Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ХІХ аяғы мен XX ғасыр басындағы Қазақстандағы оқу-ағарту ісі (жалғасы)

9614
ХІХ аяғы мен XX ғасыр басындағы Қазақстандағы оқу-ағарту ісі (жалғасы) - e-history.kz

ХІХ ғасырдың ортасында патша үкіметінің  Қазақстандағы оқу ағарту ісі екі бағытта дамыды: діни және азаматтық. Діни бағыттағы білім беру мектеп, медреселерде жүргізілді. Мұcылман оқу орындарында араб алфавитінің негізінде молла, мектептерге  мұғалім дайындайтын оқу орны болды. Діни бағыттағы мектептер мен медреселер – қазақ халықтың өмірінде басты орын алады. Мұндай мектеп-медреселер Қазақстанға Орта Азия, әсіресе, Бұхарадан тараған болатын.

Мектептер – бастауыш білім ошағы. Мектептерде 8-ден 17 жасқа дейінгі балалар оқыды. Оларды араб, татар және құранның сүрелерін жатқа айтуға, түрік тілдегі поэтикалық шығармаларды оқуға үйретті. Оқу мерзімі оқушылардың білім деңгейіне байланысты еді. Мектептерде 1 кейде 2 оқытушы білім берген.

Медреселер – орта білім беретін мектептер. Медреселерде мектепте білім алған және білімдері әрі қарай тереңдетуге тілек білдірген  адамдар оқыған. Медреселер үлкен уездік қалаларда және мешіт жанында орналасты.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан Ресей империясының отаршылдық торабына енгеннен соң орыс әкімшілігі мұсылмандық ағартушылыққа қарсы күрес жүргізді. Мектеп медреселердің жұмысына шек қойып, енеді орыс оқу орындарын аша бастады.

Осы мақсатта 1850 жылы отаршыл әкімшіліктің төменгі органдарына тілмаштар мен хатшылар даярлайтын Орынбор шекаралық комиссиясының жанынан қазақ балаларын оқытуға арналған жеті жылдық арнаулы мектеп ашылды.  Алғашқыда бұл оқу орнында негізінен  діни пәндер оқытылса, 1859 жылдан бастап орыс тарихы, жалпы және орыс географиясы, математика, геометрия сабақтары оқытыла бастады.

Патша үкіметі қазақтың бай-шонжарларының балаларына Омбы, Орынбор кадет корпустарында оқып білім алуларына рұқсат еткен болатын. Мысалы, Сібір кадет корпусының қабырғасынын көптеген белгілі ғалымдар, ағартушылар, саяхатшылар және Сібір мен Орта Азия зерттеушісі Г.Н.Потанин, қазақтың ағартушы  ғалымы - Шоқан Уәлиханов, Батыс Сібір зерттеушісі, тарихшы Катанаев, Усов, революционер В.В.Куйбышев оқып, білім алған. Сонымен қатар, Шоқаннан басқа біз зерттеп отырған өлкеден Омбы кадет корпусын Шоқанның інісі Махмұт, немере інісі Сұлтан Ғазы Уәлиханов және танымал этнограф, ғалым Есмұрат Ибрагимов тәмәмдаған болатын.

Қазақ ұлттық интеллигенциясының алғашқы өкілі Ш.Уәлихановтың және С.Бабажановтың үлгісінен орыс-қазақ оқуының пайдасын түсінген қазақтардың бірқатары өз балаларын Омбының, Орынбордың және Ресейдің басқа да қалаларының оқу орындарына бере бастады. Қазақ жұрты балаларын орыс тілінде оқуға ынталандырудың шараларын ойластырады. Мәселен, Мұса Шормановтың (Баянауылдың аға сұлтаны) баласы Сәдуақас Шорманов 1887 жылы  25 ақпанда Потанинге жолдаған хатында былай деп жазған: «Қазіргі уақытта қазақ балалары әр түрлі оқу орындарында оқи бастады. Гимназияда 19 адам, кадет корпусында – 5, мұғалімдер семинариясында – 4, техникалық училищеде – 2 тәрбиеленуші оқып жүр. Барлығы Омбының оқу орындарында 30 қазақ баласы, біреуі Петербург университетінде білім алуда». 1846 жылдан 1865 жылға дейін, яғни бұл жылдары қазақ балалары үшін білім алуға рұқсат етілген жылдарда кадет корпусында тек қана 13 қазақ баласы білім алған. Соның қатарында, әрине, атақты ғалым Шоқан Уәлиханов та бар болатын. Кейіндері кадет корпусына тек қана ауқатты жанұядан шыққан балалар ғана оқуға түсуге рұқсат етілді. Бірақ, 1868 жылдан бастап әскери гимназияға қазақ балаларына оқуға мүлдем жол жабылды. 

