Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихтағы Телелер ізі

1247
Тарихтағы Телелер ізі - e-history.kz
Деңлең тайпалары кейін келе ІІІ-ІV ғасырларда теле атанады, бұл тайпалар одағының жетекші тайпасының ауысқанын білдіреді. Деңлең, теле, оғыз – бір ел, үлкен аумақта өмір сүрген тайпалар бірлестігі

Қытай деректерінде теле туралы деректер бұл заманда молайған, себебі олар бұрынғыдай кіші ел емес үлкен тайпалар бірлестігіне айналған болатын.

«Қаңға (Телек) – ежелгі қызыл тиектің жұрнағы. Басында олар деглек деген атпен аталды. Солтүстікте олар деглек , хуашиалықтар қаңға (гаучы) деңлең деп санайды. Олардың тілі азырақ айырмашылығы болғанымен, ғұндарға ұқсайды.

Олардың аталарын ғұндарға жиен келеді дейтіндер бар. Олар жалпы тиек, янғыр, құқыри, құқыр, икегін деген топтардан тұрады.

Олар мынадай аңыз айтады: Ғұн тәңірқұтының ай мен күндей екі сұлу қызы болған. Халқы оларды перизатқа теңеген.

Тәңірқұт: «Бұндай асылзада аруларды жай адам баласына қоссам келіспес, бұларды көкке қосайын» дейді. Сүйтеді де елінің солтүстігіндегі бір иенге мұнара тәрізді бір үй салдырып «көк тәңір өзің қабыл алагөр» деп екі қызын сонда орналастырады. Арада үш жыл өткенде қыздардың анасы оларды қайтарып әкелуге тілек білдіреді.

Тәңірқұт: «Жоқ! Олай істеуге болмайды, әлі уақыты жетпеді» деп көнбейді. Арада бір жыл өткенде бір жасамал арлан қасқыр келіп, мұнара үйдің астынан ін қазып алып, оны күндіз-түні ұлып күзететінді шығарды. Мұны көрген кіші қызы: «Бізді әкем көкпен зауықтас болуға осында орналастырды. Қазір міне бір қасқыр келді. Бұл да тегін емес, көктің құдыреті шығар» деп оған баруға оқталады. Зәресі ұшқан әпекесі: «Бұл айуан ғой, мұнымен шатылып ата-анамызды масқараласаң бола ма?» дейді. Сіңлісі оның тілін алмай, қасқырға барып жақындасып, одан ұл табады. Сол ұлдан өсіп-өнген ұрпақ өсе келе өз алдына мемлекет құрады. Сол себепті олардың елі әнді ұлыған қасқырдай әуендетіп созып айытқанды ұнатады» (7).

Қаңға (高车) бұл «Уейнамада» осылай хатталған. Тіке аудармасы: биік арба. Уей патшалығы 386  жылы Тоғбат Сәнбейлердің солтүстік Қытайда басып алып құрған мемлекеті. Бұл патшалық 550 жылы құлаған, патшалықтың соңғы кезінде Сәнбей ақсүйектері Қытайласып кеткен. Сәнбейлердің түрікке жақын халық екенін ескерсек, олардың тілінде 高车 қаңғар деп оқылуға тиіс, ал олардың өз атамасы телек делінген. Демек телек пен қаңғар бір елдің екі түрлі атамасы ғана. Олар – деңлеңдердің ұрпағы. Шығу тек аңызына қарасақ, олардың аталық тегі қасқыр, аналық тегі адам, ал түріктердің аңызы бұған керісінше, олардың аталығы адамда, аналығы қасқыр. Ал олардың әнді созып айтуы қазіргі ұйғыр, өзбектердің әнді созып айтатынын еске түсіреді, өйткені осы екі ұлттың да түріктік тегі осы деңлең оғыздардан шыққан.

