Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

БҰҰ-ның қысқаша тарихы мен ішкі құрылымы

3230
БҰҰ-ның қысқаша тарихы мен ішкі құрылымы - e-history.kz

Әлемде бейбітшілікті қорғауға арналған халықаралық ұйым құру идеясы адамзат ойында бұрыннан келе жатқан дүние еді. Ұлттар Лигасын осындай идеяның жүзеге асуы деп санаймыз, бірақ ол өз миссиясын дұрыс атқара алмады десек те болады. Екінші дүниежүзілік соғыстың хикаясы саясаткерлерді осындай идеяларға қайыра оралуларына мәжбүр етті.

Екінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінде бүкіләлемдік саясаттағы терең мәселелердің пайда болуы Біріккен Ұлттар Ұйымы деп аталатын ірі халықаралық ұйымның құрылуына және өзара қарама-қарсы елдердің бірігуіне үлкен мүмкіндік туғызды. Мұндай обьективті жағдайлардың пайда болуына ең алдымен Кеңес Одағы және антигитлерлік коалицияға қатысушы елдердің қозғалысының негізгі  нәтижесінде болды.

Соғыстан кейінгі бейбітшілікті сақтау туралы алғашқы концепция 1941 жылы 14 тамызда Рузвельт пен Черчилль қол қойған Алтант хартиясында орын алған еді. Мұнда агрессиялық қауіп төндіріп келе жатқан елді жалпы қауіпсіздіктің берік және кең жүйесінің алдағы уақытта қалыптасуына дейін ол елді қарусыздандыру керектігі айтылды. Хартиядағы соғыстан кейінгі әлемдік төрттікті құру туралы жалпы принциптері Кеңес Одағы тарапынан қолдау тапты.

1941 жылы 24 қыркүйекте Кеңес Одағы Лондондағы Одақтастар аралық Конференцияда Атлантикалық хартияға қосылды. Соғыстан кейінгі әлемдегі бейбітшілікті сақтаудағы ұйым құру туралы идеяны қарастыру керектігін Сталин премьер-министр Черчилльге 1941 жылғы 8 және 23 қарашада жолдаған өз хаттарында айтып өткен болатын.

Жаңа Халықаралық Қауіпсіздік туралы идея орын алған ең алғашқы үкіметаралық құжат - ол Кеңес Одағы үкіметі мен Польша Республикасы үкіметі арасындағы 1941 жылы 4 желтоқсанда Мәскеуде қол қойылған достық және өзара көмек беру декларациясы болды. Мұнда әлемде бейбіт өмірді қамтамасыз ету үшін «барлық демократиялық елдер мықты одаққа біріккен халықаралық қатынастағы ірі ұйым керектігі»  туралы айтылады.

1942 жылы 1 қаңтарда Вашингтонда антигитлерлік коалицияға қатысушы 26 мемлекеттің өкілдері Германия, Италия және Жапонияға қарсы күресу үшін «Біріккен Ұлттар» декларациясына қол қойды. Бұл жаңа халықаралық қауіпсіздік ұйымы - Біріккен Ұлттар Ұйымының атының шығуына бастау болды.

БҰҰ құруға байланысты алғашқы практикалық қадам 1943 жылы 19-30 қазанда Москвада өткен КСРО, АҚШ, Англия және Қытай сыртқы істер министрлерінің жалпы кеңесінде жасалды. Бұл Кеңесте фашистік Германияны тезірек жеңу және маңызды халықаралық сұрақтар мен қатар жалпы қауіпсіздік туралы сұрақтар қаралды. Кеңеске қатысушылар соғыстан кейінгі кезеңге халықаралық бейбітшілікті сақтау үшін ірі халықаралық ұйым құру қажеттігі туралы айтылды. Осыған байланысты жалпы қауіпсіздікке арналған төрт мемлекеттің декларациясы қабылданды. Декларация барлық бейбітсүйгіш мемлекеттердің егемендігі мен теңдігі принципі негізінде қабылданды.  Әрине, бұл декларация өте маңызды тарихи мәнге ие болды. Ол тек ұйым құруды ғана атап өткен жоқ, сонымен қатар осы халықаралық ұйымды өздерінің мақсаттарын бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау деп білген егеменді мемлекеттердің басты принциптерін анықтап берді. 1943 жылғы Тегерандағы Конференцияда осы мәселеге тағы да тоқталып өтті. Осы жылдың 28 қарашада Сталинмен болған әңгімесінде Рузвельт болашақ әлемді құру сұрағын келісіп шешуге дайын екендігін айтты. Америка президентінің пікірі бойынша шын мәнінде соғыстан кейін дүниеде бейбітшілікті сақтауды қамтамасыз ете алатын ұйым құру керек деді. Өз пікірі Кеңес Одағы тарапынан қолдау тапқаннан кейін Рузвельт Біріккен Ұлттар принципіне негізделген бүкіл дүниежүзілік Ұйым құру және ол үшін Ұлттар Лигасына ұқсас болмау керектігін айтты. Рузвельттің ойынша Полициялық комитет құрылып, ол бүкіл әлемде соғыс болмауын бақылап отыру керек болды.