Сібір қазақтарының облысы, яғни Ақмола және Семей облысында қазақ балалары үшін білім алатын алғашқы оқу орны – 1865 жылы ашылған Омбы орыс – қырғыз (қазақ) училищесі еді. Училище 5 кластық болды, сонымен қатар, мүлде оқи алмайтын балалар қабылданған кезде оларға арнап дайындық кластары ашылды. 1- ші класты 1 жылда аяқтап, 2-ші класқа көшірілді. «Оқу 15-ші тамызда басталып 15 мамырда аяқталады, яғни шілденің ортасынан 15-ші тамызға дейінгі айлар жазғы демалыс айлары болатын. Училищеде Закон Божии, орыс тілі, қырғыз (қазақ) тілі, қатесіз жазу, арифметика, алғашқы геометрия, тарих, заң тану, гигиена, ән айту пәндері өтілді. Орыс–қазақ училищесін ойдағыдай аяқтап, аттестат алған оқушылар мемлекеттік және әлеуметтік, үкіметтік, соттық қызметке орналасуға рұқсат етілді». 1868 жылы бұл училищеде жалпы 40 оқушы оқыды. Олардың 20 қазақ, ал 20 орыс балалары еді.

8f758bb6a2458eccfed82f085cc1b8c8.jpg

  1867-1868 жылдардағы әкімшілік-территориялық реформаға байланысты  сауатты шенеуніктерге деген қажеттілік арта түсті. Осыған орай Ақмола облысында да жекелеген оқу орындарының саны біршама көбейді.

1870 жылы қабылданған «Ресейді мекендейтін бұратаналарға білім беру жөніндегі шаралар туралы»  заң бойынша Ақмола облысында мектептер саны біршама көбейді. Орта білім беретін әкімшіліктің оқу орындары ашылды:

1)            Бастауыш білім беретін оқу орындары: Оған толықтырылмаған гимназия, қалалық училище, приход мектептері, орыс-қазақ және орыс-түземдік училищелер мен мектептер, ауыл мектептері;

2)      Орта білім беретін оқу орындары: қыздар мен ер балалар гимназиясы және реалдық училищелер. Мұғалімдер дайындайтын семинарияларды да орта білім беретін оқу орнына жатқызуға болады, бірақ семинарияның білім беру деңгейі төмендеу болды;

Арнаулы маман даярлайтын оқу орындары: мұғалімдер дайындайтын семинариялар, ауылшаруашылық және фельдшерлік мектептер ашылды.

1872 жылы 31мамырда қалалық училищелер ашу туралы патша үкіметінің арнайы нұсқауына байланысты Қазақстан қалаларында қалалық мектептер ашылды. Қалалық училищелерде қолөнер, сауда мамандықтары оқытылды.

1879 жылы Ақмола облысында қазақ балалары үшін орыс–қазақ мектептері ашылды.  Ақмола облысындағы мұндай оқу орны мектеп-интернаттар деп аталды. 1883 жылы уезд орталығы Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Петропавл қалаларында осындай екі мектеп (ерлер мен қыздарға арналған) ашылды. Интернатқа болыс басшылары 2 оқушымен қамтамасыз ету керек еді, өйткені бұл оқу орнына ешкім өз еркімен балаларын бергілері келмеді. Қазақтар үшін мұндай жабық оқу орындары қолайсыз болған. Қазақ балаларын бұл мектептерге күштеп алу шаралары да қолданылған. Сондықтан ауқатты бай-шонжарлар кей кездері өз балаларының орнына кедейлердің балаларын беріп жіберген кездері де жиі болып тұрған. Бұл сөзімізге дәлел ретінде мына бір деректі келтіруге болады. Шоқан Уәлихановтың досы Ядринцев өз шығармасында бұл жайлы былай: «Қырғыз даласындағы бұратаналар кейбір интернаттар мен мектептерге өз балаларын беруге мәжбүр болғандықтан, одан қорқып, кедей балаларын сатып алып жіберген» - деп жазған еді.