Телектердің салт-санасы

«Оларда ел ретінде басқаратын бір тұтас басшы болған емес, әр атаның өз өз биі болды. Олар табиғатынан дойыр дөрекі, туыс жегжаттары өзара ынтымақты тұрады. Шабуыл кезінде қауіпті жағдайға душар болса, бірін бірі құтқаруға жанын салады. Шеп құрып қатар тізе қосып соғыспайды. Әдеттерінде қалай болса солай отыра салады, артықша тиым шек болмайды. Құдаласқанда мүйізді ірі қара мен жылқы беруді үлкен мәртебе санайды. Құдалыққа келіскеннен кейін жігіт жақ арба қашаға жылқыларын иіріп, қыз жаққа жақсы аттарын ұстауына жағдай жасайды. Бірақ олар қашадан жайдақ атпен өтуі керек, жылқы иесі қашаның сыртында тұрып қолдарын шапалақтап атты үркітеді. Аттан жығылмағандар сол атты алады. Ал жығылып қалғандар қайтадан басқа ат ұстайды. Құдалар жағы түгел атты алып болғаннан кейін жора жолы аяқталады.

Астық өсірмейді, арақ жасамайды. Қалыңдық ұзатыларды ауылдың ер әйелдері жебеп-желесіп, қымыз алып шығады, жіліктеп ет тартады, үй иесі келген қонақтарды күтеді. Олар киіз үйдің алдында тобымен отырады да, кеш батқанша ішіп жейді. Сонан еру қонған құдалар ертеңінде келінді ауылдарына әкетеді. Көп ұзамай жігіт жақ келін төркінінің жылқы үйірінен жылқы ұстайды. Келіннің әкесі, аға-бауыры шығынсынып қынжылса да ештеңе қыла алмайды. Жесір әйелді алуға олардың салты жол бермейді. Бірақ оларға тиісті қамқорлық жасап аяушылық білдіріп тұрады. Жетім-жесірдің малының ала бөтен ен таңбасы болады, қорада жатсын, өрісте жүрсін, оған ешкім соқтықпайды.

Қаңғалар тұрмыс салтында тазалыққа мән бермейді. Нажағай түссе қуанады, әр нажағай түскенде алақайлап аспанға оқ атады, сосын ол жерді тастап кетіп қалады. Келесі жылы мал тойынғанда сол жай түскен жерге қайта жиналып қошқар шалып, алеңдік жағып, ақинақ суырысады. Кіндік қағанаттағы жын-шайтанды аластаған сияқты бақсы әйел дұға қылады, ойнайды. Атты адамдар жай түскен жерді жүз мәртеге дейін айналып шығады.  Әрқайыссы қолдарына тал шыбық алып, оны егеді де сүтпен суарады. Әйелдер қойдың сүйегін теріге орап, төбелеріне қояды да бұрымдарын айналдыра орап самайына түсіре байлайды, ол тәж сияқты көрінеді.

Өлікті жерлегенде оны қазылған көрге отырғызып қояды да, қолына тартылған садақ ұстатады, беліне қылыш іледі, қолтығына найза қыстырады. Сүйтіп тірі кездегі қалпына келтіріледі. Оның үстіне қабір жабылмай ашық қойылады. Егер біреу жай түсіп өлсе не індеттен өлсе, онда бақыт туралы мінәжат етіледі. Егер қауіпсіздікке қатер төнбесе, тасаттық беріледі. Көп мал шалынып сүйегі отқа жағылады. Содан кейін әлгі жерде атпен айналады, кейде жүздеген рет айналып шабады. Бұл жиынға жынысына қарамай барлық адам қатыса алады. Үй іші аман-есендер ән айтып,  би билеп, күй шертеді. Ал үйінде біреуі қаза болғандар қайғырып көз жасын көлдетеді. Олар суат пен өрістің ыңғайына қарай көшіп жүреді. Теріден киім киеді, етті қорек етеді. Сиыр қой сияқты мал түліктері және оның өнімдері нөнелермен бірдей. Тек бұлардың арбаларының доңғалағы биік әрі шабағы көп болады» (8).

Осылай салт-санасына қарасақ, қазіргі қазақтың салтымен көп ұқсастықтардың бар екенін байқауға болады. Құдаласқанда қалың мал беруі, қыз ұзатқандағы жіліктеп ет тартып құданы күтіп той жасауы, жігіттің қайынынан мал алуы қазақтарда да күні бүгінге дейін жалғасқан. Бақсы ойнатуы мен тасаттық беруі де қазақта сақталған. Ал найзағайға қарата оқ атып алақайлауы – кейінгі ұраңқайлардың салты. Жерлеу дәстүрі де онша алыс емес. Демек, қазақ салт-дәстүрі сәнбейлермен деңлеңдердің салт-дәстүрінің тоғысқан түрі десе болатындай. Ал тіліне келсек, олар түрік тілді тайпалар екеніне еш күмән жоқ.

