Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Үйсін заңдары

2813
Үйсін заңдары - e-history.kz

Ұланғайыр кеңістікті алып жатқан қазіргі қазақ даласында үстемдік құрып, бірнеше мәрте алып империя құрған сақ, үйсін, қаңлы сақ, ғұн секілді түркі тайпаларының өздеріне тән темірдей әскери тәртібі, таза адамгершілік жолына құрылған өзіндік заңдары болғаны мәлім. Берісін айтқанда Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы», бертіндегі «Абылайдың қара жолы» атанып кеткен дала заңдар жинағы осының дәлелі. Өкініштісі, қатаң әскери реформа, ұжымдық жауапкершілік, аманат пен антқа адалдық, опасыздық және қиянаттан сақ болу,  бұйрыққа бағыну әрі оны сөзсіз орындау секілді құндылықтарға негізделген дала заңдары туралы нақты мәліметтер бізге жетпеген.  Сол дәуірдің жиһанкездерінің жазбаларында азын-аулақ ақпарат берілгені болмаса нақты дерек қалмаған.

Өткен жолы «Тағанақ кеңес» және «Тұрымтай кеңес» деп аталатын екі жүйеге негізделген Қазақ хандығы дәуіріндегі билік жүйесі мен арнайы заңдары жайлы мағлұмат берген болатынбыз. Бүгін Үйсін империясының саяси құрылымы, заңдары туралы сөз етпекпіз.

Жоғарыда айтып өткеніміздей үйсін заңдары туралы да нақты деректер жоқтың қасы. Аталмыш тақырып аясында ақпарат іздеу барысында белгілі этнограф Зейнолла Сәніктің қытай жазба деректеріне сүйене отырып жасаған біраз мәліметіне тап болдық. Автор бұл жерде Уаң Миңжы, Уаң Бинхуа секілді қытай ғалымдары және шынжан университетінің профессоры Әмір Жалбағаевтың деректерін пайдаланғанын айтады.  

Зерттеушінің айтуынша, Үйсіндердің ең жоғары билеушісі - Күнби деп аталған. Билік жүйесі күнбилердің мұрагерлік жүйесі бойынша жүргізілген. «Ханзу жазбаларына түскен жазба естеліктерге қарағанда, біздің заманымызға дейінгі 177-жылдан 11-жылға дейін Күнбилер мұрагерлік жүйе бойынша 10 рет билік ауыстыру жұмысын жүргізген. Алғашқы күнби - Həнді биден баласы Елжоу биге өткен. Оан кейін Елжоу бидің немересі Жөнші би күнби атанған. Төртінші билік Елжау бидің ортаншы ұлы Далудың баласы Оңғай биге билік өтеді. Осылайша, билік жүйесі атадан-балаға жалғасып отырған.

Оқи отырыңыз: Қарамола ережесі 

Күнбиден кейінгі билік «далу» деп аталатын мансаптының қолында болды. З.Сәнік «ол бізге ұғымды тілмен айтқанда, бас уәзір еді» деп нақтылап өтеді. Далудың қол астында «оң қол», «сол қол» сардарлары болған. Бұлар қазіргі ұғыммен айтқанда әскербасы-генералдар деңгейіндегі қызмет түрі. Сардарлардың қол астында «онқа» деп аталатын әр тайпаның әскери шонжарлары, атамандары қызмет еткен.

Сонымен бірге Күнби ордасында «бақылаушы», «жарлыкшы», «шабарман», «тілмаш» секілді мансап иелері де жұмыс істеген. Осыған қарап-ақ, Үйсін күнбилерінде ел басқарудың біртұтас тәртіпті заңы, басқару ережесі болғанын аңғару қиын емес.

Қытай жазба деректерінде Үйсін елінде «ортақ кеңес» деп аталатын кеңестік орган болғанға ұқсайды. Бұл кеңес əр тайпаның ақсүйек шонжарларынан құралған. Ел ішіндегі ірі уақиғалар, күнби сайлаулары, жорық жобалары, тайпалар аралығындағы талас-тартыстар секілді маңызды шешімдердің барлығы да осы ортақ кеңестің талқысынан өтіп,  шешіліп, бекітіліп отырған.  Қытайдың Уаң Миңжы, Уаң Бинхуалар секілді үйсін әлемін зерттеуші ғалымдары бұл органға: «Ақсүйектер алқасы - тайпалар одағы ішіндегі келелі істерді белгілі формада шешіп отыратын өте беделді орган», - деп баға берген. Зейнолла Сәнікұлының пайымынша, Үйсін елінің бұл «ортақ кеңесі» осы заманның парламенттік түзімінің алғашқы балаң кезін  еске түсіреді. Яғни алғашқы Парламенттік жүйе осы Үйсін заманынан бастау алады деуге толық негіз бар.