Ауылшаруашылық мектебін ойдағыдай аяқтаған оқушылар Омбы қаласындағы гимназия, семинария, фельдшерлік мектепке оқуға жіберілді. Омбы ауылшаруашылық училищесінің қабырғасынан С. Бижанұлы, С. Қазбекұлы, Б. Айбасұлы, М. Саматұлы, А. Шорманұлы, Қ. Кеменгерұлы, Р. Толаспайұлы, С. Садуақасұлы тағы басқа  мемлекет, қоғам қайраткерлері, ғылым, өнер қайраткерлері білім алды. Мәселен, 1889 жылы Көкшетау ауылшаруашылық мектебінің үш үздік оқушысы Омбы қаласына жолдама алды. Оның біреуі гимназияға, екіншісі фельдшерлік мектепке, ал үшіншісі ветеринарлық мектепке оқуға түсті. 

Ақмола облысында қазақ балалары білім алған келесі оқу орны - Омбы техникалық училищесі еді. Училищеде оқушылар кәсіптік–техникалық білім алған. Омбы техникалық училищесінде оқыған қазақ жастары саусақ санарлықтай ғана болғандығы. Тағы да бір мәселе ол қаржыландыру мәселесі болатын. Оқушылар жылына білім алу үшін 200 сом ақы төлеп тұрулары керек еді. Ал училищеде оқыған қазақ балаларының көбісі степенедия арқылы білім алған. Омбы техникалық училищеде оқу мерзімі 4 жыл болды. 1-ші класқа 1872 жылғы ереже бойынша уездік немесе қалалық училищенің толық бағдарламасын аяқтап келген оқушылар қабылданды. Училищеде Закон Божии, орыс тілі, геометрия, физика, технология, геометриялық сызу, алгебра, тригонометрия және тағы басқа сабақтар жүргізілді.

Омбы техникалық училищесінің қабырғасынан көптеген қазақ жастары, яғни болашақтағы қазақ зиялылары білім алған. Мысалы, Әлихан Бөкейханов (Қарқаралы уезінен), Жүсіп Сатыбалдин (Ақмола уезінен), Мәмбетәлі Сердалин (Көкшетау уезінен), Нұртай Нұрышов (Семей уезінен), Ілияс Итжанов (Ақмола уезінен) тағы басқалары осы училищеде оқығандығы туралы мұрағат деректерінен кездестіруге болады. Омбы техникалық училищесінде 12 қазақ баласы оқыған болатын.

Сонымен қатар қазақтарға ресейлік гимназияларда оқып білім алуға рұқсат етілді. Гимназия - орта білім беретін оқу орны. Гимназиялар тек қана қалаларда орналасқан және халық арасында элиталық мектеп болып есептелген. Сол кезде қазақтардың көпшілігі қалалардан шалғай тұратын ауылдық немесе аралас селолық жерлерде тұрған. Қазақстан толығымен Ресей империясының құрамына енген соң, патша өкіметі жергілікті тұрғындар арасынан білімді чиновниктер қажет еді. Міне, мұндай чиновниктерді дайындау мақсатында қазақтарға зайырлы білім алудың артықшылығын көрсетпек болды. Бірақ гимназия мемлекеттік оқу орны болғанымен оқу ақысы жоғары болды. Гимназияларға ауқатты адамдар ғана балаларын бере алатын болды. Немесе қазақтарға степендия төлеу арқылы олардың білім алуларына көмек көрсетті.

Ақмола және Семей облысының қазақтары Омбы гимназиясында оқып білім алған. Гимназиялық білімнің мәртебесі болашақта қазақтарға Ресейдің жоғарғы оқу орындарына түсуге жолдама ретінде болған.

Гимназияда білім алу 4-6-8 жыл болды. Ал орыс тілін нашар білетін қазақтар үшін дайындық класымен 9 жылға дейін созылды. Оқу бағдарламасы бойынша гимназияда құдай заңы (Закон Божии) орыс тілі, арифметика, таза жазу, география, алгебра, геометрия, физика, тарих, педагогика, латын тілі, грек тілі, неміс тілі, француз тілі, логика, гимнастика пәндері жүргізілген. Әсіресе, гимназияда гуманитарлық пәндерді оқытуға баса назар аударылған болатын. Неміс тілі мен француз тілі әр кімнің өз таңдауы бойынша оқылды. Бірақ, 1887 жылы 11 сәуірден бастап патша жарлығы бойынша Омбы гимназиясында оқитын қазақтар грек тілін оқудан босатылды. Жоғарғы оқу орындарының бағдарламасына грек тілі кіргендіктен, қазақ балалары бұл пәнді оқуларын тоқтатқан емес. Гимназияда білім алу тек қана орыс тілінде жүргізілді.

