Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Уяма оқыған дәріс

1818
Уяма оқыған дәріс - e-history.kz
Астанадағы Халықаралық Түркі академиясының кітапханасында Жапония ғалымы Томохико Уяма мырза «Алаш Орда және қазіргі Қазақстан-Жапон қатынасы» тақырыбында баяндама жасады

Тура бір сағаттың ішінде ол Алтай тіл семьясына жататын жапон тілінің бастауы, қайнар көзінен Алаш зиялыларының үміт артқан Жапонияның даму моделіне деген қызығушылықтары және Қазақстан-Жапонияның бүгінгі таңдағы мәдени-экономикалық байланыстары, дипломатиялық қарым-қатынастарының деңгейіне дейін сөз қозғады.

Профессор Т. Уяма жапон тілінің пайда болуында Алтай факторының ықпалы зор болғанын айтады. Оның айтуынша, жапон тілінің қайдан пайда болғаны күні бүгінге дейін белгісіз. Бірақ, ғалымдардың пайымдауынша, күншығыс елінің тілі ең алдымен Азияның солтүстік-шығыс аймағындағы тілдер (тұнғұс, шире, алтай) және Тынық мұхиты мен Азияның оңтүстік-шығысындағы австронезиялық тілдердің араласуынан пайда болған.

«Жапон тілі мен түркі тілдеріндгі сөйлемдердің орналасу тәртібінде айырмашылық жоқ. Десе де, лексикалық тұрғыда ұқсастықтары аз. Біздің кейбір лингвистер жапон тілінің тарихын алтай тілдерімен байланыстырғысы келмейді. Бірақ, мына ұқсастыққа қараңыз: қазақша «Жер сілкінісі болған кезде оның ағасы үйде кітап оқып отырды» деген сөз жапонша «Jishin-ga okita toki, kareno ani-wa ie-de hon-o yonde ita» деп аударылады» дейді профессор.

Жапонияның НАРА қаласы ұлы Жібек жолының соңғы нүктесі болған: бұл ежелден-ақ ортақ мәдени және сауда қатынасы болған дегенді білдіретінін айтса, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Орта Азия мемлекеттерінің Жапонияға қызығушылығы оянғанын жеткізді. Орта Азиядан Жапонияға алғаш болып татар көпесі Абдурашид Ибрагимов (1908-1909) барса, одан кейін қазақтардан Мұсағалиев, Жангелдиндер табан тіреген дейді жапон ғалымы.

Алаш интеллигенциясы жапондық даму моделіне қатты қызығушылық танытып, «Қазақ» газетінде оны зерттеп, үлгі етіп бірнеше мақала жазған. Әсіресе Міржақып Дулатұлының «Оян, қазағы» сол кезеңдегі жапон халқының мұң-мүддесін де көздеген, соған орай мен де Міржақып Дулатұлының жапон ғылыми айналымында танылуына әсер еттім. Ал 1950 жылдардың ортасында  Мұхтар Әуезов арнайы сапар жасап, «Япония» деген көлемді мақала жазғаны бәрімізге белгілі. «Азиатизм» (Азия халықтарының бірлігі) Жапонияның ресми идеологиясы болған жоқ, бірақ Азия елдерінің нығаюы мен күшеюіне Жапония әрқашан мүдделі болған.

Қайта құру кезеңінде Жапония мен Қазақстан қарым-қатынасы жаңа деңгейге шығып, Арал, Семей полигоны мәселесінде көптеген шаралар атқарылып, көмек берілді. Алайда, сол кезеңнен соң қарым-қатынас біршама баяулап қалды. 1990 жылдардың аяғында Орталық Азия, оның ішінде Тәжікстандағы доктор Акитоның өлімінен кейін қауіпті аймақ деп таниды. Қазақ елін де осылай елестетін жапондықтар аз емес екен. Тіпті қазіргі кезеңде Қазақстан-Жапонияның тікелей әуе жолы ашылмаған, сондықтан екі елдің арасындағы дипломатиялық түйткілді мәселелер жоқ емес деп есептейді профессор Т. Уяма.

Қызықты дәріс оқып, Жапонияның қазақ еліне деген ықыласын танытқаны үшін халықаралық Түркі академиясының президенті Д. Қыдырәлі профессор Томохико Уяма мырзаға академияның атынан төсбелгі, марапат қағазы мен естелік кітаптарды сыйға тартты.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?