Теле мемлекеті және олардың Тағбат, Нөне қағанатымен байланысы

Эрамыздың 315 жылы Тағбат (Таубоут немесе тоубоғут, табғач деп түрліше аталады) Сәнбейлер Қытайдың солтүстігіне кіріп Дәй мемлекетін құрды. Зәйірі оларды сахарадан мықты бір тайпалар ығыстырса керек, олар осы теле тайпалары деуге болады, олар Байқал көлі маңынан оңтүстікке ойысып, бүкіл сахараны басып алғаны байқалады. 386 жылы Тағбат Гүй мемлекет атын Уей деп өзгертті. Олар түрікке жақын халық еді, ал сахараның негізгі үстемдік ұқығы нөнендердің қолына көшеді. Нөнендер бастабында әлсіз ел болатын. Оларда осы қаңға телектерді бағындырған соң барып құдіреттенген. Оны мына деректен байқауға болады: «Залын дешті құмның солтүстігіне ауып, ондағы қаңғаларды шауып, олардың жеріне ішкерілеп кірді, сонан олардың барлық ұлыстарын өзіне қаратып алды да, шарайнасы шалқасынан екен дейтін кесірлі күшке айналып үлгерді» (9).

 

Оқи отырыңыз: Ғұндар – үстемдік орнатушылар

 

Деректе көрсетілген тарихи оқиғалардың ыңғайына қарасақ, сахарада Сәнбейлерден кейін деңлеңдер күшейген, бірақ тайпалық одақ аты телек, яғни қаңғар. Бірқ олар көп ұзамай бөлшектеніп кеткен, сахараның дені солардың иелігінде қалған. Кейінгі Түрік қағанатының соңына дейін Қытайлар Моңғолияны «Деңлеңдер жері» деп атаған. Ал нөнелер кейін солтүстікке барып берекесі кеткен қаңғаларды бағындырып құдыретті қағанатқа айналған. Десе де қаңғалар дерліктей бағынбаған болатын, олармен Тағбат патшалығы Нөнелер ара үнемі соғыс болып тұрды.

«Бұлар ұлыс ретінде Лұғұн көлінің солтүстік батысындағы  жерлерге жүз неше шақырым көшіп кірген соң мықтап күшейді де, Нөнелермен жиі жауласты. Мемлекетіміздің шегарасынада шауып тұрды. Тәйзу оларға қарсы жорық ұйымдастырып оларды талқандады. Онан кейін Тәйзу Науғырақ судан қайта өтіп батысқа қарай шеру тартып, Лұғұн көліне ат басын тіреді. Бұнда қалың қолын ошарып, іріктелген жеңіл атты әскермен солтүстік батысқа қарай жүз шақты шақырым суыт жортып оларды тұтқиыл басып, екі жүз мыңнан аса адамын тұтқындады және сиыр, жылқы, қой сияқты түліктен екі жүз мыңдай олжалады.

Бөрілі таудағы олардың қалған ұлыстарына шабуыл жасап, оларды да күйретті. Патша жер жерді аралау барысында қолбасыларды шығыс және батыс екі бағытқа бөлді де, өз тобына алты алайды алып орта бағытпен ілгеріледі. Бүгнам судың солтүстік батысында өз бөлімдерін тексеріп, әскерін тұс-тұстан бір мезгілде тоғыстырып, олардың әр атадан құралған отыздай ауылын талқандады. Уей уаң ханы Тағ Бат На өз қосынымен солтүстік батыстан мың шақырымдай дешті құмды көктей өтіп, қаңғаның қалған жеті ұлысының күшін талқандады. Осылайша қаңғаларға үрей меңдетті, шошыған ұлыстар үркін қорқын күй кешті.