Омбы және Орынбор гимназиясында көптеген қазақ жастары оқып, білім алып шыққан. Олардың қатарында А.Тұрлыбаев, А.Теміров, Б.Х.Ниязов, Б.Қаратаев, Ж.Ақпаев, А.Сейдалин, И.Валиханов, М.Шоқай тағы басқалары болған. Болашақта бұл азаматтар Ресей қалаларының жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдағаны бәріне мәлім. Осы және басқа да гимназистер қазақ студенттігінің қалыптасуының негізі болған деп айтуға болады. Солардың бірі - Көкше өңірінен шыққан  Айдархан Тұрлыбаев Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген. Гимназиялық диплом -білім сапасын көрсететін құжат болғандықтан, қазақ балалары сабақтарын жақсы оқуға тырысқан.

Бұлардан басқа Қазақстан территориясында шіркеу–приход мектептері де құрылды. Мысалы, 1886 жылы Ақмола облысында 7 приходтік мектеп болып, онда 588 оқушы оқыды.  Бұл мектептер миссионерлік мақсатта жұмыс істеді.

1898 жылдың 1-ші қаңтарында Ақмола облысында «3 қалалық училище (735 оқушысымен) – Петропавлдық бес кластық, Ақмола мен Көкшетаулық үш кластық; Омбыдағы 1 уездік училище, 12 приходтік училище (1 464 оқушысымен), сонымен бірге, Ақмола ер балалар, Ақмола қыз балалар, Атбасар, Петропавл және Көкшетаудағы училищелер, 1 бастауыш халық ағарту училищесі 83 оқушысымен, 3 жеке мектеп, 2 кешкі мектеп 97 оқушысымен, 1872 жылы ашылған Омбы мұғалімдер даярлайтын семинариясы, бірнеше қазақ интернаттары мен ауыл шаруашылық мектептер, әскери училищелер болған». Петропавлдық үш кластық училище 1882 жылы Петропавл Қалалық думасының өтініші бойынша бес кластық болып қайта құрылды.

Жалпы, 1898 жылы Ақмола облысында тек қана 160 орта білім беретін оқу орны болған (соның 22-сі Халық-ағарту министрлігінің қарауында), бұлар да 7 381 оқушы, олардың ішінде 2 282 оқушы Халық ағарту министрлігінің мектептерінде оқыған. 75 мың тұрғынға 28 қалалық мектеп, ал 603 888 тұрғынға 132 ауылдық мектептерден келген. Жалпы облыста      678 957 адам болса, 1 мектепте 243 адам оқыған, яғни 99 тұрғынның 1 ғана оқыған, ол халықтың 1 пайызын ғана құрайды. Егер де облыста 61 106 мектеп жасындағы балалар болса, олардың тек қана 12 пайызы мектептерде білім алған.

Ал 54 047 бала ( 88 пайыз) оқымаса, олардың 27 434 қыз бала немесе 94 пайызы мектепке бармаған еді.

Қазақстандағы білім беру жүйесі ХХ ғасырдың басындағы Ресей империясының әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында болған хал-ахуалмен тығыз байланыста болды. Патша үкіметі 1906 жылы бұратаналарға арналған «Халыққа білім беруді дамыту» туралы заң қабылданды. Жаңа заң бойынша Қазақстан территориясында орыс-қазақ мектептерін көбейту көзделді. Сонымен қатар Қазақстанда әр алуан үлгідегі мектептер құрыла бастады. Мәселен, Ақмола обысында мектеп-интернаттар мен ауыл шаруашылық бастауыш училищелер құрылды. Осыған байланысты Қазақстандағы оқу ағарту жүйесінің басты мақсаттары мен міндеттерін А.Алекторов: «Қазақ даласындағы мектеп өзінің білім беру міндеттерімен қоса саяси рөл атқарды: ол қазақ халқын байырғы орыс халқымен байланыстырып, қазақтарға мемлекеттік тілді сіңіреді. Ол орыс халқының ғұрыптары мен және көзқарастарын таныстырып, қазақтарды баяу болса да жүйелі түрде орыстардың аясына енгізеді, бұл орайда мұсылмандық ерекшелік негіздеріне қарама-қарсы тұрып қазақтарға Бұхардан және ислам діні гүлденген басқа да жерлерден келгендер сіңірген мұсылмандық фанатизімді әлсіретеді» - деп көрсетті. 