Мұндай ұйым құру төңірегіндегі сұрақтар кейіннен КСРО, АҚШ және Англия өкілдері қатысқан Думбартон-Окстағы конференцияда қаралды.

1944 жылы 30 мамырда АҚШ мемлекеттік хатшысы Халл Вашингтондағы Англия және КСРО елшілеріне АҚШ үкіметінің халықаралық ұйым құруға қатысты мәселелерді шешу үшін келіссөз жүргізуге дайын екендігін хабарлады.

1944 жылы 18 шілдеде КСРО мен Англия өкілдеріне АҚШ-тың халықаралық ұйым жөніндегі белгіленген меморандум жобасы ұсынылды. Бұл ұсыныс бойынша Ұйым соғыс аяқталғанға дейін құрылу керек. Москвада декларацияға қол қойған төрт мемлекеттің ұйымының жоспарының негізгі бағытына байланысты бір келісімге келіп оны Біріккен Ұлттардың басқа да үкіметтеріне ұсыну керек және төрт мемлекет ұйымының негізгі құжатын келісіп бекіту үшін Біріккен Ұлттардың конференциясын шақыру керек болды.

1944 жылы 22 шілдеде Ұлыбританиядан ұсыныстары келіп түсті. Бес меморандумнан тұрған оның негізгі мәні мынадай еді: төрт мемлекет ұйымда ерекше орын алады. Бүкілдүниежүзілік Кеңес негізгі орган болу керек. Кеңесте төрт мемлекет тұрақты  және Кеңесте шешім қабылдануы үшін, оған барлық дауыстың 2-3 берілу керек.

Кеңес үкімет өзінің 1944 жылғы 12 тамыздағы мемориандумда мынадай сұрақтарды шешуді мақсат етті: 1) Ұйымның мақсаты мен міндеттері, 2) ұйымның құрамы, 3) негізгі органдары - Жалпы жиналыс, Кеңес, Халықаралық сот, Бас секретариат, 4) агрессияға тыйым салу және агрессияны жою құралдары. Әлемдегі қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау Кеңеске жүктеледі. Кеңес құрамына тұрақты мүше ретінде бас мемлекет КСРО, АҚШ, Англия, Франция және Қытай кіруі керек. Негізі жарғымен анықталғандай Жалпы Кеңес сайлаған бірнеше мемлекеттер мүше болуы керек. Кеңесте агрессияны ескерту және жоюға қатысты шешім қабылдағанда көпшілік дауыс және оның тұрақты мүшелері бірауыздылық танытуы тиіс. Ал, ұйымдастыру сипатындағы жай сұрақтарды шешкенде көпшілік дауыс берілгенде ғана қабылданады.

1944 жылы 21 тамыз бен 7 қазан аралығында Думбартон-Окстағы (Вашингтон маңы) болып өткен кездесуге үш жақ осындай ұсыныстармен келді. АҚШ делегациясын мемлекеттік хатшының орынбасары Эдвард Статтинус, Ұлыбритания делегациясының сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Кадоган, Кеңес Үкіметінің делегациясын КСРО-ның АҚШ-тағы елшісі А.А.Громыко бастап келді. Бұл кездесу қазір Гарвард Университетінің меншігі, бұрын америка дипломаты Роберт Вудс отбасының меншігі болған ескі үйде өтті.

АҚШ мемлекеттік департаменті бұл мекенді конференция үшін жалға алды, бұл конференция эксперттердің кеңесі мәртебесінде өтті. Думбартон-Окстағы кездесу КСРО, АҚШ және Ұлыбританияның көптеген сұрақтар бойынша келісумен аяқталды. Халықаралық құқықтық демократиялық принциптерін негізге ала отырып халықаралық ұйым құрудың басты мақсаттары да дайындалды. Ұлы мемлекеттердің қауіпсіздік пен бейбітшілік сақтаудағы ерекше жауапкершіліктері арнайы анықталғанын біз ол мемлекеттердің Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақты орын алған келіссөздерінен көреміз.

