. Бірақ Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы – қазақ тарихының бір ғана кезеңі. Сөз соңында айтарым: біздің байтақ тарихымыз бар, Ұлы Даланың төсінде небір таңғажайып ұлы адамдар болған, көсемдер болған, ақындар, жыраулар, шешендер, батырлар болған. Тарихты тұлғалар жасайды. Саясат жасамайды, ендеше...

Әзірлеген Алтынбек Құмырзақұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?