8444c88b64e6759ec452cfa5e63b61d7.jpg

Патша үкіметі орыстандыру саясатының аясына шалғай жатқан қазақ ауылдарын да тарту үшін ауылдық мектептер ашуға мүдделі болды.

Халық ағарту-ісінің министрлігінің Ақмола мен Семей облыстарындағы ауылдық орыс-қазақ мектептеріне арналған ереже бойынша:

1) ауылдық мектептер болыстық немесе екі кластық орыс-қазақ мектептердің құрамдас бөлігі ретінде болуы керек;

2) ауылдық мектептер барынша қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне сай, яғни мектеп жабдықтары көшіп–қонуға ыңғайлы болуы керек еді;

3)                  оқу мерзімі қазаннан сәуірге дейін және маусымнан қыркүйек айларына дейін жүрді, ал сәуір және қыркүйек демалыс айлары болатын;

4)                  оқу курсы және оқу пәндерінің бағдарламасы болыстағы 1 кластық мектеп бағдарламаларымен  сәйкес келуі керек.

Ауыл мектептерінің саны, мәселен, Торғай облысында біршама жақсы дамыған болса, ал Ақмола облысында «Ережеге» сәйкес мұндай мектептерді ашуға дайындық жұмыстары жүргізілді. Ақмола облысында ауылдық орыс–қазақ мектептерін ашу көзделді, осыған орай облыста 2 түрлі мектеп: 1) Көшпелі ауыл мектептері, яғни оның бағдарламасы ауылдық бастауыш училищелермен сәйкес келуі керек еді. 2) Екі кластық орыс-қазақ мектебі, оның бағдарламасы екі кластық ауыл мектебімен сәйкес келуі керек. Ауылдық мектептерде оқушыларға қарапайым білім беруді көздеді. Олар халық тұратын жерлерде ашылып, сонымен бірге  қазақтар үшін көшпелі болуы керек. Оқу мерзімі демалыс – қыркүйек пен сәуір айларын есептеменгенде 10 айға созылды. Бұл мектептерде оқу қазақ тілінде жүргізілді, ал орыс тілі басты оқу құралы болды. Ауыл мектептерінің ашылуы қазақ отбасыларына әкімшіліктің 10 сомнан ақша таратумен байланысты болды. Бұндай мектептердегі оқушыларға шала сауатты қазақ мұғалімдері мен шоқынды татарлар сабақ берген. Қ.Кеменгерұлы бұл туралы былай жазады: «Орыстардың аяғы ауылнай школға соқты. Қазақтар ауылнай школдарын ашқызғанда, үйге беретін 10 сомына қызығып ашқызды. Онда оқытушылардың көбі 2 класты бітірген, рухани ұлт тәрбиесін алмаған қазақ жігіттері және татарша білетін крешіндер болды. Оқытушылар өте идеалсыз болғандықтан, школ пайдалы жеміс бермеді. Мысалы, Омбы оязында 15 жылдай тіршілік еткен бір ауылнай школдан  3-ақ бала ілгері оқып кетті» .

Ал сол кездегі ауыл мектептері жайлы «Қазақ» газеті бетінде            

  А. Байтұрсынов «Бастауыш мектеп» атты мақаласында: «Осы кезде қазақ балалары оқуды екі түрлі бастап жүр. Біреулері оқуды ауылдағы мектептерден бастайды, екіншілері ел ішіндегі орыс школасынан бастайды. Осы күнгі ауыл мекептерін мектеп деп айтарлық емес. Оқуға керек құрал жоқ, оқыта білетін мұғалімдер аз. Сонда да қазақша хат білушілердің проценті мұжықтардан жоғары. Алайық енді орыс школдарын: қазақ арасындағы орыс школдары ауылнай, волосной, екі класты школдар. Бұлардан бітіргендер ілгері оқымаса, онда жоқ болып, шала оқумен қалады. Бірінде оқуға керек құрал жоқ, тәртіп жоқ, мөлшер жоқ, жоспар жоқ. Екіншісінде, яғни орыс школдарында бұлардың бәрі бар. Бірақ сонысына қарай пайдасы аз. Сол школдар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді, қазақ тұтынып отырған араб әріпін алдырамыз дейді. Сол үшін әуелі балалар ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын, ана тілімен оқыса да орыс әрпімен оқысын дейді»  деп жазады.