Қауіпсіздік Кеңесіндегі бірауыздық принципін енгізу осы келіссөздегі басты жетістігі болды. Бұл соғыс кезіндегі ұлы мемлекеттердің ынтыматастығының тарихи тәжірибесіне де лайықты.

Қауіпсіздік Кеңесіндегі дауыс беру тәртібі туралы сұрақ конференцияда ең көп дау туғызған мәселе болды. Думбертон-Окстағы қатысушылардың бәрі Қауіпсіздік Кеңесінде маңызды шешімдерді қабылдағанда оның тұрақты мүшелерінің дауыс беру кезінде бірауыздылық танытуына қарсы болған жоқ. Бірақ англо-американдық өкілдері Қауіпсіздік Кеңесінде сол Кеңестің бір тұрақты мүшесіне қатысты дауыс шешкенде сол мемлекет дауыс беруден өзін алынып тастауын ұсынды. Мұндай ұсыныстың қабылдануы ұлы мемлекеттердің бірлігін бұзатынын байқау еш қиын емес. Мемлекет өзіне тікелей қатысы бар шешім қабылдауға қатысу құқығынан толыққанды айрылуы үлкен зардап әкелетіні бесенеден белгілі нәрсе.

Қандай жағдай болса да Кеңес үкіметі мұндай ұсыныстың қабылдануына жол бермейтін еді, себебі батыс мемлекеттері өздерінің механикалық көпшілігімен өз еріктерімен үстемдік жүргізулеріне мүмкіндік алған болатын. Себебі ол кезде Кеңес Одағы конференцияға қатысқан жалғыз социалистік мемлекет болды. Вашингтон мен Лондон осыны көріп отырып, егер бір ірі келіспеушілік туса АҚШ пен Англия Кеңесте абсолюттік көпшілікке ие болатынына сенімді болды. АҚШ пен Англиямен көптеген экономикалык идеологиялық және саяси байланыстары бар Кеңестің қайсыбір мүшесінің (Кеңес Одағынан басқа) АҚШ пен Англияға қарсы дауыс беруі олардың ойына кіріп шыққан да жоқ. Вашингтон мен Лондон Қауіпсіздік кеңесте Кеңес үкіметіне қатысы бар дау немесе жанжалды шешкенде оны дауыс беру құқығынан айыру арқылы КСРО-ны ойыннан шығаруға тырысты. Егер бұл жағдай қабылданғанда соғыстан кейінгі бейбішілікті сақтауға жауапты ұлы мемлекеттердің ынтымақтастығының басты принципі бұзылатын еді.

Сонымен бұл сұрақ жөнінде қатысушы жақтар ортақ бір мәмілеге келе алмады. Қорытынды құжатта «Қауіпсіздік Кеңесінде дауыс беру процедурасы қайта қаралады» деп жазылды. Думбартон-Окстағы өңделген ұсыныстар дүниежүзінің әр жерінен де қолдау тапты. Келісілген ұсыныстар жарияланғаннан кейін АҚШ-та, Кеңес Одағында және Англия Думбартон- Окста өткен кездесудің қорытындысын шығарды.

Практикалық тұрғыда БҰҰ құру туралы сұрақ 1945 жылы 4-11 ақпанда Қырымда өткен конференцияда шешілді. Ялтада үш мемлекет Дубартон-Окстағы өңделген ұсыныстарды негізге ала отырып БҰҰ-ның Жарғысын бекіту үшін Конференция шақыруды және оның өтетін жерін анықтады. Конференцияда қауіпсіздік кеңесінде дауыс беру процедурасы кезінде тұрақты мүшелердің бірауыздылық принципі қабылданды. Сонымен, конференцияға қатысушылар осы өңделген құжаттарға сәйкес БҰҰ-ның Жарғысын дайындап бекіту үшін 1945 жылы 25 сәуірде Сан-Францискода Біріккен Ұлттардың конференциясын өткізуге бәтуаласты.

Сонымен Думбартон-Окстағы кездесу ұлы мемлекеттердің бейбіт ұйым құрудағы позицияларын анықтап берді және де сол кездесуде болашақ ұйымның іргетасы қаланды деп айтуға да болады.

