Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сарматтың «Алтын ханшайымы» Астанада

2287
Сарматтың «Алтын ханшайымы» Астанада - e-history.kz
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі «Алтын ханшайым», «Құрманғазының домбырасы», «Киргизы Букеевской Орды» атты А.Харузинның кітабын көпшілік назарына ұсынады

ЕХРО-2017 мамандандырылған халықаралық көрме аясында Астана қаласы «Қазанат» ипподромында орналасқан этноауылда Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Жайықтың жауһар мұралары» атты көрмесі ашылды.

Еуразияның кіндігінде орналасқан, екі ұлы өркениеттің – Еуропа мен Азияның түйіскен нүктесіндегі Орал қаласынан Елорда төріне 400-ге жуық құнды жәдігер көрме экспозициясына қойылған. Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі саналатын БҚО тарихи-өлкетану музейінің құнды жәдігерлері мен археологиялық мұралары, зергерлік бұйымдары, этнографиялық құндылықтары қала тұрғындары мен ЕХРО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің қонақтарына ұсынылады.  

«Бұл көрменің мақсаты Батыс Қазақстан өлкесін мекен еткен ежелгі көшпелілер мәдениетінен бастап бүгінгі күнге дейінгі даму тарихын, археологиясын, этнографиясын, мәдениеті мен өнерін кеңінен таныстыру, аймақтар арасындағы мәдени байланысты арттыру. Көрме Батыс Қазақстан облыстық музей  қорлары арқылы елорда тұрғындары мен қонақтарына, ЕХРО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің қонақтарына Ақ Жайық өңірінің материалдық және рухани мәдениетінің баға жетпес құндылықтарын көрсетуді және өлке тарихымен тереңірек таныстыруды  көздейді»,-дейді музей басшысы Мирболат Ерсаев.

Музей басшылығының айтуынша, көрмеге алып келген құнды жәдігерлердің қатарында «Алтын ханшайым», «Құрманғазының домбырасы», «Киргизы Букеевской Орды» атты А.Харузинның кітабы көпшілік қызығушылығын арттырады.

Көрмеге қойылған құнды жәдігерлердің қатарынан орын алатын «Алтын ханшайымды» көруге асыққан қонақтардың қатарын бізде болдық. Келіп көрушілердің барлығын да бұл жәдігер назар аудартпай кетуі мүмкін емес. Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданындағы Тақсай оба-кешенінен табылған б.д.д ІҮ-ҮІ ғасырға тән ежелгі сармат кезеңіне жататын «Алтын ханшайым» еліміздегі табылған төрт алтын адамының бірі.

Сондай-ақ көрмеде алтын бұйымдар, күмістен жасалған  әшекейлер, көне Жайық қаласынан табылған әрлендіргіш қаптама кірпіштер,  ХҮІІІ ғасырда құрылған Ішкі Бөкей Ордасының тарихы баяндалатын архивтік құжаттар, ру старшындары, би-болыстардың мөрлері мен белгілері қойылған.   

Жиналған жұртшылыққа кіші жүздің соңғы ханы Жәңгір хан мен Фатима ханым киген киімдердің көшірмелерін, А.Н.Харузиннің 1891 жылы жарық көрген  «Киргизы Букеевской Орды» атты кітабын, атақты күйші, Құрманғазы Сағырбайұлының домбырасының көшірмесі, күйші Қ.Жантілеуовтың шапаны мен домбырасын,  Ақ Жайықты мекен ететін өзге ұлт өкілдерінің  ұлттық киімдері мен музыкалық аспаптарын, Ә. Қастеевтің 1941 жылы салған «Қыз Жібек пен Төлегеннің кездесуі» атты графикасын және қазақ арулары қолданған зергерлік бұйымдарды тамашалайды.

Сондай-ақ  «Қазанат» ипподромында орналасқан этноауылда Батыс Қазақстан облыстық музейі мен қатар облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «ЭКСПО-2017 - әлем көрмесіне саяхат» кеңейтілген сәндік қолданбалы қолөнер шеберлері және суретшілер көрмесі жабдықталған.

Көрме 31-04 шілде-тамыз аралығында «Қазанат» ипподромында орналасқан этноауылда өтеді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?