1901 жылы Ақмола облысында 6 ауылдық мектеп ашылды: «Омбыда – 1 (24 ер бала), Петропавлда –2 (14 ер бал мен 11 қыз), Көкшетауда 1 (7 ер бала), Атбасарда – 1 (30 ер бала) және Ақмолада- 1 (36 ер бала)» . 1905 жылы Ақмола облысында 14 ауылдық және 2 болыстық мектеп балаларға білім берген.    1916 жылға дейін Ақмола облысындағы ауылдық мектептердің саны 88-ге жеткен, онда 2334 оқушы оқыған . Бірақ бұл біржарым миллион тұрғыны бар облысқа шаққанда жеткіліксіз болатын.

Ауылдық мектептермен қатар Ақмола облысында бір және екі кластық уездік мектептер де ашылды. Келесі кестеде біз қарастырып отырған кездегі Ауылдардың санына байланысты уездерде қыз балаларға арналған училищелер  ашу көзделді. Мысалы: «Омбы уезінде – 2, Петропавлда – 5, Көкшетауда – 5, Атбасарда – 4, Ақмолада – 9 жоспарланды».

Мұнда сабақтардың көбісі үй шаруашылығына  бейімделген оқу жоспары бойынша оқытылған. Училище оқыған қазақ қыздарының саны аз болған. «Өйткені ата-аналары қыз балаларын оқуға бермейді, олардың көбісіне қазақтың салты бойынша кішкентайынан бастап құда түсіп, қалың мал төленіп қойылғандықтан болашақтағы күйеу балалары қалыңдығының оқығанын қаламаған» - деген қызықты мәлімет келтірілген. 

Қазақ өлкесіне капитализмнің енуі, әлеуметтік-мәдени өмірдің дамуы жағдайында Халық ағарту министрлігінің бұрындары ашқан бастауыш орыс-қазақ және орыс оқу орындары қазақтардың дамып келе жатқан шаруашылық өмірінің қажеттерін қанағаттандырған жоқ. Сондықтан өлкеде бастауыш білім беретін оқу орындарынан басқа неғұрлым жоғарғы оқу орындарын ашуға қажетті болды. Бұндай оқу орындары қалалық училищелер, орта білім беретін мектептер, яғни гимназиялар, кәсіптік мектептер болды. 1902 жылы оқу орны 275-ке (16723 оқушыға) дейін көбейді.

Көріп отырғанымыздай Ақмола облысының басқа уездеріне қарағанда Омбы уезінде әр түрлі деңгейдегі оқу орындарының саны көп болған.  Мысалы Ақмола уезінде қыздарға арналған  бір ғана Мариндік қыздар  гимназиясы болса, Омбыда   5 қыздар мектебі және 1 қыздар гимназиясы болған.

Приходтік училищелер қала тұрғындарын біліммен қамтамасыз ететін оқу орны болатын. Омбы, Көкшетау, Петропавл, Ақмола қалаларындағы приход мектептеріне оқуға келетіндерге әр қашан орын табылатын. Училищенің оқу корпустарын жалға алатын, бұндай жағдай Омбы және Петропавл қалаларда орын алған.

Ақмола облыстық сататистикалық комитетінің деректеріне сүйенсек 1916 жылы облыста 17 училищенің 10 қалада, 6 казак станицасында, 1 селода орналасқан.  Бұл училищелер  жергілікті халықтың немесе қала халқының санына шаққанда бұл оқу орны жеткіліксіз болатын.  Мысалы, салыстырмалы түрде қарастырсақ Омбы қаласындағы училищелер саны көп болуына байланысты, керсінше оқитын балалар саны жетіспесе, Ақмола облысының басқа уездерінде училищерде оқуға тілек білдірушілер үшін орын жетіспеді.  Сондықтанда училищелер балаларды қабылдаудан бас тартуға мәжбүр болды. Жаңа оқу орындарын салуға қаланың қаражаты жетіспеді.    