1945 жылы 25 сәуірде Сан-Францискода Біріккен Ұлттар Ұйымының конференциясы басталды. Бұл халықаралық қатынастар тарихындағы ірі конференцияның бірі болды. Конференция ашылған күні Эльбада Кеңес Одағының әскерлері америкалық және ағылшын әскерлерімен кездескен еді, яғни конференция жұмысы жүріп жатқанда антигитлерлік коалиция елдері фашистік Германияны талқандауды аяқтап қалған кезі болатын. Конференцияға 46 мемлекеттен 850-дей делегат қатысты. Бұл 1942 жылы 1 қаңтарда Біріккен Ұлттар Декларациясына қол қойған мемлекеттер немесе кейін оған қосылған мемлекеттер еді. Алғашқы күндерден бастап-ақ конференция тағы бірнеше елдерге шақырулар жіберді. Барлығы конференцияға 50-ден астам мемлекет қатысты.

Конференцияның негізгі мақсаты жаңа халықаралық Қауіпсіздік Ұйымының Жарғысының жобасын талқылау және бекіту болды. Сан-Франциско конференциясы негізге Думбартон-Окста өңделген, кейін Қырымда толықтырылған «ұсыныстар» алынды. Конференцияның жұмыс ітеу барысында көптеген сұрақтар бойынша пікірталастар орын алды. Әсіресе Қауіпсіздік Кеңесіндегі бірауыздылық принципі туралы дау үлкен күреске ұласты. Бірқатар мемлекеттер, атап өтсек, Австралия, Греция, Филиппины Голландия және Латын Америкасының бірнеше елдері конференцияның комиссиясы және комитеттерінде бірауыздылық принципіне қарсы бірқатар өзгерістер ұсынылды. АҚШ пен Англия дипломаттары мұндай сұрақтарды қоюдан бас тартты, себебі олар өздерінің соңынан еріп келе жатқан басқа да елдердің делегацияларына сенді. Мысалы, тек қана Австралия делегациясы Жарғыға 38 өзгеріс ұсынды. Бұл өзгерістердің барлығы Қауіпсіздік кеңесінде ұлы мемлекеттердің рөлін әлсіретуде және бірауыздылық ережесін жоюға қарсы бағытталған еді.

1945 жылы 22 мамырда Жаңазеландық делегаттың қалауы бойынша бірауыздылық принципіне байланысты төрт мемлекетке «Ялтадағы формуланы» қайта интерпритация жасау ұсынылды. Ялтадағы формуланың мәні мынада -  «жай процедуралық сұрақтардан басқа сұрақтарды шешкенде тұрақты мүшелердің бірауыздылық принципі қажет», - деп 1 маусым күні Громыко  қайыра сөйледі.

4 маусым күні өзінің өтінішімен америка делегаты сөйледі. Оның ұсынысының мәні мынада еді: дау туғызған сұрақты шешкенде екі кезеңді нақты ажыратып алу керек: 1. Қауіпсіздік кеңесінде Кеңес алдында сұрақ қойып отырған елдің арызын тыңдап шығу; 2. Сол сұрақты талқылау және шешім қабылдау;

І-ші кезеңде дауыс беруді процедуралық сұрақ ретінде, ал ІІ-ші кезеңде маңызы бар сұрақтарды нақты сараптау формасында өткізу.

Осындай әртүрлі ұсыныстарды талқылай келе конференция Ялта формуласына негізгі мән берді. Қауіпсіздік Кеңесінде дауыс беру тәртібіне арналған төрт мемлекеттің бірігіп жасаған үндеуінде: «Егер Қауіпсіздік кеңесінде процедуралық сұрақтан басқа барлық сұрақтарды шешкенде, оған қауіпсіздік Кеңесінің жеті мүшесінің дауысы берілгенде шешім бірден қабылданады» деп жариялайды. Сонымен Конференция Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің қарулы күш қолдану, соғыс қаупін анықтау, жаңа мүшелерді қабылдау тағы басқа сұрақтарды шешкенде бірауыздылық принципімен келісті.

1945 жылы 25 маусымда Сан-Франциско опера театрының залында конференцияның ең соңғы пленарлық мәжілісіне жиылған 50 мемлекеттің делегаттарына Жарғының қорытынды жобасы ұсынылды. Келесі күні Конференцияға қатысушылар Сан-Францисконың ардагерлер үйінде Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына қол қойды

1945 жылы 24 қарашада КСРО, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай және конференцияға қатысушы көптеген мемлекеттер БҰҰ Жарғысын бекіткеннен кейін ол бірден күшіне енді. Бұл күн тарих парағында Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған күні деп мәңгі хатталып қалды (Бас Ассамблеяның 1947 жылғы 31 қазандағы қабылдағаны 168/11 резолюциясы негізінде). Сонымен, Сан-Франциско Конференциясы Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын бекітіп, оның құрылғанын жариялады. БҰҰ Жарғысы Халықаралық қатынастардың прогрессивтік демократиялық принциптерін нығайтты.