Тәйзу Нючуаннан оңтүстікке қарай шеп құрып, ауланатын аң-құстарға кең қоршау құрды. Қаңғалардың қимыл өрісі де аң ауланатын көлемге жатқызылды. Атты жаяу әскерлердің қатысуымен жалпы аумағы жеті жүз шақырым жер қоршалып толып жатқан түрлі аңдар қамтылып, бұлар Пиңчыңға дейін қуаланды. Қаңға ұлыстары қамалған жерден бұғы алаңы жасалып , оңтүстігі Тай иыңға, солтүстігі ұлы қорғанға дейін, шығысы Байдыңға, батысы Шишан тауына дейін қоршалды. Көп ұзамай қаңғалық Телеғар Бекбұр Тлекен қол астындағы тоғыз  жүздей ауылмен келіп бағынды. Оған айбынды асқақ санғұн деген шен беріліп, қол астына сыпа, сүгір сияқты шендер тағайындалды. Екі жүз мың ағаш астық берілді. Оның соңынан қаңғалық Қыбыт Бекбүр Пандуканда өзінің қол астындағы отыз шақты ауылмен келіп берілді. Оған аяғы алысқа жеткен санғұн деген шен беріліп, қол астына сыпа, сүгір сияқты ұлықтар тағайындалды. Сиға шекпен берілді, жыл сайын қазынадан астық үлестірілді» (10).

Бұл деректе Тағбаттардың өздерінің атамекені моңғол даласына жасаған жорығы көрсетілген, егер де расындада Тағбаттар телелер жағынан сахарадан оңтүстікке қуылған болса, Тағбат Уей патшаларымен теле арасында өштіктің бар болуы да мүмкін. Сонымен қатар телелерде күшейген шағында Қытай қорғанынан өтіп бұрынғы Ғұндармен Сәнбейлер сияқты Қытай қалаларын шауып тонаушылық жасағаны да айтылып тұр. Уейдің тұңғыш патшасы телелерге жорық жасап, олардың үстінен жеңіске жеткені айтылған. Олар Қытай емес, Қытайды билеп отырған Юань хандығы сияқты көшпенділер болғандықтан, сахаралықтармен тең дәрежеде соғысып, саныда артықтығына орай жеңіске жеткен. Сонан теле басшылары сырттай болса да бағына тұруға мәжбүр болған.

«Нөне залыңын жеңгеннен кейін қалған ел жұртын жинап, дешті құмның солтүстігіне табан аударды да қаңғалардың иелігіне шабуыл жасады. Құқырыи ұлысының ағаманы Беглет бұл істен алаңдап: «Залың тозған ел жұртын жинап енді шенімізге кірді, оларды осындай жарағы кемшіл, жасағы әлсіз кезінде оп оңай алуға болады» деді. Осылайша құқрилар жаппай жорық жасап, Залыңның адамдарын орнын да басты. Қаңғалар пайдаға салынып кейінгі қауіп-қатер туралы санаспай, олардың дайын үйіне кіріп, қатын-қалашын иемденіп жайланып жатып қалды. Бұларды биіктен шалған Залың шашауы шыққан адамдарын құрап, мыңдай кісімен таңғы ұйқыда тап беріп, оларды қырып салды. Жиырма-отыз пайыз адамы ғана қашып құтылды. Беглет осылайша сарайға берілді.Соған орай Мыңду сұлтаны деген лауазым сыйланды. Беглет турашыл, ержүрек адам еді, шайқаста оған ешкім беттей алмайтын еді. Оның қаһарынан солтүстік аймақтың елі түгел жасқанатын, тіпті «Беглет келе жатыр» десе жылаған бала уанатын. Қыздар: «Жігіт болса, Беглеттей болсын!» деп оны жырға қосатын. Бұдан халықтың оны қаншама сыйлайтындығын білуге болады,ол елу таяқшамен бал ашып сәуегейлік жасайтын, оның айтқандарының көбі келетін. Ол осы сәуегейлігімен де құрметке бөленді. Патша оған мол сыйлықтар берді, кіші баласы Қатанды сарайға жандар нөкерге тағайындады. Беглет қайтыс болғанда Тәйзу оған аза білдіріп, оны патшалықтың салты бойынша жерлеуге жарлық шығарды әрі адал Аба хан деген атақ берді. Осыдан кейін патша тағы да жарлық шашып санғұн И Уейді жиырма мың атты әскермен солтүстікке жорық жасатты. Олар қаңғаның ианғыр, әпен сияқты ұлыстарының қалған күштеріне тұтқиыл шабуылдап, оларды сан мәрте талқандады. Тәйзудың заманында қарасты ұлыстардың барлығы ыдыратылды. Тек қаңға ғана дойырлығы себепті басқаруға көнбей, бұрынғы ұлыстық тәуелсіздігін сақтады» (11).