XX ғасырдың басында патша үкіметі  бастауыш және орта білім беретін оқу орындарының санын көбейткенімен, онда білім беретін мұғалімдермен қамтамасыз ете алмады. Осындай қажеттіліктің тууы салдарынан,  мұғалім мамандар дайындайтын арнаулы  мұғалімдер семинариясы  1900 жылы Верныйда, 1903 жылы Ақтөбе, Атбасар, Павлодар, Петропавлда, Бөкей Ордасында және Илецк қаласында ашылды. 1907 жылы 29 маусымда Халық ағарту министрлігі мұғалімдер семинариясында  қазақ тілін оқыту туралы нұсқау шығарылды.  Бұл нұсқауға сәйкес  семинарияларда оқу мерзімі 3 жылдық болса, ал 1904 жылдан бастап 4 жылдық болып өзгертілді. Осыған байланысты, мәселен, Омбы мұғалімдер семинариясында оқушылардың саны жылына 60-70 адам болса, оқу мерзімі ұзартылғаннан кейін, 1916 жылдары бұл көрсеткіш 81 адамға жеткен. Бұл семинарияны мемлекеттік қазына қаржыландырып тұрған. Мысалы, оқу орнына халық ағарту министрлігі  1905 жылы қазынадан 24 278 сом бөлген болатын. Жалпы семинарияда білім алу тегін болған. Оқушылардың көбісі төмен отбасылардан болғандықтан, оларға арнап степендия белгіленген еді. Омбы мұғалімдер семинариясының тәрбиеленушілері жылына қазынадан 120 сом көлемінде немесе әр түрлі кәсіпорындардан 200 сом және жеке адамдардан степендия алып тұрған. Батыс Сібір оқу бөлімінің деректері бойынша, 1905 жылы 33 оқушы қазыналық степендия, 15 степендия Томск және Тобыл губерниясының әртүрлі кәсіпорындарынан, 6 степендия Алтай таулы округынан, 9 Сібір казак әскерінен, 3 степендия арнайы қазақ балалары үшін Ақмола облысының басқармасы атынан алған .   

Бірінші дүние жүзілік соғыс қарсаңында Батыс Сібір білім беру округінің басқармасы Халық ағарту министрлігіне тағы да екі жаңа мұғалімдер даярлайтын семинария ашу туралы өтініш білдірген болатын. Оның біреуін Ақмола облысындағы Көкшетау уезінде, ал екіншісін Семей облысындағы Ертіс ауылында салу көзделген. Бірақ 1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыстың басталып кетуі бұл жоспарларды іске асыруға кедергі жасады. Дегенмен, 1916 жылы  соғысқа қарамастан Ақмола қаласында мұғалімдер даярлайтын семинария ашылды. Бұл Далалақ өлке бойынша арнайы педагогикалық білім беретін 4-ші оқу орны еді. Бірақ, мұғалімдер семинариясында білім алған қазақ оқушыларының саны жалпы оқушылар санына шаққанда аз болды.

Көріп отырғанымыздай мұғалімдер семинариясында  оқыған қазақ жастарының саны тек қана 103 адам болған. Яғни, бұл көрсеткіш те қазақ даласындағы оқу орындары үшін жеткіліксіз екенін байқауға болады. Сонымен қатар бұл мұғалімдер көбіне орыс-қазақ, орыс-бастауыш мектептерінде орыс тілінде сабақ жүргізді. Дегенімен, мұндай көрсеткіштер ғылым мен білімге құштар қазақ халқы үшін құмға тамған тамшыдай ғана болатын. Сол кездегі оқу- ағарту мәселесі жайлы Ә.Бөкейханов былай деп қынжыла жазған еді: «Қалада оқитын қазақ балаларының саны болмашы, орта оқу орындарында, университеттерде олар өте аз, - жоғары білім алғандардың әрқайсысын саусақпен санауға болады...».

Дегенмен, мұғалімдер семинариясы  мектептерді мұғалім мамандармен қамтамасыз ете алмады. Мұғалімдердің жетіспеуінің басты себептері:  мұғалімдер семинариясы мен бір және екі кластық мектептер санының аз болуы; қазақ ауылдарының бір-бірінен алыс орналасуы; мұғалімдер жалақысының өте аз болуы еді.