Негізі екінші дүниежүзілік соғыста ең көп зардабын шеккен Кеңес Одағы еді. Сондықтан, соғыстан кейінгі әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнату мәселесі Кеңес Одағын катты қызықтырған болатын. Себебі, әлемдегі бейбітшілікті орнатумен байланысқан Халықаралық Ұйым Кеңес Одағына да бейбіт өмірге кепілдік беруі керек-тұғын.

БҰҰ-ның Жарғысын дайындау кезінде әр түрлі сұрақтар бойынша даулар мен келіспеушіліктер жиі орын алып отырды. Әрбір ел ұйымының жұмысын жүргізу ісіне өз мүдделерінің принциптерін енгізуге әрекет жасап та бақты. Бірақ, солай десек те антигитлердік коалицияға мүше елдердің өзара ортақ мүдделері  болғандығын да еш ұмытпауымыз керек.

Сөйтіп БҰҰ Жарғысының 2-ші статьясында ұйымның әр мүшесі халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қауіп төндірмеу үшін, дауды тек бейбіт құралдар арқылы шешу керектігі міндеттелген болатын. Бұл жағдай  нақты 33 бапта анық көрсетілген.  Мұнда дауға қатысушы жақтар мәселені шешуге бейбіт құралдарды қолдануға барынша мүмкіндік жасауы керек делінген. Бұл бейбіт құралдарға келіссөздер, зерттеулер, араға түсу, жарастыру, арбитраж, сот тергеуі, аймақтық органдарға арыздану немесе өзінің қарауындағы  басқа да бейбіт жолдар жатады.

Даулар құқықтық және саяси болып екіге бөлінеді. Құықтық даулар дипломатиялық жолмен шешілу керек (арбитраж, соттық тергеу), ал саяси даулар дипломатиялық жолмен шешілу керек. Дипломатиялық жолдар келіссөз жүргізіп жатқан екі жақтың ықтиярымен қолданылады, мұнда ешқандай мәжбүр ету болмайды, келіссөз аралас комиссия арқылы ғана жүргізіледі. Осы  33 баптың 1 тармағында көрсетілгендей екі жақ дауды бейбіт жолмен шеше алмаған жағдайда немесе келіссөз жүргізуші бір жақ мұнда көрсетілген бейбіт жолды қолданудан бас тартып, өзінің бас тарту маңызы бойынша қауіпсіздік пен бейбітшіліктің бұзылуына еш қауіп төндірмейді, алайда   бұл сұрақ ішкі юридикцияға жатады деп түсіндірілді.  Ал 2 баптың 11 тармағы ішкі компотенцияға жататын істерге араласуға тыйым салады, егер осындай жағдай туа қалса, яғни дауласушы екі жақ қандай да бір бейбіт жолды қолдай, алмаса немесе дауды - шешуде бейбіт жолды қолданудан бас тартса, онда бұл сұрақ екі жақтың немесе бір жақтың инциативасымен БҰҰ-ның қарауына жіберіледі деп қарастырылды.

Әлемде қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау үшін басты жауап беретін және БҰҰ-ның бас Органы, Жарғының 24 бабында көрсетілгендей Қауіпсіздік Кеңесі болып саналады.

Қауіпсіздік Кеңесінде дауды шешу мәселесін қарастыруының инициаторлары:

1. 37 бап 1 тармақ және 35 бап бойынша жеке мемлекеттер.

2. 34 бап негізінде Қауіпсіздік Кеңесінің өзінің жеке инициативасы бойынша қандай да бір жағдай немесе даудың мәнін ашу үшін тергеу жүргізе алады.

3. 99 бап негізінде Бас Хатшы оның өзінің ойынша халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қаупі бар деген сұрақты Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына ұсына алады.