Бұнда Нөне қағанатын құрушы Залынның телені шауып басып алуы айтылған. Нөне баянындағы нөнелердің күшеюі туралы дерек негізі ұқсас.  Нөнеге сәл қарап онан жеңілген теле басшысы Беглет Уей еліне бодан болады, бірақ бұл деректе қаңға (теленің) көбі бағынбай, дербестігін сақтап отыр деп растайды. Зәйірі Уей патшалығы қаңға, нөне арасындағы жауластық, ұрыс шабыс толастамаған сияқты.

«Осыдан кейін шызу Нөнелерге жорық жасап оларды жеңіп қайтты. Сонан дешті құмның оңтүстігіне келгенде қаңғаның шығыс тараптағы ұлыстарының Зінеба деген жерде отырғанын, мал-жанды екенін, орда қосынынан мың шақырымдай жерде отырғанын естіген патша сол қол атарман Ән Юандарды оларға шабуыл жасауға жібермек болды. Уәзір Жаңсүн хан, аға санат Лю Жиелер бұл райынан қайтуға патшаға кеңес берді. Шызу бұған құлақ аспады. Осылайша Ән Юандарды және жуырда бағынған қаңғалар бар, барлығы бір түмендей жасақты аттандырды. Олар зінебаға барғанда жер қайысқан қалың қолдан айбынған жүз мыңдаған қаңға тізе бүкті, млн дай жылқы, сиыр, қой олжаланды. Бұла дешті құмның оңтүстігіне мың шақырымдай жерді алып жатқан кең аумаққа орналастырылды. Олар биік доңғалақты арбамен оттың сонысын, судың тұнығын қуалап көшіп жүрді,  мал басы қауырт өсті. Бірнеше жыл өте олар астық тұтынуды да біртіндеп үйренді. Сарайға жыл сайын тарту таралғы тартып тұрды.

Осылайша патшалықта, жылқы, мүйізді ірі қара, қойлардың бағасы күріт арзандады. Киіз және тері-терсек тау төбе болып үйіліп қалды. Гаузұңның заманында қаңғаның бес ұлысы бір жерге жиылып тәңірге тасаттық берді, бұл думанға сан түмен адам қатысты, бәйге өткізілді, мал сойылды, шеңбер түрінде айналып тәуап ету рәсімдері жасалды және олең той болды. Ел-жұрт бұндай салтанатты той тарихымызда болмаған десті. Патша да бұл салтанаттың үстіне келіп, халық мәре-сәре болды. Сонымен Гаузу қаңғаның ел жұртына өзімен бірге оңтүстікке жорық жасауға бұйырды. Қаңғалардың оңтүстікке барғысы келмеді. Олар Ианғыр Жушаны бір ауыздан хан көтеріп, соның бастауымен солтүстікке ауды, алды Жинлиңге дейін барды. Оларды кері қайтаруға әскерімен барған тұтық Иү Иүн Фу үлкен жеңіліс тапты. Тұтықтың есесін қайырып жазалау үшін патша оларға қарсы солтүстікті типылдаушы санғұн Жияңлияң ханы Тағбаткерді жұмсады. Тағбат кер әуелі елдесу туралы Жушаға елші жұмсады. Жоша ел жұртымен нөнелерге қашып барды. Көп ұзамай өз істеріне өкініп қайта келіп бағынды» (12).

