Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ хандығынан – «Мәңгілік елге»

1129
Қазақ хандығынан – «Мәңгілік елге» - e-history.kz
Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен 2015 жылдың 9 маусымында «Қазақ хандығынан – «Мәңгілік елге» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен 2015 жылдың 9 маусымында «Қазақ хандығынан – «Мәңгілік елге» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

2b85873062f8b96f33efe800fb69ce2e.jpg

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Әбсаттар Дербісәлінің «М.Х. Дулати тұңғыш қазақ хандығы жайлы» атты баяндамасында Керей мен Жәнібектің ортағасырда Қазақ хандығын құру тарихы сипатталды. Осы мақсатта қайнаркөз ретінде иран жазуымен сақталған Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди», Махмуд бин Амр Валидің «Бахр эл-асрар фи манакиб ал-ахииар» және белгісіз автордың «Таварих-и гузида-йи нусрат наме» сынды еңбектері басшылыққа алынған. 

7227ea614ec8e15aac6aed38b838033e.jpg

Ал аталған институттың жетекші ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Меруерт Әбусейітованың «Қазақ хандарының дипломатиясы» атты баяндамасында автор қазақ даласындағы XVΙ-XΙX ғасырлардағы халықаралық қатынастар мен дипломатиялық тәжірибенің қалыптасуы және оның Орталық Азияда мемлекеттіліктің дамуындағы маңызы қарастырылды. Сондай-ақ, автор әр түрлі санаттағы жазбаша дереккөздерді, грамоталарды, мөрлерді, титул туралы монеттерді талдау арқылы Қазақ хандығының көрші мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарының тарихын қалпына келтіруде, келісімшарттарды, халықаралық келісімдерді, келіссөздерді, елшіліктерді, әулеттік некелерді – халықаралық дау-таластарды бейбіт жолмен шешуде билеушілердің сыртқы саясатында болған құралдар мен әдістер жан-жақты суреттеді.

6c493467613a0a01515697b808fecedb.jpg

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор, Геттинген университетінің құрметті профессоры (Германия) Қалқаман Жұмағұловтың «Түркілер мен қазақтар тарихына қатысты жаңа батыс деректері» атты баяндамасында автор Италияның әйгілі Ватикан кітапханасынан табылған қолжазбалар негізінде соны деректерді айтып өтті. Мысалы, Рим Папасы І Ұлы Левтің (440-461) хаттарындағы мәліметтер, «Ұлы Левтің Аттиламен кездесуі» фрескасы, Орта Азиядан шыққан Авар қағанаты туралы жазбалар толыққанды талданды.

93d1036b7fbc41510d51fe4799bd9344.jpg

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Ханкелді Әбжановтың «Қазақ хандығының құрылу алғышарттары» атты баяндамасында Қазақ мемлекетінің пайда болу тарихындағы қашан, қай кеңістікте, қалай дүниеге келгенін анықтауға байланысты өлшемдерге жауап берді. Автор біздің жыл санауымызға дейінгі І мыңжылдықта пайда болған сақтар мемлекетінен бастап ХV ғасыр ортасында шаңырақ көтерген Қазақ хандығына дейінгі аралықта Еуразияның сайын даласында ғұмыр кешкен 20-ға жуық мемлекет пен олардың біздің ұлттық тарихымызда айтарлықтай ізін қалдырғандығын тілге тиек етеді. Олардың мемлекеттік құрылымында, елді басқару әдіс-тәсілінде, тіпті заңнамаларында ұқсастық пен сабақтастық аз емес дей келе, Қазақ хандығының пайда болуына алғышарт ретінде осындай белгілерді нақты деректер негізінде санамалап өтті.

 

098e9661830a8280920ce236d083cf67.jpg

«Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау және қазіргі Қазақстан: дәстүр, сабақтастық және жаңа сұраныстарға жауап» атты Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д. Е.Сыдықовтың баяндамасында автор тарихтың қоғам өмірі мен ұлттың дамуындағы орны мен маңызын бүгінгі күн биігінен сараптады. 

f72959888d77f2c289619c1420936e53.jpg

 Қазақ елінің тарих тамырынан сусындатып, бүгінгі жайқалған мәңгілік бәйтерек қалпына дейінгі кезеңі жан-жақты сөз болатын М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ф.ғ.д. У. Қалижановтың «Қазақ хандығынан тәуелсіз Қазақстанға дейін» атты баяндамасы да қызықты деректерге толы болды. Баяндамада автор бүгінгі қазақ елінің сонау түркі дәуірінен, Еділ патшадан (Атилла) басталған ұлан-ғайыр мәдениеттің заңды мұрагері екендігін тілге тиек ете келе, танымал орыс ғалымы А.И. Левшин және швед саяхатшысы, географ, жазушы Свен Андерс сынды ғалымдардың еңбектері негізінде «қазақ» сөзінің шығу тарихына үңілді. Одан әрі Қазақ хандығы тұсындағы мемлекеттік басқару формасының өзегі болған Тәуке ханның «Жеті жарғысы» негізінде хандық құрылымға талдау жасады.

4106f0f8255f226e00cab357ce365d21.jpg

Сондай-ақ, конференция барысында қазақстандық ұлт идеясы талқыға алынып, бірқатар ғалымдар өз ойларын ортаға салды. Бұған Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов төмендегідей пікір білдірді: 

- Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өтуіміздің басты мақсаты - "Біз кімбіз? Қайда келдік және қайда барамыз?" деген сұрақтарға толық жауап беру. Мен бұл сауалға 50 жыл бойы жауап іздеп келемін. Біз қазір Қазақстандық ұлттың бір бөлігіміз. Біз өзіміздің кім екенімізді білуіміз керек. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өтуіміздің басты мақсаты  да осы.


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?