Үйсін елінде арнайы мемлекеттік деңгейдегі заң-жарлықтардың болғаны да айтылады. Біздің заманымызға дейінгі 33-16 жылдар аралығында үйсіндерге Сыйлы би атты би үкім жүргізген. Осы кезде тайпалар арасында кіші билер арасында талас-тартыстар көп туса керек. Сондықтан Сыйлы би «үлкен күнбиге 60 мыңнан аса түтін, кіші күнбиге 40 мыңнан аса түтін бөлініп беріліп», одан соң: «Халайық баққан жылқысын үйірге қосушы болмасын, ел ортасына Оңғай би заманындағыдай тыныштық орнасын!» - деген шешім шығарған екен. «Ханнама» деп аталатын естеліктер жинағындағы жазбаладрға карағанда, сол кезде үлкен-кіші билер арасында жер бөлісі, ел баскару көлемінің бөлістері болған. Екіншіден, жай бұқара мен күнбилердің өріс-конысы бөлек болған, «халайык жұрт баққан жылқысын күнбидің мал табынына қоспау» заң-жарлық түрінде бекітілген, әрі Оңғай би заманындағыдай (біздің заманымызға дейінгі 177-жылдар мен 104-жылдар аралығы) тыныштық орнауын, талас-тартыстарды тоқтатуды, хан жағынан (ұлы күнби) бекітілген осы бекім бойынша аткаруы талап етілген (автордың сөз саптауы сақталып отыр).

Сол секілді Үйсін қоғамының неке тәртібі рулық қоғам негізінде шешіліп отырған. Сол елге ұзатылып келген кызды жат жұртқа жібермей, «аға өлсе, жеңге мұра» дейтін дәстүр бойынша неке түзiмi атқарылған. Мысалы, Жейу ханша әуелі Жөнші биге некеленген, Жөнші би өлгеннен кейін інісі – Онғай би таққа отырып, сонымен сол Оңғай биге қаратылған. Онғай би өлген соң Жөнші бидің Ғұн әйелінен туған баласы Нәби биге некеленген. «Мұның өзі әмеңгерлік түзім бойынша ұрпақтарын жалғастыратын ғұндардың салт-дәстүрімен ұқсас келетін дәстүр еді», - деп жазады Үйсін елін зерттейтін ханзу ғалымдары. Демек, қазақтың әмеңгерлік жүйесінің арғы тегі осы дәуірден бастау алғандығын осыдан білуге болады. Сонымен бірге тәптіштеп зерттейтін болсақ, қазақтың осы күнгі жосын-жоралғыларының бірқыдыруының төркіні сол дәуірде жатқан тәрізді.

Бұл арада VI-XII ғасырлар аралығында жасаған Найман, Керейт хандықтарының жазба ескерткішке түскен деректерінен олардың да өз кезінде мұрагерлік түзім бойынша хандық құрғандығын білуге болады. Айталық, Найман хандығы Еният, Наркез, Таян, Күшлiк - төрт ұрпақ бойы, атадан балаға хандық мұра етіп қалдырылса, Керейт хандығы Марғұз, Құршақұз. Тұғырыл, Байбұқа - ол да төрт ұрпақ бойы хандық мұраны жалғастырған. Бұлардың да өзіндік ел басқару жүйесі, заң-жосындары болған. Ол кезде наймандар - Бетеге найман, Төре найман (хан әулеті осы төре наймандардан шыққан), Ақсауыт найман, Көшеуіт найман. Дүрмен найман, Барлас найман, Найман керей, Найман каңлы деп, сегіз топка бөлінген. «Найман» сөзі моңғолдардың сегізді «намын» деп атауынан келген. Осындағы «төре найман» туралы шынжан университетінің профессоры Әмір Жалбағаев ғылими мақала жазып, олардың Шыңғыс хан заманында Ішкі Жұңғодағы өсіп-өрбу жағдайы, олардан шыккан игі жақсылар, қоғам кайраткерлері, ақындар, т.б. өнер иелерін егжей-тегжейлі баяндайды. Ендеше, «төре» сөзі, төрені қадірлеу, хандарды сол топтан тағайындау жүйесі сол кезден бастап болғаны – міне, бұл біздің ата-бабаларымыздың билік жүйесінен белгі беретін тарихи дерек. Бұдан сол кездің заң жүйесінің қандай екендігін межелеуге болады», - дейді автордың өзі.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?