Бұл деректе Уейдің шызу патшасының нөнені жеңіп сонымен қатар қаңғалардың үстінен жәнеде жеңіске жетіп, олардан неше жүз мың адамды өзеннің оңтүстігі Ордосқа алып келіп орналастырғанын көрдік. Олар онда мал басы қаурыт өсті, Уей елінеде экономикалық жақтан пайда әкелді. Бірақ алақандай Ордос сахарасы ондай көп сандағы көшпенділер үшін тарлық еткендіктен олар жин той өткізіп, бәйге және ақындар айтысы өткізген, бұл көшпенділер тарихындағы бәйге, ақындар айтысы туралы тұңғыш дерек деуге болады. Олар Уей патшасының оңтүстіктегі Қытай патшалығына қарсы жасақ қызметін атқару ұсынысынан бас тартып қотарыла солтүстікке ауып, өз алдарына Жуша атты қаған сайлап, атамекендеріне қайта оралады. Оларды кері көшіруге барған әскерлерде жеңе алмай кері қайтады.

Қаңға тайпалары және қаңғалардың батысқа көшіп хандық құруы

«Қаңға жұрты он екі науғыдан тұрады. Олар : Біріншісі қыбыл, екіншісі тала, үшіншісі итан, төртіншісі тайлан, бесіншісі құртқа, алтыншысы тарбаған, жетіншісі алұн, сегізіншісі бақғұн, тоғызыншысы ірбін, оншысы бөбекір, он біріншісі қыруан, он екіншісі ғұшүкбат делінеді. Ерте кезде бөбекір ұлысы нөнелерге тәуелді болды. Долонның заманында нөнелер ауыз бірлігінен айырылып іргелі ұлыстар онан бөліне бастады. Бөбекірден шыққан Абұқтыра деген кісі өзінің немере бауырын Құмыкемен бірге қаңғаның жүз мыңдаған аулылын басқарушы еді. Таихының 11 жылы (487 жыл) Долон шегара бекінісіне шабуыл жасамақ болды. Абұқтыралардың бұлай істемеу туралы айытқан кеңесіне мүлде құлақ аспады. Соған ренжіген Абұқтыра ел жұртын бастап батысқа табан аударды да , алдыңғы Касидің солтүстік батысына барып , өзін тәуелсіз ханмын деп жариялады. Халқы оны ұлы беглен деген атпен таққа отырғызды. Бұл Уей әулетінің тілінде датиянзі (ұлы көктің ұлы) деген мағынаны білдіреді. Құмыкеге қобы деген лауазым берілді. Бұл Уей әулетінің тілінде чужу (хан мұрагері) деген мағынадағы сөз» (13).

Жоғарыдағы деректегі он екі тайпаның атауларына қарасақ, құртқа қасқырдың ұрғашысы, тарбаған суыр, біз Қытай тіліндегі өзгеріске ұшыраған дыбысталудан тек осы екі тайпаның атын түсініп отырмыз. Нағына келсек бұл тайпалардың атауы аң-құстардың атауы екен! Сібірлік ру-тайпаларда аң құстардың атымен аталатындары көп. Әр тайпа басшысы өзіне жақын аң-құсты лауазым аты ретінде қабылдаған, сол әр тайпа басшыларына берген лауазым сияқты, белгілі бір уақыттан кейін күшін жойған. Өйткені кейінгі теле тайпаларының тайпалық атауларында осы атаулар кездеспейді.

«Бұл екеуі де өте тату тұрды, ұлыстарын екіге бөліп, Абұқтыра солтүстік жағын, Құмыке оңтүстік жағын билейді. Бұларды жазалау үшін долон олардың үстінен аттанды, бірақ Абұқтырадан сан дүркін жеңілген Долон ақыры ел жұртын бастап шығысқа қашып кетті. 14 жылы (490 жыл) абұқтыра саудагер Ху құршаны астанаға екі жебемен жіберіп, былай деп сәлем айтты: «Нөне басы көктің ұлының жауы, ол менің айтқан ақылымды тыңдамаған соң одан жалтарып қазіргі тұрған жерімізге келіп, өз билігімді орнаттым. Егер көктің ұлы нөнелерді жою үшін жорыққа аттанса , оның қызыметінде болуды қалаймын». Шияу үн патша бұған сенбей, Ғуатені елші етіп жіберіп, оған бұл істің шын өтірігін біліп келуді тапсырды. Абұқтыра мен Құмыке қайтарында Ғуатеге елшілері Бағырды қосып жіберіп , онан патшаға жергілікті өнімдерінен тарту жөнелтті. Патша қосалқы ақылшы нөкер Қасоқ Ғұн таңсынды Ғуатемен бірге қаңғаға баруға, және олардың әр қайыссына бір бірден кестелі әскери киім,  жүз топтан түрлі кездеме беруге бұйырды. Кейін келе Құмыке абдалдардың қолынан қаза тауып, оның ұлы Мыатыр тұтқын болды. Ел-жұрты тарыдай шашылып, бір бөлігі патшалыққа бағынды, бір бөлігі Нөнелерге барып қосылды. Шиянуей санғұны , ұлан бағамшысы Мың уейге бағынғандарды қабылдап, оларды Гаупиң бекінісі жайына орналастыруды тапсырды. Абұқтыраның үлкен ұлы Абұқтыраның тоқалымен көңіл қосып, Абұқтыраға қастандық жасамақшы болғандықтан Абұқтыра оны өлтірді.