Семей, Жетісу, Сырдария облыстарымен салыстырғанда Ақмола облысында семинария, орта және бастауыш  мектептерді бітіргендердің саны жоғары болған.  Дегенмен, мұғалімдер саны облыстағы жалпы халықтың санына шаққанда аз болды. Ауыл мектептерінде оқытатын арнайы педагогикалық білімі бар мұғалімдер саны қолмен санарлық қана. Мәселен, 1916 жылы 537 мұғалімдердің тек 214-інде (39%) ғана арнайы педагогикалық білімі бар болып шықты.  Мұнда медресе бітіріп, мұсылман мектептерінде білім беретіндердің саны есепке алынбады.

1914-1915 оқу жылы Қазақстандағы оқу ағарту орындарының саны 2006, ондағы оқушылардың саны 105 мың болды.

Ал Ақмола облысында 792 оқу орны болды. Онда барлығы 1744 оқытушы, 51520 оқушы тіркелді. Қалаларда бұл көрсеткіш бойынша 132 оқу орны, оқытушылар саны – 732 оқушылар саны – 15946 адамды құрады. Уездер бойынша 660 оқу орны, ал оқытушылар – 1012, оқушылар саны – 35574 адам болды. Әрине, бұл Қазақстан территориясына шаққанда жеткіліксіз екендігі түсінікті жәйт. Дегенмен, сол кездегі қазақ халқының білім алуға деген талпынысы жоғары болғанын байқауға болады. Сонда қалада 1647 тұрғынға бір мектеп келсе, уезде  2019 адамға бір мекептен келген. Оқушылар қалада барлық тұрғындардың 7% құрайды, ал уездерде бұл көрсеткіш 25% құрады. Орта оқу орындары негізінен ол облыстың екі солтүстік қалаларында орналасты: Омбы және Петропавл. Омбыда 4 қыздар гимназиясы болды. Соған қарамастан бұл қалалардың өзінде орта оқу орындары жеткіліксіз еді. Облыстың басқа қалалары Көкшетау, Атбасар және Ақмолада бұндай оқу орындары болмады, сондықтан қала және уезд халқы Омбы және Петропавл қалаларына өз балаларын оқуға жіберуге мәжбүр болды. Бұл үлкен қаражатты қажет етті. Нәтижесінде тек жағдайы жақсы, ауқатты адамдар өз балаларын осы оқу орындарына бере алатын болды.

Қорыта келгенде, патша үкіметінің қазақ жерінде білім беру саласына немқұрайлылық танытқандығын көреміз. Қазақстанда соның ішінде Ақмола облысы өңірінде ашылған оқу орындарының материалдық-техникалық жағдайы өте төмен болды. Патша үкіметі билік жүргізген соңғы он жылдықтарында білім беру ісіне әр адамның басына шаққанда 6 сом 60 тиыннан ғана келіпті, яғни әр жылда 8-9 тиыннан келген. Қазан революциясына дейінгі Қазақстанда халық ағарту ісіне бюджеттен бөлінген қаражат жалпы кірістің 1-2 пайызын ғана құрайтын болды. Ал, керсінше бюджеттің 20-30 пайызы полицияны қаржыландыруға жұмсалса, ал қаржының едәуір бөлігі отаршылдық шенеуніктік аппаратты қаржыландыруға жұмсалды. Жалпы, Қазақстан бойынша білімге жұмсалған қаржы 1913 жылы бір адамға шаққанда 40 тиыннан аспаған.

Патша үкіметі қазақтар балаларының негізінен тек бастауыш білім алуына мүдделі болды. Тек әкімшілік аппаратқа қажетті тілмаш, хатшы сияқты маман иелеріне деген қажеттілікттің тууынан кейін ғана қазақ балаларының орта арнаулы білім алуына мүмкіндік туғызды.  Қазақстанда бірде-бір жоғарғы оқу орны ашылған жоқ. Ондағы патша өкіметінің қазақ зиялы қауымының өсіп-өніп, ұлттық сананың жоғарлауына қозғаушы күш болады деген  қауіп-қорқынышы еді. Сонымен қатар, орыс тілін оқып білім алғандардың   патша өкіметіне адал қызмет етеді деген үмітінің ақталмауы да  ықпал етті.

Жалпы алғанда, үкіметтің  оқу-ағарту саласындағы іс-шараларының сол кездегі қазақ қоғамы үшін тиімді жақтары болғандығын да ескеруіміз қажет. Біріншіден, бұл қазақ жастарынының белгілі бір деңгейде еуропалық білім алуына, екіншіден, қазақ ителлегенциясының қалыптасуына ықпал етті.

 

                                                                                         (жалғасы бар)

 

                                                            

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?