4. 11 бап 3 тармақ негізінде Бас Ассамблея қандай да бір жағдай немесе дауға Қауіпсіздік Кеңесінің көңілін аударуын талап ете алады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының басты органдарының ішінде тек Қауіпсіздік Кеңесінің саяси шешімдерін орындау оның барлық мүшелеріне міндет болып есептеледі. Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері Кеңестің құрылысы бойынша шағым беруді немесе қайта қараудан шеттетеді. Сондықтан, мұндай шешімдер қорытынды және қайта қарауға жатпайтын шешім болып саналады (бірақ Қауіпсіздік Кеңесі өзінің шешімін қайта қарауы да бек мүмкін, мысалы, Қауіпсіздік Кеңесі бастапқы шешімін қабылдаған кезде белгісіз болған жәйттердің ашылған кезінде және тағы басқа жағдайларға қатысты). Қауіпсіздік Кеңесінің компетенциясы 24 бапта көрсетілген (1, 2 пункттер), бұл бап бойынша БҰҰ-ның мүшелері «Қауіпсіздік Кеңесіне Халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауда басты жауапкершілікті жүктейді» және «Қауіпсіздік Кеңесі өзінің жүмысын атқару кезінде Біріккен Ұлттар мақсаты мен принциптеріне сүйенеді» деп жазылған. Қауіпсіздік Кеңесінің белгіленген спецификалық қызметтері мен өкілеттіліктері БҰҰ Жарғысының басқа бөлімдерінде де көрсетілген (дәлірек айтсақ, ҮІ-ҮІІ, XII және тағы басқалай осы секілді бөлімдерде). БҰҰ-ның Жарғысымен келісілгендей Қауіпсіздік Кеңесі өзінің қызметін негізгі үш бағытпен жүргізіп отыруы керек. Осыған байланысты мәселелердің төмендегідей негізгі үш тобын қарастырып шешу керек:

- мемлекеттер арасындағы халықаралық дауларды және халықаралық жағдайларды реттеу;

- қарулануды қысқарту және жалпы реттеумен байланысты сұрақтарды шешумен, сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесінің қаруына берілетін қарулы күштерді құру мәселесімен;

- ұйымға жаңа мүшені қабылдау, БҰҰ-ның Бас Хатшысын сайлау,

Халықаралық Сот мүшелерін сайлау, БҰҰ-нан шығару және тағы басқа мәселелермен байланысты саяси-ұйымдық сұрақтарды шешу.

БҰҰ Жарғысы тек халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау мақсатын қойған жоқ, сонымен бірге оны жүзеге асыратын механизмді де қарастырады. БҰҰ-ның халықаралық бейбітшілікті сақтау халықаралық қақтығыстарды реттеу мен жою механизмін құратын органдар ішінде ҚК-не маңызды және ерекше орын берілген. Жарғының ҮІ бөлімінде айтылғандай тек ҚК ғана дауды бейбіт жолмен шешу шарасын қолдана алады және ҮІІ бөлімде көрсетілгендей бейбітшілкке қарсы қауіп және агрессия актіге байланысты шешімдерді шығара алады. Қауіпсіздік Кеңес бейбітшілкке қаупі бар жағдай туа қалса, оны анықтап уақытша шешім шығара алады ( Бұл 40 бапта толыққанды  жазылған). Бейбітшілкке қарсы қауіп төне қалса немесе бұзылса Қауіпсіздік Кеңес тез арада нәтижелі шаралар қолдануға өкілетті. Бір жағдайларда бұл шаралар қарулы күш қолданумен  еш байланысы жоқ. Бұл бірауыздылық ережесінің бірнеше артықшылықтары бар. Біріншіден, ол халықаралық ынтымақтастыққа жетелейді, себебі бірауыздылық ережесі қатысушылардың өзара тиімді шешімдерін де іздестіреді. Бұл ереженің көпшілігі мына мәселеде. Айталық, тұрақты мүшенің бірі қарсы болса, онда еш шешім қабылданбайды.

Қауіпсіздік Кеңесте процедуралыққа дейінгі бүкіл сұрақтар, егер оған квалификациялық көпшілік дауысы берілген жағдайда яғни 15-тің 9-ы берілуі керек. Онда аталған  сұрақ шешіледі, ал процедуралықтан басқа сұрақтарды шешкенде «егер оған Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің бәрі түгел дауыс бергенде» ғана шешілді деп есептеледі  (Бұл 27бапта толықтай жазылған). Қауіпсіздік Кеңесінің  тұрақты мүшелерінің бірауыздылық принципі, БҰҰ-ның Жарғысының негізгі ережесі болып саналады.

Қауіпсіздік Кеңесінің  ресми тілдер ағылшын, француз, орыс, испан, қытай және араб тілдері болып саналады.  Кеңес 15 мүшеден тұрады, оның бесеуі АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция. Ал тұрақты мүшелері қалған он мүшені Бас Ассамблея негізінде екі жылға сайлап отырады.

(Жалағасы бар)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?