Абұқтыра қатыгез жауыз адам еді. Тізесі бата бергендіктен халқы одан жеріп оны өлтірді де, оның аталасы барғиянды таққа отырғызды. арада жыл өткеннен кейін, Абдалдар Мыңатырды қабылдату үшін қаңғаға соғыс жариялыды. Ел жұрты Барғиянды өлтіріп Мыңатырды қаған деп қабылдады. Мыңатыр билік басына келе сала сарайға тарту жөнелітті. Тағы дәтнама жазып кесек алтын, кесек күміс, екі алтын аса таяқ, жеті ат, он түйе силады. Осылайша патша Мыңатырға қарымта ретінде алпыс топ әр түрлі жібек кездеме апарып беруге Мурұң (Бо Ниян) тәнді елші етіп жіберу туралы жарлық шығарды. Шызұң жарлықнамасында былай деп жазды:

«Құм шөлден ары қиыр түпкірде жүрсеңіз де бізге адал екеніңізді сан мәрте білдірдіңіз, ағынан ақтарылған жүрек сөздеріңізды оқып отырып бек сүйіндім әрі сізді айрықша марапаттайтындығымды хабарлаймын. Нөне, абдал, тұйғын елдері бір біріне негізінен Гаучаң (Тұрпан) жолымен қатынасады әрі сол жол арқылы бір біріне көмек бере алады, қазір Гаучаң бағынды, оларды қабылдатуға елшіде жіберіп отырмыз. Нөненің барыс келіс жасайтын жолы үзіліп тасталды.  Олардың өзәрә сөз байласуына мүмкіндік бола қоймайды. Патшалығымыздың арадағы елшілеріне тосқауыл қоЮшылар болса , оларға кешірім болмайды». Осыдан кейін Мыңатыр Барыскөл (Баркөл) дің солтүстігінде нөне басы Боғдамен қақтығысты. Боғда жеңіліп қалды әрі батысқа үш жүз шақырым жерге дейін ығысты. Боғда Аратүріктің солтүстік тауына орналасты. Осының алдында Гаучаң ханы Чю И Жия сарайға дәттеме жазып өзінің ішкі жаққа қоныс аударуына рұхсат сұраған еді. Шызу Мың үйден оны қабылдауға адам жіберді. Олар аратүрікке келгенде нөнелер Мың уйдің әскерін көріп олардан қорқып кері қашты. Мыңатыр олардың сескеніп қашып бара жатқандарын сезіп, оларды өкшелей қуып ойсырата жеңді. Баркөлдің солтүстігінде Боғданы өлтіріп, оның шашын кесіп алып Мың уйге апарып берді. оның үстіне сарайға тағы елші аттандырып, бес сайгүлік, алтын, күміс, қама және басқада түрлі жергілікті бұйымдарды сарайға тарту етті. Бұның қайтымы ретінде патша музыкалық аспаптармен сексен сазгер, он топ қызыл торғын, алпыс топ түрлі жібек кездемені тарту етуге бұйырды. Мыңатыр сарайға тағы да жергілікті өнімдердітарту етуге Баға қапан Өкен Шығачынды елші етіп жіберді.

Сузұң заманының алғашқы кезінде Мыңатыр нөне басы Тұнамен соғысып өзі қолға түсіп қалды. Тұна оны яғынан салбыратып таңып, сілкілеп, сүйретіп өлтірді. Оның бас сүйегінен сырлы тостаған жасаттын Артында қалған ел жұрты абдалдарға қосылды. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін абдалдар Мыңатырдың інісі Ебек өзінің ордасына оралды деген хабар алды. Ебек ордаға келісімен сарайға дәтнеме жолдады. Осылайша Гу кай бастаған елшілер патша атынан Ебекке батысты тыныштандырған саңғұн, Шихай аймағының ардагер сұлтаны, қаңға ханы деп таныған жарлықты тапсыруға бұйырды. Ебек нөнелерді тағыда ойсырата жеңді, нөне басы Брахман лияңжоуға барып кірімтал болды. Жыңгуаң жылдарында (520-524) Ебке сарайға тарту таралғысымен елшісін жіберіп, жаяу сүйрейтін күрең сырлы күйме, көмкерілген төсеніш, өмілдірік құйысқан, шахналық қол шатыр, желпуіш, күйме күнқағары, қызыл сырлы бес желпуіш, он барабан және мүйіз кернай сұратты. Сұрағандарын беруге жарлық етілді. Кебек кейін нөнелермен соғысып жеңіліп қайытты. Сол себепті інісі Құтқа оны өлтіріп таққа өзі отырды. Тиянпиң жылдарында (573-534 ) Құтқаның өзі нөнелерден күйрей жеңілді. Онан Ебектің ұлы Бешік оны өлтіріп  тахқа өзі отырды. Шихы жылдарында (539-542) Құтқада нөнелерден жеңіліс тапты. Құтқаның ұлы Қапан нөнелерден сытылып сарайға кірімтал болды.Чи шиян у ханы қиырдағы бодандарды ішке тарты мақсатында Қапанды қаңғаның ханы етіп , оған солтүстікті тыныштандырушы санғұн, Сыжоу дуанбасы деген лауазымдар ұсынуын патшадан өтінді. Алайда Қапан ұзамай аурудан қайтыс болды» (14).

487 жылы қаңға тайпаларының көсемі Абұқтыра нөнелерден іргесін бөліп батысқа көшіп өз алдына тәуелсіз хандықтың шаңырағын көтерді. Теле атауы осыдан кейінгі кездерде шыққан болуыда мүмкін, үйіткені Түркі қағанаты құрылардан ілгері осы Абұқтыраның қаңғалары тұрған Қазақ даласында теле тайпалар одағы болған. Ендігі жерде телелермен нөнелер екі көшпенді мемлекет бір бірімен қырқысады.  Әр екі жақ Қытайды билеген Тағбаттармен одақтасып қарсы жағын құртпақ ниетте болған. Абұқтыра жауыз болып елі оны өлтіргеннен кейін қаңғаның тақ талас мәселесіне оңтүстіктегі күшті көршісі ғұндардан шыққан Ефталиттер араласады. Екі жақта қыспақта қалған ел Ефталиттердің ығына жығылып Абұқтыраның ұлы Мыңатырды қаған сайлады. Мыңатыр Тағбаттармен жәрәсып Баркөл жерінде нөнелерді жеңіп қағаны Боғданы өлтіреді.  Бірақ кейін нөнемен болған соғыста өзі қолға түсіп өлтіріледі.  Онан кейін тахқа оның інісі Ебек отырады, ол нөнелерді жеңіп Лияңжоуға дейін қуғындайды. артынан ол нөнелерден жеңіліп қалып інісі оны өлтіреді, інісі Құтқа тахқа отырады. 534-537 жылдары Құтқада нөнелерден жеңіліп, Ебектің ұлы Бешік оны өлтіріп өзі тахқа отырған. Бірақ олда 539-542 жылдары нөнелерден жеңілді, ол кезде нөне басы Анағай болатын. Құтқаның ұлы Қапан Қытай жеріне кетіп сонда өледі. Осы тұста Алтайдан Түріктер бас көтеріп нөнелерге қарсы аттанған 50 мың үй телені тосқауылдап соққылап өзіне бағындырады. Нөнемен теле соғысына нүкте қойылады. Телелер Түріктердің боданына айналады, Түріктер нөнені жойып, Ефталиттерді талқандап Ғұндардан кейінгі құдыретті көшпенділер империясын қайта орнатып күллі Алтай халықтарының басын біріктіреді.

Жалғасы бар...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?